Жарияланымдар

Қазақтардың Қытайға қоныс аударуы

27 Тамыз 2018
2874
0
Қазақтардың Қытайға қоныс аударуы
Шағын зерттеуде Шығыс Қазақстанның Қытаймен шектесетін шекаралық аудандарынан көшкен қазақтардың тағдырына қатысты мұрағат деректері мен құжаттар жинағы және отандық ғалымдардың зерттеулері қамтылған

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары жүзеге асырылған қазақ байларын тәркілеу, малшы халықты ұжымдастыру шаралары, осы кезеңде жіберілген қателіктер мен асыра сілтеушіліктер, бұлардың аса ауыр зардаптары ең ауқымды түрде және соңғы мәрте қазақ халқының өз атамекенінен ауа көшуіне әкеп соғады.

Байлардың, сонымен бірге қалың бұқараның көшуіне себеп, 1928 жылғы 27 тамыздағы қазақ байларын кәмпескелеу туралы қаулының шығуы еді. Қаулы қабылданбай тұрып-ақ ел арасында сыбыс таралып, шекараға жақын аймақтардағы ауқатты-байлардың арасында шет елге қоныс аудару қозғалысы басталды. Алғаш бұл қозғалыс жекелеген ірі байлардың ауа көшулері түрінде көрініс  берсе, көп кешікпей тәркілеуден қалған малды сыпырып алуға бағытталған 1928-1929 жылдардағы ет дайындау науқандары және 1930 жылы қаңтардан бастап, байлар мен кулактарды тап ретінде жою шаралары нақты қолға алынысымен жаппай бұқаралық босуларға ұласты.

1928 жылы 27 тамызда Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Совет Халық Комиссариатының «Ірі бай шаруашылықтардың және жартылай феодалдардың мал-мүліктерін тәркілеу және жер аудару туралы» қаулысы қабылданды. Қаулыда: Қазақ республикасы өзінің құрамы жағынан мәдени артта қалған ұлт және революцияға дейінгі өзгермеген көшпелі-рулық қатынаста өмір сүреді. Қазақстандағы мүлік иелері мен бұрынғы әлеуметтік артықшылықтары бар топтар Кеңес билігінің ауыл мен қышлақтарда жүргізіп отырған негізгі іс-шараларына кедергі келтіріп, арандатушылық үгіт-насихат таратып, ұлтаралық және рулық алауыздықты қоздыруда. Бұл ең алдымен кедейлерді экономикалық тәуелділікте ұстап, республиканың экономикалық және мәдени дамуына бөгет жасайды [1, 68-б.] деп айтылған.

Алайда жергілікті халық тәркілеу науқаны күшіне енбей жатып малдарын сатып, көшуге дайындық үстінде болған. Тәркілеу қарсаңында көптеген заң бұзушылықтардың салдарынан қазақтар шекара асып, көше бастады. Қазақтардың шекара асып көшу себебін Тарбағатай аудандық екінші ауылдық советінің төрағасы Ерубаев Әділбек былай деп түсіндіреді: «Нақ осы жылы Тарбағатай болысында төрт санақ жүргізілген бірінші рет ақпан айында, екінші санақ шілде айында жүргізілді...

Тәркілеу науқаны қарсаңында көптеген қазақтарға артық мал жазып жіберген, мысалы, Үсенов Әзікен мен ұлына 200 бас қой артық жазылған.

Бұл қазақтардың Қытайға көшуінің бірінші себебі болып табылады.

Екінші себеп – совет билігі орнағанға дейін туыстарынан, әке-шешелерінен бөлініп шыққан отбасыларға «Сендер үкіметке салық төлеуден жалтарып, салықты аз төлеу үшін, мүліктеріңді бөлісіп әдейі жеке шықтыңдар» деп протокол толтырып, істерін сотқа берген. Совет билігі тарапынан болған мұндай қыспақ қазақтардың шекара асып, жаппай Қытайға өтуінің екінші себебі болды» [2, 434-б.].

Науқан қарсаңында елде осындай жағдайлар орын алды. Бұл шекара асып көшуде наразылықтың бір түрі болатын.

Осындай үдере көшудің бір көрінісі Тарбағатай болысының №5 ауылдық советінің азаматы Увалия Нұртазының мәліметі бойынша былай деп айтылған: «Қытайға көшу себебі: қазақтарға артық мал жазылды. Маған 32 бас мал артық тіркелген болатын. Ауылдық советтің төрағасы Бураханов Ахмет 5 ауылдың барлық жан басына мал жазып қойды. Бураханов барлық қазақтарға «советтік билік сендерге 10 қой, 2 сиыр, 12 жылқы қалдырып, қалғанын алады» деді. Осы келеңсіз құбылыс және дұрыс жолға қойылмаған санақ қазақтардың жаппай Қытайға өтуіне түрткі болды [3, 44-б.]. Жоғарыда аталған шаралардың барлығы да тәркілеудің алғышарттары болатын.

Ең бірінші көшкендерді бастылары бай-кулактар болды және олар мал-мүліктерін сақтап қалу үшін шекара асуға мәжбүр болды. 1928 жылы 22 наурызда Зайсан уездік комитетінің секретары Савченконың Семей ГубКом-ның мүшесі Резниковқа жолдаған хабарламасында қазақтардың Қытайға үдере көшуі былай сипатталады: «Күзеуін, Хабарасу, Тарбағатай, Майқапшағай, Алқабек болыстарының байлары қазақтарды Қытайға өтуге көндірген. Бірнеше бай Қытайға өтіп кетті. Қашып бара жатқандардың 27-сі шекара жасақтарына ұсталып тұтқындалды. Мал-мүліктері тізімге алынып, тәркілеуге жатқызылды. Байлардың Қытайға көшуге үгіт-насихаттары өте қатты жүрген».

Осы құжаттар жинағындағы №4 құжатта Зайсан кавалериялық шекара жасағы Зайсан ААК 1928 жыл 21 тамыздағы хабарламасында: «16 тамыз түнінде Зайсан ауданы №4 ауыл азаматтары Қытайға үдере көшті. 65 шаңырақтан құралған бұл топқа «Қосшы» одағаның төрағасы Дауменов Наурызбай мен ВЛКСМ мүшесі Жанпейісов Қасым басшылық жасады және қарулы жағдайда болды» [4, стр. 14.] деп атап көрсетілген.

Шекара асып көшудің бастауында байлар тұрғанымен, оларды қолдаушылар, ұйымдастырушылар коммунистер болғанын байқаймыз. Бұған қарап, Кеңестік саясаттың ызғарының оларға да тигенін аңғару қиын емес.

Тәркілеуге науқанында елдің шекара асуы көбейе түсті. Осыған байланысты Бақты, Зайсан, Жаркент шекаралық аудандарына арналған шифрограммада: «Бірінші қыркүйектен бастап байларды тәркілеу науқаны күшіне енеді. Мүмкіндігінше байлардың қалың нөпірін бөгеу шекарадағы сіздердің міндеттеріңіз» деп қатаң, әрі жедел түрде тапсырма берілген [5, 68-б.].

1928 жылы 20 желтоқсанда Зайсан аудандық атқару комитетінің төрағасы Ақжелеевтің ақпары: «Қолда бар мәліметтер бойынша 14 қожалық қашып өтті, сегізі қайта оралған».

Малдың едәуір бөлігі 14 қожалықпен 29130 бас Қытайға кеткен. Қосшы одағының қолында 574 бас мал бар, 105 мал сатылған. 72 бас мал жетпей қалған [6; 7-б.]. Ақиқатында малдың едәуір бөлігі шекара асып кеткен байлардың қолында қалған.

Ауа көшулерінің 1930 жылы қорытыныдысы бойынша бір жыл ішінде Қытаймен шекаралық үш ауданнан төмендегідей қожалықтар көшкен: 1. Зайсан ауданында – 1238. 2. Марқакөл ауданында – 61. 3. Тарбағатайда  – 417. Барлығы – 1716.

Ал енді шекарадан өтерде осы үш ауданнан шекара отрядтарының қанша қожалықтарды ұстап алғандығы туралы мәлімет: 1. Зайсан ауданынан – 518. 2. Марқакөлден – 21. 3. Тарбағатайдан – 221. Барлығы – 760.

Бұл аудандардың шекараға іргелес орналасуы жан сақтап, бас сауғалауға тиімді болды [7; 177-б.].

ОГПУ-дің Қытайға ауа көшкен жайындағы 1930 сәуірдегі 3 аудан халқының көшкендерінің нақты санын береді:

Мақаншы ауданы бойынша ақпан айында – 33 кедей қожалық, 39 орташа, 6 бай қожалық; Наурыз айында – 191 қожалық барлығы колхозшылар. Барлығы – 269 қожалық көшкен.

Зайсан ауданы бойынша ақпан айында – 135 кедей, 127 орташа, 38 бай қожалық;

Наурыз айында – 47 кедей, 114 орташа, 42 бай қожалық. Барлығы – 503 қожалық. Жиыны екі аудан бойынше 772 қожалық көшкен. Тарбағатай ауданы бойынша (мәлімет толық емес). Ақпан айында – 33 бай, 10 орташа, 13 кедей. Бұл көшудің себептері негізінен тәркілеу, ет дайындау науқандары, алым – салықтың мөлшерден тыс көбейтілуі еді [8; 60-б.].

Осындай заңсыздықтардың, бас бұзарлық әрекеттерінің алдын алу үшін, Қазақ ОАК 1930 жылы 3 сәуірде «Қытаймен шекаралас аудандарға бай-кулактардың қожалықтарының заңсыз шекара асып, көшуіне қарсы күрес шаралары» туралы қаулыды мынандай мәселелер қамтылған:

1. Ауа көшпекші  болғандарды мынандай жағдайлар шекара шебінен ары 100 километр ары қарай қоныс аударту керек

а) Шекара сызығын қыйып өтерде ұсталған барлық бай-кулактарды немесе шекара  асып көшпекші   болып сөз  шығарып, ниет етіп жүргендерге;

б) Шекара асып өтерде отбасы қалып қойып, басшылары көшіп кеткен жағдайда.

2.Қоныс аудару барлық жағдайда аудандық және атқару комитетінің шекаралық күзет қызметінің материалдары негізінде өлкелік атқару комитетінің қаулысымен бекітіледі.

Қазақ АКСР ХКК төрағасы Исаев [4; стр. 23-24].

Бірақ бұл қаулы қабылданса да, бұған құлақ асқан халық болмады. Топ құрып, қарақшылық әрекеттермен айналысып, шекарадан өтушілерге көмектесіп, өткісі келмегендерді күшпен әкетіп отырған.

Кулактар мен байларды тап ретінде жою науқаны болған 1929-30 жылдары Қытайға өтіп кеткен жекелеген байлардың ізінше жергілікті совет органдары орнықтырған жоғарыдағыдай әділетсіздіктерден кейін, көп кешікпей-ақ орташалар мен кедейлердің де Қытайға жаппай өтулеріне басталғанын жоғарыда да айттық. Қытай жағына алғаш өткендер, ол жақта бай кедейге бөліп қудалаудың жоқ екенін бірден байқады. Олар бұл туралы совет жағында қалған өздерінің туыстарына да үздіксіз хабар беріп, оларды шақырды. Ал мұның өзі шекара аудандары қазақтарының біразын қалай да Қытайға өткен жөн деген бір жақты шешімге келтірді.

Соның бір көрінісі ретінде 1930 жылы Мақаншы аудандық ОГПУ бөлімінің өлкелік комитетке жергілікті халықтың Қытайға көшуі туралы жедел хатында: «20-25 сәуір аралығында Қытайға қашқан қазақтар: орташалар 5 қожалық, жан басы 27, мал саны 10 жылқы, 25 ірі қара, ұсақ мал 92, түйе 1. кедей қожалық 27 адамды 127, мал саны 19 ат, ірі қара саны 65, ұсақ мал 86, 2 түйе [9, 88-б.] деп халықтың әлеуметтік құрамы материалдық деңгейі де көрсетілген. Осы деректен-ақ 1930 жылдары ауа көшудің бұқаралық сипат алғаны көрініс береді.

1930 жылдары ұжымдастырудың нәтижесі колхоздар құрыла бастады. Колхозға біріккендер негізінен алғанда орташалар мен кедейлер болатын. Сонда қоныс аударудың бірі 1930 жылы 11 шілдеде түнде Қытайға Май-Қапшағай заставасынан 10 колхозшы көшті, оның біреуі орташа, қалған 9-ы кедейлер. Мал саны құрамы жағынан 12 жылқы, 14 ірі қара, 22 ірі қара. Шілденің 26 – ы түнде осы учаскеден 50 қожалық Қытайға өтіп кетті. Қанша малы бары анықталмаған. Қолда бар мәліметтер бойынша оларға Қытайдан қаруланған қазақтар көмекке келген [10, 14-б.]. Арғы беттегілердің туыстарын көшіріп алуға бағытталған мұндай әрекеттері «қарақшылық әрекет» деп бағаланды.

Атамекенінен ауа көшу 1931 жылы да толастамады.

1931 жылы тамызда Аягөзге жақын әртүрлі аудандардан Қытай шекарасына жақын Еміл өзеніне 2,5-3 мың ауа көшуші қожалық жиналып, 15-20 мың малын айдап шекара асып өтпекші болады. Алайда бұл қозғалысты сезген ОГПУ жендеттері көштің алдын бөгеп, кейін қайтаруға тырысады. Көштің үлкен бөлігі өзеннен өтіп үлгереді. Көшуші басқарушылар негізінен ру старшындары, моллалар, бай- кулактар  қаруланған, әрі қарулы қақтығысқа дайын жағдайда болған [11, стр. 132.].

1929 жылдың соңына дейін шекара бұзып, Қытай асқандардың әрекеттерін байлардың асып-сасып, жаппай шетелге қашулары деп білген ОГПУ органдары бұған онша мән бермей, оларды арнайы тіркеуге алуға жете көңіл бөле қоймаған болса, біртіндеп 1930 жылдың басынан бастап, Қытайға жөңкіле көшулер колхозшылар мен кедейлер екені анықтала бастады.

1932 жылдың ақпанындағы жедел барлау мәліметтерінен Батыс Қытайдағы босқындардың көңіл күйі туралы ақпарат.

Эмигранттардың өздерін көшіріп жіберу туралы бұйрықтармен танысуларына байланысты  қазақ эмиграциясының бай-кулак бөлігінің көңіл-күйлері тұнжыраңқы және қайтып оралуға мүлде қарсы. Эмигрант байлар негізінен Қытайда тұрақтап қалуға және өмір сүруге рұқсат алуға мүдделі. Эмигранттардың кедейлер-орташалар топтары совет өкіметінің ССРО территориясында емін-еркін тұруға рұқсат бергені туралы сыбыстың оларға жетуіне байланысты көктемде Қазақстанға қайтуды көздеуде [12, 42-б.].

Зайсан шекара отрядының аудандық совет атқару комитетінің төрағасы Мұхамедшинге жолдаған хабарламасы бар жайды бүкпесіз баяндайды.

1929 жылы 30 қарашада Қытайдағы Алтай аймағы жағынан Нұрғали Мұқабаев бастаған 30 адамдық қарулы топ шабуыл жасай отырып, Алқабек өзені маңында 60 отбасын көшіріп әкетті.

Кергентас тұсынан Мұқан Мәсілімов «бандасы» 40 отбасын көшірді.

1930 жылғы қаңтарда Сауыр арқылы Әлен княздігінің иелігіне 128 шаруашылық (құрамында 582 адам, 4421 мал бар) өтті. Олардың көшуіне Әленнің адамдары көмектесті.

Сол жылы 16 қаңтарда, одан кейін 28 қаңтарда Қытай жеріндегі Таңғыт үкірдайдың адамдары 80 шаруашылықты көшіріп әкетті.

Ақпан айында Қоңыр қажы Мәжитов бастаған жақсы қаруланған  жүз адам 97 шаруашылықты көшірді.

6-10 ақпанда Шағаноба арқылы 100 шаруашылық арғы бетке асты.

11 ақпанда Алқабек өзенінің жағасында шекарашылармен атысып, 30 отбасы өтті.

17 ақпанда Сауыр тауы арқылы 93 шаруашылық шекарадан асты.

20 ақпанда Ақкезең тұсынан 160 шаруашылық, 24 ақпанда 60 отбасы шекараны бұзып өтті. Атыс болып, бір шекарашы өлді.

Елдің Қытайға қашуы көктемде одан ары жалғасқан. 1930 жылғы 15 наурызда шекара отрядының бастықтары Дарын заставасынан 300 отбасы 8600 малымен, Жеменей кенті тұсындағы застава аумағынан 1260 отбасы 1840 малымен, Қабық тауына қарай 240 отбасы 6000 малымен, Дөрбілжін уезіне 600 отбасы 14200 малымен өтіп кеткенін хабарлады. Шекараның арғы бетінен  және бергі бетінен елдің көшуін басқарды деген Алтай аймағындағы 29 адамның, Жеменей уезіне делініп адамның, Дөрбілжін уезінде деп 25 адамның аты-жөндерін жазып, тізімін жасаған [13, 109-110-бб.].

Бұл бір жылдың ішінде көшкен Зайсан ауданына қарасты қазақтардың саны. Ал басқа да шекаралық өңірлерден ауа көшкен елдің атамекенінен безіп, жан сақтау үшін кеткендері қаншама.

Көшудің себептері әр қилы болды.

Мысалы, 1931 жылы Күршім ауданынан Қытайға 170 қожалық өтіп үлгерген екен, оның 30-ы бай қожалық, қалғандары кедейлер мен орташалар. Ауа көшудің ішінде 5 коммунист және 9 комсомол болған. Бұл коммунситер мен комсомолдардың ауа көшкен рулы қожалықтың мүшелері екендігін білдіреді.

Көшудің себептері төмендегідей:

  1. Тәжірибелік жоспарлау мен шаруашылық басқаруда ірі қателіктер жіберілген.
  2. Саяси-шаруашылық істердегі бұрмалаулар.
  3. Революциялық заңдылықтардың әлсіздігі.
  4. Ауылдың ұйымдардың әлсіздігі.
  5. Байлардың абырой-беделімен рулық байланыс және Қытайдағы қазақ руларымен жақсы қатынасы.

Осы бес жағдай Қытайға көшуге себеп болды [14, стр. 77.].

Жоғарыда құжаттарда келтірілген мәліметтерде кездестіргеніміздей, шекара асқан қазақтарға советтік билік «банды», «контрреволюционер» деп айдар таққан қазақ жасақтары көмектескен болатын. Қытайдағы қазақ жасақтары қазақтардың шекара асып көшулері кезінде аса зор істер атқарды.

Солардың ішінде бүкіл қазаққа белгілі Райымжан Мәрсеков болды. Ол Алаш интелегенциясынан алғашқылардың бірі болып шет елге қоныс аударған және ондағы қазақтарды Алаш қозғалысы тарту үшін зор ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген.

ОГПУ деректері бойынша шетелдегі Райымжан Мәрсеков басқарған қазақ орталығының мақсаты төмендегідей болған:

а) ССРО жерінде контрреволюциялық топтар ұйымдастыру, оларға басшылық жасау;

б) Халықты Қытайға жаппай өткізу үшін қарулы бандалар тобын ұйымдастыру.

в) Көтерілісшілерге нақты қарулы көмек көрсету.

Алға қойылған міндеттерді іс жүзіне асыру үшін контрреволюциялық орталық кеңес өткізген. Оған ССРО-дан қашып кеткен байлар шақырылған. Алғашқы кеңес 20 адамның қатысуымен болыс меңгерушісі Қойтамбайдың үйінде 1930 жылы мамырда ССРО -дан жаппай қорғайтын, Қытай жеріндегі бандиттік құрылымдарды күшейті мәселесі бойынша өткен [15, 40 б.].

Міне, шетелде құрылған қазақ жасақтары көшіп барған қазақтарға қорған болды.

Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы Қойтас ауылының тұрғыны, 1907 жылы туған Салықов Арғынбек былай дейді: «1930 жылы өкімет малды колхозға алды. Ел 1931 жылы колхозға біріктірілді. Байлардың малдарын кәмпескеледі. Кейбіреулерін 10-15 жылға түрмеге жапты, жер аударды. Кей байлар шет жаққа, Қытайға қашты. Оларға кейбір кедей-жалшыларда қосылды. Үкімет оларды «банды» деп шықты. 1931 жылы тауларда «банды» мен НКВД-ның арасында шайқастар болып тұрды.

«Бандыны» да құрағандар негізінен кедейлер еді. Олар малды Қытайға айдап әкетіп отырды. «Бандылар» шындығында өлімнен қашқан азаматтар еді. Олар кей үйлерге түнде мал әкеліп беріп жүрген... [16, 2-б.].

Негізінен Қытайға қоныс аударған халықтың жай-күйі осындай. «Бандылар» деп аталған қарулы жасақтар осындай ел игілігіне қыстау заманда халықты қатарын сиретпей, тығырықтан  алып шығу болатын.

Жалпы алғанда Қазақстанның шекара бойындағы аудандардан Қытайға қанша қазақ көшіп кетті деген күрделі сұрауға дәлме-дәл жауап беру аса қиын. Дегенмен мемлекеттік жоспарлау комитетінің жүргізген есебі бойынша 1930 жылдың күзінен 1931 жылдың күзіне дейін Қазақстанның шекаралық аудандардағы халықтың саны 87 мыңдай адамға азайған. Бұл адамдар – негізінен Қытай асқандар. Өйткені дәл осы кезеңде Батыс Қытайда Қытай жағы 60 мыңдай қазақ басқындарын есепке алған болатын [17, 38-б.].

Алтай мен Тарбағатайға тек 1933 жылғы ашаршылық пен қуғын-сүргіннен 10 мың отбасы, 30 мың адам қашып өтеді [18, 87-б.].

Түйіндей келгенде, қазақтардың ұжымдастыру жылдарында қоныс аударуы қазақ диаспорасы тарихындағы ең бір шиеленісті де күрделі кезең екендігі шындық. Шекара асып Қытайға асу жоғарыда айтқанымыздай бұқаралық сипат алды. Ерте кезден қазақ қоғамының экономикалық тірегі саналған ұлттық буржуазия өкілдерінің шекара асып көшуі экономикалық-демографиялық дағдарыспен қатар, сан ғасырлық дәстүрлі шаруашылықтың ыдырауына да кері әсерін тигізді.

          

Әдебиеттер:

  1. Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы.  74 қор, тізім 3,  7 іс, 68 б.
  2. ШҚО ҚЗТҚО. 74 қор, тізім 1а, 17 іс, 434 б.
  3. ШҚО ҚЗТҚО. 3 қор, тізім 1, 25 іс, 44 б.
  4. Под грифом секретности. Откочевки казахов в Китай в период коллективизации. Реэмиграция. 1928-1957 гг. Сборник документов. -Усть-Каменогорск, 1998. – 100с.
  5. Неизвестные страницы истории Семипалатинского Прииртышья (20 – 30 г.г ХХ в). Сборник документов. – Семипалатинск, 2002.
  6. ШҚО ҚЗТҚО. 3 қор, тізім 1, 38 іс, 7 б.
  7. Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағлымы не дейді?. – Алматы, 1993. - 207 б.
  8. ШҚО ҚЗТҚО. 3 қор, тізім 1, 209 іс, 60 б.
  9. ШҚО ҚЗТҚО. қор. 2 тізбе. 1583 іс. – 88 б.
  10. ШҚО ҚЗТҚО. 1 қор, тізім 1, 1583 іс, 14 б.
  11. Мендикулова Г. Казахская диаспора: история и современность. – Алматы, 2006. – 343 с.
  12. Омарбеков Т. Қытайдағы  қазақ басқындары //Ақиқат. - 1992. - №9. - 38-43 бб.
  13. Байбатырова Ғ. Зайсан тарихы. Оқулыққа қосымша. – Өскемен, 2003.
  14. Новейшая история Казахстана. Сборник документов и материалов. (1917 – 1939 гг.). - Т 1. – Алматы, 1998.
  15. Омарбеков Т. Шетелдегі қазақ жасақтары // Ақиқат. - 1994. - №11. - 37-41бб.
  16. Егемен Қазақстан. -1992. - 30 мамыр.
  17. Қазақ қалай аштыққа ұшырады? – Алматы, 1991. – 206 б.
  18. Шыңшаң қазақтарының қоныс аудару тарихы.  Бижің, 1999.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Telegram - каналымызға жазылыңыз!

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

105 жыл бұрын негізі қаланған Қазақстан футбол құрамасының ӘЧ қатысуы үшін не керек?