Жарияланымдар

Отарлаушылар патша шенеунігі Шоқанға да сенбеген

22 Қыркүйек 2017
1172
0
Отарлаушылар патша шенеунігі Шоқанға да сенбеген
Елағалары жайлы шенеуніктер ақпар жинап, бұлардың жақсы және осал тұстарын зерттеп, қажет болса кім-кіммен араз, кіммен-кім дос – бәрін есепке алып, қажет жағдайда орыс мүддесіне пайдалануды көздеген

Хандық биліктің жойылуымен қатар ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың дәстүрлі басқару тәсілі ыдырап, билер мен ақсақалдардың рөлі жоғалды да, айтқанға көнетін мәнсапқұмар, сатқын адамдардың қолына билік беру көзделді. Оған дейін (жарғы қабылданғанға дейін) патша тыңшылары арқылы ел арасында беделі бар, бірақ орыс патшасының оңтайына бағынатын дәулетті адамдардың тізімін жасап, отарлау ісіне пайдалану жағы қарастырылды.

Абай дана өзінің қарасөзінде: «Әуелі ол заманда елбасы, топбасы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол елбасы мен топбасылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен...» (39-ші қарасөзі) десе, арнайы тапсырмамен қазақтардың өмір сүру салтын зерттеген орыс барлаушысы П.И. Рычков та көшпенділердің қоғамдық құрылысы жайлы: «Әр ру өздерінің ақсақалдары мен дәулетті адамдарын құрметтейді. Қайсыбір іске рубасылары мақұлдаған кезде ғана жұмылады...», – дейді (П.И. Рычков «История оренбургская»., Оренбург., 1887., стр.72).

Сол сияқты Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Бұрын қазақ бөтен жұртты шабамын деп жорыққа аттанса, хан сайланса жиылатын еді. Бұл екі себеп орыс патшалығы панасына кірген соң жоққа шықты. Бұрын жиналысқа келген ақсақалдар, билер елінің «мынаны қыл» деген сөзін ұстап келетін. Қазақтың әр жерінен, әр руынан келген ақсақалдар әрқайсысы өз жұртының «мынаны қыл» деген пісірген жарлығын алып келіп, ортаға салып, жұртының айтқанын, тапсырғанын тәмәм қазақ атынан жиналған көпке мақұлдатып аламын деп дауласушы еді», – дегенді айтады.

Отарлаушылар жоғарыда айтылған халық арасында беделді, өз қауымының сөзін ұстайтын, елбасы, топбасы адамдардан сақтану үшін оларды тізімге алуды мүмкіндік болса, отарлау ісіне тартуды көздеді.

Сөйтіп, 1842 жылы Сібір қазақтарының Шекаралық басқармасы округтік приказдарға қазақ арасына ықпалы зор адамдардың тізімін жасау жайлы бұйрық берген. Осында тізімге алынған адамдар туралы дерек кейінгі жылдары Ресейде жарық көрген «История Казахстана в руссских источниках. XVI-XX веков» атты 9 томдық еңбектің 8-ші томында «О почетнейших и влиятельнейших ордынцах» атты тақырыппен жарияланғаны жайлы зерттеуші Оразгүл Мұхатова жазады: 

«Бұл тізімге: Құнанбай қажы, Ғұбайдолла Уәлиханұлы, Тәттімбет Қазанғапов, Мұхамедғали Тәукеұлы, Наурызбай Қазыбайұлы бастатқан қазақтың маңдайалды адамдары кірген» (Мұхатова О. Патшалық Ресейдің отарлау саясатының әлеументтік-экономикалық салдыры. – Алматы; Қазақ университеті, 2014. 30-б).

Жоғарыдағы құрметтілер тізім не үшін жасалды дегенге тоқталсақ: патша билігі қазақтарға ешқашан сенбеген. Сондықтан, ел басқарар адамдар жайлы ақпар жинап, бұлардың жақсы және осал тұстарын зерттеп, қажет болса кім-кіммен араз, кіммен-кім дос, осының бәрін есепке алып, қажет жағдайда орыс мүддесіне пайдаланудың жолдары ойластырылып қойған. Тіпті, отарлаушылар патша шенеунігі Шоқанға да сенбеген.

Шоқанның бірге оқыған досы Г.Н. Потанин естелігінде: «Шоқан оқуды бізден бір жыл бұрын бітірді. Себебі, оны бұратана халық өкілі ретінде соңғы курсқа жіберуге болмайды деген шешім болды. Өйткені, соңғы курста таза әскери пәндер: тактика, артиллерия, қорғаныс тәсілі оқытылатын еді», – дейді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, зерттеуші

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Жеті қазынаның қазіргі таңда қайсысы өзекті деп ойлайсыз?