Жарияланымдар

Мәдени серуен: Абайдың Жидебайдағы музей-үйі

28 Тамыз 2017
927
0
Мәдени серуен: Абайдың Жидебайдағы музей-үйі
Қазақтың бас ақыны, ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың Жидебайдағы музей-үйі Семей қаласынан 180 шақырымдай жердегі Абай ауданында орналасқан

Абайдың ата қонысындай болған туған жері Шыңғыстау етегіндегі Қарауыл өзенінің бойында жатқан шағын ғана қырат еді. Бүгінде бұл өлке Абай ауданының орталығы  Қарауылдың іргесі. 

Жидебай жерінде ұлы ақынның қыстауы мен тұрған үйі орналасқан. Бұл жерге келген әрбір қонақтар мен туристер ақынның заманынан жеткен құнды жәдігерлер мен тарихи деректерге қанық болады.

Жері шұрайлы, малға жайлы Жидебай өлкесі Құнанбайдан баласы Оспанның еншісіне өткен. Кейін Абайдың інісі Оспан қайтыс болған соң, бұл қыстауды Абайдың еншісіне өтеді.

«Абайдың бал дәурен балалық шағы өткен әйгілі Жидебай мен көк үйірім Көлқайнар көлігі, қорығы – бауырдың тап жүрек тұсында орналасқан. Ол -  әжесі Зере мен анасы Ұлжанның ауылы. 30 жылдай уақыт қоныс қылып, жасы ұлғайған Абай Жидебайды өзіне қоныс қылып, көптеген тамаша шығармаларын осы мекенде дүниеге әкелді. Жидебай Қазақ поэзиясының Меккесі аталды. Шөбі шүйгін, суы мол, малға жайлы Жидебай Шыңғыстауға жақын орналасқан, жайлауға қиналмай жетуге қолайлы қоныс», - деп жазады Абайтанушы ғалым Асан Омаров өз зерттеулерінде. Расында тарихтан білетініміздей Жидебай өлкесін Құнанбайдың шешесі Зере, әйелдері Ұлжан, Айғыз қыстап отырған. Абай осы аналарының қамқорлығында өсіп, осы жердің тау мен тасында, ауасы мен суын ішіп жетілген. 

Өлкетанушылардың айтуынша, Абай Жидебайдағы қыстау үйді қайта салып, күрделі жөндеуден өткізген. Ұлы ақынның 100 жылдық мерейтойына қарсаңында (1945) қыстау мұражай-үй ретінде қалпына келтіріледі. Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мемориалдық экспозиция жасалған. Ал, Абайдың 150 жылдық мерейтойының қарсаңында мұражай әдеби экспозициямен толықтырыла түседі.

Ұлылар қонысы болған мұражай үйдің кешені үлкен аумақты алып жатыр. Орта да дәл қыстаудың өзі. Қыстау 5 бөлме мен 2 дәлізден тұрады. Алаңның сыртында Абайдың қоладан жасалған ескерткіші орналасқан.

Музей үйдің кіре беріс дәлізінен өткенде қабырға да Абай өмір сүрген дәуір мен баба ата-тегінің шежіресі орналасқан. Сондай-ақ қыстаудың тарихын таныстыратын стендте бар.

Одан кейінгі экспозиция бөлімдерінде Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы балалары Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл және мұрасын ұрпаққа жеткізген рухани шәкірттері Шаһкәрім, Көкбай, Әріп, Әсет, Уәйіс шығармашылығын таныстыратын дерек залдары бар.

Экспозицияның келесі бөлімі  Абай мен Семейге жер ауып келген орыс достарымен қарым-қатынасына арналған. Абай олармен танысқан соң орыс және батыс европа көркем, тарихи әдебиетін жүйелі, терең  түрде оқып зерттеуге бет бұрады. Олардың Абай ауылына келгені жайлы Абайдың немере інісі Кәкітай Ысқақұлының естелігінде  айтылады: Е.П.Михаэлис (28.12.1871 – 26.04.1972 ж.), С.Гросс (04.06.1884 – 01.07.1884, Н.И.Долгополов (15.07.1885 – 10.08.1885)  Абай ауылының қонақтары болған. Жер ауып келген зиялы азаматтармен бірге  Абай  өлкетану және ағартушылық қызметімен айналысады.

Абай өлкетану  мұражайына этнографиялық заттар  жинауға көп үлес қосады, қазақтардың тұрмыс-тіршілігін тарихын, дәстүрлі заңдарын зерттеуге қолғабыс жасайды.

Абайдың көзі тірі кезіндегі ақын шығармашылығына айтылған  пікірлерден бастап, М.Әуезовтың еңбектеріне  дейін көрініс тапқан абайтану іліміне жеке бір бөлім арналған.

Ас үй

       
Бірінші дәлізден көреремендер ас үйге енеді. Бұл терезесі шығысқа шығатын үлкен бөлме. Кірген бетте сол жақта жоғарғы жағын күмбез тәріздес жасаған от-ошақ орналасқан. Онда екі қазан орнатылған. Біреуі үлкен, ет пісіруге арналған, ал екіншісі кішірек – басқа жеңіл тамақ дайындау үшін, ошақтың күмбез тәріздес жоғарғы жағы-булық  бөлмені будан сақтандыру үшін жасалған.

Үй қолданысында болған ағаш ыдыстар: құрт езуге арналған астау, қымыз  ыдыстары. Бөлмеде жиһаз түрлері де бар: ас сақтайтын кебеже, биік асадал – тамақ пен ыдыс сақтайтын шкаф. Барлық жиһаз түрлері жергілікті шеберлердің жасағандары. Терезенің оң жағында беті сүйектелген ағаш төсек тұр. Төсектің тұсына Абайдың әйелі Ділдәнің тұскиізі ілінген: қара барқыт матаға қызыл матадан  жапсырма  техникасымен қазақи ою түсірілген     

Қонақ бөлмесі

Екінші дәлізден көреремендер қонақ бөлмесіне өтеді. Бұл бөлме аса үлкен болмаса да, ыңғайлы, жайлы. Еденге сырмақтар жайылған.

Қабырғада түкті кілем. Жәдігерлер арасында қазақтың халық аспабы - қобызды көруге болады.

Жұмыс кабинеті

Бұл бөлмеде ақын жұмыс істеді, кітап оқыды, өлең жазды. Бөлмеде сол шығармашылық қалып сақталып қалған тәрізді. Бөлменің ортасында - аласа дөңгелек үстел, бетіне кестелі дастархан жабылған. Үстел үстінде ақынның қалта сағаты, насыбай шақша, сия сауыт, қалам. Біраз сөз «Қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» еңбегінің қолжазбасындағы сия әлі кеппегендей.

Қолжазбаның қасында тоғызқұмалақ тақтасы.

Қазақтың дәстүрлі жиһаздарымен қатар европалық жиһаздар да бар: кітап шкафы, жазу үстелі, айна, қабырға сағаты, шкаф сөрелерінде – ақынның сүйіп оқыған ктіаптары. Шығыс ақындарының шығармаларымен қатар орыс классиктерінің кітаптары, энциклопедиялық басылымдар да  бар. Жазу үстелінде – шам, шахмат,  дойбы мен өмірінің серігі – кітаптар орын алған.

Алдыңғы бөлме

Сол жақ қабырғада Құнанбайдың қажылық сапарға барғанда әкелген тақиясы – тарихи бұйым. Оны мұражайға тапсырған Абайдың шөбересі – Бағфұр Ақылбаев. Бөлме қабырғаларына  бірнеше фотосурет ілінген: Абай ұлдары Тұрағұл және Ақылбаймен; Абайдың ортаншы ұлы – Абдрахман, Абайдың інісі Оспан. Қазақтың ағаш төсегі жасаулы жиналып тұр. Ортада дастархан жабылған аласа дөңгелек үстел. Үстелде – күмістелген қымыз ыдыстары.

Жарма пештің жанында  үлкен жез леген, құмған,  жиегі кестеленген орамал. Бұрышта Абайға Батыс – Сібір генерал-губернаторы барон Таубенің 1890 жылы  «Ынталы қызметі мен ерен  еңбегі үшін» марапаттаған мылтық ілулі тұр.

Еркежан  бөлмесі

Еркежан – Абайдың інісі  Оспанның әйелі. Оспан қайтыс болғаннан кейін қазақтың әмеңгерлік салты бойынша Абай Еркежанды өзі алады. Еркежанның тәрбиесінде Ақылбай балалары - Әубәкір мен Пәкизат бар еді.

Өмірінің барлығын Жидебайда өткізгендіктен, сақталған заттардың көбі - Еркежанның   заттары. Әйелдердің әшекей заттары жеке көрсетілген. Оң жақ бұрышта – жиналған ағаш төсек.

Мақала Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейімен бірлесіп әзірленді. Музей-үйдің өзге де қызықты фотосуреттерін "Жидебайдағы Абайдың музей-үйі" фоторепортажынан көре аласыздар

Фотосуреттер автордікі

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Жеті қазынаның қазіргі таңда қайсысы өзекті деп ойлайсыз?