Жарияланымдар

Торыайғыр көлі немесе Сәкен Сейфуллин құрметіне қойылған жартас

06 Қазан 2017
943
0
Торыайғыр көлі немесе Сәкен Сейфуллин құрметіне қойылған жартас
Торыайғыр ауылы, Торыайғыр көлі, Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы немесе Сұлтанмахмұт пен Сәкенді не байланыстарады?!

Сонымен 22 қыркүйек күнгі сапарымыздың бір бөлігі Торыайғыр атауымен байланысты болды.

Торыайғыр ауылына кіре берісте тау етегіндегі бұлақ басына тоқтадық. Бұл бұлақтың суы қысты күні де ағып жатады және қатпайды екен. Кезінде іскер азаматтар бұлақтың суын бөтелкеге құйып Екібастұз қаласына апарып сатқан деседі, кейіннен бұлақтың суы Торыайғыр көліне аз жететін болғандықтан бұлақ басынан көлге дейінгі аралықтағы сирек кездесетін қандығаш орманы сирей бастаған ғой, өйткені қандыағаштың өсуі таза суға, яғни бұлақ суына байланысты екен, көлдің өзі де саязданған екен. Ал дәл осындай қандығаш орманы тек біздің Қазақстан мен Канадада ғана бар екен, яғни релиікті орман.
Ал, енді орман іші тіпті өзгеше, әдеттегідей ормандай емес, жан-жасыл (қанша дегенмен қоңыр күз ғой), бір ерекше аурасы бар. Кейбір кісілер жапырақтарын жинап жатты, емдік қасиеттері бар деседі. 

 Баянауылға ақпараттық турға қатысушылардың бір тобы

Бұлақтан шөлімізді қандырған соң Баянауыл қорығының қызметері Алтынбек ағамыздың бастап жүруімен Торыайғыр көліне жаяу тарттық. 
Жалпы, бізге белгісі үш көл, олар - Сабындыкөл, Жасыбай және Торыайғыр көлдері. Сәті түсіп үш көлді де көрудің реті келді.
Қандыағаш орманынан Торыайғыр көліне дейінгі аралық қашық та емес, дәл жағасына жеткен кезде оң жағыңызда биік жартасты көресіз. Ол - Сәкентас деп аталады екен. Иә, Сәкен Сейфуллиннің құрметіне қойылған жартас екен. "Тар жол тайғақ кешу" заманында Сәкен Баянауылды паналаған екен. Расында ықпыл-жықпылы көп таудың арасынан кісіні табу оңай емес. 

Ал, Сәкен мен Сұлтанмахмұттың арасында қандай байланыс бар десек, дәл бұл көл жағасы Торыайғыровтың елі. Айтқандай көл ортасында әсем екі арал да бар екен, жаңылмасам Жартас аралы деп аталады.

Торыайғыр көліне Баянауыл мемлекеттік қорығы қызметкерлері тұқы балығының тұқымын жібергендерін жеткізді, өйткені көлдің түбіндегі әртүрлі балдыр сияқты өсімдіктер балықтардың сүйікті қорегі деседі.
Бір жағынан көлдің түбін сораптар қойып тазартатын болса оған қосымша қаражат кетеді, ал бұл жерде табиғи жолмен тазарту тәсілі қолданылып отыр.
Айтқандай Алтынбек ағамыздың айтуынша қазір Баянауыл тауларында қасқыр азайып, сілеусіз көбейген. Бұл бір жағынан табиғи тепе-теңдікті бұзады. Себебі қасқыр табиғи санитар ғой.

Торайғыр көлі

Торыайғыр демекті "Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам, қараңғылықтың көгінде, күн болмағанда кім болам?" деп аз ғана ғұмыр кешсе де өмірінде өшпес ізін қалдырған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бабасы Торыайғыр Едігеұлы заманындағы белгілі би және шешен болған тұлға.

Сөйтіп, табиғат аясында біраз серуен құрған соң ауылдағы туризм саласында жұмыс істейтін апайымыздың үйіне келіп кешкі асымызды іштік. Бизнес пен туризмнің нақты мысалы осында екен, этноауыл типіндегі шағын қонақ үйге қонақтар тоқтайды және нағыз қазақ тұрмысымен танысады. Әрі қосымша объект салудың да қажеті жоқ. Ауылдың күйі жақсы көрінді, балаларға арналған ойын алаңы да жабдықталыпты, жолдары да жөнделіп жатыр. Өңірдің туризмді дамытуға шындап деп қойғаны білініп тұр.

Сәкентас тауы

Айтқандай Торыайғыр ауылының кезінде сыртқа кеткен тұрғындары, әсіресе мектепті ерте бітірген сыныптастар "Туған жерге тағзым" атты бағдарлама аясында көп іс тындырып отыр екен. Мәселен, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың музейін күрделі жөндеуден өткізіп жатыр, сол сияқты мектепке не жалпы ауылға өздерінің көмектерін аяп жатқан жоқ. Әсілі, бұл дұрыс бетбұрыс, тек бәрі өз еркімен, халықтың туған жерге іңкәрлігімен жүруі тиіс деп ойлаймын.

Осындай жақсы көңіл күйде Екібастұз қайдасың деп жолға шықтық!

Фото авторлары Ажар Бахит және Тойгүл Жубанисова және Интернеттен алынды!

Амандық Әмірхамзин

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Тәуелсіз Қазақстанның тарихына қызығушылық танытасыз ба?