Жарияланымдар

Мәңгілік елге айналу үшін тарихымызды түзеу керек

29 Қаңтар 2014
109
0
 Мәңгілік елге айналу үшін тарихымызды түзеу керек
Елбасымыз айтқандай, Мәңгілік елге айналу үшін тарихымызды түзеу керек, келешек ұрпақтың бойында патриоттық сезімді ұялатып, елімізді, жерімізді сүюді тарихымыз арқылы көрсетуіміз керек.

a866c83d7026a9fa8c758454026e8137.jpg

Светлана СМАҒҰЛОВА, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы
– Өткен жылы Отан тарихын қайта зерделеу мәселесіне орай біршама іс-шаралар қолға алынып, таяу және алыс шетелдегі мұрағат және кітапхана қор­ла­рынан тарихымызға қатысты бұрындары белгісіз болған деректік материалдар мен қолжазбалар алынып келген еді. Сонымен қатар «Қазақстан тарихы» веб-порталы ашылып, құнды материалдар электронды түрде насихаттала бастады. Институт та­рихшылары да осы іс-шараларға белсене қатысып, өз үлестерін қосып келеді. Осы жетістіктеріңізді қалай бағалар едіңіздер? 
– Былтырдан бері Отан тарихы саласы үшін қолға алынып жатқан іс-шаралар өте көп. Соның бірі – жоғары оқу және орта мектептердегі оқулық мәселесі. Бұл мә­селеге қатысты сан түрлі сын айтылды, ой-пікір білдіргендер болды. Оқулықтарда кеткен қателіктер мен жауабы күмәнді тақырыптарды қайта қарау, оқушылардың деңгейіне қарай жазу сияқты мәселелер қолға алынып, қазіргі таңда нақты жұ­мыстар жүргізілуде. Институт қызмет­керлері де оқулық жазу жұмысына қатысуда.
«Қазақстан тарихы» веб-порталын құ­руға институт ұжымы белсене атсалы­сып, порталды қажетті материалдармен қам­тамасыз етіп отыр. Қазақстанға қатысты материал жинау мақсатында шетелге барып келген тарихшы ғалымдар да бұ­рындары белгісіз болған, ғылыми айна­лымға түспеген қазақ халқының этно­генезіне, Орта ғасырлардағы мемле­кеттер мен қазақ хандығы тұсындағы саяси және экономикалық жағдайға байланысты көптеген құжаттар мен қолжазбалар алып келді. Қаншама тарихи ескерткіштер мен жәдігерлердің барлығы анықталды. Мәселен, Қытайға барған тарихшы-ғалымдар көне түркі тайпаларынан шыққан тарихи тұлғалардың әр дәуірде қытай еліне барып, империяда елеулі міндеттер атқарған тарихи тұлғалардың құрметіне қойылған эпитафиялық ес­керт­кіштердің көптігін, олардың арасында көк түріктердің Ашина тайпасынан шыққан тарихи тұлғаларға байланысты ескерт­кіштердің де барын анықтады. 
Осы елден әкелінген маңызды деректің бірі – 72812 құжаттан тұратын 283 томдық Қытайдың бірінші тарихи мұрағаты мен Қытай шекара аймақтардың тарихи-гео­графиясын зерттеу орталығының ғалым­дары жинап, құрастырған «Цинь патша­лығы дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжу тілді мұрағат құжаттар» жинағының 1730 жылдың соңынан 1911 жылдың ор­тасына дейінгі 181 жылды қамтиды және құжаттардың бір бөлігі Цин патшалығының Қазақ, Бурут (қырғыз), Қоқан, Бадақшан, сонымен бірге Орта Азияның елдерімен саяси қарым-қатынасын, әсіресе, ХVIII-XIX ғасырлардағы қазақ пен қырғыздардың тарихы мен мәдениетін, экономикасын, саяси және әлеуметтік жағдайы жайында мол мәлімет береді. Алдағы уақытта осы жинақтан ғалымдар қазақтың ру тай­палары, географиялық атауларына қатыс­ты мағлұматтар алатындығын сеніммен айта аламыз. Германиядан, Иран, Үндіс­таннан әкелінген құжаттар мен қол­жаз­балар қазақ тарихын толықтыра түседі, ғалымдардың игілігіне жарады демекпін. Тарихымызды зерделеуге байланысты жүргізген және қазірде жүргізіп отырған келелі ісіміздің бірі – «Қазақстан тарихы» веб-порталын ел аузынан жинақтаған тарихи-фольклорлық материалдармен толықтыру. Осы мақсатта облыстар бо­йын­ша этно-мәдени экспедицияға ма­мандар жібердік. Сондықтан жөн сілтеп, бағыт берген іс-шараларға «науқан» деп қарауға болмайды. 
Елбасымыз айтқандай, Мәңгілік елге айналу үшін тарихымызды түзеу керек, келешек ұрпақтың бойында патриоттық сезімді ұялатып, елімізді, жерімізді сүюді тарихымыз арқылы көрсетуіміз керек. 
– Экспедиция жайында нақтылай түс­сеңіз.
– Тарихи маңыздағы экспедиция «е-history» порталының «Жүз қария», «Жүз ауыл», «Оюлар сыры», «Шежіре» тарау­ла­рын толтыру мақсатында жүзеге асы­рыл­ды. Еліміздің түрлі аймақтарында жүрген тарихшылар алдына ауылдың көнекөз ақсақалдары немесе сол өңірдің тарихын, тарихи тұлғаларын жақсы білетін азамат­тармен сұхбаттасып, олардың берген мағ­лұматтарын жазып алу міндеті қойылды. Бұрынғы көне тарихқа байланысты халық қолында сақталып қалған заттай деректер, тарихи жәдігерлерді анықтап, шежірелерді, аңыз-әңгімелерді жинастыру арқылы өлке тарихы, сол өңірдің халық арасында аты атаусыз қалып бара жатқан тарихи тұл­ға­ларды жандандыру аса маңызды. Мысалы, алысқа бармай-ақ өткен ға­сырдағы Азамат соғысына қатысқан, 1917-1918, 1921-1922, 1931-1933 жылдардағы аштық нәубетін көр­гендерден, байларды тәркілеу, ұжым­дастыру, колхоздастыру науқандарына қатысқандардан, Ұлы Отан соғысы мен тың игеруге куә болғандардан, Хрущев, Брежнев, Горбачев билігі тұсындағы елдің жағдайын жақсы білетіндерден алынған материалдарды неге құнды демеске? 
– Ел аузынан, көнекөз қариялардан жинап алған материалдар, оның ішінде шежіре, аңыз-әңгімелерді қаншалықты маңызды деп санайсыз?
– Тарихи деректің бірі – ауызша тарих. Оған шежіре де, аңыз-әңгіме де, жыр-дастандар да жатады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында шыққан қазақ кітаптарының көпшілігі ауызша тарихқа негізделіп шыққан. Еліміз тәуелсіздігін алған 90-жылдардан бері ауызша тарихқа аса көңіл бөліне бастады. Ғылыми зерт­теулерге, тарихи еңбектерге кең түрде пайдаланылуда. Мысалы, шежіре тек ата-текті таратып қана қоймайды, одан соғыс, апат, жұт, қоныс ауған ел, хандар, батыр­лар, шешендер, жыраулар сияқты тарихи тұл­ғалар туралы, жер-су атаулары, шешендік сөздер, тарихи оқиғалар туралы мәліметтер алуға болады. 
Қазақ шежіресі рулық, тайпалық, ұлыстық шежіреге ұласқан. Бір ұлттың шығу тегін немесе қоғамдық жағдайын зерттегенде алдымен сол ұлттық шежіре­лерге аса көңіл бөлінген. Қазақта шежіре тарата білген ақсақалдарды «шежіреші» деп атап, аса құрметтеген. 
Қариялардың шежіре, әңгіме, көзімен көргендерін естелік түрінде айтқаны тарих үшін аса құнды. Мәселен, мен Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданынан барған экспедиция барысында 1900 жылы дү­ниеге келіп, қазір 114 жасқа аяқ басқан кейуана Нұрқия Зейнәділқызымен сұх­баттасқанымда, өткен ғасырдың 20-30 жылдарында болған екі алапат аштыққа куә болғандығын, жоқтықтың, аштықтың, қиыншылықтың тауқыметін тартқанды­ғын естідім. Әжеміз осы нәубеттің ішінде 1931-1933 жылдарда болған аштықтан шиеттей бала-шағасын әзер аман алып қалған­дығын, қаншама қазақтың ауызға салар дән таба алмай құлап өлгендігі, тамақ іздеп шекара асып, Қытайға шұбырғандығын өз көзімен көргендігін жыр қылып айтып отыр. 
Міне, осындай тарихымыздың тірі куәсі болған қариялардың айтқандарын мұрағат құжаттарымен салыстырып көріңізші, тура келеді. Бұл кісі сол жыл­дарда аштық пен аурудан отбасымен тұ­тастай өлген, тіпті бір ауыл болып қы­рыл­ғандарды көрген. 
Қариялардың айтқан шежіре, аңыз-әңгімелерінен жер атаулары, атақты би-болыстар, байлар, бақсы-емші, құсбегі, атбегі, бір сөзбен айтқанда, сол өңірлерде өмір сүрген, ел арасына танымал болған адамдар жайында мол мағлұмат алуға болады.
– Ел аузынан жинақталған материал­дарды қолдану мәселесі қалай болмақ?
– Институт қызметкерлерінің қаты­суымен облыстарға шыққан экспедиция әлі жалғасуда. Жинақталған материал өте көп. Бірінші кезекте материалдар сұ­рыптаудан, өңдеуден өткеннен кейін «Қазақстан тарихы» веб-порталына салынады. Оны бүкіл халық оқи алады. Екіншіден, өте маңызды деген мәліметтерді ғалымдар мұрағат деректерімен салыстыра отырып, ғылыми зерттеулерінде пайдала­нады деген ойдамын. Өзім ашаршылыққа байланысты жинақтаған материалдарды институтта ХХ ғасырдың 20-30 жылда­рында болған ашаршылыққа қатысты жүргізіліп жатқан ғылыми жобаға, со­нымен қатар тарихи тұлғаларға қатысты мәліметтерді жазылатын еңбектерімде қолданбақпын.
– Соңғы жылдары елімізде өлкелік тарихқа деген қызығушылық танытушылар қатары көбейді. Баспасөз беттері арқы­лы ауыл аумағына ғана танымал болған ба­тырларын немесе билерін асыра дәріптеп жататындар кездеседі. Осыдан «қазақта еліне еңбегі сіңген мынадай батыр немесе пәлендей атақты адамдар болыпты, та­рихта олардың аттары неге атаусыз қалған» деген ой да туындайды. Осы мәселеге орай не айтасыз? 
– Аймақ тарихына немесе ел арасына белгілі адамдар жайында танымдық бағыттағы мақалалардың жарияланғаны дұрыс. Бұл тарихымызды байыта түседі. Әрине, кім болса да өзінің өңірінен шыққан батырын немесе би-болыс, бай­лардың даңқын арттыруға тырысады. Асыра дәріптеу мәселесі шежірелерде кездеседі. Әсіресе, бұл үдеріс еліміз тә­уелсіздігін алғаннан кейін кең өріс алды. 90-жылдары қалталы азаматтар өзінің, атасының атын шығармаққа туған ауы­лында соның атымен мешіт салды немесе дүрілдетіп ас беріп, тіпті ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференциялар өткізді. Осының бәрі ақшаның құдіреті. Ал кезінде нағыз елін ішкі де, сыртқы да жаулардан күшімен, дуалы сөзімен қорғаған, халық арасына белгілі болған тұлғалар іздеушілері жоқ болғандықтан көлеңкеде қалды. Әлі де өз бағасын алмағандар қаншама? Бұған мұрағаттарда тарихи деректердің жоқтығы қолбайлау болып отыр. 
Сондықтан ел аузынан жинақталған ауызша деректерді қолдану орынды. Алысқа бармай кешегі халықтың жері, діні, ділі жолында күрескен, сол жолда құрбан болған қаншама алашшыл азаматтар атаусыз жатыр. Ел қариялары олар жайында тебірене, тіпті көздеріне жас ала айтады. Мысалы, өзім барған Тар­бағатайға қарасты Ақсуат өңіріндегі ақын, орысша білім алған, Зайсан уезінде сот болған, Алаш партиясының мүшесі, 1928-1929 жылдары Қаражал қозғалысына жетекшілік етіп, қызыл империя саясатына қарсы шыққан Төлеубай Бейсенбіұлы туралы 84 жастағы Дүйсеш Әзімбеков айтқандай, 1937-1938 жылдары «жапон шпионы», «кеңес жауы» деген жаламен жа­зықсыз істі болып кеткен Қазтай Әзім­беков, Нұрмұханбет Сейітбадамов, Әбдікәрім Кәбеков, Ысқақ Кәбеков, Қа­сымбай Әбілғазин және т.б. азамат­тардың тағдырлары ұрпақтарына әлі белгісіз болып отыр. Жазықсыз құрбан болған осындай азаматтардың, өңірдегі тарихи тұлғалардың елеусіз-ескерусіз қалмауына сексенді еңсерген Төлеуғазы Нұрғалиұлы өзіндік үлес қосып, «Ақсуат – атамекенім», «Ел іші – шежіре кеніші» деген кітаптар шығарыпты. Сонымен қатар ауылдық мектептерде сол өңірдің тарихына, тұл­ғаларына қатысты құрылған мұражай­лардағы жәдігерлердің өзінен қаншама мәліметтер алуға болады. Ауыл тарихы жөніндегі материалдар қазіргі еліміздің ауыл шаруашылығын көтеруге, ауылдарды қайта жаңғырту бағдарламасына ауадай қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?