Жарияланымдар

ОРАҚ ПЕН БАЛҒА – ӨЛІМ МЕН АШТЫҚ

11 Қыркүйек 2017
766
0
ОРАҚ ПЕН БАЛҒА – ӨЛІМ МЕН АШТЫҚ
1930 жылдары Қазақстанда болған аштық миллионнан астам адамның өмірін жалмады. тағы да миллионнан астам халық көршілес елдерге қоныс аударып кетті

Осы тақырыпты «Простор» әдеби-көркем журналының редакторы Валерий Федорович Михайлов өзінің  1990 жылғы мамырда жарық көрген «Хроника Великого джута» атты кітабында жан-жақты бажайлауға тырысқан. Бұл кітабында  В. Ф. Михайлов Қазақстанды аштыққа ұрындырған кінәлілерді әшкерелеп, сирек кездесетін құжаттарды, қарапайым адамдардың хаттарымен қоса, бұл дүниенің мықтыларының да хаттарын келтіреді. Осындай қысылтаяң уақыттан аман-есен шыққан куәгерлердің кітаптарынан үзінділер келтірілген.  

Мекемтас Мырзахметов, белгілі әдебиетші: «Бала кезімде тентектік, сотқарлық жасай бастасам, анам ашуланып, үнемі бір жұмбақ сөздерді айта беруші еді: «Сол кезде сені қалдырғаным дұрыс болар еді...». Біртүрлі түсініксіз қылып айтатыны соншалық, мен амалсыздан тынышталып қалатынмын. Ештеңе түсінбейтінмін: ол мені қайда қалдыру керек еді? Неге тап мені? неге екені белгісіз сұрауға батпайтынмын...

Кейінірек, өсіп, он беске толған соң, анамнан неге осы бір жұмбақ сөздерді айта беретінін сұрадым. Анам маған ойлана қарап тұрып, көзінен аққан жасты сүртіп, мынадай бір оқиғаны айтып берді. «1933 жылдың ерте көктемі. Аштық ауылымызды (біз Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас ауданында тұрғанбыз) түгелдей дерлік жалмап кеткен ең бір қасіретті шақ екен. Шешеміз ажалдың тырнағынан қашып, көрші қыстақтағы туыстарына кетпек болыпты. Кішкене қарындасымды қолына көтеріп, жанында етегінен ұстаған екі жарым жасар мен бар, кешке жақын жолға шығыпты.

Ауыл шетін ала колхоздың бақшасы басталатын. Жалғыз аяқ соқпаққа түскеніміз сол екен, алдымыздан ұялы қасқыр шыға келіпті. Жүз шақырымға дейін айнала төңіректе, ол кезде үй малы әлдеқашан біткен, сондықтан да аш қасқырлар топтасып алып, әр жер – әр жерде адамдарға шабатын болыпты. Бұрын мұндайды ел естіген де, көрмеген де екен. Шешем айғайлап, жұртты көмекке шақырған, бірақ, жақын маңда ешкім болмапты. Қасқырлар жайлап жақындап, қаумалауға көшеді. Шешем қатты қысылады – не қасқырлар бәрімізді паршалап тастайды, не ол балалардың бірін қалдырып, екіншісімен қашып құтылуға әрекеттенуі тиіс. Әрине, қазақ ұғымында, бағзы заманнан: ұлды сақтасаң – тұқымыңды сақтайсың деген түсінік қалыптасқан. Қызын жерге қойыпты да, мені көтеріп кері қашыпты. Ауылдан адамдарды ертіп жаңағы жерге келсе, қарындасымнан ештеңе де қалмапты.


Жанбай жатып сөнген сол қарындасыма мен өмір бойы қарыздармын… Анамның мұңдана отырып айтқан әңгімесінен кейін, мені неліктен қалдырмадыңыз деп сұрағанмын. Ол кісі: «ұл қажеттірек болды ғой» деді. Дегенмен, аяулы анамның өмір бойы қандай қайғылы сезімнен арыла алмай, өзі туралы не ойлағанын түсіну әсте мүмкін емес…».  

Солтүстік Қазақстан облысы «Казгородок» қоныстану пунктін тексеру актісі (1932 жылдың көктемі): «Адамдары көпшілігі жүдеу. Қу сүйек сияқты қалған-құтқаннан сорпа пісіріп, соны талғажау етедібұдан басқа, кеуіп қалған, кейде тіпті иленген теріні де тамақ қылады. Аудан орталығында ит етін жейтін отбасы бар. Үйдің жанында иттің толып жатқан бастары табылды. Қазанда иттің бірнеше табаны қалқып жүр. 144 үйден тұратын Шоқы кентінде небәрі 60-қа жуық үй қалған. Адамдар азық іздеп кеткен.

Қалғандарының көпшілігі, тексеріс кезінде өлімтікпен, бұзылған етпен, сүйектен жасалған көжемен, кебектен және пісірілген теріден жасалған ботқамен тамақтанатыны белгілі болды, 15 отбасы мүлдем арып, ісінген. Олардың өмірлеріне сүйеу боларлықтай колхозда ешқандай да қор жоқ.

Бигар Кигарин, жұмысшы-құрылысшы, бір адамға арналған азық үлесін алады. Әйелі мен үш баласы быламық пен суды азық етеді. Қожан Конжебалтовтың отбасында алты адам. Тексеріс кезінде он жасар ұл бала қиды қопарыстырып, бірдеңені тауып алып, сорып жүрді. Сагандыков Куовтың отбасы, үш адам, ит етін жейді...».

Ғафу Қайырбеков: «Ауладан біздерді, кішкентайларды, шығармайды. Сыртқа шығуға қатаң тыйым салды. Көшеде не боп жатқанын қақпаның саңылауынан қараймыз. Қызық! Қарама-қарсы – ескі соқпа дуал, жанында – адамдар. Біреулері арқасымен сүйеніп тұр, біреулері сұлап жатыр. Тосып тұр... Ауладағы мал әбден арыған, қырылардың аз-ақ алды. Сиырлардан өлі бұзау, қойлардан – өлі қозы тууда.

Өлген малдыкі сияқты бұлардың да тұтас еттерін қақпаның сыртына тастайды. Адамдар тарпа бас салады. Сол жерде қолдарымен жұлмалап, жей бастайды. Есімде, бір күні қыдыруға шығып кеттім – байқамай қалды... Сол заматта мені біреу шап беріп ұстап алды. Сеземін, қолдарында әл жоқ, бірақ біртүрлі жабысып ұстап қалған. Мен жұлқынып әлекпін. Сол кезде нешеде едім... төртте шығармын әлде сәл үлкенірекпін.  Абзал болғанда, әжем көмекке келіп үлгеріп, айғайға басты. Содан соң күніне бірнеше рет: «сыртқа шықпа – жеп қояды»,- деп тапсырып отыратын».

Ғафу Қайырбеков Ғабит Мүсіреповтың Торғайға барған сапары туралы былай дейді: ол және жанындағылар бос тұрған үйге жолығады «…Жүк жиналған теңнің қуықтай ғана тесігінен әлдебір кіп-кішкене тірі жан атып шықты да, адамдарға тұра ұмтылды. Ол қанға малшынған еді. Қансүңгі болып қатып қалған ұзын шаштары мүйізге ұқсап, жан-жағына сорая шығып тұр, аяқтары бейнебір қарғаның сирақтары сияқты қап-қара шидей. Көздері ойсыз, бетіне қатып қалған қанның үсті жаңадан аққан қан тамшыларымен әлеміштенген. Тістері ақсиып, аузынан қызыл көпіршік ағып тұр.Төртеуі бірдей қорыққаннан естері шығып, есікке қарай секіре қашты. Сыртқа шығып, артқа бұрылғанда әлгә құбыжықтың қарасы да көрінбеді, ғайып болса керек. «Бұл сонда не болды?» - деді Ғабит қырылдай сөйлеп, жолдастарына қарап.

Қорқыныштан әлі де селкілдеп тұрған олар үндемеді. Тек кейін, Қостанайға барған соң жолсеріктерінің бірі Ғабеңе мынаны айтты: «Сіз, бәлкім, оны жын деп ойлап қалған шығарсыз? Жоқ, жын емес. Мен байқадым, анық байқадым. Ол – адам. Сәби. Қазақтың жеті-сегіз жасар қызы...» «Жоқ! Жоқ! – Мүсірепов ышқына айғай салды. Оның үнінен жан дүниесінің алапат жарылысындай, айтып жеткізгісіз долы, сонымен бір уақытта шарасыздықтың дәрменсіз ашуы бұрқ етті. – Ол – аштық! Ол аштықтың көзі болатын! Қарғыс атқыр аштықтың дәл өзі...»

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Жеті қазынаның қазіргі таңда қайсысы өзекті деп ойлайсыз?