Жарияланымдар

Сайын даладағы Степногор

15 Қыркүйек 2017
128
0
Сайын даладағы Степногор
Степногорға жол жүргелі тұрғанда балам: «Қаныш Имантайұлы Сәтпаевқа неге Степногорда ескерткіш ашып жатыр, ол Павлодардың Баянауылында туды емес пе?» деп сұраған еді

Степногор тұрғындары 8 қыркүйекте Қала күнін тойлады. «NDH» порталы мерекенің қалай өткенін және қала басшылығының қалалықтарды қалай қуантқандарын білмек болып осы қалаға сапар шекті.

Әр қаланың өз тарихы, өз тағдыры бар. Ел Президенті патриотизмнің кіндің қаның тамған жерің, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатындығына тектен-тек назар аударған жоқ. Сондықтан да ол «Туған жер» жобасын ұсынды, бұл жобада өңір тарихын зерделеуге, жергілікті жерлердегі тарихи-мәдени ескерткіштерді қайтадан қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлінген. Дәл осы «Туған жер» жобасын жүзеге асыру аясында Степногорда ауқымды іс-шаралар өтті.

Уақыт өзені тоқтаусыз ағуда. Осыдан 53 жыл бұрын Степногор қаласының алғашқы кірпіші қаланған еді. Қала да адам баласы сияқты, туады, алғашқы қадамдарын жасайды. Өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші жылдарында қала өсіп-өркендеп, көз алдыңда өзгеріп отырды. Ол кезде аяғына енді тұра бастаған жас қала бүкіл Кеңес Одағының жастарын қызықтырып, өзіне тартатын. Дүбірлі 80-ші жылдары әке-шешелеріміз болашақ ұрпақ қамы үшін тыным таппай еңбек етті. Қиындыққа толы 90-шы жылдарды да бастан кешірді, бірақ бұл жылдар қаланы тек ширатып, мықтырақ ете түсті. Қазіргі ХХІ ғасырда да Степногор, лайықты өткенімен қоса қызықты болашағы бар қала болуға құқығының барын дәлелдеді.

Сонымен, Степногор, 8 қыркүйек, Қала күні. Мерекелік көңіл-күй таңертеңнен-ақ баурап алды. Көк ашық аспан, жайма шуақ күн, таңғы қоңыр салқын тамаша жұмыс боларын меңзеп тұрды.

Мерекелік іс-шаралар «RE-BIOMED ғылыми-тәжірибелік орталығы» ЖШС-нің GENOME брендімен инновациялық косметикалық өнімдердің жаңа өндірісін ашудан басталды. Қала экономикасына $1 млн аса инвестиция салынғанын, 15 жұмыс орны жасалғанын, орташа еңбек ақы 230 мың теңге құрайтынын, іс-шараны ашу кезінде Степногор қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев мақтанышпен атап өтті. Өнім тек жергілікті нарықта ғана емес, сонымен қатар Ресей Федерациясына экспортталатын болады.

Жәнібек Кенжебаев, «RE-BIOMED ғылыми-тәжірибелік орталығы» ЖШС басшысы, әдемі әрі жас болып қалу үшін не қажеттігін жақсы біледі. Бұл жерде бет терісі мен дене күтіміне арналған косметика шығарылады. Жоба қазақ және неміс ғалымдарының бірлескен күшімен Дүниежүзілік Банк, Ұлттық биотехнология орталығының қолдауымен іске қосылды. Бұдан басқа, Степногорск қаласының әкімі үлкен моральдық және әкімшілік қолдау көрсеткен. 

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Жәнібек жаңа өндірісті көрсетіп, сұрақтарға жауап берді.  

- Біздің косметикамыз нарық үшін бірегей өнім болып табылады. Жоғарыбелсенді табиғи экстрактар негізінде жасалғандықтан біздің өніміміз әйелдер қауымының жастық пен сұлулықты қалайша ұзағырақ сақтауға болады деген өзекті мәселелерін шешеді. Өндірісте ең үздік әлемдік ингредиенттер қолданылады. 

- Біздің әйелдеріміз сіздердің косметикаларыңыздың арқасында терілерінің жай-күйі үшін алаңдамауларына болады ма?

- Косметология – күрделі сала, және қателіктердің алдын алу үшін біз тәжірибелік зерттеулер, клиникалық сынақтар жүргіземіз. Косметикамыз ең жоғарғы әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Заманауи құрал-жабдықтар күніне 1000 бірлік өнім шығаруға мүмкіндік береді.

- Жәнібек, осы жобаны жүзеге асыру үшін сізге қанша уақыт қажет болды?

- Жобаны жүзеге асыру үшін, идеясынан бастап өндіріске шығарғанға дейін 5 жыл уақыт кетті. Бұл мен үшін өте маңызды болды. Өзім де жұмыс киімін киіп, құрал-жабдықтарды жинауға қатыстым.

- Өнімдеріңізді қалай сатып алуға болады?

- Өнім жақында дәріханалар желісінде пайда болады және интернет арқылы сатып алуға болады. 

- Өндірісте қазақстандық шикізатты пайдаланасыздар ма?

- Өкінішке орай, Қазақстанда косметологиялық өндіріске арналған ингредиенттер жоқ. Сондықтан барлық шикізатты, мысалы, BASF концерні сияқты әлемдік өндірушілерден сатып алуға тура келеді.

- Сіздің өндірістің алдағы келешегі қандай?

- Жобаның әсері мультипликативті. Біздің косметикамыз әйелдерге терілерінің сұлулығы мен саулығын сақтауға көмектесіп қана қоймай, біздің өндірісіміз экономикалық тұрғыдан Қазақстанның сұлулық индустриясын дамытудың жаңа кезеңі болмақ. Степногор болашақта Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияның да сұлулық индустриясының орталығына айналуы мүмкін.

- Неге Степногорды косметикалық өндірістің орталығы ретінде таңдап алдыңыздар?

- Степногоды кездейсоқ таңдаған жоқпыз, бұл қалада бізді ірі биотехнологиялық ғылыми база қызықтырды.  

- Өндірістің жобалық қуаты қандай?

- Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 3 млн құты мен косметиканың 20 млн ампуласын құрайды. Бастапқы кезеңде жылына 200 мың құты мен 1 млн 300 мың ампула шығаратын боламыз. Біздің өнімдеріміздің қатарында крем-гель, ұлу экстрактысы бар крем, жасқа қарсы крем, алманың бағаналық жасушасы экстрактісі бар сарысу, антиагме сарысуы, бетті макияждан тазартудың үш сатылы жүйесі, биомай, көбікше, тоник, көздің айналасына арналған крем және екі түрлі бибикремдер бар.

- Ақырғы тұтынушы үшін баға қаншалықты қолжетімді болмақ?

- Баға қолжетімді болады. Біздің сегменттегі кез-келген косметикалық өніммен лайықты бәсекелесе алуы үшін өнім құнын барынша азайту үшін біз барлық мүмкін болатын шараларды қолдандық.   

Әйелдеріміз бен Степногордың экономикасы үшін қуанып, біз жолымызды әрі қарай жалғастырдық. 

Вокзал алды алаңы ерекше салтанатты, халыққа толы болуы кездейсоқ емес-тін. Бұл жерде геолог ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтпаевқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтіп жатты.   

Іс-шараны ашу кезінде Степногор қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев Мемлекет Басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын жүзеге асыру аясында қазақстандық көрнекті ғалым Қаныш Сәтпаевқа ескерткіш ашылып отырғанын атап өтті.

- Қаныш Имантайұлы саңлақ ғалымдар тобына кіреді, ол геологияның дамуына орасан зор үлес қосты. Оның зерттеулері Қазақстанның бай табиғи ресурстарын ашуға алып келді. Соның арқасында Степногорда уран мен алтын өндіру мен өңдеу іске қосылды. Осылайша кеншілер, кәсіпорын жұмысшыларының, ғалымдардың шаһары пайда болды. Біз ашып отырған ескерткіш, өзінің пайда болуымен қала қарыздар кісіге арналған ескерткіш. Қазақстанды әлемдік аренада ілгерілету идеясының, жаңалықтар идеясының, жаңа идеяның шынайы үлгісі болып табылатын замандасқа арналған ескерткіш.  Ұлы тұлғалардың есімдерін мәңгі есте сақтау, тарихи-мәдени нысандарды, ескерткіштерді ашу – Президенттің қоғамдық сананы жаңғырту - «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың негізгі бағыттарының бірі», - деді Әнуар Күмпекеев.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубакіров іс-шараның құрметті қонағы болды. Оның сөйлеген сөзі ешкімді де бей-жай қалдырмады. Тоқтар Оңғарбайұлы: - Қаныш Сәтпаевтың өмірі мен қызметі әр қазақстандық үшін, еліміз үшін өте маңызды. Біз оны зерделеуді енді ғана бастадық. Егер осы бүгін ашылған ескерткішке келген өскелең ұрпақтың онының ішінде біреуі Сәтпаев сияқты боламын деп шешсе, онда лайықты іс істегендерің! Ол туған халқын әрқашан биіктетіп жүретін, тіпті Ұлыбританияда болып, премьер-министр У.Черчильдің алдында «Сіздердегі барлық қазақтар осындай бойшаң ба?» деген сұраққа: «Мен – ең кішкентайымын, менің халқым менен де биік», - деп мақтанышпен жауап берген. Осындай сөздерді айту үшін, халқын қаншалықты жақсы көру керек. Оның аруағына тағзым етейік. Мен Степногорге алғаш келіп тұрған жоқпын. Бірақ бүгін ерекше қуаныштамын. Неге екенін білесіздер ме? Өйткені оның қаншалықты таза, көк желекті, ашық, әдемі екенін көріп тұрмын. Оны сіздер, әкіммен бірге, осындай жайлы еттіңіздер. Қалаларыңыз бұдан да көркейе берсін. Оны осындай күйінде, тап-таза қала ретінде сақтап қалыңыздар! – деп құттықтады.

Салтанатты рәсімнен кейін жиналған халық сүйікті қаһармандары – Тоқтар ағаны қоршапалып, онымен бірге суретке түсуге талпынып жатты. Тоқтар Оңғарбайұлы да ешкімнің бетін қақпағандығын айтып өту керек.

Қаныш Имантайұлының немересі, профессор, химия ғылымдарының докторы Әлима Қайнекейқызы Жармағамбетова, ұрпақтарының атынан ұлы ғалымды ұмытпай, естерінде сақтап жүргендері үшін Степногор тұрғындарына алғысын білдірді.   

- Ескерткіш күзет грамотасы, ал аруақтар қаланы бәле-жаладан қорғайды деп санаймын, - деді Әлима Жармағамбетова.

Жоба авторы мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Азат Баярлин, оның туындылары Қазақстан мен Ресейдің көптеген қалаларының алаңдарын безендіріп тұр. Мүсіннің биіктігі – 3,6 метр, тұғырмен бірге – 7 метр.

- Біздің түпкі ойымыз бойынша Қаныш Сәтпаев асқақ кейіпте, болашаққа зер салып тұр. Болашақтың көріністерін көріп тұр. Ол бір аяғымен жер қойнауын бейнелейтін тастақты жынысқа тіреліп тұр, оң қолында плащы, ол бәріміз үшін де ашық жан. Шашын ақ шалған егде жастағы азаматты емес, жас ғалым Сәтпаевтың бейнесін жасауға тырыстым. Бағасын өздеріңіз бересіздер, қымбаттыларым!-деді Азат Баярлин.

Естай Қасенов басқаратын «Көкшетау жолдары» ЖШС көмегімен вокзал алдының арам шөп басқан алаңы тазартылып, әдемі саябақ пайда болды, жақын арада ол степногорлықтардың сүйікті демалыс орталығына айналады. 

Қаныш Сәтпаевтың ескерткіші Степногордың ең басты белгісіне айналды. Митинг аяқталғанымен, тұрғындар жаңа қалалық мәдени инфрақұрылымынан көпке дейін тарамады. Ескерткіштің ашылуы ешкімді бей-жай қалдырмаса керек, көпшілігі осы сәттерді, бүгінгі күннің оқиғасын есте сақтау үшін суретке түсіп жатты.  

Ал  бұл уақытта Қазақстан ғылым қауымдастығының өкілдері Қаныш Сәтпаевтың қызметіне арналған ғылыми конференцияға жиналып жатты.  Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғылыми қауымдастық – ғалымдар, ректорлар, декандардың назарына геологиялық ғылым тарихы мен Қ.Сәтпаевтың қосқан үлесінен бастап Қазақстанның өнеркәсібінің бүгінгі дамуына дейінгі түрлі тақырыптар бойынша қызықты баяндамлар ұсынылды.

Сонымен қатар, мерекелік іс-шаралар барысында «Батыр» БЖК-да жаңа күрес залы ашылды.  Күрес залы жаңа құралдармен жабдықталған. Жас ұрпақ үшін алғаш рет қазақша күрес секциясы ашылды. Бұл спорттағы жаңа жетістіктердің бастамасы болмақ. Жаттықтырушылар Әділ Тәженов пен Ербол Әліпов жаңа залдың ашылғанына қуанышты, және де еркін күрес пен қазақша күрес бойынша алғашқы топтарды жинақтап та үлгерген. Жас спортшылар күрес түрінен аздаған шеберлік сағатын қуана-қуана көрсетті.

Мерекенің салтанатты бөлімі кезінде алғашқы құрылысшыларға, ардагерлерге құрмет көрсетілді. ОМҮ алаңында степногорлықтар мен қала қонақтарына арнап облыстық филармония әртістері ән мен жырдан шашу шашса, ал жастар жағын, әрине, мерекелік дискотека, осы дискотеканың әрін беріп «қыздырған» мәскеулік диджей Баур мен астаналық Фара разы қылды. Мереке отшашумен аяқталды.

Мерекең құтты болсын, Ұлы дала қаласы – Степногор! 

 

Астана-Степногор-Астана

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Жеті қазынаның қазіргі таңда қайсысы өзекті деп ойлайсыз?