Жарияланымдар

Жаңа Астанаға қандай ескерткіштер лайық?

16 Қаңтар 2018
404
0
Жаңа Астанаға қандай ескерткіштер лайық?
Ел астанасын Ақмолаға (Астана) ауыстырған соң «Егемен Қазақстанның» тілшісі Тілекқабыл Боранғалиұлын осы сұрақ мазалап, 1997 жылдың желтоқсанында ел астанасына жүріп кетеді

Елорданың 20 жылдығы қарсаңында NDH порталы қаланың қалай өзгергені туралы материалдарды жариялануын жалғастырады. Отандық журналистер де қызықты идеялар ұсыныпты.

«Егемен Қазақстан» газетінде тілші Тілекқабыл Боранғалиұлының қаланың өз көзімен көрген көңіл толғысыз жүдеу сәулеті туралы қорытындылары және өзі ұсынған бірнеше қызықты ұсыныстары жарияланыпты.  

Целиноград делінген тұста Ақмоланың ең басты ескерткіші екеу-тұғын. Егемен болған соң екеуі де еленбей қалды. Ленин ескерткіші бас алаңды босатса, екінші ескерткіш – алғашқы тың игерушілерге қойылған, аты аңызға айналған «К-700» «қозғалысқа келіп» ізін жасырды. Сөйтіп, Ақмола ескерткішсіз қалды.

Астананың тұсаукесер мерекесіне орайластырып, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды кешен ашылды. Тарихи кешен астана сәулетіне көрік бере түсті. Тарих алдындағы бір парыз өтелді деп алдымен Елбасымыз тағзым етті. Алыс-жақыннан келер талай тұлғалар гүлдесте қойып, бас иер қастерлі ескерткіш осы болмақ.  

Ақмола ескерткіштерінің тарихы осындай. Осы жерде автор: «Қала сәулетінің ертеңгі күні қандай болмақ?» деген сұрақ қояды. «Ақмола» энциклопедиясында бірде-бір ескерткіштің суреті, мәліметі жоқ. Биыл басылған қала жобасының картасын ашыңыз. Орны көрсетіліп, шартты белгілерге жазылған ескерткішті таппайсыз. Бұл жерде баспагерлер мен карташылардың кінәсі жоқ.  

Ақмолада тарихи тұлғалар мен маңызды тарихи оқиғаларға арналған монумент жоқтың қасы» деп ой түйеді автор.

Астана көшелерімен серуендеп жүрсеңіз, сидаң орындықта кербез отырған жалғызсыраған Сәкен Сейфуллиннің ескерткішін кездестіресіз. Неге жалғызсыраған? Өйткені, Ақмолада Сәкен Сейфуллиннен басқа осы өңірден шыққан қазақ зиялыларына, атақты адамдарға қойылған бірде-бір белгі жоқ. Мәрмәр тұғырға орнатылған сәкеннің қола мүсіні көріксіз де емес. Биік тұғырға қойса композициясы бұзылатындықтан, жерге жайғасқан. Бұл ретте С.Сейфуллинге арналған ескерткіштің 1994 жылғы 14 қазанда ашылғанын, ескерткіш авторы – белгілі мүсінші А.Баярлин екендігін айта кеткен жөн.

Қаладағы ескерткішті санауға бір қол саусақтарының өзі артық. Ұлы Отан соғысына қатысқан ақмолалықтарға арналған монумент те әсерлі емес. Бүгінгі бейбіт жауынгердей сыптай киініп тұрған екі бейнеден соғыс жылдарының ауыртпалығын сезіне қоймайсыз. Иықтарына асынған винтовкалары мен бірінің басындағы темір дулыға (каска) да соғыстың сұсын еске сала алмайды.  

Ақмола астана болады дегеннен бері мәселені тиіп-қашып айтып жүргенімізбен, белгілі мүсіншілер мен суретшілердің салиқалы ойлары ортаға салынбай келеді. Жаңа астананың жобасын жасаушы мамандардың өздері «мына жерде бизнес орталығы, мына жерде шіркеу болады» деп жалпы орынды көрсеткені болмаса, болашақ монументтік ансамбльдер, жеке ескерткіштер туралы нақтыланған жобаны әзірге айта алмайды.

Ақмола әлемнің әдемі қалаларының біріне айналуы керек. Әлем астаналарының керемет ескерткіштері, мүсіндері, монументтері салтанатымен таңғалдырады. Тіпті ғасырлардан бері тұрғандары да бар. Олар саясаттың ықпалымен емес, алдымен халықтың, мемлекеттің тарихына, тұлғалардың ұл мақтанышы екендігіне қарай тұрғызылған. Ақмолада кімдерге және қандай оқиғаларға ескерткіш тұрғызылуы керектігі мемлекеттік деңгейде ақылдасар шаруа. Алдымен, осы өлкенің мақтанышы болар қайраткерлерді, Балуан Шолақ, ақын Ғазиз Файзоллаұлы, Иманжүсіп Көпейұлы сынды осы өңірдің перзенттерін ұмытпауымыз керек.  

Бұларға қандай ескерткіш лайық? Бір мезгілде, бір өңірде жасаған ақын-сазгерлер ортақ мүсіндік композицияға лайық па? Екіншіден, арыстарымызды ұлылайтын мәні, сәулеті жарасқан ансамбль керек.  Ұлтымыздың ұлы қаһармандарына астанадан бір шөкім жер табылмай ма? автор қиялына ерік береді! Жасыл дөңестің дәл ортасынан биіктеген бағана-бақанның ұшар басында шаңырақ орналасады. Сол биіктіктен геометриялық өлшемдерді сақтай отырып, уықтар басы байланады-ау деген төменде төрт құбылада төрт кереге қанат жаяды. Керегелер тұйықталмай, ашық төрт тұсын сыртқы бағытқа қарай төрт мүсіндік көрініс толықтырады. Бір тұсынан сыртқы шеңберге қарай құлын қуған бала жүгіреді – мамыржай өмір белгісі. Екінші тұсына таман сауыт-сайманды қазақ жауынгері орналасады – тыныштық белгісі.  

Біздің Алаш арыстары арман еткен, күрескен, сол үшін құрбан болған азат еліміздің символы осылайша шаңырақ – кереге  арқылы шеңбер құрады. Ал осы шеңбердің сыртын айнала Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхаммедов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Жүсіпбек Аймауытов және басқа да Алаш арыстарының мүсіндері бой көтереді. Еліміздің бас суретшілері мен мүсіншілері күні кеше Алматыда асқақ, әсем, терең философиялық сәулет туындысы Тәуелсіздік монументін аяқтады.

Енді олар Ақмолаға қарай назар аударса болады. Қала ортасынан өткен ғасырларда өткен ғасырларда осы мемлекеттің іргесін қалаған ірі тұлғалар тұғырда тұрар шеңберлі алаң сызып алу керек шығар.

Оның ортасында Абылай мен Әбілқайыр – бірі мемлекетіміздің шығыс қиырын, бірі батыс шегін нұсқап, тұлпарларын тебініп тұрсын дейік. Неге Абылай мен Әбілқайыр? Қазақтың арғы-бергі хандары ше? Біз әр заманында билеушілеріне мүсіндер қойған өркениетті Еуропа елдері емеспіз. Ал мына екі тұлға – елімізді, халқымызды жойқын жаугершіліктен жойылып кеткелі тұрғанда жеке қолбасшылығымен сақтап қалған тұлғалар.

Ақмоладағы Салтанатты аркада не бейнеленеді? Есілге асылатын көпірлер қалай безендіріледі? Алматыдағы Тәуелсіздік кешеніндей, Нью-Йорктегі Азаттық статуясындай, Петербордағы Петр ескерткішіндей Ақмоланың да бейнелі белгісі асқақтасын. Бұл туралы мүсіншілер не ойлайды? Монументтік өнердің қызық шешімдері, тың жобалары, батыл идеялары осындайда туындар болар.

Ескерткіштер – ел тарихы. Ал ел тарихы алдымен оның астанасынан көрінеді. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Тәуелсіз Қазақстанның тарихына қызығушылық танытасыз ба?