Жарияланымдар

Қазақтың қос батыры

21 Қыркүйек 2017
191
0
Қазақтың қос батыры
Отан өз батырларымен бай. Отанның қорғаушыларынсыз мемлекет жоқ. Батылдық, Отансүйгіштік, достық – нағыз батырдың қасиеттері. Батыр болып дүниеге келмейді, батыр болып қалыптасады

«Қазақтың қос батыры Қарасай мен Ағынтайдың ерліктері бізге тарихтан белгілі. Қайталанбас ержүректіктерімен танымал батырларымыз Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Мәдениет ауылының маңында жерленген.

Бұл батырлар XVII ғасырда Есім ханның ту астында жоғарыдағы жерлерді жаудан қорғаған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Есім ханның әскерін 18 жасар Қарасай бастаған, ал Арғын Ағынтай оның көмекшісі мен адал досы болған. Екі батыр қай шайқасқа болсын бірге аттанып, ел тыныштығы жолында тер мен қан төккен, деректерге сүйенсек 48 жылдың ішінде 200-ден астам басқыншыға қарсы күреске қатысқан делінеді. Екеуі де Құлшынбай төбінесіне жерленген.

Жоңғар шайқасының ең үлкендерінің бірі 1635 жылғы соғыста жау қолына түсіп қалған Жәңгір сұлтанды Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батырлар құтқарған. Араға жылдар салып 1643 жылы Батыр қонтайшы Жәңгір хан мен қос батырда кеткен еселерін қайтару мақсатында 50 мың қолымен қазақ даласына аяқ басады. Күтпеген жерден келген жауға қарсы қазақ жағынан небәрі 600 ғана әскер еді, бірақ сол 600-дың біреуінің өзі жүзге татитынтұғын. Міне, сол елді қорғау жаугершілікте ерен ерліктерімен көзге түскен батырлардың бірі де бірегейі осы Қарасай мен Ағынтай батырлар еді, олар өздерінің еуропалық әдіс-тәсілде соғысуымен ерекшеленді. Жоңғар жапқыншылығының басқа да соғыстарында қос батыр әрқашан отан қорғау жолында алда жүріп, өскелең жас батырларға үлгі бола білді. Ағынтай батыр Қарасаймен 1644 жылы соңғы рет деп айтуға болады, жоңғарлардың 2000-ға жуық әскеріне тойтарыс беріп, жеңісті қолдан бермеді. Аңыздарда Ағынтай батырдың алып күш иесі болғаны туралы жиі айтылады. Оның жұдырығы тиген жер сау қалмаған деседі. Содан да халық арасында жұдырығы қатты адамды «Ағынтай жұдырығы» деп кеткен.

Қарасай мен Ағынтай батырлардың жерленген жерлеріне қойылған ескерткіштер туралы сөз қылсақ, 1999 жылы 15 қазанда батырларға арналып мемориалдық ескерткіш орнатылды. Биік төбе үстіне екі әскери түріндегі құрылыстар орнатылған, соның арасында мешіт жайғасқан. Және батырлардың басты қарулары найза тұр. Күмбездің айналасында көне заман жауынгерлерінің бірнеше жерлену орындары бар.

Аталған кешен әсемделу жағынан көне түркі дәстүрінен хабар береді, қағандардың басқаруынан көрініс береді. Орталық есігі Меккеге бағытталған. Кірпіштен тұрғызылған қабырғамен қорғалған шеңберге кіру орны мен екі мұнарамен белгіленген және намаз оқу мен құрбан шалуға арналған кесенелер арасындағы алаңға апарады. Гранит тастан салынған іргетас үстіндегі алаң бұрыштарында батырлардың жауынгерлік айбынының белгісі ретінде қола қаптамасы бар металдан жасалған кескінде жауынгер найзалары  орнатылған. Шеңбер ортасында екі ұлы батырлардың кесенелері орын тепкен. Тағы бір айта кетерлігі, олар Солтүстік Қазақстанға тән эллипсоидтық кескіндемелермен жасалған. Олардың алдында конус тәрізді шағын жоқтау мешіті бар, ол символды және сәулеті жағынан кесенелерді біріктіреді.

Қарасай мен Ағынтай батырлардың құрметіне қойылған бұл мемориалдық кешен Солтүстік Қазақстан облысындағы басты тарихи-мәдени орындардың бірі болып есептеледі, туристерді көптеп қызығушылығын тудыратындығымен де ерекшеленеді. Жыл сайын аталған тарихи кешенге еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген туристер мен ниет етушілердің ағылып келетінін аңғаруға болады. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың өзі екі рет болған.

Қазақстан тарихы қалай бай әрі терең болса, оның тарихында орын алатын оқиғалар мен тұлғалар да жеткілікті. Біздің мақсат – ата-бабамыз ғасырлар бойы сақтап мұра етіп қалдырған жеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды осы тарих арқылы жаңғыртып жас ұрпаққа жеткізу, көрсету, үлгі ету. Осы ұйымдастырылған шараның да басты мақсатының бірі осы.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Жеті қазынаның қазіргі таңда қайсысы өзекті деп ойлайсыз?