Жарияланымдар

ЖЕЛТОҚСАН (1986 ж.) ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ ТУРАЛЫ

23 Желтоқсан 2017
507
0
ЖЕЛТОҚСАН (1986 ж.)  ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ ТУРАЛЫ
Кеңестік жүйе қазақ жастарының бұл әрекеттерін елеусіз қалдырмады. Ұйымдардың мүшелері анықталып, олардың жетекшілері жазаланып жатты

Ағылшын жазушысы Джонатан Айткен жазғандай: 1986 жылғы желтоқсанда Михаил Горбачев Қазақстан Компартиясы ОК (Орталық Комитеті – А.Қ.) Бірінші хатшысы орнына Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қабылдамай, үлкен қателік жасады. Мұның орнына ол Дінмұхамед Қонаевты мәжбүрлеп қызметтен босатқаннан кейін бас орынды жоғарғы қызметтегі ресейлік шенеунік Геннадий Колбинге тапсырды. Бұл тағайындалушыны жай сәтсіз таңдау болып қана қойған жоқ. Бұл терең стратегиялық әрі тарихи зардаптары бар қателік болып шықты. Өйткені Колбин келгеннен кейін бұрқ ете түскен қазақ жастарының шеруі, түптің түбінде Кеңес Одағын құлатып тынған, ұлттық проблемалар бой көрсетуінің алғашқы белгісі еді.

Әрине, «Кеңестік басшылыққа» лайықты мектеп дайындығынан өткен жас мемлекет басшысы, тарих жылнамасына «кемелденген социализм» форматында ену әрекетінде жүрген қоғамның бергенін, керісінше, сол кездері бой көрсете бастаған зардаптарының тым ұзаққа созылып бара жатқанын кеңестік басшылардың батылсыз, қорғаншақтық, қандай да болмасын бастамаларға лайықты жауапкершіліктен қашқақтау әрекеті деп түсіне бастаған Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстандағы ғана емес, қажет болса кеңестік жүйе барысында басшылыққа дайын болғандығы даусыз.

1986 жылдың 23 желтоқсанында Қазақстан Коммунистер партиясы Орталық Комитетінің кеңейтілген жиналысы өткені белгілі. Осы жиында КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы М.С. Соломенцев (ол Алматыға 18 желтоқсан күні ұшып келген болатын –А. Қ.) «события, история что произошли на площади, это не случайное явление, это не стийхийное явление. Это организованное дело. Кто организатор нам неизвестно, удастся ли нам его найти, нет ли мне трудно сказать...Народу надо все это хорошо показать. Но оценка должна быть самой строгой, требовательной и выводы должны быть, чтобы это было хорошим уроком для всех» - дей келе сол жолы байқалған халық наразылығының сипатын дәлінен анықтап, нақты баға бергенін өзі де сезбей қалса керек. Алайда, көп уақыт өтпей жатып алматылық жастардың көшеге шығуы бүкіл Қазақстан бойынша ғана емес, бүкіл одақ бойынша қолдауын тауып кетуінен қауіптеген мәскеулік басшылық алғашқы ойдан тайқып, партиялық өктемдікке қарсы бағытталған халық наразылығына мүлдем басқа сипаттама берген. Осылайша Қазақстанның сегіз қаласынан «бұзақыларды» тапқан басшылар, оларды «тыныштандыру» мақсатында Алматыға үлкен әскери күштер жіберу туралы шешім қабылдаған болатын. Оның соңы немен аяқталғаны белгілі...

1986 жылы осы жолдардың авторы – Ленинград университетінің аспиранты, диссертация жұмысы аяқталып, қорғауға дайын деген пікірге сәйкес тәтті ойдың желісінде жүрген жас маман. Диссертациялық жұмысы да қорғауға лайық деп танылған. Бірақ олай болмай шықты. «Қазақстаннан келген аспиранттардың ғылыми жұмыстары өте қатаң сараптамадан өтулері керек» - деген қорытындымен Ленинград университеті Тарих факультеті жанындағы Ғылыми Кеңес бекіткен сараптамашылар ауыстырылды. Қорғау уақыты, белгісіз уақытқа кейінге шегерілді.

Неге? Біз Желтоқсан қозғалысы кезінде Алматыда болған емеспіз. Алматыда не болғаны туралы ресми мәлімет те ала алмай жаттық. Елмен байланыс жасау мүмкіншілігі жоқ. Қолымызда бір ғана құжат. Ол – 1986 жылы 18 желтоқсан күні шыққан КОКП-ның Саяси Бюрсының қаулысы.

1987 жыл. 10-шы әлде 11-ші қаңтар. Ленинград университеті Тарих факультеті аспиранттары бастауыш партия ұйымының кезекті жиналысында партия ұйымы хатшысы Фокин Владимир Иванович деген жиынның күн тәртібін (оның ішінде желтоқсанға байланысты мәселе бар болатын –А. Қ.) өзара қазақша талқылап отырған екі аспирант туралы: «Товарищи коммунисты! Перед вами находятся «живые националисты» - деп жар салғанында, оған қарсы Фокин туралы жобамен «Вы же являете собой пример великодержавного шовинизма» - дегенді күпеген болса керек. Бірақ берер жауабы да жоқ емес екен ...

Ал аспиранттар тұратын жатақханасында (Петергоф қаласы) күнде бізге қойылатын сұрақтар: «Қазақстанда көшбасшылыққа лайықты адам жоқ па?». «Неге сендерге басшылыққа басқа жақтың адамы келіп отыр?». «Неге Колбин?». «Неге Ульяновскіден?». Өкінішке орай нақ сол уақытта бұл көрініс партияның мамандарды іріктеудегі «тәжрибеден өткен» әдісі екенін ешкім ашық айта алмады.

Кеңес үкіметі орнаған күндерден бастап, Ленин – Сталин ұсынған социалистік идеялар империясының қыспағынан енді ғана арыла бастаған барлық ұлттар өкілдерінің жүрегінен орын алды деп айту қиын. Бір мысал. Деректерге қарағанда, 1940 жылдың қарсаңында Кеңестер Одағында 1 миллионға жуық адам түрмеде, концентрациялық лагерлерде қамауда болған. Міне, нақ осы адамдарды большевиктер ұсынған қоғам мен шаруашылықты кеңестендіру жолдарын жиі-жиі талқыға салып жатқандар десек қателеспейтін болармыз. Билік оны сезбеді емес. Керек десеңіз ондағылар «наразылшылдар» санын 5 млн. адамға жеткізген (нақты есепке алынып қудалауға түскендер, жазаланғандар мен қамалғандардың туыстарының саны – А.Қ.). Ел басына туған ең ауыр кезең - Ұлы Отан соғысы жылдары бір мезет тыныс алған наразылық қозғалысы 50-60-шы жылдары қайтадан өршіген болатын. Одан, әсіресе, қазақ жастары да тыс қалмады. Жазушы Әміржан Әлпейсов жазғандай, 1960-70 жылдары Москвада оқитын 1438 жігіттер мен қыздар ұйымдастырған «Жас тұлпар» жастарының санасын біржолата серпілтіп, азаттық күреске жетелесе, оның идеялық туын қолдағандар: «Жас қазақ» (Қарағанды), «Жас түлек» (Қостанай), «Ұлттық мамандардың әділеттік тобы» (Өскемен), «Тай шұбыр» (Семей), «Ұшқын» (Гурьев), «Жас ұлан» (Павлодар), «Тың тұлпар», «Оян қазақ» (Целиноград), «Сарыарқа» (Алматы) болатын.

Кеңестік жүйе қазақ жастарының бұл әрекеттерін елеусіз қалдырмады. Ұйымдардың мүшелері анықталып, олардың жетекшілері жазаланып жатты.

Не үшін? Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне берген ақпаратынан: «в «Обращении Казахстанскому народу» от имени организации «Сарыарка» указывалось, что казахский народ подвергся русификации, его язык, культура и обычай подавляются. Все листовки отпечатаны на пишущей машинке... Участники кружка имели выработанную программу, предусматривавшую учение ими трудов К. Маркса и В.И. Ленина по национальному вопросу, экономической и социальной литературы, создание независимого государства (сызған біз – Қ.А.). Было проведено несколько занятий, на которых рассматривались вопросы изготовления листовок, проводились диспуты....».

Осы жерде біз ескерусіз қалып отырған тағы бір оқиғаға оралсақ.

1979 ж. маусым айының 16-шы күні Целиноград қаласының орталық алаңында еңбектегі жетістіктері үшін бір топ облыстың жас жігіттер мен қыздарын ресми марапаттау белгіленген болатын. Жастарды еңбекке ынталандырудың бір жолы тұрғысында осындай шараларды әр жыл сайын өткізіліп тұру дәстүрге айналып бара жатқан. Алайда, нақ сол күні Целиноградтағы орталық алаңға алдыменен келіп жеткен студент жастар болып шықты. Және де олардың негізгі мақсаты жоғарыдан ұйымдастырылып жатқан іс-шараны пайдаланып Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Семей облыстарының бірнеше аудандарының негізінде Неміс Автономиясын құру туралы Коммунистер партиясы Орталық комитетінің шешіміне деген наразылықты білдіру болып шыққан.

Сол күндері оқиғаның бас-қасында жүрген Жылқыбай Жағыпаровтың әңгімесінен: «сол кездегі «Коммунизм нұры» газетінде қатардағы тілшімін. Газеттің Бас редакторы Ыбырайым Қапаровтың тапсырмасымен еңбек озаттары туралы репортаж жазу ойда маусымның 16 күні Орталық алаңға келдім. Алаң жиналыс өткізуге дайын. Сцена құрылған. Дайын микрофон. Осы кезде алаңға Кенесары көшесі (ол кезде К. Маркс атындағы көше –А.Қ.) арқылы бір топ жастар ағылып келе бастады. Кейін білсек олар негізінен ауылшаруашылық институтының студенттері екен. Араларында Целиноград мұғалімдер нститутының студенттері де болған.

Бір қазақ жігіті бірден сахнаға шығып мегафон арқылы сөз сөйлей бастады (кейін байқадым – арнаулы микрофон да қосылулы екен): «Жоғарғы жақ Неміс автаномиясын құру туралы шешім қабылдап, соны бекітпекші. Орталығы – Ерейментау елді мекені. Біз жастар осы шешіммен келіспейміз». Одан кейін 1 – 2 қазақ, 1 орыс, 1 неміс азаматтары сөз сөйледі. Бәрінің айтқаны: біз бұл шешімге қарсымыз, келісе де алмаймыз.

Митинг жарты сағаттай уақыт алды. Одан кейін ұйымдастырушылардың шақыруымен алаңдағы адамдар Мир көшесі (қазір – Бейбітшілік көшесі) арқылы Теміржол вокзалына қарай бет алды. Ұйымдастырушылар жиналған жұртқа қатаң тәртіп сақтап, ешқандай арандатушылыққа жол бермеуді қайта-қайта ескертіп жатты.

Обкомның бірінші хатшысы Н.Морозовтың алдына барып, Автономия туралы Указ шыққан күні осы алаңға келіп, мен өзімді-өзім керосин құйып өртеймін! Жерімнен жан садаға!» - деп айқай салған қазақ қызы – ерементаулық АЛТЫНШАШ БЕЙСЕМБАЕВА

Жиналған қалың топ Теміржол вокзалының алдына келіп жеткеннен кейін, митинг енді сол жерде жалғасты. Кейін білдім дәл сол уақытта теміржол бойында үш жаққа бет алған жолаушылар поездары келіп тұрған екен! Ұйымдастырушылар осыны да білген. Яғни, Целиноградта Неміс автономиясын құру туралы партияның ОК шешімімен келіспеушілік шеруіне осылайша ақпараттық қолдау жасау – ұйымдастырушылардың көздеген мақсаттарының бірі болса керек.

Сөз сөйлеушілерге осы жерде бірнеше орыс азаматтары да қосылды. Қазақстанда Неміс автономиясын құруға қарсымыз, қажеттік болса ол бұрынғыдай Саратов қаласының маңында құрылсын деп ашына сөйлегендердің бірі - соғыс ардагері болды.

Митинг бұл жерде ұзаққа созылған жоқ. Мегафон ұстаған жігіт осы жерге бірнеше бағытта жүретін автобустар келетінін, жиналғандар арнайы көліктерге отырып, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермей, үйлеріне қайту керектігін ескертіп жатты.

Жұрт тарқады. Ешкім ешкімді үгіттеп жатқан жоқ. Тек бар айтылғаны 19 күні орталық алаңға тағы жиналамыз.

Мен Учхозға (учебный комбинат – сол кездегі Ауыл-шаруашылық институтының оқу орны орналасқан жер, қазіргі – Мичурино елді мекені) кеттім. Ол жерде танитындарым да жоқ. Ешкім ешкіммен араласып, тілдесіп те жатқан жоқ. Әркім өз бетінше жүрген сияқты. Бірақ сырттай осылайша болып көрінгенімен, наразылық білдірушілердің соңында нақты бір бір ұйымдастырушылардың тұрғандығы үнемі сезіліп тұрды.

Осы жерде редакцияға енді келіп орналасқан Әлия есімді қызды кездестірдім. Қолында орыс тілінде дакйындалған үндеу қағаздары бар екен, соларды қазақша аударып, көбейтуге көмектесуді сұрады. Қалаға келдік. «Қарағанды» көшесіндегі бір үйде түннің ортасына дейін отырып, үндеу қағаздарын қазақшаладық, машинкаға салып көбейттік...

Осылайша дүниеге келген үндеу парақшалар облыстың бірнеше аудандарына тез арада жеткізілген.

Кейін мені органның адамдары біраз әуреге салды. Обкомға шақырды. Осы жерде мен бір мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Ол – партия органдарында қызмет істеп жүрген кейбір қазақ азаматтарының сол оқиғаға деген позициясы. Мысалы, мені орган қызметкерлері қамалға аламыз деген ойда болса керек. Сонда олардың әрекеттеріне қарсы ойда болған сол кездегі облыстық партия комитетінің идеология бөлімі меңгерушісі Есмағамбетова Мағауия Сейілқызы ма деп ойлаймын. Бір жағынан ол кісі маған қатты ұрысты. Ауыр сөздер айтқан жерлері де жоқ емес. Бірақ мені жазалаушылардың қолынан аман алып қалды...».

Осындайға ұқсас әрекеттерді біз оқиғаға қатынасқан басқа да адамдардың аузынан естідік. Қазақ жерін бөліп әкетуді ұйғарып, ұйып отырған ұлттың берекесін бұзуға бағытталған жоғарғы басшыларының шешіміне қарсы болғандардың бас шебінде өзімнің жерлестерім – атбасарлықтардың жүргенін, оларды ұйымдастырушылардың ішінде соғыс және еңбек ардагерлерімен қатар мектеп мұғалімдері Тайық Абылғазина (кезінде мектеп-интернатта бізге химия пәнінен сабақ берген –А. Қ.), Мыңжан Сүтбаев (Атбасар қазақ мектеп-интернатын бізден бірнеше жыл бұрын бітірген, айтып отырған уақытта дене-шынықтыру пәнінің оқытушысы – Қ.А), сатушы Майдаш Опабекова, Сабыр Кенжебаев (бұл азамат та Қазақ мектеп-интернатының түлегі –А. Қ.) болғанынан мен кейін білдім.

Атбасардағы Ілияс Есенберлин атындағы Әдеби музейінде болып, осы адамдармен 2013 жылдың 8 шілдесінде жолықтық. Сабыр Кенжебаевтың айтуынша Атбасар қаласына Целиноград ауыл-шаруашылық институтының бірнеше студенттері келген. Олар үгіт қағаздарын (листовкалар) ала келіп, соларды көпшілікке таратуды сұраған. «Біз отыз шақты жастарды жинадық – деп еске алған еді С. Кенжебаев, - Негізінен жас жігіттердің көмегімен үгіт қағаздарын көше-көшеге тараттық. Түнделетіп жүріп үйлердің қабырғаларына, бағаналарға жапсырдық. Бірақ ол жігіттер митингіге қатынасқан жоқ. Оның өзіндік тактикалық себептері де болды. Митингіге қатынасқан адамдар жауапқа тартылып жатса да, оларға қойылатын нақты кінә жоқ болатын еді. Ал ол жерде ұйымдастырушылар ұсталғанда, жағдай басқаша болар еді ғой. Соны да ескердік». 

Сатушы Майдаш Опабекова: «Біз, жеңгем Тайық Абылғазина екеуміз неміс автономиясы туралы жоғарыдан шешім қабылданғаны туралы бірнеше күн бұрын білдік. Митингі болады деген күннің қарсаңында кешке жақын төңіректе тұратын қазақтардың үйлеріне барып, оларды жиналысқа қатысуға шақырмақ болдық. Көшеге шықтық. Қызығы, қазақтардың терезелерінде жарық жоқ. Тек немістер тұратын үйлерде ғана жарық жанып тұрды...

Алдында маған жеңгем: «сен жүрсең ағаң ренжитін болар» - деген соң, сол кездеі ет комбинатының директоры болып қызмет істейтін ағама жолыққан едім. Білмеймін неге екенін, ол ағам соның алдында ғана партиялық билетінен бас тартып, оны өткізген болатын. Алайда, ағам мені тоқтатқан жоқ.

Ертеңіне митингіге қатынастық. Адам көп болды. Бәрінің айтатындары: «Жерімізді бермейміз! Автономияға қарсымыз!». Араларында мен де жүрмін. Сондағы айтқаным: «Менің әкем жерімізді қорғаймын деп жүріп, Ұлы Отан соғысынан қайтпады. Қайда жерленгенін де білмейміз. Біз болсақ жетім өстік. Енді сол жерді бізден бейбіт күндері тартып алмақсыңдар. Бермейміз!».

Міне, осылайша қазақ жерін бөліп алып, жаңаша билік жолдарын қарастырған жоғары басшылардың іс-әрекеттерін қазақ жастары 1979 жылы тоқтата алды.

Олай болатын болса, Желтоқсан қозғалысы елдің кешегісі мен бүгінгісі, болашағы туралы шын жүректен толғанған ер азаматтардың жүрек жарды айқайының шарықтау шегі, ұзақ уақыт бойы байқалмай тұрған ұлт бойындағы алып күштің ақырында барып ЕГЕМЕНДІК пен ТӘУЕЛСІЗДІККЕ жеткізуі...

Қашқымбаев А.Н.

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, т.ғ.к., доцент

Әдебиет

1. Әміржан Әлпейісов. «Жас тұлпар дүбірі» . АКлматы. – 2013. 216 б.

2. Джонатан Айткен. Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы. 2010. Қаз. 370 б.

3. Табеев Қ.Т. Қазақтың желтоқсаны (Деректі хикаяттар мен мақалалар). – Алматы: «Дайк-Пресс», 2006. – 328 бет

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Тәуелсіз Қазақстанның тарихына қызығушылық танытасыз ба?