Жарияланымдар

Кейкіні көрген Бибіжамал жеңгейдің әңгімесі

16 Тамыз 2017
1074
0
Кейкіні көрген Бибіжамал жеңгейдің әңгімесі
Кейкі батыр қаза болатын оқиғаны көзімен көріп, құлағымен естіген Жәкенқызы Бижамалдың естелігі

Бөгетбай Әлмағанбетұлының 2000 жылдары «Торғайдағы Азаттық көтерілісі» атты тарихи очеркі кітап болып басылып шыққан. Кітап торғайлық ұлт-азаттық көтерілісі қаһармандары төңірегіндегі тарихи шыңдықты саясат ықпалынан аршып алып, оқырманға қиянатсыз қалпында ұсынуды мақсат еткен еңбек. Немересі Дархан Бөгетбаев жіберген кезекті материалда тарихи очерктен алынып отыр. Кейкі батыр қаза болатын оқиғаны көзімен көріп, құлағымен естіген Жәкенқызы Бижамалдың естелігін оқырманға ұсынып отырмыз.  Толығырақ... 

1976 жылдың 19 желтоқсаны күні ауылдарға мал қыстаудың барысын тексеруге  комиссия шығарылды. Әр бөлімшеге бір топ комиссия аттандық. Маған 4 - 5 жігітпен сол кездегі Родник совхозының Боқай бөлімшесіне бару жолы түсті. Автобазаның алды - арты істейтін автобусы бөлінді. Жерде қар қалың емес. Бірақ қардың беті қатты қабыршық. Алдында мұздақ жауып, мал тебіннен қала бастаған. Біздің сапарымыз да осыған орай ұйымдастырылған. Шөптің қорын, малшының, малдың жәй - күйін жан - жақты анықтау, тиісті жәрдем жасау үшін жағдайды жан - жақты зерттеп білу. Комиссия құрамы да соған сай жасақталған.

Біз совхоз бөлімше орталығына бармай, жолдағы Күздік деген жердегі шопан ауылына келдік. Күннің қызылы енді көмескілене бастаған кез. Шопанның кең де жарық үйіне кірдік. Шәмшия келін көрпе төсеп, жастық тастады. Бір сөз ретінде шешесінің келіп жатқанын айтты. Үй иесі Дәбей ініміз әлі далада мал маңында жүр екен. Мен бұл семьяны сонау Торғай тыңы игеріле бастаған алпысыншы жылдардан, совхозда қызмет істеп жүрген кезден білетін едім. Бибіжамалдың отағасы Ақанай ақсақал шопан болатын. Үлкен ұлы Сүлеймен жүргізуші, Шәмшия онда Иманов совхозының орталығындағы мектептің 8 - 9 класында оқиды. Інісі Сүлмән мектепке әлі бармаған. Әлгіні қызық көріп, келген сайын айналдыратынмын.

Бижамал (Бибіжамал) жеңгейге сәлемдесейін деп бөлек бөлмеге бардым. Үлкен кісі намаз оқып жатыр екен. Әлден уақытта өзі келіп амандасты. Қазір Арқалық ауданының «Аңғар» совхозында тұрады екен. Баяғы кішкентай Сүлмән институт бітірген, мұғалім. Үйленген. Бижамал соның қолында екен. Қызына қыдырып келіп жатқаны екен.

Бижамал Кедел Қыпшақ ішіндегі атақты Тілеулі батырдан тарайтын Нәнжіл деп аталатын рудың Ожан атасынан. Ата мекені Жалаулының Жыланшыққа құятын сағасында. Сүтемгеннің Жәкенінің қызы. Кейкі осы Жәкеңнің қызыл үйінде қонып жатқанда әйгілі оқиға болған. Бижамал соны көзімен көрген куәгер. Мен бұл әңгімені талай естісем де, осы кісіден анық-қанығын тәптіштеп білсем деген ойда жүруші едім. «Құланның қашуына – мылтықтың басуы» дегендей көктен іздегенім жерден табылды.

Амандық - саулық сұрасып болғаннан кейін жанымдағы жас серіктеріме сөз тастадым.

– Жігіттер! Мына кісі Кейкі қаза болатын оқиғаны көзімен көріп, құлағымен естіген адам. Әңгімені жеңгейдің өз аузынан естиік.

Бижамал сабырлы, салмақты сөйлейтін адам. Сом денелі, қараторы кісі. Баяғысынан шөгіңкіреген сияқты. Әңгіме басталып кетті.

Жәкен Сүтемген ұлының қыстаудағы қызыл үйі өзен аңғарының орта тұсына таман орналасқан. Өзеннің аңғары үлкен биік қыратты жарып өткендей. Басы сонау Жыланшық түрмесінен (өзеннен түріле шыққан биік, қырат мағынасында Б.Ә.) алады. Жыланшыққа қарағанда Жалаулының суы тұщы. Көктемде қар суымен толатын құлама өзен. Екі беті сыңсыған ел. Аңғардағы үйді қырқа тасалап тұр.

Осы елге алдында Кейкінің Торғайға кеткені туралы хабар жеткен. Іле Кейкі Александр Токаревті атып кетіпті деген хабар келді. Бір пәледен мың пәле туындап, елдің дуылдап жатқан кезі ғой. Жыланшық бойы дүрлігіп, үкімет нұсқауымен Кейкіні ұстауды ақылдаспаққа Тоқпан Көшкінбай байдың Майдамтал жағындағы үлкен қызыл үйіне жиналуға аттанған. Ішінде Бижамалдың әкесі Жәкен де бар.

Кейкі өз адамдарымен Сүтемген Жалаулының арғы бетіндегі ескі қыстауында отырған Құлан Жалмағамбеттің үйіне түскен екен. Інісі Шәукенді жіберіп, Жәкеннің қатыны Зәурені шақыртады.

– Жалмағамбеттікіне келсін, сыбағамды ала келсін, – деп сәлем айтады. Зәуре қазы, қарта, сыбағалық етін алып, қорықсада Жалмағамбеттікіне келеді. Кейкі үйдің жанындағы қарды сызып, намаз оқып бата қылады.

– Майдамталдағы мені күткендер ертең қызыл көтен болады, әмин, – деп бата қылады. Мұның алдында Зәуре Жалаулының қызыл суынан өтіп, Кейкіні шақыртып алып, ат үстінде сөйлескен жаман киімді, ешкім танымасын деп бетін таңып алған біреуді көреді. Бұл Сазан Шошайдың ағасы Ақтамыш екенін Зәуре айтпай - ақ таныған.

Сазан Шошай өткен күзде Қарақұм жақта дүкен тонап, бір қызыл нар мен қасқа атқа дүние тиеп әкеліп осы ауылдарға әрекет салғаны бар. Сазан Үсенбай дегеннің белетесіне тыққан екен. Екі орыс індете қуып келіп, сабап қорқытқаннан кейін тауып берген. Шошай сол бетімен Сазан Сарағындағы (шағын ауылдың қотанындай кішкентай қопашық) үйіне келіп, маяның астына қос тігіп, қыстай тығылып жатқан. Кейкінің Жалаулыға келгенін естіп, қайда, қалай жолығарын сұрап, ағасы Ақтампышты жансыздыққа жіберген екен. Кейкі Шошайды Жәкен үйінде күтіп алып, таң алдында Майдамтал аспақ болған. Кейкінің Зәурені шақырту себебі содан өзгерген. Кейкі сол Шошай үшін Майдамталға сол күні аттанбай, қонып қалуға мәжбүр болады.

Сол екі арада Жалмағамбеттің үйіне Ожан Қарабайдың Асқары мен Тоқпан Жекебайдың Жақсылығы келіп қалды. Асқардың астында семіздіктен жараған күрең ат бар екен. Алыс жолға жүргелі тұрған Кейкі Асқардың атын сұрайды. Асқар бермеген. Асқар Рахметке жақын туыс. Кешегі Қайдауыл мыңбасы Әлжанның туған інісі. Кейкімен жақсы таныс, әрі туыс, сыйлас адам. Ол атын берігісі келмейді. Екеуі ренжіседі. Жанжалмен Кейкі ішке кіріп кеткенде, Асқар қашып кеткісі келеді. Асқар аттан түспеген. Кейкі атамын деп қорқытқан.

– Сенен маған күрең ат пайдалы, – депті Кейкі Асқарға. – Жесем тамақ, мінсем көлік. – Екеуінің арасына Зәуре түскен. Асқарды Зәуре Кенжесары дейді екен.

– Кенжесары сен мұны баяғы шұбар деп тұрсың ба? Бұл әбден қанына қарайған. Атады да кетеді. Атты бер, – деп, Асқардың аяғын үзеңгіден шығарған. Асқар Кейкіге: Мен жаяу қаламын ба? Маған не бересің? – деп амалсыз аттан түскен.

Кейкі оған бір жаман ат пен жаман ер тоқым берген. Асқар соны мініп, осыдан 4 - 5 шақырым жердегі Рахмет ауылына келіп, Кейкіні іздеп келе жатқан отрядтың үстінен түседі. Олар Кейкі Майдамтал асып кетті, ертең іздейміз деп отыр екен. Қуғыншылар қосыны мына хабарды естіп, Кейкі тобын ұстаудың қамына кіріседі. Ауылға айнала күзет қойып, ешкімді шығармайды. Барлау жүргізіп, күзеттің жоқтығын анықтаған. Қуғыншыларды алаңдатқан мәселе Жәкеннің үй - ішін қырып алмау. Олар сол үшінде өте сақ қимылдауға мәжбүр болған.

Зәуре Жалмағамбеттікінен оралып, Кейкі тобын қабылдауға үйін дайындаған. Олар Кейкі, әйелі Ақжан, інісі Шәукен, Қарақұмнан бірге келген үш жігіт: Уәли, Жақыбай, Жақып - Сазан руынан, тұтқынға алынған екі орыс жігіті. Барлығы 8 адам, қос ат, қос қоржыннан.

Бұл кезде көктемгі жайлауға шығуға әзірленіп жатқан. Тері қайнатқан (жосамен бояу). Ерте туған арамзаға малшысы Құлан Ділдебайдың үйін босатып, киіз үйге шығарған екен. Сол күні Ділдебай үйде болмапты. Әйелі Құніш қана бар.

Кейкілер үйге кіріп жайғасқан.  Екі адамды күзетке қойған. Тұтқын екі орыстың қолдарына кісен салған. Жекебайдың Жақсылығын «жансызсың», мойныңа тас байлап, суға тастаймын, саған оқ шығармаймын деп қорқытқан. Оған да кісен салған. Пәлесін бізге қалдырма, онан да мені өлтіріп кет, – деп Зәуре қолқа салып, маған көмектессін деп сұрап алған. Кейкі Зәуреге өзінің өкпе - назын айтқан.

– Мен Сүтемгеннің бес баласының бірімін деуші едім. Сендер мені әлі баяғы жылқышы Шұбар деп есептейсіңдер. Мені ашта азық, тоқта туыс қылғыларың келеді. Жәкендікі жөн болсын. Жаман Зікірия менен неге қашты қарсы алмай? Кейкі Ақыжанды Ұлытаудағы аста кездестіріп, қалай үйленгенін әңгімелеген. Біраз уақыттан кейін күзет қойып, өзі ұйықтап қалған.

Зәуре Кейкілердің жол азығына деп, өздері қоржынға салып жүрген қазы, қарта, шұжық және басқа еттерді пісіреді. Кірлерін жуады.

Ділдебайдың үйде жоғын пайдаланған Шәукен күзетшілік орнына Құнішті айналдыратын болады. Зәуре бұларды ертерек жөнелту мақсатымен Уәлиді ұйқыдан оятып, су әкелуге жұмсаған. Оны екі адам ұстап алып, тергеуге алған. Кейкінің жәй - күйін білген. Осы екі арада Ақыжан есіктің ашықтығын пайдаланып, далаға шығып, үйді айнала қоршап жүрген адамдарды көріп, қайта кіріп Кейкіге хабар берген.

– Көзіме қан толып кетті - ау, – деп екі рет қайталап, Кейкі қаруына ұмтылған. Ақыжан Зәуреге: Бәйбіше - ай, жау қоршап алды. Құрыдық - ау, – дей беріпті. Зәуре бес баласын бір бұрышқа жинап, көрпе, киізге орап тастаған. Атыс басталған. Кейкі жалғыз атысқан. Екі күзетшісі мен Уәлиден қайыр жоқ. Шәукен киіз үйден үш рет шыққан. Бірінде әйел киімін киіп, құтылғысы келген.  Милициялар үйге қуып тыққан.

Кейкі ашық терезеден атысқан. Есікті ашып қалып оқ атқан. Оқ таусылуға айналған. Өйткені, бұл Кейкінің Александр мен оның екі жігітінен алған қаруы ғой. Кейкіде үш граната бар екен. Кебеже, сандық алдырып, шошаланың төбесіне шығып тастаймын деген.

Екі тұтқын орыс жігіттің бірі қазақша жақсы біледі екен. Кейкі Жәкеннің үй - іші мен Ақыжан аман қалсын деді ме, қандай оймен айтқаны белгісіз: – Аналарға хабарла, атысты тоқтатсын. Сөйлесейік, – деген Кейкінің орысша білмейтінін пайдаланып, әрі сөз сөйлесуге рұқсат бергенсін; бұл есікті ашып атысқанда біз итеріп қаламыз. Дайын болыңдар, – деп дауыстаған. Кейкі осылайша оққа ұшқан. Жәкеңнің 14 жасар, 1910 жылы туған қызы Бижамалдың оң жақ қарынан еттен оқ тиген. Шафих деген жасақтың командирі болуы керек, қазір мына соғыс бітсін. Өзім емдеп, жазып беремін деген. Сөйтіп, азаттық үшін арыстандай арпалысқан. Кейкі батыр қаза тапты. Айы - күніне жетіп отырған Ақыжан атылды. Шәукен мен Кейкіге ерген үш жігіт те оққа байланды.

Екі тұтқын өз адамдарына қауышты. Жақсылықты босатып жіберді. Түнде басталған атыс сәскеде аяқталды. Бижамалдың қолының қанын жуып, мылтық дәрісін үгіп, жағып таңып берді. Есіктің алдында алты адамның өлігі жайрап жатты. Милициялар Кейкінің басын кесіп, қоржынға салып алып, аттанып кетті.

Сазан Шошай Жәкен үйіне келе жатып, атысты естіп, кері қайтып кеткен.

Маңайдағы бүкіл ел келіп, сойқанды көздерімен көріп, күңіренді. Мыналардың амандығын білді. Алғашқы келгендердің ішінде Асқар бар  еді. Сол күні қанды оқиғаны естіп, Майдамталдан Жәкен келіп жетті. Өліктер жиналмаған күйі қалай болса солай жатыр. Бір пәлесі жұға ма деп жұртта зәре жоқ. Осыны ойлаған Жәкен қос атпен қуып милиция тобына жетті.

– Біздің есімізден шығып кетіпті, – депті олар ештеңе болмағандай. – Бір шұңқыр қазып, бәрін бір жерге көміңдер. Үш жігіт әкеліп, тапсырма бойынша Кейкінің бассыз денесін ең астына тастап, бәрін бір жерге көмген.

Арада 20 күн өткенде Токаревтің баласы келіп, әкемді өлтірген адамды анықтаймын деп, өліктерді қаздырып шығартады. Кейкінің сүйегін бөлек қойдырып, жүгіріп, секіріп жүріп қылышпен шапқылайды. Оң қолын кесіп әкетеді. Сөйтіп, тіріде әлі келмегендер Кейкінің жансыз денесіне «асқан зор батырлық» көрсеткен.

– Сенің аттан зорлағандай етіп түсіргенің жақсы болды, – депті Асқар Зәуре жеңгесіне.

– Намыстанып түспейін деп тұр едім. Онда мені атып кетуі сөзсіз еді.

Азаттық үшін арыстандай арпалысқан Кейкі батыр осылай қапияда қаза тапты. Жұмыр басты пендеге әйтеуір бір өлім бары хақ. Бірақ, бұл жолы батырға үнемі қуғында жүргесін амалсыз серік қылған Шошай қарақшының кесірі тиді. Күзетшілері жауапсыздық жасады. Егер Кейкі ат үстінде болып, ашық шайқасқа шықса шамалы қолға алдыра қоймас еді. Дұшпанын мысымен - ақ басып, жайратар еді.

Кейкі батырдың қаза болған күнін, жылын әркім әртүрлі жазып жүр. Біреулер 1921 немесе 1923 жыл дейді. Нақты күн деп сәуірдің 24 - жұлдызын көрсетеді. Бұл келіңкіремейді. Сәуірдің аяғында жерде қар қалмайды. Су тасиды.  Табиғатта солтүстікпен оңтүстіктің әр жүз шақырымында, суықтық пен жылылық арасында елеулі айырмашылық болатынын байқап жүрміз. Жыланшық Торғайдан 7 - 10 күн бұрын тасиды. Кейкі Токарев пен бірге Кесік Қопасына қар ойылып, жүру қиын болғасын қонуға мәжбүр болған. Әрі Нұршабай ауылы қыстауда отыр. Жәкен, Жалмағамбеттер де солай. Александрдың сүйегін Кейкі арбаға емес шанаға салады. Қазақ әдетте күйек қозысын бесқонақ өткен соң, яғни 18 сәуірден бастап алады. Қырға жүкті сәуірдің алғашқы жетісі өткенсін салады. Ал, әлгі қанды оқиғалар кезінде жұрттың бәрі қыстауда, Бижамал мен 1910 жылы туғанмын. Сол жылы 14 жастамын. Осы ағаңа атастырып қойған. Сол кездің бой жетіп қалған қызымын, – дейді. Ал, Ыбырай Әтембеков 18 - 24 жылдары болыстық милицияның бастығы болған. Бұдан басқа да деректерді салыстыра келгенде Кейкі батыр – 1924 жылы сәуірдің алғашқы күндерінде қаза болған деуге толық негіз бар. Нақты құжатты іздеп табуға біздің  мүмкіндігіміз жоқ.

Кейкі өлгенмен, оның жарқын бейнесі халық есінде мәңгі қалады. Жетпіс жылға жуық Кейкі бейнесі әдейі ұмыттырылды. Бірақ, елі оны ұмытпайды. Ол туралы егжей - тегжейлі дерек жинап жазып алмағанмен, естігендеріміз зердеде сақталады. Батырдың осы біз айтып отырған соңғы түні жайлы жазып алғаныма 21 жыл болып қалыпты. Анығын енді ғана айтып отырмыз. Анық айта алмасымызды білсек те қағазда жата берсін деген едік. Құдайға шүкір, айтар кез келді. Өкініштісі өзге әңгімелері осылай қағазға түсірілмеді.

1964 жылы қазан айында Қарсақбайдан Кейкінің аталас ағайыны Әбу  Қарақожин деген азамат Кейкі өлген жерге темір қоршау қойып, белгі орнатқан. Мал сойып, Құран оқытқан. Өкініштісі, Кейкі мәйіті жатқан жерді білетін Құсей де, Бижамал да болмай, Бегімбет Шекер деген ақсақал Жәкен үйінің жанындағы бір төмпешікті жерді көрсетіпті. Ал, олар жерленген жер Сейіткерей сайының жанында, Жәкен үйімен шекарада екен. Қазір жер болып кеткен, табылмайды.

1996 жылы қазан айының аяқ кезінде Амангелді батырдың алғашқы жерленген орны Амангелді - Жыланшық  көтерме жолының іргесіндегі Кіші Алакөл жағасына, Кейкі батыр жерленген Жалаулы жағасына ескерткіш белгілер қойылып, ас берілді. Дұға оқылды. Ат жарыс, күрес, ақындар айтысы ұйымдастырылды. Мұны ұйымдастырған, әлі 37 мүшелге де толмаған, батырдың немере, шөберелері, Жыланшық Серіктестігінің жаңа төрағасы Көбек Ағатанов еді.  Ұрпағы  ұмытпады  деген осы. Ал, сол жылғы 1 - қарашада Арқалық қаласында Кейкі батырға ескерткіш ашылды. Келесі күні Амантоғай ауданында батырға ас берілді.

Көзі тірісінде халқы қастерлеген арысты ұрпағы қашанда ардақтап, аялай біледі екен.

Кейкі батыр халқының қамын ойлап, қаламмен емес, қарумен күрескен. Ол ақын да, күйші де, әнші де болмаған. Бірақ, халқына тартып туған қайраткер қысылғанда бір ауыз өлең құрай алмайтын қазақ болмайды дегенді өз ісімен дәлелдеп кеткен. Оның «Кейкінің салауат айтуы» деп аталатын жыры ел аузында сақталып қалған. Ол осы күнге дейін айтылып жүр. Өлеңнің құндылығы, көркемдігі деген сөзді бұл арада қолданудың қажеті жоқ. Бір сөзбен ғана батыр өзінің не үшін күрескенін жария етеді:

                                      Мен кеткен соң халқым - ай,

                                      Көрерсің жаудан қорлықты...

                                      Бұған түсінік беру артық.

           Кейкі айтып жүрген салауатты біреулер бір шумақ, енді бірі екі - үш шумағын айтып жүр. Жыр толық сақталмаған. Мен өз анамның жасымда айтып, есімде қалған шумақтарды қосып, осы жеті шумақты құрастырған сияқтымын. Енді, соны түгел келтіріп, Кейкі туралы әңгімені аяқтағым келеді.

                                     

                                    Кейкінің салауат айтуы      

                                        Атқа салдым терімді,

                                        Бермедім жауға елімді.

                                        Мұсылманнан жау шығып,

                                        Сындырдың Алла белімді.

                                               Айхай, аллай, аллаһу

                                        Атқа салдым терлікті,

                                        Дұшпанға қылдым ерлікті.

                                        Мен кеткен соң жұртым - ай,

                                        Көрерсің жаудан қорлықты.

                                               Айхай, аллай, аллаһу

                                         Атқа салдым сталды *,

                                         Көтердің Алла дұшпанды.

                                         Естіген халқым дұға қыл,

                                         Кейкі батыр ұсталды.

                                               Айхай, аллай, аллаһу,

                                         Аққу ұшар көліне,

                                         Мекен еткен жеріне.

                                         Ен далаға сыймастай,

                                         Мен не қылдым, еліме?

                                               Айхай, аллай, аллаһу,

                                         Үйдің іші мүкәммал,

                                         Мүкәммалға көзің сал.

                                         Аңдамай түстім алдауға,

                                         Не болады біздің хал.

                                               Айхай, аллай, аллаһу,

                                          Атқа салдым құйысқан,

                                          Судай ақты қызыл қан,

                                          Іс насырға айналды,

                                          Не болады шыбын жан?

                                                            Айхай, аллай, аллаһу.

 

* Стал - темір ерді айтады

Бөгетбай ӘЛМАҒАНБЕТ

"Торғайдағы Азаттық көтерілісі" атты тарихи очеркінен

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Қазақ-жоңғар шайқасы туралы тарихи драмалық көркемфильмдердің қайсысы көңілінізден шықты?