Жарияланымдар

Зайсанның алып дарағы

11 Тамыз 2017
316
0
Зайсанның алып дарағы
Шекараға жақын орналасқан Зайсан ауданында ерекше тарихи орындар, көруге тұрарлық қызықты жерлер өте мол. Өлкетанушы Фемистокл Жүнісов бізді Көкжыра ауылы маңында өсіп тұрған алып ағашпен таныстырды

Аудан жеріндегі қызықты орындардың бірі – Көкжыра ауылы маңындағы алып дарақ. Бұл үйеңкінің жасы қаншада екенін тап басып ешкім айта алмайды. Ауылда алып ағаштың бар екенін ертеректе естіген аудандық музейдің қызметкері Фемистокл аға былтыр ғана көруге жол түскенін айтты. Көкжыра ауылынан шыққан, кейін Дайыр, Қаратал ауылдарында мектеп директоры қызметтерін атқарған Қанағат Салаховтың анасы қайтыс болып, жетісіне қатысқан өлкетанушы қара алып ағаш өсіп тұрған маңға арнайы барып, өлшеу құралдарымен өлшеген. Дарақтың орта тұсынан есептегенде 9 м-ге жуық шығыпты. Биіктігі шамамен алғанда 25-30 м-ге тақау.  

«Бұл ағаштың бар екенін бұрын осы ауылдың тұрғындары айтып жүретін. Тіпті облыстық «Дидар» газетінің бір тілшісі келіп, ауыл тұрғынынан сұхбат алған да екен. Ағаш өсіп тұрған маңға бау-бақшасы тақау орналасқан көкжыралық тұрғын газет тілшісіне ағаштың жасы 47 жыл деп көрсетіпті. Мен мұнымен келіспеймін», – деді өлкетанушы Ф. Жүнісов.

Алып дарақтың тамырлары да жер бетіне адырайып шығып тұр, әсіресе ауыл жақ бетіндегі үлкен тамыр топырақ бетінен 1,5 м шығыңқы.

Фемистокл ағайдың келіспейтін себебі, мұндай алып ағашты бала кезінен білетін, көрген, қазіргі кезде жасы сексеннен асып кеткен ауыл қарттары әлі де бар екен. Және алып ағаштың мұндай қалпына жету үшін жарты ғасыр уақыт аздық етеді деген түйсігі де жоқ емес.

Сондай-ақ бұл Зайсанның арғы да бергі қуыс-қуыстарын түгел аралаған Фемистокл аға ағаштың тек өңірде ғана емес, Шығыс Қазақстан облысы бойынша да алып екеніне сенімді. Аудан әкімшілігі рұқсат берген арнайы көлікпен Көкжыра ауылына жетіп, тұрғындардан сұрай-сұрай алып дараққа да жеттік. Ағаш ауылдың күншығысқа қараған бетінде орналасқан екен. Ешкімнің бақшасында емес, жеке тұр. Маңында бірер теректер мен қарағаштар өскен екен. Мұның қай ағаштың түрі екенін анықтап сұрағанымызда Ф. Жүнісов ойланбастан «үйеңкі» деп жауап берді.

Жасы жетпіске тақап қалса да, әбжіл қимылдап, ширақ жүретін Фемистокл аға мен көлік жүргізушісі Тілек және мен – үшеуіміз құшағымызды жазып, алып ағашты құшақтадық. Жартысы бос қалды. Демек, мұндай алыпты құшақтау үшін алты адамның құшағы қажет болып шықты.

«Бұл алып ағаштың қашан, кім екені белгісіз. Бірақ шамалап болсын жасын анықтауға болатын шығар. Ол үшін арнайы мамандар келіп жатса, әкеп көрсетуге дайынмын. Жұртшылық Алматының Жаркенті маңындағы әйгілі алып ағаштан басқа дарақтарды біле бермейді. Мұндай бәйтеректер әр өңірде де бар. Тек зерттеу керек. Насихаттауымыз керек», – деді өлкетанушы Фемистокл аға.

Алып ағаш ауылдан тысқары тұр. Қоршалмаған. Адамдар қызықтауға тиісті көненің көзі қазір малға сая, көлеңке қызметін атқарып тұр. Өкініштісі сол, жергілікті тұрғындар мұны білсе де, қаперге алмайтын секілді.

Алматы облысындағы белгілі Әулиеағаштан кейінгі үлкендігі жағынан шығыстағы бірінші ағашпен осылай танысып қайттық.

Бұл NDH порталының Зайсан ауданына жасаған тарихи-мәдени экспедициясы кезінде белгілі болды.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Сіздің ойыңызша, Ұлытау төріндегі Алаша хан кесенесінде Шыңғыс хан жерленген бе?