Жарияланымдар

«Карикатура королі» Еркін Нұразхан туралы 10 дерек

17 Қаңтар 2018
4931
0
«Карикатура королі» Еркін Нұразхан туралы 10 дерек
Қазаққа танылған суретші, карикатурашы Еркін Нұразхан қаңтардың 17 күні тура 65 жасқа толып отыр

Ұлтына күлкі сыйлап, жасын ұзартуға септескен қылқалам қайраткерін меншік мерекесімен құттықтай отырып, оқырмандарды ол туралы 10 дерекпен танысуға шақырамыз.

1. Еркін Нұразхан 1953 жылы 17 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Жаңғызтал ауылында дүниеге келген. Әкесі Ыбырайым Нұразханұлы (1908-1993) ел ағасы атанған үлкен қайраткер адам болған, ел-жұрты ол кісіні «Абай аға» деп атаған. Ал анасы Бежіхан Бақатқызы (1915-1980) балаларының тәрбиесімен айналысқан аяулы жан екен.

2. Еркін Ыбырайұлы үлкен әулеттен шыққан. Отбасында сегіз бала: алты ұл, екі қыз тәрбиеленіп өседі. Бала кезінде аздап тентектігі болған, еркелігі де бар тәтті балақай болыпты. Ауыл адамдарының әлдебір шаруаларымен үйлерінде бас қосқан отырыста әкесінің балақбауын білдіртпей байлап тастап, жұрт тарай бастаған шақта әкесі орнына тұра бере құлап қалады, қайта тұрады, тағы құлайды. Сөйтіп көпшілікті күлкіге көмген бала Еркін осы саланы таңдаймын деп ойламаған екен.  

3. Жас Еркін әдебиетші болуды армандаған. Алайда әскер қатарында жүргенде қабырға газетін шығарып көзге түскен оның жолы сурет өнеріне бұрылады. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін және Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының көркемсурет факультетін бітірген. Негізгі мамандығы – театр суретшісі. Дипломдық жұмысын ұнатқан ұстаздары талантын байқап, Санкт-Петербургке оқуға жіберуді ойластырады, алайда анасының көңіліне алаңдаған жас талап оқуға бармай қалады.

4. Еркін Нұразхан бейнелеу өнерінің ішінде шарж жанрына кездейсоқ келген. Досы Мұхаметжан Әлімбаевтың үйінде шай ішіп отырып, оның жұбайының бейнесін қағазға шимайлай қойғаны сол, оны көрген досы шаржбен тұрақты түрде айналысуға ақыл-кеңес береді. Содан бастап «Қазақ әдебиетінде» қазақ ақын-жазушыларына арналған достық әзілдерін жариялай бастайды. Кейін «Карикатура королі» (М. Әлімбаев) атанады. 

5. 1983 жылдан «Балдырған» журналының көркем редакторы, 1991-1992 жылдары «АлмаСТ» қазақ-түрік бірлескен кәсіпорынының бас суретшісі,  1993 жылдан «Түркістан» газет-апталығының суретшісі, тілшісі, бөлім меңгерушісі, 2002-2005 жылдары «Өнер» баспасының бас редакторы, 2006 жылдан Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының бөлім меңгерушісі, директорының орынбасары, ал 2016 жылдан Ә. Қастеев музей-үйінің директоры болып қызмет атқарды. Суретшілік қырынан өзге оның журналистік таланты да айқындала түсті. Сын сардары Қалтай Мұхамеджанов Еркінді «қос мекенді адам» деп бағалады.

6. Еркін Нұразхан – «Кімге күлеміз?», «Шарж шеруі» атты сатиралық альбомдардың, «Ұлт пен рух», «Ғибрат ғұмыр», «Өз елім менің – өзегім менің!» атты публицистикалық кітаптардың, «Қабанбай батыр», «Қасым Қайсенов», «Оралхан Бөкеев» кескіндемелік портреттерінің және т.б. жұмыстардың авторы.

7. Әзіл әңгімелерді шебер  айтады, күлдіргі, тапқыр сөздерді жинап жүреді. Оның ақын Жарасқан Әбдірашевпен бірге шығарған «Әзілің жарасса...» атты кітапшасы қазақ арасына атағын шығарды. Зиялылармен жиі араласады, жіті бақылайды, кейіпкердің бейнесін ашатын детальдарды іздейді. М. Шоқай, Ә. Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы секілді ірі саяси қайраткерлерді идеал көреді.

8. Еркін Ыбырайымұлы атақты партизан, жазушы Қасым Қайсеновтің өмірінің соңғы кезеңінде жеке хатшысы болды. Қоғамдық келеңсіздіктерге үн қосу, республикалық маңызды шараларға қатысу, мерейтойлар мен қазаларға ортақтасу үшін Еркін Нұразханның атқарған еңбегі зор. Биыл туғанына 100 толып отырған даңқты тұлға жайлы «Ерліктің ерен тұлғасы» атты кітабы жарық көрген.

9. ҚР Журналистер одағының (1985 жылдан), ҚР Суретшілер одағының мүшесі (2002 жылдан), ҚР Мәдениет қайраткері (2004), «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған (2012). Арманы «Қазақстанды сыбайлас жемқорлықсыз, демократиялы және барлық салада дамыған мемлекет» ретінде көргісі келеді.

10. Еркін Нұразхан аяулы жары Нұркамал Мейрашевамен Айман, Ерсайын, Ернұр есімді ұл-қыз сүйген, олардан немере-жиен көріп отырған бақытты әке, ардақты ата. Бүгінде Алматы қаласында тұрады.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Telegram - каналымызға жазылыңыз!

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

105 жыл бұрын негізі қаланған Қазақстан футбол құрамасының ӘЧ қатысуы үшін не керек?