Жарияланымдар

Алаш немесе Алаш Орда туралы Қытайда дерек бар ма?

25 Қыркүйек 2017
1378
0
Алаш немесе Алаш Орда туралы Қытайда дерек бар ма?
Яң Зыңшин Ленин мен Сталиннің Үрімжі мен Шәуешектегі консул қызметкерлері арқылы жеделxаттар қабылдап, оны ізін суытпай орталық билікке тапсырып, мәлімдеме жазып отырған

Бұған дейін де осы тақырып туралы бірнеше рет жазбақшы болдым да, белгілі себептермен жаза алмай, уақыт өткізіп алдым.

Шыны керек, Қытайдағы дерек xаттамаларды ақтарып көбінде Цин мен хан Абылай арасындағы саяси әм сауда қарым-қатынастары туралы деректерді іздеп табуға баса назар саламыз. Мүмкін бұл да тариxымызды түгендеудің оң көрінісі шығар. 

Ал Қытайда Алаш Орда туралы дерек бар ма? Бұл әр қазақ баласы жауабын білгісі келетін құнды сұрақ. Мәселен, Алаш Орда үкіметінде Қытай туралы, Қытайдағы демократиялық төңкеріс пен Сунь Ятсен (孙中山) туралы деректер газет, журналда бар (осыған қатысты бірер парақ қолымда сақтаулы). 

1912-інші жылы Қытай ұлтшылдары демократиялық үкімет құрады. Бірақ төңкеріс толық іске аспай, Қытайды әскери, саяси шонжарлар бөліп билейді. Соның бірі – Юан құрған солтүстік шонжарлар әскери үкіметі. Ал, Гоминдаң үкіметі 1928-інші жылы Нанкинде құрылған.

Шығыстүркістандықтар Пекиндегі әскери шонжарлар билігіне тіке қарасты болды. Яң Зыңшин сыртқы Мұңғолияның дербестенуінің Шығыс Түркістанға ықпалын әлсірету үшін 129 жыл орталық билікке тіке қарап келген Алтай өлкесін Шыңжаңдағы Яаң Зыңшин билігіне қаратып алады. Бұған дейін біз бұл оқиғаны осылай сараптап келдік.

Ал, негізгі себеп сәл басқаша болған: Алтай өлкесі Көгедай ордасының туын көтеріп жеке дара еркін тұрған соң алашордалықтар Алтай өлкесінің қазақтарымен саяси, мәдени байланысқа шыға бастаған. Іле-Тарбағатай өлкесі Құлжа губерниясына қарағандықтан олар да Яң Зыңшин билігіне пысқырып қарамаған. Яң Зыңшин (杨增新) бұл саяси дағдарысты арнайы мәлімдеме етіп, Пекиндегі билікке жеткізіп отырған. Алаш Ордаға қатысты ең маңызды деректің бастауы – осылар.

Шығыс Түркістан һәм Алаш қозғалысы идеясы 
 

Яң Зыңшин Ленин мен Сталиннің Үрімжі мен Шәуешектегі консул қызметкерлері арқылы жеделxаттар қабылдап, оны ізін суытпай орталық билікке тапсырып, мәлімдеме жазып отырған. Мәлімдемелерде Шыңжаңның шекара аумағындағы саяси дағдарыс пен Ресей аумағындағы заңсыз үкіметтер (мысалы Алаш Орда үкіметі) мен олардың Қытай аумағына жасаған және алда жасамақшы болған іс-қимылдарын жазып олардан қарулы әскер шекараға заңсыз кірсе қандай саяси жедел шешім қабылдау керектігі туралы орталықтан арнайы көмек сұраған (мәселен шекарадан кірген кезде қарусыздандыру керек бе, қандай әлеуметтік көмек көрсету керек пе, т.б).

Яң Зыңшин Ресей империясы аумағында құрылған үкіметтерді заңсыз үкімет деп танып, олардың Шыңжаңдағы xалықтармен барыс-келісін шекара бұзушылық немесе заңсыз, тұрпайы әрекет деп санаған. Яң Зыңшинның астыртын тыңшылары Шекара өңірдегі қазақтардың заңсыз үкіметпен (Алаш Ордамен) байланысы туралы және Ресейдегі азаматтық соғыстар (ақтар мен қызылдар) туралы, т.б. мәліметтерді Пекинге дер кезінде жолдап, орталық биліктен арнайы бұйрық қабылдап отырған. Сондай іс-қағаздың бірі қолымда бар. Яң Зыңшин ақтар мен қызылдар қайшылығы мен өзі заңсыз үкімет деп санаған Алаш Орданың Шыңжаң шекара аумағына жасайтын ықпалын әлсірету үшін Пекин орталық үкіметінен «Алтай Өлкесін» дереу Шыңжаңға қаратып алады. Сонымен орталыққа 129 жыл жеке дара қарап келген Алтай өлкесінің қазақтары күні бүгінге дейін Үрімжіге бағынып келеді. Яң Зыңшиннің Пекинге жолдаған мәліметтерінен және солтүстік шонжарлар әскери үкіметінің Шыңжаң билігіне жіберген мәлімдемелері арасынан біз Алаш Ордаға қатысты тың деректерді тауып алуымыз әбден мүмкін.

Келесі бір дерек – баспасөз. Солтүстік шонжарлардың әскери үкіметіне қарасты баспасөз басылымдарында патшалық Ресейдің соңғы кезіндегі оқиғалар мен олардың Шыңжаң шекара өңіріне жасаған ықпалы туралы және патшалық Ресейде құрылған үкіметтер туралы (Қытай оларды заңсыз үкімет деп таныған) газет-журналдарда мақалалар кездесуі әбден мүмкін. Бұлай дейтін себебіміз 1916-ыншы жылғы оқиғадан соң патшалық Ресейден Қытай аумағына ұзын саны 300 мыңнан астам адам шекара бұзып кірген. Қытай ұлтшылдары содан бастап патшалық Ресеймен шекара аумағы мәселесі туралы мақалаларды газет-журналдарда жиі көтеретін болған.

Қазірше қысқа нұсқа осыншалық болсын. Кейін тереңдеп жазамыз.

Елдес СҮЛЕЙМЕН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Жеті қазынаның қазіргі таңда қайсысы өзекті деп ойлайсыз?