Жарияланымдар

Жайықтың бойында көне шіркеулер қалай салынды?

19 Қыркүйек 2017
837
0
Жайықтың бойында көне шіркеулер қалай салынды?
Қазақтың шұрайлы да, нулы, сулы өлкесі Жайықтың бойын казактар XVI ғасырдан бастап қоныстана бастады. Одан бұрын бұл жерде қазақтың көшпелі руларының қонысы болды

National Digital History порталы «Орал қаласының тарихи ғимараттары» деп аталатын арнайы жобасын жалғастырады. Бұл жолы оқырман назарына бүгінгі Орал, бұрынғы Жайық қалашығының тұрғын үйлерімен қатар салына бастаған көне шіркеу ғимараттары туралы баяндаймыз. Туристер мен шетелдік қонақтардың қызығушылығын оятқан ғаламат ғасыр жобаларына жататын көне шіркеу ғимараттары Орал қаласында XVIII-XX ғасырлар да салына бастады. Солардың ішінде архитектуралық ерекшелігі бөлек, тарихи сыры мол «Михаил Архангел шіркеуі» мен «Христа Спаситель шіркеуі».

 

Оралдағы көпестер үйі немесе Чикагодағы ЭКСПО

 

Қазақтың шұрайлы да, нулы, сулы өлкесі Жайықтың бойын казактар XVI ғасырдан бастап қоныстана бастады. Одан бұрын бұл жерде қазақтың көшпелі руларының қонысы болды. Алдымен шағын әскери елді мекен ретінде салына бастаған Жайықтың бойында XIX ғасырдың ортасына қарай ірі қала мәдениеті қалыптасты. Қаланың дамуы мен қалыптасуы шаһармен бірге пайда болған Жайық, Уральск казактарымен байланысты болды. Қазіргі кезде қаланың бұл бөлігі казактардың тұрғын үйлері-курень сөзінен шыққан атаумен «Курени» деп аталады. Олардың алғашқы діни шіркеулік ғимараттары да осы «Курени» ауданында салынды.

Жайық қалашығында алғаш салынған шіркеу – Кирсанов шіркеуі. 1613-1620 жылдары аралығында салынған. Кейін қазан, қасиетті Алексей, Мәскеу митрополиті, Преображенский шіркеулері және Архистратиг Михаил соборлары пайда болды. Сол уақыттарда Орал қаласында да ағаштан шіркеулер салына бастады. Бірақ олардың барлығы да XVIII ғасырда өрт кезінде жанып кетті. Орнына жаңадан сән-салтанаты жарасқан, архитектуралық ерекшелігі өрнектелген шіркеулер салынды.

Оларды казактар бұл жолы ағаштан емес, тастан қалап салды. Алғаш тастан салынған көне шіркеу – «Михаил Архангел шіркеуі». Одан кейін бір ғасырдан соң «Христа Спаситель шіркеуі» салынды.

«Михаил Архангель шіркеуі». Жоғарыда сөз еткен Орал қаласындағы тарихи бөлік, бұрынғы Курени ауданында орналасқан тарихи көне ғимараттардың бірі. Алғашқы кезінде шіркеудің орнында ескі ағаш үйлер мен казактардың алғашқы ағаш шіркеулері болған. Олар өрт салдарынан жанып кеткен. Осындай бір өрттен кейін казактар келесі шіркеу үйін тастан қалауға шешім шығарады. Шіркеудің құрылысы 1740 жылы басталды. Мәскеуден әкелінген шеберлердің басқаруымен Жайық казактары Мәскеу Кремліндегі Успен шіркеуінің сәулетіне ұқсатып, соборды қалады. Құрылысы 1751 жылы аяқталды. Соборды Мәскеуден келген шебер Псков-Новогородтық архитектура әдісімен салған және орал казактарының жебеушісі Михайл Архангель атымен аталды. Осы атауға сәйкес осы шіркеу орналасқан қаланың бас көшесі Үлкен Михайл көшесі деп аталған.

Шіркеу қабырғасында Орал қаласына тоқтаған біраз атақты адамдар болған. Солардың бірі – орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин. Ақынды қаланың осы бөлігі қатты қызықтырған, өйткені тарихи деректер мен құжаттарға қарағанда нақ осы арада Е. Пугачевтің көтерілісі болған. Әсіресе осы аймақта орналасқан Михаил Архангель соборы ұлы ақынды аса қызықтырған. Ұлы ақын экипажынан түсіп осы соборды үнсіз аралаған. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының 315-қор, 1-тізім, 12-іс, 60-бет дерегі бойынша 1773-1775 жылдардағы Е.И. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінде қамал қызметін атқарған. Собор өзінің тарихилығымен Оралда болған А.С. Пушкиннің, В.А. Жуковскийдің, В.Г. Короленконың, Л.Н. Толстойдың назарын аударған тарихи ғимарат екені туралы жазылған.

Собордың қасында қоңырау орналасқан 4 қабатты мұнара бар. Бұл мұнара 1861 жылы тұрғызылған. Қазіргі таңда «Ескі собор» атауын алған бұл ғимарат ХVІІІ-ХІХ ғасыр тарихынан қалған үнсіз мұра. 1930 жылдары діни сенімге қудалау болғанда бұл ғимарат қойма болған, кейін 1943 жылы Собор дін өкілдеріне қайтарылып, 1961 жылға дейін жұмыс жасады. 1961 жылы діни қудалау кезінде Собор қайтадан жабылып, ғимарат өлкетану мұражайы болды. Тек 1988 жылдан бері ғана ғимарат Шіркеу қызметіне ауысты. ХVІІІ ғасырдың архитектуралық ескерткіші болып саналатын бұл ғимарат мемлекеттің бақылауында.

Батыс-Қазақстан облысы, Достық-Дружба даңғылы, 63, «Курени» ауданы.

Христа Спаситель шіркеуі. Жайық қалашығында XIX ғасырдың аяқ кезінде салынған көне тарихи ғимарат. Алғашында әскери храм есебінде салынды. Христа Спаситель храмы 1891 жылы маусымда бастап салынды да, 1907 жылы бірақ аяқталды. Барабандары шатырмен жабылып, күмбезделіп жасалған. Күмбездің үстіне крест орнатылған. Құрылыс қабырғалары, барабандары ашық-қоңыр түсті қыш плиткалармен қапталған. Діни архитектуралық ескерткіш Жайық казактарының орыс мемлекеті қол астына өтуінің 300 жылдығына арналып, XV-XVIII ғасырдағы мәскеулік архитектура стилінде салынды. Храм қоғамдық қаржыға және құрбандық жинау арқылы салынды. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының қорындағы деректерде (315-қор, 1-тізім, 8-іс, 4-бет) храмға кеткен қаражат саны көрсетілген. Дерек құжаты бойынша Храм қоңырауына 10500 рубль, иконаға 14000 рубль жұмсалған. Сәулетшілер В. Чагин, Железнов және Тецтің жобасы бойынша салынған.

Бүгінде Оралдың туристер мен қала қонақтары, тұрғындары тамашалайтын ғасыр ғаламаты Жебеуші Христос шіркеуі діни архитектуралық ескерткіш. 1983 жылы жөндеуден өтіп, онда республикадағы алғашқы атеизм музейі және планетарий құрылды.

Батыс-Қазақстан облысы, Достық-Дружба даңғылы, 202.

Мақала Батыс Қазақстан облысының Мемлекеттік мұрағатымен бірлесе дайындалды.

Фото автордікі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Жеті қазынаның қазіргі таңда қайсысы өзекті деп ойлайсыз?