Жарияланымдар

Тарихшының бір күні: Қаржаубай Сартқожаұлы

24 Қараша 2017
3503
0
Тарихшының бір күні: Қаржаубай Сартқожаұлы
National Digital History жобасы «Тарихшының бір күні» айдарын жалғастырады

Бүгінгі біздің қонағымыз әлемдік түркологияда айрықша орны бар ғалым, белгілі тарихшы,  филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы. Бітік тастың білгірі атанған Қаржаубай Сартқожаұлының бір күнін оқырман қауымға таныстырып, таң сәрісінен кеш батқанға дейін қасынан табылуды көздеп отырмыз. Ендеше жобамызды бастаймыз.  

Қаржаубай Сартқожаұлы 1947 жылдың 22 наурызында Моңғолияның Бай-өлке аймағында дүниеге келген. 1973 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін, 1985–1988 жылдары Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасын тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын мектепте ұстаздықтан бастап, Моңғолияның тарих институттарында аға ғылыми қызметкер, директор лауазымдарын атқарған. Моңғолияның саяси билігінде 10 жылдай түрлі салада қызмет атқарған. Кейін Отанына оралып, 2001 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде қызметте. 2010 жылдан бастап аталған университеттің Түркітану және Алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры. Тарих ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы. Халықаралық Шыңғысхан Академиясының академигі, Ататүрік атындағы Халықаралық Түрік тарих құрымының (академиясының) мүшесі.

Қаржаубай Сартқожаұлы: Кімнің  болсын жүрегінде, өткен тарихымен мақтанып, мен осындай империя құрған, хандық құрған ұлттың өкілімін деген үлкен қуат жату керек. Бұл – үлкен энергия. Бұл – психологиялық энергия. Жастарымызды осы психологиямен, осы тарихымызбен тәрбиелесек, ешкімнен кем емес берік ұлтанды ұлы мемлекетке айналамыз.

Таң сәрісімен ерте тұрып, фототілшімізді ертіп, Қаржаубай ағамыздың үйін бетке алдық. Университетке жақын тұратын ағамыз, біз келгенде үйдің ауласында серуендеп жүр екен. Амандасып, жөн сұрасқан соң, бала күнгі арманын сұрадық.

Қ.С.: Бала күннен адам баласының арманы көп болады. Ту баста мен ақын боламын деп көрдім. Өлең жаздым. Жазып көрдім. Көрім шыққандары да болды. Бірақ ақын болмайтынымды сездім. Көптің бірі болып қала береді екенмін. Одан кейін прозаға ауыстым. Прозаларым жақсы шықты. Әңгімелер, повестер жаздым. Барлығы шығып, газет-журналға басылды. Кітап болып шықты. Одан кейін ғылымға бетбұрыс жасадым. Университет қабырғасында жүріп, 2 курстан бастап ғылымға толық берілдім. Содан бері осы саланың терең шұңқырына дейін қазып, зерттеу жүргізіп келемін. Шахтерлер көмірді қазуда үстінен бастап, тереңіне дейін қаза береді ғой. Біздікі де сол сияқты.

Ағамыз ерте тұрғанды өмірлік ұстанымы етіп алған. 

Қ.С.: Мен өзім жалпы кеш жатып, ерте тұратын адаммын. Ұйқы да қанады. Баяғыда аналарымыз «таңғы уақытта береке бар. Тұрыңдар. Жұмыс шаруаларыңа кірісіңдер» деп айтып отыратын. Шыңында да ерте тұрғанның берекесі бар. Жұмысына өнімдірек болады. Өзім жастайымнан ерте тұрып, уақытымды жоспарлап алғам.

Ерте тұрып, далаға шығып серуендеу де Қаржаубай ағаның күн тәртібіне айналған.

Қ.С.: Таңертең ерте тұрып серуендегенді жақсы көремін. Сол серуен бойынды сергітіп, кешегі миында қалып қойған артық ақпараттардан тазалайды. Жас кезімде оның орнына жаттығу жасайтынмын. Қазір жас келген соң, серуендеп жүріп қайтқанды жақсы көремін. Сосын таңғы асқа отырып, шайымызды ішіп, жұмысқа қарай аяңдаймыз.

9:00. Университетке келу.

Қаржаубай Сартқожаұлының университеттегі күнделікті жұмыс уақыты 9:00 басталып, кешкі 18:00 аяқталады. Арасында әр түрлі іс-шараларға шақырып жатса, күн жоспары өзгеріп тұрады. Бүгінгі күн тәртібінде кейіпкеріміздің маңызды шаруасы болған жоқ. Ендігі кезек Қаржаубай ағаның университеттегі күн тәртібін бақылауға алып, қасынан ұзап шықпайтын болдық. 

Кейіпкеріміз бүгінгі күн тәртібін Түркітану және Алтайтану ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлеріне шағын жиналыс ашудан бастады. Күн тәртібінде көтерілген мәселелер конференцияға мақала әзірлеу, институтқа жіберілген хаттарға жауап жазу және жыл соңы болғандықтан жұмысқа келу тәртібі қатаң бақыланатыны айтылды. Тапсырмалардың барлығын хатшы қыз түртіп отырды. 

Шағын ұжым мүшелеріне тапсырмалар жүктеліп берілген соң, Қаржаубай Сартқожаұлы өзінің үйреншікті (өзінің сөзі) болған қабинетіне аяңдады. Кабинет сыртында кейіпкеріміздің аты-жөні жазылған тақтайша тұр. 

Қаржаубай аға кабинетіне келіп, өзінің ғылыми-зерттеушілік жұмысымен айналысады. 

Қ.С.: Күнделікті өмірім кітап оқып, іздену, жазу үстінде өтеді. Менің саламның басты бағыты - ғылыми зерттеу жұмысы. Жаңа институт қызметкерлеріне тиісті тапсырмаларын бердім. Өздері жасай береді. Жұмыстарына тиянақты мамандар. Ал, енді өзім осы кітаптар шашылып жатқан жазу үстеліме келіп, жазуға отырамын. Кітап оқимын. Бұл жердегі кітапханамды да көрдіңдер. Іздеген кітаптың барлығы да осында бар. Қазіргі уақытта ғұн дәуіріне қатысты тарихқа жаңа бағытта зерттеу жүргізіп жатырмын. Мәселен ғұндардың алдындағы тайпалар туралы. Ол тайпалардың қытайша атаулары қалған. Соларды іздеп, қытай еңбектерін оқудамын.

Сағат тілі 11:00 болғанда телефон шырылдады. Кейіпкеріміз өзін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ  оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Диқан Қамзабекұлы шақырып жатқанын айтты. Ағамыз қарсылық таңытпаған соң, бізде артынан еріп түстік. Университеттің бас ғимаратының екінші қабатында отыратын проректордың кабинетіне ағамыз кіріп кетті. Рұқсатын алған соң, бізде күн тәртібіне ілінген бұл кадрды суретке түсіріп алдық. 

Қ.С.: Оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор кешегі хатты алып кетуге шақырған. Қол қойып, мөр басылыпты. Хатты Алматыға жібереміз. 

Хат мазмұнын құпия болмаса, айтып өтсеңіз.

Қ.С.:  Ол хаттың құпиялығы жоқ. Кепілдендіру хаты ғой. Біз Моңғолиядан көптеген құнды мұралар әкелдік. Солардың көшірмесін жасадық. Моңғолиядан сликонмен жасап алып келеміз, қайтадан оны Алматыда Алтынбек Қырымның шеберханасында өңдейміз. Алтынбек Қырым - атақты реставратор. Сол жасайды. Осылардың авторлық құқығы дейтін бар. Сол авторлық құқықты Жантегін Қаржаубайұлы мен Алтынбек Қырымұлына  кепілдендіру хатына қол қойды. Сол ғана. Өздерің бір күнімді түсіремін деп, барлығын сұрап жатырсыңдар ғой (Ағамыз күліп).

Проректордың кабинетінен шыққан соң, ағамыздың үйреншікті кабинетіне қайта келдік. Тағы да ол кісі жазуға кірісті. Біз де кітаптарды қарап-көріп, ішіміз пысқан соң, ағамызға сауал тастаған болып, ғалымға ғылым үшін фанатик болу қаншалық дұрыс деп қалдым. 

Қ.С.: Ғылым деген нәрсе адамды өзіне тартып әкетеді. Оған сен фанатик сияқты боласың. Дін деген түк емес, Біздің санамызда о дүние, бұ дүние деген түсінік жоқ. Тек қана ғылым ғана бар. Бірдене шығарып, бірдене ашқымыз келеді. Соның жолында іздене береміз. Ғұмырымыз таусылғанша. Халыққа ұсынып, ұрпаққа қалдыруымыз керек. Біздің халқымыз көп жыл бойы қиыншылық, нәубетті басынан өткерген халық. Көп жыл бойы езіліп келген халық. Тек Ресейдің қол астында 300 жыл болды. Бұл оңай нәрсе емес. Сосын артынан шекара бөлінді. Қытай да, Моңғолия да, Ресей де қаншама қазақтарымыз қалды, Отанынан жырақ. Ол қандастарымызды да талай халық езді. Сосын ақырындап жүріп, тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Қазақ халқы жалпы өзінің тарихын білмей қалған.

Неге білмей қалды?

Қ.С.: Бұл тарихты жасаған ұлы қазақ, ұлы халық, Қазақстанда болды. Өзінің түпкі елінде болды. Біздің тарихымызды орыстар жазып берді. Жұқа ғана кітапты қолымызға лақтырды. Басқа тарих жоқ. "Сендерді октябрь революциясы ғана адам қылдырған" деп бізді қорлады. Үйретті. Сондықтан бізді жабайысыңдар. Ешнәрсе өңдірмегенсіндер. Сендерді біз адам болдырдық. Біз ел қылдырдық деген мәселелер айтылды. Еуропоцентризм деген осы. Біздің мәдениетіміз бен әдебиетімізді жоққа шығарды. Бар дүниемізді жоқ болдырды. Соны біз қайтарып алдық. 

Қ.С.: Жүріңдер сендерді өзімнің бастамаммен ашылған "Жазу тарихы" музейіне аралатайын. Ол да біздің жұмысымыздың бір парасы. Күніне сол музейге соқпай кетсем, бірденеден жырақ қалғандай сезінем.

Ағамыздың артынан еріп, жазу тарихы музейін аралауға шықтық. Дәлізден түсе бергенде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, тарихшы ғалым, академик Ерлан Сыдықов ағамызды қауыштырдық. Амандастық. Тарихшының бір күні деген жобамен жүргенімізді айттық. 

Бастамамызды қолдап, "Қаржаубай Сартқожаұлындай атақты түркологтың бір күнін түсіргендерін жақсы іс екен" деді. Сосын Қаржаубай Сартқожаұлымен екеуара 10-15 минут әңгімелесті. 

Тарихшының бір күні жобасы шынайы ақиқатқа құрылғандықтан. Ағамыздан екеуара болған әңгіменің төркінін айтуды өтіндік. Өйткені бұл тарихшының бір күні жобасы деп. Сіз кейіпкер болып таңдалғандықтан, барынша шынайы болып көрінгеніңіз дұрыс деп. Қаржаубай ағам ол жағынан жасыратын түгі жоқ деп, әңгіме төркінін баяндады. 

Қ.С.: ЕҰУ "Жазу музейі" залының кіре берісіне екі үлкен көрме орналастыру мәселесін өткен жолғы жиналыста айтқан болатын. Соның жайын сұрады. Елбасының «Келешекке бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлттық рухани дүниелерін қайта насихаттап, ұрпаққа жеткізу мәселесі емес пе? Осыған байланысты біздің ректорымыз бізге тапсырма берген. Екі көрменің біреуіне археолог, тарихшы Жамбыл Артықбаевқа қазақ хандығы туралы көрме ұйымдастыруға. Екінші жағына сақтан бастап Алтынордаға дейінгі мемлекет тұсындағы тарихи мұраларды қойып, көрме ұйымдастыруды маған тапсырған. Сол мәселені сұрап, қандай дүниелерді қоятынымызды талқыладық.

Университет ішіндегі "Жазу тарихы" музейі Қаржаубай Сартқожаұлының жансебіл еңбегінің арқасында жүзеге асты. Музейді ашу бөлек әңгіме, оның ішіндегі түпнұсқалық және көшірме құнды заттардың барлығын Қаржаубай ағамыз өзі жинап, жиыстырды. Ол жайында біз талай әріптестерінен де, өз сұхбаттарынан естіген болатынбыз.  

Қ.С.: Екінші үйімдей болған қасиетті орын - "Жазу тарихы" музейі. Бұл әлемдегі жалғыз бірден-бір түркі жазуына ашылған музей. Ішіндегі құнды мұралардың көбісін сырттан әкелдім. 

Қаржаубай аға, қаншама бәдіз, балбал ескерткіштерді барлығын сырттан әкелдіңіз бе, сонда бізде балбал ескерткіштердің аз болғаны ма? деп сауалда тастадық. 

Қ.С.: Болған. Өте көп болған. 9-10 ғасырдан бастап бізде ислам діні кіре бастады. Алғашында соғыспен кіргізбек болды. Кіре алмады. Одан кейін дін таратушыларды бәдәуи құсатып жіберіп, таратты. Мұсылман діні кірген кезде тәңірлік дінге әбден табынып алған халық кете алмайды ғой. Бізде үлкен-үлкен ұстындар, ескерткіштер болған, сына тас жазулары болған бәрін солар құртқан, мұсылман дінінің өкілдері құртқан. Одан соң артынан орыстың қол астына кірген соң, орыстар құртқан. Содан бізде ештеңе қалмай қалған. Музейдегі дүниенің 90 пайызы – сырттан әкелген дүние. Арнайы шартпен әкелген дүниелер. 

13.00-14.00. Түскі үзіліс уақыты.

Ағамыз "Жазу тарихы" музейін бізге таныстырып, ішідегі жәдігерлері туралы баяндап болғанша сағат тілі 13.00 таяп қалыпты. Ағамыз түскі үзіліс уақытында үйіне қайтатынын ескертті. 

Қ.С.: Түс уақытында үйге келіп, тамағымды ішіп, сосын 30 минуттай ұйықтап алғанды ұнатамын. Сол 30 минуттық ұйқы көп шаршауымды басып, миымды біраз сергітеді. Бұл менің күнделікті әдетіме айналған. Ендеше жүріңдер түстеніп қайтайық!  

14.30-15.00. Түркітану және Алтайтану институтындағы жұмыстарын тексеру.

Түстен кейін кейіпкеріміз өзі басқарып отырған институттың жұмыстарын қадағалап, таңертең берілген тапсырмалар бойынша істелген жұмыстарды бір қарап шығады. Одан кейін студенттер мен магистранттарға дәріс сабағы басталады. 

15:00. ЕҰУ Тарих факультетіндегі дәріс сабағы.

Қаржаубай Сартқожаұлы институт қызметкерлерінің жұмысын қадағалап, археология және этнология мамандығы бойынша бірінші курс магистранттарына дәріс беруге кетті. Бізде кейіпкеріміздің артынан еріп, 307-кең дәріс залына бардық. Дәріс залының іші толық компьтерленген, интереактивті тақта, заманауи жабдықтармен жабдықталған екен. 

Бірінші курс магистранттарына Қаржаубай Сартқожаұлы «Қазақстан территориясындағы нышандық түркі дәуірі ескерткіштері» пәнінен лекция оқыды. Бүгінгі өткен сабақтың тақырыбы: Түркі дәуіріндегі ғұрыптық нышан ескерткіштері.  

Қызықты өткен сабақта Түркі дәуірінің ескерткіштері олардың сақталып, мұра болу жайлары баяндалды. Сабақты ағамыз тұрып та, отырып та, қызықты өткізуге тырысты.

16:00-18:00. Магистранттарға дәріс сабағы

Қаржаубай ағамыз 16:00-16:50 аралығында екінші курс магистранттарына «Көне түркі бітік жазуы» пәнінен дәріс оқыды. Бұл сабақтың жалғасы 17:00-17:50 қайта жалғасты. Бұл жолы лекция сабағы емес. Практикалық дәріс сабағы екен. Магистранттарға ағамыз көне түрік әріптерін жаттауды үй тапсырмасы ретінде беріпті. Өкінішке орай, сабақ тақырыбы қиын болды ма, студенттер берген тапсырманы орындай алмай келген.  

Ақыры практикалық сабақты тағы да лекциялық дәріске айналдырды. Тақтаға бүгінгі тақырыпты жазып, дәріс сабағын бастады.  

Қ.С.: Өткен сабағымызда көне түрік әліпбиіндегі дауысты, дауыссыз дыбыстар деп жазған болатынбыз. Енді бүгін сол тақырыбымызды одан әрі жалғастырамыз.

Өткен сабақты неліктен қайта өткенін бізде сұрап білдік. 

Қ.С.: Байырғы түркі бітік жазуларының әріптерін оқу. Соған студенттер машықтану керек. Студенттер әріптерді жаттап келуі тиісті болатын. Мен әріпті жазған сайын олар айтып отыру керек еді.

Қ.С.: Бұлар дайындықсыз келгендіктен еріксіз айта алмай отыр. Енді үш лекция бар, практикасы бар сосын мен бұл студенттерге мәтін беремін. Олар мәтінді оқуға көшеді. Бұлар әліпбиді жаттамай мәтінге көше алмайды. 

Дәріс сабағы соңына қарай жеткен соң, ағамызбен еркін әңгіме құрып, қандай газет-журнал оқитындығын, әлеуметтік желілердегі белсенділігі жайында сұрап білдім. 

Қ.С.: Газет-журнал оқимын. Саяси тақырыптарды шолып шығамын. Өзім 10 жылдай саясатпен айналысқан адаммын. Моңғолияның демократиясына біраз күшімді қосқан адаммын. Сондықтан сол уақыттан саясаттың микробы қалып қойған. Әлем саясаты қалай кетіп бара жатыр. Көбінесе орысша-қазақша газеттер.

Қ.С.: Әлеуметтік желілерде біраз отырып уақытымды өткіземін. Яндекс, Google іздеп оқитын тақырыптарым бар. Осындағы ақпараттарды оқи отырып, әлемдік саясат қалай кетіп бара жатыр. Қазір неге мынандай шиеленістер болып жатыр дегенге іштей анализ жасап отырамын. Facebook парақшамды өзім жүргіземін. Бірақ көп жазбаймын. Көп шыға бергенді қаламаймын. Тек жауап беріп қана отырамын. 

18.00-де кейіпкеріміздің университеттегі жұмыс тәртібі мәресіне жетеді. Бірақ уақыт бітті деп үйге асығар ағамызды көрген жоқпыз. "Қаржаубай аға, үйге қашан қайтасыз?" деп сұрадық. 

Қ.С.: Бүгін қайтпаймыз ау-шамасы (күліп)! Өз басым сағат тілі 18:00 болды деп үйге қайтуға асықпаймын. Күнде жұмыс уақытынан бөлек бірнеше сағат жұмыс атқарып, көп отырып қала беремін. Зерттеу жұмыстарым  да көп, соларды бітіруге тырысамын. Бүгін сендер көп жұмыс жасадыңдар. Менің қасымнан қалмадыңдар. Сондықтан да сендерді де шаршатпай ерте қайтайын. 

Қаржаубай Сартқожаұлының күнделікті режимінде таңғы серуеннен бөлек, кешкі серуен де және бар. 

Қ.С.: Сосын үйге қайтып келген соң, кешкі асымды ішіп, немерелерімді ертіп, тағы да серуенге шығамын. Жалпы көп жүріп, көп бой сергіткенді жаным қалайды.

22.00-11.30. Кешкі серуендеу.

Қ.С.: Ол неге десеңіз күндіз жұмыста отырып ұйып қалған аяқты жазып, олардағы қандарды таратамыз. Дала да көп жүретінімнің себебі шаршауды басу. Аяқ-қолдағы ұйып қалған қанды кетіру керек. Содан кейін ұйқыға жатамыз. Ары қарай күнделікті режиміміз басталады.

Сағат тілі кешкі 10.00 болғанда әңгімемізді тәмамдап, тарихшымен өткізген бір күнімізді мәресіне жеткіздік. Көп нәрсе айтылды. Есте қалар естеліктер баяндалды. Бірақ оның бәрін оқырманға беруді жөн көрмедік. Толығырақ ұлт тарихы, түркология ғылымы жөніндегі әңгімелерін өзім сұхбаттасқан сұхбаттан оқи аласыздар. Далаға шығып, біз үйімізге қарай тарқастық. Ағамыз баяғы күнделікті әдетіне айналған серуенге кетті... 

Фотосуреттер: Артем Чурсинов

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Тәуелсіз Қазақстанның тарихына қызығушылық танытасыз ба?