Жарияланымдар

Алаштың жолын жалғаған

12 Қазан 2017
309
0
Алаштың жолын жалғаған
«ЕСЕП» партиясы Алаш ізін тікелей жалғастырушы, Алаш қайраткерлері салып кеткен дара жолдан таймай, ел болашағы үшін өз қолтаңбаларын қалдырды

Бүгінгі тәуелсіздік үшін күрестің әріден басталғанын білеміз, соның басты күресі ХХ ғасырдың басында қазақ интелленгенциясы қолға алған Алаш идеясының негізінде. Тәуелсіздікке жетудің жолында Алаш идеясы үшін күресті кеңестік билік жағдайында жалғастырған қоғамдық ұйымдар мен жеке азаматтардың арқасы мен қызметі десек болады.

Осы күнге дейін Алаш ардақтыларының өмірі мен қызметі, шығармашылығына арналған көптеген еңбектер мен дүниелер жарық көрді. Халық көбімен таныс, дегенмен бұқараның арасында кеңінен танымал емес, бірақ Алаш интеллегенциясының мұрасын сақтап тікелей бүгінге жеткізген ұйымдар мен есімі елеусіз тұлғалар да бар. Сондай ұйымның бірі, тарихтан жақсы таныс, Алаш идеясының ізін жалғастырушы, ХХ ғасырдың 40 жылдары Қарағанды өңірінде екі жылдық мұғалімдер институтының студенттері құрған ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясын алсақ болады.

Ұлт болашағын ойлаған ұстаздар өздерінің ізденімпаздықтарының арқасында Алаш көсемдерінің бұрын көрмеген, оқымаған кітаптарымен танысты. Ол кітаптар А.Байтұрсыновтың «Маса», «Қырық мысал», М.Дулатовтың «Оян, қазақ» және С.Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», 1 бөлім, «Ұлтшылдық дәуірі» латын әрпімен шыққан кітабы. Сол үшінде аталған кітаптарды, оқуға тыйым салынған оқулықтарды студенттерге тараттың деп жала жабылып А.Нәрешов айыпталды. Осы кітаптарды оқып шыққаннан кейін халықтың нағыз досы Алаш партиясы екеніне толық сенгендері жайында М.Темірұлы: «... алдағы уақытта сол Алаш азаматтарының жолын қуып, туған еліміздің азаттығы, бостандығы үшін күресуге бел будық», - дейді. Бұдан шығатын қорытынды, біздің жыл санауымызға дейінгі және онан кейінгі уақыт аралығында тарихтың бұрқанған от-дауылдарында жеңін – жастық, етегін төсек етіп, тіршілік етіп келе жатқан халық деген жарықтық тумасында бостандыққа құштар, еркіндікке ғашық. «Еңкейгенге – еңкей, ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол құдайдың ұлы емес», - дейтін қазақ халқының даналығында да көшпелі жұрттың көп ғасырлық тәжірибесінен туындаған әлсізді жәбірлемейтін күштіге көнгісі келмейтін кекесіне ойы тұнып жатқан жоқ па?

1937-1938 жылдары жаппай ұлт зиялыларын репрессияға ұшыратқаннан кейін, бір партиялық жүйемен қабаттаса, ұлттық тәуелсіздікті армандаған, ЕСЕП партиясының болғандығы ҚР ҰҚК құжаттарында: «Искаков и Темиров в период учебы в Нуринской средней школе, а затем в 1940-1942 годах в Карагандинском учительском институте создали антисоветскую нацоналистическую организаю «ЕСЕП» (партия героев, любяших Родину), которая своей задачей ставила отторжение Казахстана и республики Средней Азии от Советского Союза и создания на их территории буржуазного госдураства; проводили среди казахской молодежи антисоветскую агитацию, читали контрреволюционную литературу», - деп көрсетіледі. Осы құжаттарды саралап, ЕСЕП партиясы тарихын төрт кезеңде бөліп қарастыруға болады.

1940-1942 жылдар қалыптасу кезеңі;

1944-1951 жылдар даму кезеңі;

1960-1964 жылдар шарықтау кезеңі.

Қайнар көзін 40 – жылдары Алаш идеясынан алған, Қарағанды облысы Нұра ауданының Казгородок (Кертінді) ауылындағы орта мектепті бітіріп келген бір топ оқушы Қарағандыдағы екі жылдық Мұғалімдер институтына түскен студенттерден басталады. Б.Ысқақов ел өмірінің ащы шындықтарын көріп, көкірегімен ой түйіп жүрген 17 жасар жасөспірім, осы институтта қазақ әдебиетінің аға оқытушысы А.Нәрешевтен тәлім алуы ой өрісінің жетіліп толығуына әкелді. Институт қабырғасында құрылған үйірмелерге қатыса жүріп ұстазымен А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Мұқановтың еңбектерін бірге оқып талдайтын болған.

ЕСЕП партиясының негізін қалаушы Бүркіт Ысқақов

ЕСЕП партиясының белді мүшесі Махмет Темірұлы партия 1941 жылы құрылды дейді. Негізін қалаушы Бүркіт Ысқақов, Махмет Темірұлы орынбасары және Дәкен Шалабеков, Аманжол Дүйсенбаев, Әшім Сүлейменов, Жанайдар Әубәкіров, Елеш Бимағанбетов секілді белсенділермен толықты. Бұл студенттер өздерінің идеяларымен ауылдас жолдастарымен бөлісіп, қатарларын көбейте бастайды, олар Рақыш Бұйрабеков, Қажыкен Тінтаев, Орынбай Сауқанов, Сайдалы Кенжебаев т.б. Құптаушылардың арасында сол кездегі жалғыз қазақ мектебі Жамбыл атындағы білім ордасының оқушылары да болды. Студент ағалары мектепке барып Алаш ақындарының өлеңдерін кезекпен- кезек оқып жас буынды қазақ интеллегенциясының шығармаларымен сусындататын. Мақсат біреу ғана өскелең ұрпақтың санасына ұлттық бояумен жазылған еңбектерді оқи отырып, отаншылдыққа баулу, Алаш зиялыларының ел үшін істеген ерен еңбектерімен таныстырып оларды үлгі ету. Сол арқылы тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылу.

Қазақ жастарының санасына осы айтылғандарды сіңдіруге, біріншіден, әкімшіл-әміршіл жүйе кедергі жасаса, екіншіден империалистік мемлекеттердің әлемді басқару саясатынан тұтанған екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы ЕСЕП-тің кең таралуына мүмкіндік бермеді.

Соғыстың бітіуіне қарсы яғни, 1944-1951 жылдары партияның екінші даму кезеңі ұлттық тәуелсіздік үшін жүргізілген жұмыстары нәтижесіз болмады. Оның дәлелі, әділетсіз қоғамға қарсылық кейінгі буыннан қолдау тапқанын: «1944 жылдың тамыз-қазан айларында өмірге әлі келмеген ЕСЕП-тің белсенділері ретінде «Советтік Қарағанды» газетінің қызметкері мен тілшісі Бейсембай Жақсылықов, Жаппар Өмірбеков облыстық драма театрының қызметкері Зейнолла Әбілдин, Жамбыл Рүстемов» Қарағанды ішкі істер (НКВД), мемлекеттік қауіпсіздік (КГБ) басқармалары тарапынан тұтқындалады», -деп көрсетілген. Ж.Өмірбеков тағдырына қатысты жеке қордағы Қазақ КСР Орталық Атқару Халық Комиссариаты Қарағанды облысы, Тельман ауданының халық бөлімінің, Токаревка ауылында 25.09.1944 жылы, № 404 анықтамасы құжатында: «Өмірбеков Ж. 15.08.1942 – 28.03.1943 жылдар аралығында Ақтөбе орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, 28.03.1943 жылдан Елтай орта мектебінің директоры, 20.08.1944 жылы жұмысынан басқа жұмысқа ауысуына байланысты босатылды», - деп нақтылайды. Анықтамада айтылған жағдайдың кету себебі, жасөспірім емес жиырма төрт жасқа аяқ басып, ақыл тоқтатқан жас жігіт директорлық қызметінен өзінің көп ұзамай істеп жүрген істерінің әшкереленетінін біліп өз еркімен қызметінен кетуі де мүмкін. Осылай қорытынды жасауымызға, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан уақытта, мамандардың тапшылығы айқын сезіліп тұрған кезде директорлық қызметтен босату сол мезгілде мүмкін емес болатын.

Қазақ КСР Жоғары Соты 24 желтоқсан 1956 жылғы шығыс нөмері – 22 анықтамасы құжатында: «Омирбеков Жаппар Ералиевич 04.06.1945 жылы ұлттық Ішкі істер комитетінің қарамағындағы Ерекше мәслихаттың (Особое совещание) Қаулысымен сотталған». ҚазКСР Жоғары Соты Қылмысты істер жөніндегі Коллегиясының 20 желтоқсан 1956 жылы әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан, қозғалған іс қысқарады», - деп қорытындыланған. 14.04.1993 және 30.11.2000 жылғы толықтырулармен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша Жаппар Өмірбекұлының құқы қалпына келтірілді. Қалған бірге ұсталған азаматтардың тағдыр тәлкегін: Ерекше мәслихаттың Қаулысымен Б.Жақсылықов, З.Әбілдин РСФСР Қылмыстық кодексі 58-ші бабының 10 және 11-і тармақтарына сәйкес жазаланған.

Осылай тоталитарлық жүйе құрсауынан ұлттық көзқараспен шыққысы келген ойлы азаматтарды шетінен отап отырды. 1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газетінде Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, А.Якуниндердің «Қазақстан тарихы мәселелерін марксистік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деген мақаласының жариялануы кезекті қуғын-сүргіннің басталуына себеп болды. «ЕСЕП» партиясының мүшелері Алматыда жүрген кездерінде де бастаған істерін тастамай жалғастыруда болады. Аса сақтықпен жастардағы ұлттық рухты дамытуы жайлы: « ... Ысқақов пен Теміров Ұлы Отан соғысы біткеннен кейін заңға қарсы қарым-қатынастарын қалпына келтіріп, 1950 жылы Алматы педагогикалық институтының студенттері Қалиев, Азанбаев және Аманқұловтарды өз топтарына тартқан», - деп түйінделген. Ұлтжанды азамат Бүркіт Ысқақов өзінің «ЕСЕП» партиясы мүшелерімен ақылдаса келе, Е.Бекмахановты қолдап, Кенесары қозғалысын отаршылдыққа қарсы бағытталған күрес екенін дәлелдеп жауап хатты «Правда» газетінің өзіне жазуға келіседі. Сол кездегі үш адамның бірі МКҚ-нің астыртын жансыз адамдары болатын. Сондықтан Бүркіт Ысқақов 1951 жылдың 18 қаңтарында «Лениншіл жас» (Жас Алаш) газетінің жауапты хатшысы қызметінде, жұмыста отырған жерінен қауіпсіздік қызметінің адамдары тұтқындайды. Бостандықта қалған ЕСЕП партиясы мүшелерін Махмет Теміров, Айтбай Нарешов, Рамазан Нарешов, Жакен Қалиев, Мұстахим Азанбаев, Адырбек Аманқұловтарды бірінен кейін бірін ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері тұтқындайды. Тергеу алты айға созылып, Қазақ КСР Жоғары Сотының Қылмысты істер жөніндегі Коллегиясының 1951 жылғы 14-15 маусымдағы үкімі бойынша РСФСР Қылмысты істер кодексінің 58-10, 58-11 баптарының 2-тармағымен айыпталып, Бүркіт Ысқақов, Махмет Теміров, Айтбай Нарешов 25 жыл бас бостандығынан айыруға кесіліп, оған қосымша 5 жылға азаматтық құқығынан айырылады. Рамазан Нарешов, Жакен Қалиев, Мұстахим Азанбаев 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға кесіліп, оған қосымша 4 жыл азаматтық құқығынан айырылады. Адырбек Аманқұлов 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға кесіліп, оған қосымша 3 жылға азаматтық құқығынан айырылады. М. Теміров пен А.Нарешовты Сиблагқа, Иркутск облысына айдауға жіберсе, қалған бесеуін Б.Ысқақов, Р.Нарешов, Ж.Қалиев, М.Азанбаев, А.Аманқұловтарды 1948 жылы Жезқазған өңірінде, басқармасы Кеңгір елді мекенінде құрылған «Степлаг» лагерінде тұтқында өмірлері өтті. Осы жылдары Үкіметке қарсы үгіт жүргізгендер, Отанына опасыздық жасағандар деп аталатын 58 баптың 10-11 тармағы бойынша немесе «үштіктің» бұйрығымен азапталған тұлғаларымыз қанша еді. 1956 жылдың атақты, аты шулы ХХ съезд жеке басқа табынуды әшкерелеуі, Коммунистік партияның саясатына оң өзгерістер енгізді, ұлт зиялыларына оң әсерін тигізді. КСРО Жоғарғы Соты Қылмысты істер жөніндегі Коллегиясының 1956 жылғы 17 қарашадағы Қаулысы бойынша Бүркіт Ысқақов бастаған «ЕСЕП» партиясының мүшелері толық ақталып, партиялықтары қалпына келтірілді. 14.04.1993 жылғы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы», Қазақстан Республикасының Заңы бойынша «ЕСЕП» партиясы мүшелері құқықтары қалпына келтірілді. Партияның шарықтау кезеңі деп 1960-1964 жылдардың айтуға болады, себебі партия идеясы қайта жанданып, жоғары оқу орындарында кеңестік үкіметке қарсы үндеулер мен ұран-парақшалар шыға бастады. Осы жылдардағы қарсылық туралы, архивті сөйлетсек №12 іс айыптау қорытындысының деректерінде, ұйымдастырушылары Зейнолла Игіліков пен Кәмел Жүнісов. Олар 1961 жылдың қаңтарында кездесіп, өздерінің антикеңестік ойларымен бөліседі, олардың ішінде жүргізіліп отырған саясатты, орыс коммунистерінің бел алуы, қазақ тілі мен мәдениетінің жоғалуы және т.б. 1961 жылдың наурызында өздерінің ойларын жазбаша түрде жоғары оқу орындарындағы жастарға жеткізуді көздеген.

1961 жылдың сәуір айының екінші жартысында Игіліков жазып, Жүнісов құптап, «Жас қазақ» атымен редакцияланған. 1961 жылдың 22 сәуірінде Шет аудандық тұтынушылар одағында хатшы Рымкеш Нұртазинамен жақындықтарын пайдалану арқылы 14 данамен жазу машинкасында жоғарыдағы құжатты көбейткен. 1 мамырда 10 парақты Ақшатау кентіндегі поштамен Қазақстанның түрлі ЖОО жіберген. Өздері тұратын Ақсу-Аюлыны біліп қоймасын деп, із адастыру жасаған. Бұл хаттармен Орал және Қызылорданың мұғалімдік институттарында, Алматының шаруашылық және Киров атындағы Қазақ ұлттық институттарында студенттердің көп бөлігі танысқан.

Бірақ көп уақыт өтпей 1962 жылы 10 желтоқсанда Зейнолла Игіліковті, ал 1962 жылдың 17 желтоқсанында Кәміл Жүнісовті тұтқындайды. № 12 қылмыстық істің айыпталушылары З.Игіліков пен К.Жүнісов Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 56-бабының 1-тармағы мен 58-бабы бойынша тағылған айыпқа байланысты өздерінің кінәләрін толық мойындады. Айыптау қорытындысы Қарағанды қаласында 1963 жылы 8 наурызда дайындалды. Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облыстық басқармасындағы тергеу бөлімінің аға тергеушісі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Қарағанды облыстық басқармасының бастығымен келісілген».

ЕСЕП партиясының шарықтау кезеңіндегі хаттарды жоғары оқу орындарына таратуынан барлық қазақ елін қамтуға тырысқанын көреміз. Қазақ КСР-і мен өз Ата заңы бола тұра, ұйықтап жатырған қазақ елін ояту мақсатын сеземіз. Осы іске байланысты 1963 жылы 18-19 наурызда ашық түрде Қазақ КСР атымен, Қарағанды облыстық соты үкім шығарып, бұйырады: «К.Жүнісов және З.Игіліков Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 56-бабының 1-тармағы мен 58-і бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Еңбекпен түзеу лагерінде күшейтілген тәртіпте З.Игіліков, жалпы тәртіпте К.Жүнісов болуы тиіс», - деп бекітіледі. Сөйтіп, Потьма еңбекпен түзеу лагерінде жазаларын өткереді. Зейнолла Игіліков Потьма еңбекпен түзеу лагерінің № 11 лагерлік бөлімшесінен 1965 жылы 10 желтоқсанда босатылады. ҚР Бас Прокуратурасы 07.05. 1993 жылғы № 13/396-93 бұйрығымен Жезқазған облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы совхозының тұрғыны З.Игіліковтың құқы қалпына келтіріледі. К.Жүнісов тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қудалаудан құтылып, құқы қалпына келтіріледі.

З.Игіліков пен К.Жүнісов «Жас қазақ» атымен редакцияланған хаттарының әсері Қарағандыдағы ЖОО-ның студенттерінен қолдау тапты. Оған мысал ретінде, Қарағанды педагогика институты, тарих-филология факультеті, физика-математика факультеті мен нақты ғылымдар факультеттерінің комсомол активтерімен 1964 жылы 8 мамырда өткен жабық комсомол жиналысында қаралған күннің мәселесі студент-комсомолдар М.Омарбеков, К.Сауғабаев, С.Әбдікәрімов, А.Спаиндардың жеке істері қаралады. Істі қарау барысында Кәрім Сауғабаевқа: «Жүнісовтің соты болған кезде сіз неге өзгелерден ерекше «тоқтат енді» деп айғайға бастыңыз. Бұл жағдайды сотпен келіспеушілігіңізді қалай түсіндіресіз?», - деген сұрақтар қойылған. Аманжол Спаинға сөз кезегі берілгенде 1961 жылы 1 курста оқып жүрген кезде Ақбастаудан хат келгенін айтады. Осы екі мысалды талдағанда ЕСЕП партиясының жастарға жүргізген үгіт-насихатының жемісі және ЖОО оқып жүрген жастардың санасына ұлттық рухты себуі нәтижелі болғанын көреміз. 1964 жылы істің шешімі негізінде Елін сүйген ерлер партиясының идеясын жандандырған, «Жас қазақ» ұйымын құрған деген айып тағылып М.Омарбеков пен К.Сауғабаевты БЛКЖ Одағынан (ВЛКСМ) және оқудан шығарылды. С.Әбдікәрімов пен А.Спаинға қатаң түрдегі ескерту берілді.

ЕСЕП-тің төртінші тарихи сабақтастық кезеңі – ол Тәуелсіздікке қол жеткізу. Партияның негізін қалаушылар мен құрамында болған азаматтардың барлығының фотосуреттері мен құжаттары Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы Қазақ зиялыларының тағдыры» экспозициясында қойылған. Осы жерде ойды Махмет Темірұлының сөзімен сабақтастырсақ: «Бірақ еркіндік, дербестік жолындағы ұлы қозғалыс қазақ халқының, хандары мен билерінің, батырлары мен бағландарының ел қорғаған жорықтары мен шайқастарынан, ұлт-азаттық күрестерден, Алаш идеясынан, содан туындаған «ЕСЕП», Мәскеудегі «Жас тұлпар», Керекудегі «Жас ұлан», Хасен Қожа-Ахмет құрмақ болған «Жас қазақ» секілді ұйымдардан, Желтоқсан көтерілісінен тұрмай ма?».

Яғни, «ЕСЕП» партиясы Алаш ізін тікелей жалғастырушы, Алаш қайраткерлері салып кеткен дара жолдан таймай, ел ертеңі мен болашақ үшін өз қолтаңбаларын қалдырды. Сол кезде тәуелсіздігімізді алып бермесе де, есімдері қауіпсіздік қызметінен өзге еш жерде тіркелмесе де, қайсарлықтарымен ел жүрегінен орын алды.

Жағдайларды саралай келе, тәуелсіз елімізде өзекті «Алаштану» мәселесінің шешу жолын қарастырғанда біржақты көзқараспен шындыққа жете алмайтының, объективті бағасын бере алмайтының және оның түйінін тарқата алмайтыныңды түсінесің.

Кеңестік кезеңнің ұлт тарихында алар орнын Х.Әбжанов: «Большевиктік идея толқынында кеңестік негіздегі қазақ мемлекеті дүниеге келді, аумақтық тұтастыққа қол жеткіздік, республиканың экономикалық, әлеуметтік, мәдени келбеті шырайланды, халықтың интеллектуалдық әлеуеті жаңаша қалыптасты. Ең бастысы – тәуелсіздіктің алғышарттары ХХ ғасыр басында емес, ХХ аяғында, яғни социализм қойнауында, пісіп-жетілді. Демек, кеңестік дәуірді жөн-жосықсыз қаралай берудің реті жоқ, сынның шыны болғаны жөн», - деп өзінің ойын түйіндеген.

Социализм кемелденге шыңына жетеміз деген коммунистік партия мен жеке басқа табынушылықты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Өтіп бара жатырған ғасырдың тоталитарлық жүйелеріндей жаппай бақылаудың жегіқұрт жүйесін өткен заманның ешқандай перғауыны да, қатыгез әміршісі де жасай алмаған болар», - деп тарих тағылымына бойлата ойлатады.

Иә, тоталитарлық жүйе тұсында ұлттық сана, дін мен діл әлеуметтік құрылым, әлеуметтік түзілім, адамзат қауымдастығының мораль мен этникалық құндылықтары аяусыз ойрандалды. Қазақ халқының сан ғасырлық үзілмей ұрпақтар сабақтастығы арқылы жеткен дәстүрлі билігі, рухани мәдениеті, халық ауыз әдебиеті үлгілері, жазба әдебиеті мен шығыс ғұламалары еңбектері және т.б. феодалдық мешеулік, еуропацентристік көзқарас тұрғысынан сипатталып біржақты баға беріліп, мәдениеті болмаған «жабайыларға» өркениеттің жетістіктерін әкелеміз деген желеумен ұрандатты.

Алаштану – бұл өзіңді тану, тұтас қазақты тану, соның негізінде тарихтан тағылым алып, елі мен жерін қорғаған батыр бабалардан тәлім алу. Алаш ұранды азаматтардың ерлік істері мен елдік қасиеттерін бойға сіңіріп, тәуелсіз Қазақ елін көркейтіп, қарыштап дамуына өз үлесін қосу. Алаштану мәселесі тәуелсіздігіміздің тарихы болғандықтан, әр азамат өзінен бастап қолдан келген үлесін тигізген жөн.

Демек, Алаш бағытындағы ғылыми ізденістерді заман талабына сай жаңғырту, оны санаға сіңдіру бүгінгі «рухани жаңғыруды» қолға алып жатқан тұста мемлекетіміздің негізгі міндеті болуы керек.

Алаш идеясына қатысты басты әдеби-тарихи құнды еңбектердің бастауы ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Кеңес Нұрпейісовтың 1995 жылы шыққан «Алаш һәм Алашорда» кітабы және тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің 1995 жылы жарық көрген «Алаш қозғалысы» еңбектерінен көрініс табады.

Рухани жаңғыруды жүзеге асырудың бір жолы осы Алаш ардақтылары қалдырып кеткен, құнды дүниені қайта тірілту. Алаш мұраларын қазіргі заман талабына сай, қазіргі оқырман, тыңдаушы, өскелең талабы мен сұранасына қарай тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін етіп түсіндіріп, оны әрбір қазақстандыққа сезіндіру біздің мақсат және ол біздің қолда.

Осыған қоса «Алаш» тақырыбы мен қайраткерлеріне арналған көркемфильм түсірілсе деген асқақ арман бар. Жаһандану заманында ғаламторға сүйенген жастарымыз өсіп келе жатыр, сондықтанда ғаламтордағы ұлттық идеяны насихаттайтын ұлттық құнды дүниелер бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таратылса. Алаш ұраны- арыстар идеясы оны одан әрі жалғастырып, ұлттық рухпен толықтыруымыз қажет және керек.

Ұлттық идея хақында, Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ұлттық идея идеология жәдігөйлерінің ашқан жаңалығы емес, миллиондаған адамдардың өздерінің ұлттық мінденттерін түсінуінің жемісі болып табылады», - дейді. Ұлт алдындағы міндетімізді берік ұстап, жоғарыдағы Алаш арыстарының ұлт үшін жасаған ұлы істерін жалғастырып, Мәңгілік Ел болу жолында қадамымызды нық басайық.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Қазақ-жоңғар шайқасы туралы тарихи драмалық көркемфильмдердің қайсысы көңілінізден шықты?