Жарияланымдар

Елбасының жаһандық бастамалары

08 Желтоқсан 2017
919
0
Елбасының жаһандық бастамалары
Н.Ә. Назарбаев Мемлекет басшысы ретінде тәуелсіздіктің алғашқы айларынан-ақ өзінің әлемдік деңгейде әрекет ететін саясаткерлердің бірі болатынына халықаралық қауымдастықтың назарын аударды

Елбасы өзін тек бір ғана мемлекеттің қауіпсіздігі мен мүддесін ойлатын тар шеңбердегі саясаткер емес, өз елі орналасқан аймақ елдерінің, халықтарының және бүкіл адамзаттың қауіпсіздігі мен тыныштығын, даму болашағын ойлайтын және оған жетудің тиімді жолдарын ұсына алатын қайраткер екенін байқатты.

Н.Назарбаевтың ел басшылығын қолға алған соң Семей ядролық полигонын жауып, кеңестік кезден мұра болып қалған ядролық қаруларды жойып, Қазақстанды ядролық қарусыз елге айналдыруын бүкіл әлем елдері ризалық сезіммен қолдағаны баршаға мәлім.

Қазақстан Президенті Кеңес Одағы ыдырап, ауыр саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыс құрсауында қалған бұрынғы одақтас республикалар тағдырына, олардың болашағына алаңдай отырып Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (1991) құру жолында ерекше еңбек сіңірді.

Қазақстан басшысы қазір Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанды біріктіретін аймақтық-Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымын (1996) құруға және қалыптасуына ықпал ете білді. Қазір бұл ұйым жұмысына 5 мемлекет бақылаушы ретінде қатысса, 8 мемлекет әріптестік байланыс орнатқан.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 1992 жылғы 5 қазанда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Азия аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұйым-Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құруды ұсынып, әлемнің өзге өңірлеріне қарағанда әлі тиісті тетігі қалыптасып болмаған Азия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ықпалды, әрі әмбебап құрылымның қажеттігін дәлелдеп, 10 жылдай қажымай талмай аймақ елдері басшыларымен келіссөздер жүргізіп, 2002 жылы Алматыда осы ұйымның құрылуына қол жеткізді және қазір 26 мемлекетті біріктіріп отырған осы ұйымның тиімді жұмыс жүргізуіне ықпал етті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық маңызды бастамасының бірі- Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуге байланысты екені баршаға аян. Осы маңызды съездің бірінші отырысы 2003 жылы өтіп, содан бері ол диалог пен өзара іс-қимылдың бірегей алаңына айналды. Қазақстан әлемдік қоғамдастық тарапынан өркениетаралық және дінаралық диалогтың маңызды халықаралық орталығы ретінде мойындалды.Әлемге белгілі көптеген танымал саясаткерлер, діни қайраткерлер осы диалог алаңын ұйымдастыру бойынша Н.Назарбаевтың бастамасын жоғары бағалады.

1994 жылы Мәскеуде алғаш рет Еуразия Одағын құру туралы бастама көтеріп, 2014 жылы Астанада Еуразиялық Экононмикалық Одақ (ЕЭО) құруға қол жеткізді. Қазіргі уақытта бұл Одақ - Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғызстанды біріктіріп отыр.

Президент түбіміз бір түркі мемлекеттерімен мәдени салада ынтымақтастық жүргізетін-ТҮРКСОЙ ұйымын, Халықаралық Түркі Академиясын ашуға, Түркі елдері Парламенті Ассамблеясын құруға да қол жеткізді.

Н.Назарбаев қиындық туғанда түркі-мұсылман әлеміне көмек қолын да ұсына білді. Бәрімізге белгілі өткен, жылы Ресей мен Түркия арасындағы шиеленісті реттеуге арағайындық жасап, екі ел басшыларын татуластырды.

Сирияны апат алдына әкелген азамат соғысын тоқтату үшін Қазақстан Президенті қарсыласушы тараптар мен осы істі бейбіт жолмен реттеуге мүдделі болған шет мемлекеттер өкілдері үшін Астана қаласын диалогтар жүргізу алаңы ретінде ұсынып, дағдарыстың бейбіт жолмен реттелуіне ықпалын тигізді. Бұл оқиға тарихта «Астана процесі» деген атауға ие болды.

Елбасы бастамасымен 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына (ОБСЕ) төрағалыққа қол жеткізіп, Астанада Саммиті өткізілді.

Елбасының басшылығымен Қазақ елі 2011 жылы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына абыроймен төрағалық етіп, мұсылман елдерінің ынтымағын арттыру, ислам елдері мен халықаралық қауымдастық арасындағы туындаған мәселелерді шешу және ислам әлемі беделін көтеру жолындабірқатар жұмыстар атқарды.

2011 жылы Қазақстан басшысы «G-GLOBAL» жобасын ұсынып, артта қалған, дамушы елдердің талап-тілектері, мүддесін әлемнің жетекші елдері мен халықаралық ұйымдардың ескеруі, санасуы қазіргі заманда қажеттіліккеайналғанын ескертті.

Әлем елдерінің көбін толғандыратын мәселенің бірі-жиі қайталанатын әлемдік экономикалық және қаржы дағдарыстары. Елбасы осындай қиындықтарды жеңу және алдын алу үшін Астанада 2013 жылы 114 елдің өкілдері қатысқан Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция шақырып, танымал саясаткерлер мен ғалымдарды, сарапшыларды осы мәселені талқылауға, оны еңсерудің тиімді жолдарын табу жолында пікір алысуға ұйыстырды. 

Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшесінің бірі болып сайланып, енді әлемдік мәселелерді талқылап шешуге өз үлесін қосатын болады.

Осылайша Н.Назарбаев қарусыздану және жаппай қырып жою қаруын таратпау үдерісінің көшбасшысы, аймақтық және аймақаралық интеграциялық үдерістер бастамашысы, мәдениет, дін және өркениеттер арасындағы пікіралмасудың модераторы ретінде танымал болды. Қазіргі таңда Н.Назарбаевтың ұсынған бастамалары әлемдік деңгейде мойындалып, жетістікті әрекет етіп келеді.

Осы ғаламат еңбектерінің арқасында, әлемдік деңгейдегі саясаткер қатарына қосылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев әлемдік саясатты сауықтыру жолындағы еңбегі үшін шет мемлекеттердің 50 жоғары марапатына ие болды.

Сейітқали ДҮЙСЕН, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Telegram - каналымызға жазылыңыз!

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

105 жыл бұрын негізі қаланған Қазақстан футбол құрамасының ӘЧ қатысуы үшін не керек?