Жарияланымдар

Бурабайдағы батыр мекені

19 Қыркүйек 2017
191
0
Бурабайдағы батыр мекені
Қазақстанда 140-тан астам үңгір бар. Семейде Еңлік-Кебектің, Жезқазғанда Кейкінің, Көкшетауда Кенесарының,осылай кете береді, үңгірлердің бәрі де тарихи оқиғалармен не тұлғалардың өмірімен байланысты

Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 20 жылдығына орай «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының мұрындық болуымен «Менің елім – Моя страна» мотокеруені еліміздің 25 тарихи мекеніне сапар шеккен. Сол тарихи керуеннің жолы Көкшедегі Кенесары үңгіріне түскен.

 

 

Көкшенің сұлулығына таң қалмаған жан кемде-кем шығар. Сұлу Көкше табиғатының әсемдігімен қатар тарихи мекендерімен ерекшеленеді. Сондай Бурабайдағы құпиялы мекеннің бірі – Кенесары үңгірі.

Үңгірдің батыр есімімен аталуының өзіндік тарихы бар, аңызға сенсек, Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары бала күнінен атқа мініп, аң аулап, насына көздегенді ұнатқан. Оның үстіне Бурабайдың ну орманы – нағыз аңшылық пен саятшылыққа таптырмайтын орын. Кенесары өз жасағымен саятшылыққа шығып, қанжығасы майланғанн кейін жанындағылармен бірге осы үңгірге қонған екен, содан «Кенесары үңгірі» атанып кеткен. Үңгірдің үлкендігі 8 қанатты киіз үймен тең екен. Төбесінен түтін шығатын саңылау бар, ал үңгір алдындағы кішігірім алаңнан маңайдың ғажайып табиғаты мен Әулиекөл көрінеді.

Кенесарының үңгірі туралы өлең жолдары да кездеседі. Мәселен, М. Жұмабаевтың мына өлең жолдарын алсақ:

«Сол түні сонау үңгір тау ішінде,

Қабағын қарс жазып Кене ойлайды.

Қиналған қазағына жол таппаққа,

Жүрегі тілім-тілім тіле ойлайды». Сонымен қатар С. Сейфуллиннің өлеңінен:

«Үйшік бар әлгі құзда үңгірлеген,

Ішіне кірсең үйдей күңгірлеген.

Аталған «Кенесары үңгірі» деп,

Көрсеңіз тәрізді іші дым кірмеген» деген өлең жолдарын мысалға келтіруге болады.

Одан бөлек батыр патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы күрес жүрген тұста, осы үңгірде жасағымен жасырынып, серіктестерімен соғыс барысының жоспарын сол жерде құрған делінеді. Батыр бастаған 1837-1847 жылғы патша отарлауына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің басталуы кезінде осы жерден бақылап отыратын стратегиялық орын болған секілді. Расында да үңгірдің қуыс-қолтықтарының көп болуы жаудан тасалануға қолайлы болған. Сөзімізге дәлел ретінде үңгір маңынан Кенесары ханның балтасы табылғанын айтуға болады, бүгінде ол облыстық музейде сақтаулы тұр.

Бурабай таулы өлке екені белгілі, солардың ішінде ең ерекшесі – Кенесары үңгірі. Аталған жер өзінің үлкендігімен де, аңыз-әңгімелерімен де айрықшаланады.

Дегенмен айта кететін жәйт та жоқ емес, ең ірі әрі көпшілікке таныс үңгірдің қазіргі жағдайы адам шошырлық күйде болып тұрғаны алаңдатады. Бұлай дейтін себебіміз: баба орын тепкен жер, батырдың мекені емес, қоқыстың мекеніне айналған. Айналаның барлығы қыдырып демалуға келген туристердің қалдырып кеткен қоқыстарына толы. Ал үңгірдің өзі шимайланған жазуға толып кеткен.

Енді осы киелі мекенді қолға алып, тарихы бай қасиетті жерлер арқылы туристерді тартсақ деген тілек бар, ол үшін алдымен жағдай жасап, туристер келетіндей қалыпқа келтіру керек. Сонда бір ояқ оқпен екі қоян атқан болар едік, бір жағынан бабамыздың мекенін қайта жаңғыртамыз, екінші жағынан көпшілік келетін киелі мекенге айналады.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Жеті қазынаның қазіргі таңда қайсысы өзекті деп ойлайсыз?