Жарияланымдар

Баспасөздің бағбаны

07 Желтоқсан 2017
629
0
Баспасөздің бағбаны
Шәймерден Тоқжігітов басқарған «Жаршы» журналы негізінен жаңа әліппені насихаттап, латын, араб әріптерін салыстыра көрсетіп, еңбекші халықтың сауатын ашуға көмектесті

Шәймерден Омарұлы Тоқжігітов – XX ғасырдың бас кезінде қазақ халқының мұңын жоқтап, ұлт-азаттық қозғалысын жаңа да салалы сатыға көтерген, елін әлемдік өркениет қатарына шығаруға бар білімін, күш-жігерін жұмсаған ұлттық интеллигенция өкілдерінің көрнекті қайраткері. Шәймерден Тоқжігітовтың еңбек жолы және шығармашылық қызметі  Семей қаласымен тығыз байланыста екені баршаға аян.

Ол Совет өкіметін орнату және нығайту ісіне белсене атсалысқан азаматтардың бірі болды. Семейде Совет үкіметі түпкілікті орнаған соң, екі жарым айдан кейін, 1920 жылы 14 ақпанда коммунистік партияға мүше болып қабылданады. Шәймерден Тоқжігітов ол кезде он тоғыз жаста еді. Жаңа  орнаған Совет өкіметінің жауапты тапсырмаларын мүлтіксіз орындап, өзінің іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Семей губерниялық  партия комитетінің президумы 1921 жылы наурыз айында Шәймерден Тоқжігітовты қалалық Советтің қазақ бөлімінің бастығы қызметіне бекітті. Өз ісіне шексіз берілген жігерлі жас екпінді еңбегімен ерекше көзге түсті. 1922 жылы 25 қаңтарда Шәймерден Тоқжігітов губерниялық партия комитетінің мүшесі болып сайланады [1]. Семей губерниялық партия комитеті 1922 жылы 2-ші маусымда өткен президиум отырысында Шәймерден Тоқжігітовты Қарқаралы уездік партия комитетінің жауапты хатшысы етіп тағайындайды. Осы жұмысты төрт ай істеген соң Семей губерниялық партия комитетінің президиумы ұйғаруымен «Қазақ тіліне» қызметке ұсынылады.

Шәймерден Омарұлы Тоқжігітов 1922 жылдың 1 қарашасынан «Қазақ тілі» газетіне жауап редакторы міндетіне бекітілген [2]. Қазақ баспасөзінің байырғы қарашаңырағының бірі «Қазақ тілі» газетінде баспасөз саласындағы еңбек жолы басталады. 1924 жылы Семей губерниялық партия комитеті Шәймерден Тоқжігітовті қазақ өлкелік съезіне және Россия коммунистік партиясының XIII съезіне делегат етіп сайлайды.

1925 жылы Шәймерден Омарұлы «Таң»  журналын шығарады. Бұл тұста қаламгер «Еңбекшілер көсемі – В.И. Ленин», «Ел қорғау міндеті», «Жол көріністері» атты үш кітабын жазып, оқырманға ұсынады. Осы жылы жазға қарай өлкелік партия комитеті Шәймерден Тоқжігітов  Сырдарияның «Ақ жол» газетіне редакторлыққа жібереді. Ол аз уақытта газет жұмысын орнына қойып, жұртшылықтың арман-мүддесімен санасып, олармен жиі пікір алмасқан [3].

1926 жылы қазақ өлкелік партия комитеті Шәймерден Омарұлын «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне редактордың орынбасарлығына тағайындайды. Мұнда да зор ұйымдастырушылық қабілетін, қалам қайратын, кәсіби, төселген журналистік шеберлігін көрсетеді. Осы кезеңде басқа баспасөз саласына да белсене атсалысып, «Жыл құсы» альманағында «Тоқсанның тобы» туындысы жарияланады. Ал 1929 жылы «Жаршы» атты журнал шығады. Мұның да редакторының бірі – Шаймардан Тоқжігітов [4].

Зерттеуші ғалымдар X. Беккожин, Т. Қожакеев, Ә. Жиреншин,  Ү. Субханбердина,  тағы басқалары Шәймерденнің «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газеті редакторының орынбасары қызметінде жемісті еңбек атқарғандығын сөз етеді. Кейбір деректерде  Шәймерден  Тоқжігітовтың аталмыш газет редакторы болғандығы айтылады.

Шәймерден Тоқжігітов басқарған тағы бір баспасөз тумасы – «Жаршы»  журналы. Қазақ совет энциклопедиясының төртінші томынан төмендегі деректермен танысамыз: «Жаршы» Қазақстан орталық жаңа әліппе комитетінің қоғамдық-саяси және көркем әдеби журналы. 1929 жылдың янрарынан 1930 жылдың желтоқсанына дейін Қызылордада, соңынан Алматыда латын әрпімен айына бір рет шығып тұрды. Редакторы: Б. Майлин. Барлық 17 нөмірі жарық көрді. Тиражы 13 мың дана. Журнал негізінен жаңа әліппені насихаттап, латын, араб әріптерін салыстыра көрсетіп, еңбекші халықтың сауатын ашуға көмектесті. «Жаршыда» қазақ ақын, жазушыларының өлендері мен әңгімелері, орыс жазушыларының еңбектерінен үзінді жарияланды. Ендеше «Жаршыға»  басшылық жасаған жылдардағы Шәймерден еңбегі зерттеуді тілейді.

Дарынды журналист, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген Шәймерден 30-шы жылдардың басында баспа ісін басқарып, Қазақстан Орталық Атқару Комитетіне мүше болып сайланады. Өмірінің соңғы кезінде Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы көркеменер басқармасына басшылық етеді. Қарапайым қазақ ауылында туып, сонда алғаш қара танып, жастайынан туған елінің игілігі үшін аянбай еңбек етіп, қалам қайратымен, журналистік шеберлігімен ерте танылған Шәймерден Тоқжігітовтей  асыл азамат ел басқару ісіне араласқан шақтардада туған жерге жиі-жиі ат ізін салып, қамқорлық көрсетіп тұрған. «Шаймардан елге келіп жүргенде жыл сайын топ-топ баланы қалаға алып кетіп, оқуға орналастырып отырады екен. Оның ықпал етуімен Машан, Самай, Саржал, Жасар бастауыш мектептері салынып, ауыл балалары оқуға тартылады.

Өзінің туған ортасына Шәймерден Токжігітов  жүрегінің оты бар, қызу қолды, халық қамқоршысы ретінде көрінеді» [5] деп жазады өз естелігінде Мұқан Аскаров («Совхоз туы» 20 қаңтар, 1970 жыл). Мұқанның әкесі Асқар ауылдык, кеңес ағасы болып істеген, Шаймарданды өте жақсы білген адам.  

Шәймерден Тоқжігітов қаламынан шыққан 3 кітап – «Еңбекшілер көсемі – Ленин, «Ел қорғау міндеті», «Жол көріністері» – жазушының келер ұрпаққа қалдырған мұра-тумаларының маңыздылары, қомақтылары. Жазушылық мақсаттан гөрі әлеумет, қоғамдық орта кесе көлденең алдыға тартқан көкейкесті мәселелерге шұғыл жауап беру үдесінен шығуды көздегендігі бесенеден белгілі. Өз уақытының сұранысың түйіндер, бірігіп ақылдасар ойлар, көп болып щешер жәйлар баршылық. «Еңбекшілер көсемі – Ленин» 1924 жылы Семей қаласында жарық көрді [44]. В.И. Ленинге арналған қазақ тіліндегі алғашқы еңбектердің бірі. Кітап шыға сала Мәннан Тұрғанбай шағын ғана сүйінші хабар жариялаған: «Басқармада Ленин жайын жазған қазақша кітап сатылады.  Өзі аз. Тез алып қалыңдар» («Қазақ тілі». 1924, 11 март, 29 (428). Небәрі 3000 данасы ғана басылған кітап кімге жетсін, бірнеше күнде тарап кеткен [6].

Кеше ғана «көсемшіл» болғандардың бүгін В.И. Ленинге үрпие қарап, үрке бойын аулақ салуы қандай түсініксіз, бұлдыр түсінік десек те, мақтамай да даттамай, артық айтып, кем қалмай оның тарихтағы бағасы берілері сөзсіз. Ал жиырмасыншы жылдардағы баға өзгше еді. Тура 1924 жылдың қаңтарында Ленин дүниеден қайтқанда бұрынғы Совет Одағының қарамағындағы барша ұлт пен ұлыс қаралы күйді бастан кешкендігі асырып айтқандық емес. Шәймерден Тоқжігітовтің кітабы Ленин қазасынан соң іле-шала жазылған. Бірақ аударма кітап емес. Ленин жөніндегі газет-журналдардағы, саяси кітаптардағы зерттеулердегі, оқулықтардағы, көркем әдебиеттегі материалдарды іріктеп алып кітабын жазу үстінде еркінше пайдаланған.

Зерттеулердегі, оқулықтардағы, көркем әдебиеттегі материалдарды іріктеп алып кітабын жазу үстінде еркінше пайдаланған. Мәселен «Алдымен оқушыларымыздың есіне салатын бұл кітаптың ішінде көрсетілген оқиғаларды көбінесе жазылып жүрген кітапшалардан, айтылып, басылып жүрген тарихтардан алдық, – дей келіп кіріспе сөзде, – төңкерістің тарихын білу, ілгері істеріне, шын бейілмен беріліп көмекші болу, тағдырыңды шешіп зұлматтан құтқарып, әділетке сүйреген күшті сыйлап, ол күшке күшіңді қосып, оның жолындағы кедергілермен тартынбай тартысқа түсу, адамшылықтың борышы. Олай болса біздің қазақ жұрты да шеттен қарап пайдаланушы ғана болып қалмайды. Тарихты білу бар. Тарихтың нұсқаған жолымен жүру бар. Біз біліп қана қоймай, адамшылықтың түзу тура жолына түсіп жалпының қамы үшін істеліп жатқан іске қарлушы ғана емес, қалаушы болып кірісуіміз қажет» екендігін қадап айтады. Бұл-бір Шәймерден Тоқжігітовтың танымы, ұйып сенуі емес, барша жұрттың ой-тілегі болатын.

«Ел қорғау міндеті» 1927 жылы Қызылорда-Ташкент қалаларында басылып шықты [7]. Елді қорғау, елдің тыныштығын сақтау ежелден өрбір халықты толғантқан тақырып. Төңкерістен соңғы ауыр жылдарда күн тәртібіндегі аса зор мәселе елді қорғауға келіп тірелетін. Көзі ашық, саяси сауатга, әр істі алда түрған келелі міндеттермен тығыз ұштастыра қарауды дағдысына айналдырған Тоқжігітов бұл тақырыпты да жан-жақты қарастырады. Жазушы арнауында: «Жас тілекті, ер жүректі ұландар. Ел қорғаны, ер кырандар! Қызыл әскер мектебіндегі еңбекші қазақ жастарына арнадым» деп нысанасын ашық байқатады. Ел қорғау абыройы жастардікі екендігін оқырманға ежіктеп жеткізеді.

Шәймерден Тоқжігітовтің үшінші кітабы «Жол көріністері» (Самарқан-Асхабад-Баку) Қызылордада 1929 жылы шыққан [8]. Автор туысқан республикалардағы ел өмірімен, халық тұрмысымен түрлі жиындар мен мәжілістерге жолы түсіп, сапарға барған шақтарда танысқан. Мұнда да саяхатшы Шәймерден Тоқжігітов емес, журналист, жазушы, қайраткер азаматтың көрген-білгеннен түйгендері, қилы салыстырулары сәтті өрілген. Туған топырақтағы құбылыстармен егіздеу-деректі нақтылық пен талғамды байқампаздық-кітаптың арқалаған жүгін жеңілейтіп, мақсатты биіктен  табылуына қолайлы жағдай жасаған. Небәрі жиырмаға толар толмастан партияға мүшелікке өткен, губерниялық, уездік партия комитеттерінің басшылығына сайланған, баспасөздің ұйымдастырушысы, өлкелік, бүкілодақтақ партия жиындарының делегаты, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің (КазЦИК) мүшесі Шәймерден Тоқжігітов еңбегімен қайраткерлік деңгейге көтерілді.  

Шәймерден Тоқжігітов баспсөздің қоғамда алатын орнына аса мән беріп «Елде, елді басқарған азаматтарда, тиісті қызметкерлерде ретті махнамаларда тарих ұсынып отырған міндетін орындауға кірісуі міндет. Әрине бұл жұмыста кездескен кедергілер мен алысып  отырып газетте  басқармасы тиісті міндеті атқармаған  азаматтарға   бұдан былай жөнді шара жасаттыруға да кірісер.

Енді міндеттер:

1. Орындардағы партия  һәм хүкімет  уакілдері газетті көпке таратуға, көптің қасына түсіруге бақылаушы болып орындатсын.

2. Барлық қазақ қызметкерлері әсіресе коммунистер «төрелік» мінезді қойып баспа жұмыстарына көңіл бөлсін.

3. Заң орындары әсіресе хакімшілік бөлімдері һәм прокурор сот махнамалары газеттің нөмірін үзбей оқып отырып  жазылған  мағлұматтарға қарай тиісті қам жасап, оны басқармаға тез білдіріп отырсын.  Осы міндетті орындау жалпының борышы» [9] деп  жазады. Бұл мақалада барша ел азаматтарына  алға қойылған міндеттерді атқаруда адал болып, ел игілігіне қызмет істеуге шақырады.

Сан қилы тақырыпты қозғаған мақалаларының ішінде «Қазақ партиясы туралы» мақаласын ерекше атауға болады. Қазақ арасындағы партия мәселесін қозғаған автор мақалада «Қазақ партиясы қазіргі ортақшыл партиясының жолында Совет хүкіметінің заңында сиымсыз ескіден қалған әдет, тап тартысы емес. Байлардың, жуандардың бас тартысы демекпіз. Бұл туралы бұрында талай айтылған, талай жазылған, талай шараларда ұсынылған. Бірақ іс жүзінде күшке алынған жері жоқ. Жалпы халыққа оның бір жағында тонның ішкі бауындай еңбекшіл кедей табына келетін залалдан басқа әрекеттен өзге пайда жоқ. Партияның арқасында ретсіз жазықсыз кісі өледі, мал қырылады, шаруа күйзеледі, жұрт айдалады. Еңбек байланады: адамшылық жүзінен қарағанда адам баласының қылмысына сыймайтын заңдар қолданылады: өтірік, өсек, ұрлық, әйел саудасы, барымта, құн, ұрыс-керіс, төбелес қысқаша айтқанда қазақ халқының діншілдерінің иманы, байларының жиғаны артынан ергендерінің барлық күш қуаты осы партияның жолында айтқан боз қасқасы шалған құрбандығы болып жұмсалады» дейді.  Айтыла жауыр болған бұл істі шешуде «Алдымен осы қазақтың партиясы мен күрес жариялау керек. Бұлда керектің бірі болып қалмас үшін соның үстінде соның айналасында жүргендердің барын партияның қоздырма қордасы деп санау жөн. Оқымаған қазақ елінің арасындағы кемшіліктерді жоғалтамыз» деп тұжырымдайды. «Оң жағынан ай, сол жағынан күн туғызамыз» деп боз надандық, ол жамандық партияны таста, бәленді таста, түгіленді таста деп келіп осы партияға кірісіп кететін, онанда артық: сасық жамандықтарын көріп отырып, көрмейтін оқығандардың өзінде жоқ қып?! Әрине қазақтың жайын білетін адамдар жоқ деп жауап бере алмас. Әсіресе біздің бұл мәселені қозғағанда айтпай кете-алмайтын жеріміз осы» [10] деп ой-пікірін білдіреді.

Шәймерден Тоқжігітовтың «Қазақ тілі» газетінде жарияланған мақалалары әлеумет, қоғамдық орта кесе көлденең алдыға тартқан көкейкесті мәселелерге атсалысу үрдісінен дүниеге келген. Мәселен «Сот һәм заң», «Соттар ширасын», «Парамен күрес» атты мақалаларының алар орны бөлек. Солардың бірінде автор соттың атқаратын қызметі мен құрылысына және соттардың қолданатын заңдарына тоқталып былай деп жазады: «Осы күнгі шығып жатқан заңдарды алып көрсек соқырға таяқ ұстатқанмен бірдей. Жер-су, тоғаймен қалай пайдалану керек, еңбек жолы қандай, қылмысты істің жазасы не, істің кесімі не, тағы осы сияқты істердің ашық жолы көрсетіліп отыр. Қандай істің бәрі болса, осы күнде заңға тіреліп, тармақтанған бөлекше баптарға сүйенеді. Мұндағы мақсат үкіметті нығайтып күшейтіп ел ішінде тәртіпсіздіктерді жоғалтып үкімет істерінде елдің қимында әділ жол заңға тірілтбек» [11].

Сондай-ақ қазақ арасындағы заңнан тыс істерді тыюда «Енді міне, мемлекет тезі еңбекшіл соты айданға мініп, айбарлы заң қолданып отырғанда есепсіз жүрген ел қасақалдары да, тәртіпсіз бетімен жүретін халық соттары да құқысыз едіреңдеген қызмет иелері де, мемлекет ісіне, жұрт жұмыста салақтық қылып, ат үстінен,тығыз бұйрық, пәлен күн пәлен төреге пәлен қой сой, үй дайында» деп ұлықситындары да отырған үйдің шаңырағына қарап заңның һәп бір бұлақ, тармақтарына танысарда, сырласарда, ұғысарда. Ұқпайтындары тоқтаусыздарды заң нұсқап, сот үйретпек. Тезі бардық, кезі бар. Тез қасында бүкір ағаш жатпайды. Бірақ еңбекшіл ел болып соттың заңының ісімен тез танысып жақындау керек. Адам баласының жаманшылық құлқынының негізін жоғалтып адамшылық жағына жақындастыруға себепкер болатын күш сот, һәм сол соттың ұстанған жолы – заң» [12] деп соттың маңызы мен міндетін баса айтады.

Баспасөз саласындағы қызметі «Қазақ тілінен» бастау алып кейіңірек «Таң», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» /қазіргі «Егемен Қазақстан»/, «Жаршы» басылымдарында қанат жайды [13]. Қаламгердің «Еңбекшілер көсемі – В.И. Ленин», «Ел қорғау міндеті», «Жол көріністері», «Жыл құсы» альманағында «Тоқсанның тобы» атты туындылары бүгінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы. Журналистік шеберлігімен ерте танылған Шәймерден Тоқжігітов қоғамдық қызметке де белсене араласты. 1924 жылы Семей губерниялық партия комитеті Шәймерден Тоқжігітовті қазақ өлкелік съезіне және Россия коммунистік партиясының ХІІІ съезіне делегат етіп сайлауы осының айғағы [14]. Журналист, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген Шәймерден Тоқжігітов 30-шы жылдардың басында баспа ісін басқарып, Қазақстан Орталық Атқару Комитетіне мүше болып сайланады.

Қазақ баспасөзінің ірге тасын қалаушылардың бірі, ірі қоғам қайраткері Шәймерден Тоқжігітов 1937 жылы «Халық жауы» атанып, жазықсыз жазаға ұшыраған болатын. Араға ұзық жылдар салып сталиндік зұлматтың құбанының ісі қайта қаралып, ол толық ақталады. Алайда Шәймерден Тоқжігітов жайлы ақиқатты ашып айтуға рұқсат болған жоқ. Тек белгілі  ғалым Қайым Мұхамедхановтың, ол кісінің шәкірті, профессор Арап Еспенбетовтың Шәймерден Тоқжігітов хақындағы мақалалары кезінде баспа бетіне шықты. Ал Шәймерден Тоқжігітов журналистік шеберлігі мен баспа ісіндегі зор ұйымдастырушылық қабілеті және ірі қоғамдық қызметкері туралы қазақ журналистикасы зерттеуші ғалым-ұстаз Темірбек Қожакеевтің еңбегі бар.

Шәймерден Омарұлы Тоқжігітов – Қазақстан тарихындағы елеулі тұлға. Сондықтан, оның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін зерделеу, тағы да басқа іргелі істерді тындыру бүгінгі жас ұрпақтың парызы деп білеміз. Шәймерден Тоқжігітов Семей губерниясына танымал азамат, саяси басшы, іскер ұйымдастырушы дәрежесіне жетеді. Шәймерден Тоқжігітов сынды абзал азаматтың, алаш арысының атына лайық құрмет көрсету – зиялы ұрпақтың ең асыл борышы. Семей төңірегінде ғана емес, республика көлемінде мемлекеттік және үкіметтік істерге араласып, елім деп еңбек еткен есіл ер есімі өшпейтіндігі шүбәсіз.

Нұргүл САЙЛАУБАЕВА, т.ғ.к., Л. Гумилев атындағы ЕҰУ Еуразиялық зерттеулер кафедрасының доценті

 

Әдебиеттер:

1. Мұхаметқанов Қ., Еспенбетов А. Журналист, жазушы, қоғам қайраткері. //Семей таңы. 1987 16 желтоқсан.

2. Молдашева Р. Семей баспасөзі: қалыптасу және даму жолдары. Фил.ғыл.канд.дисс. – Алматы 2003ж. 160п.

3. Еспенбетов А. Қайраткер, журналист. //Семей таңы, 2001 24 тамыз. 

4. Ахметбекқызы А. Шәймерден Тоқжігітов. //Семей таңы 9 желтоқсан, 1999ж.

5. Ахметбекқызы А. Шәймерден Тоқжігітов. //Семей таңы 9 желтоқсан, 1999ж.

6. Мұхаметқанов Қ. Тұңғыш газеттің тарихынан. //Семей таңы. 1989 4 желтоқсан.

7. Молдашева Р. «Қазақ тілінен» «Семей таңына» дейін. //Семей таңы. 1999 9 желтоқсан.

8. Еспенбетов А. Сүйінерге жарар ұл. //Семей таңы, 2001 3 тамыз.

9. Ахметбекқызы А. Шәймерден Тоқжігітов. //Семей таңы 9 желтоқсан, 1999ж.

10. Темірғалин Х. Газет – өмір айнасы. Естелік қолжазба. 2п.

11. Молдашева Р. «Қазақ тілінен» «Семей таңына» дейін. //Семей таңы. 1999 9 желтоқсан.

12. Қожакеев Т. Жыл құстары. Алматы. Қазақстан. 1991ж. 240 б.

13. Темірғалин Х. Газет – өмір айнасы. Естелік қолжазба. 2п.

14. Ахметбекқызы А. Шәймерден Тоқжігітов. //Семей таңы 9 желтоқсан, 1999ж. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Telegram - каналымызға жазылыңыз!

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

105 жыл бұрын негізі қаланған Қазақстан футбол құрамасының ӘЧ қатысуы үшін не керек?