Жарияланымдар

Шәкен Айманов айтқан екен...

08 Қаңтар 2018
1332
0
Шәкен Айманов айтқан екен...
Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, актер-режиссер Шәкен Аймановтың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз

Айманов Шәкен – қазақтың әйгілі актері, режиссер, ССРО халық артисі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Павлодар облысының Баянауыл ауданында 1914 жылы дүниеге келіп, Алматыдан 1970 жылы топырақ бұйырған. Семейдегі педтехникумда оқыған.

Ш. Аймановтың актерлік шығармашылығының жиырма жылдай уақыты М. Әуезов атындағы мемлекеттік драма театрының сахнасында өтті. Өнер жолындағы өнегесі мол мектебі де осы театр болды. Ол бұл театр сахнасында ондаған рольдерді ойнап, қайталанбас образдар галереясын сомдады.

Шәкен 1953 жылдан бастап кино өнеріне ден қояды. Ол түсірген көркем фильмдер: «Махаббат туралы аңыз», «Дала қызы», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе», «Туған жер», «Атаманның ақыры». Бұл кинолардың қай-қайсысы да қазақ кино өнерінің бет-бейнесін айқындауға елеулі үлес қосқан қымбат дүниелер.

 

* * *

Әйгілі композитор Мұқан Төлебаевтың машина алғанына бірер апта болса керек. «Жақсы аттың жалында бесті қымыздың қызуы болады» дегендей, жаңа машинаға деген құмарлығы басылмай жүрген кез екен. Бірақ, әлі қыр-сырын толық меңгере алмай, кібіртіктеңкіреп жүрсе керек.

Осындай күйде жүріп, бірде көшеде Шәкен Аймановты көреді. Көреді де, дереу машинасын тежеп:

– Ау, Шәкен, кел мін, барар жеріңе алып барайын! – дейді Мұқаң аңқылдап.

Сонда мән-жайды бұрын да естіп жүрген, қазір де көріп тұрған Шәкен:

– Жоқ, Мұқа, мен асығыс едім, – деген екен.

 

* * *

Шәкен Айманов өзінің інісі Кәукен Кенжетаевты ертіп, бірде туған жері Баянауылға келіпті. Көз көрген ағайын-туған ортасында қуанышты бас қосу болады. Мұндай бас қосудың әнсіз өтпейтіні белгілі.

Ән кезегін «бас театрымыздың бас әншісі» деген көтерме сөздермен Кәукенге береді. Кәукен домбыраны алып «Екі жиренге» салады.

Кәукен айтып болғанда ауылдың Шәкенмен қатар өскен бір азаматы отырып:

– Шәкен, домбыраны ұсташы, «Екі жиренді» өзіміз бір дұрыстап айтайықшы! – деген екен.

Шәкеннің айтуында «Екі жирен» әні ерекше сыр-мұңға толы рухпен естілетін болған. Мұны жақсы білетін ауылдастары «Екі жирен» әнін «Шәкеннің әні» деп айтады екен.

 

* * *

Әйгілі күйші Әбікен Хасенов қайтыс болады да, марқұмды жерлеу комиссиясын басқару Шәкен Аймановқа тапсырылады.

Шәкен Әбекеңді жерлеу рәсіміне қаржы сұрап, тиісті қызметте отырған Асқар Закаринге келеді. Жағдайды айтады да, бес мың сомға рұқсат етуін сұрайды. Сонда А. Закарин:

– Шәкен-ау, бес мың сомың бір адамға көптеу емес пе? – деп тартыншақтаса керек.

Шәкен болса іле тіл қатып:

– Асеке-ау, бір бес мың сом үшін тағы да біреуіміз өлуіміз керек пе!? – деп, қалағанына рұқсат алып шығыпты.

 

* * *

Шәкен біреуді жерлеуге қатысады. Өліктің  мүрдесі лақаттап қазылған екен. Мұндай мүрдені бұрын көрмеген біреу «мұнысы қалай?» деп таңдана сұраса керек. Сонда Шәкен:

–  Арғысы «спальныйы» да, бергісі «кухнясы» ғой, – деп жауап беріпті.

 

* * *

Әйгілі кинорежиссер, актер Шәкен Айманов бірде еңбекшілермен кездесуге шалғайдағы колхозға келіпті. Шағын ғана ауыл клубына ел толып, колхоз басқармасы жиынды ашып, біраз шаруашылықпен, ауыл адамдарымен таныстыру рәсімін жасайды.

Сөз арасында астаналық қонақтар алдында көтеріле сөйлеп, шаруашылықтың артта қалғанын жуып-шайған болып, «...біз қадірлі қонақтардың алдында колхозымызды сексенінші жылдарға қарай миллионер колхоз етеміз деп уәде береміз» деген сөзді де айтып жібереді.

Содан сөз кезегі Шәкен Аймановқа берілгенде:

– Сексенінші жылға дейін он-он бес жыл бар екен, – деп әңгімесін бастайды. – Бұл дегеніңіз бір ғұмыр ғой. Менің есіме осыған орай мынадай бір әңгіме түсіп тұр. Ерте-ерте, ертеде, бір еріккен хан: «Кімде-кім көк есекке он жылда хат танытамын деп уәде берсе, ат басындай алтын беремін. Егер уәдеде тұрмаса басы алынады!» деп жарлық шашады. Сонда қасиетіңнен айналайын Жиренше ел ішінен суырылып шығып, «Мен хат таныта аламын!» депті де ат басындай алтынды алып, көк есекті жетелеп үйіне келіпті. Мұны көрген Қарашаш: «Ойбай-ау, о заманда бұ заман, есек хат танушы ма еді, бұл не қылғаның?!» деп қамығады. Сонда Жиренше шешен: «Бәйбіше, алаң болмай алтынды қажетіңе жарата бер, он жылда не мен өлемін не хан өледі, не есек өледі!» деген екен. Сондай-ақ, басқармаларыңыздың  уәдесінде мін жоқ, тек әлгі Жиреншенің есебіндей болып жүрмесін! – деп Шәкен жұртты бір күлдіріп алған екен.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Telegram - каналымызға жазылыңыз!

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

105 жыл бұрын негізі қаланған Қазақстан футбол құрамасының ӘЧ қатысуы үшін не керек?