Жарияланымдар

Кейкінің соңғы түні

08 Тамыз 2017
1480
0
Кейкінің соңғы түні

NDH редакциясының қоржынына торғайлық Дархан Бөгетбаев есімді оқырманымыздан хат келді. Хатта тыл және еңбек ардагері, қарымды қаламгер Бөгетбай Әлмағанбеттің  «Торғайдағы Азаттық көтерілісі» атты тарихи очеркінен бірнеше мақалалар жолданыпты. Порталымыздағы мақалаларды жиі оқып отыратынын, Кейкі батырға қатысты зерттеулердің барлығын үнемі қалдырмай шолып шығатынын хатта жеткізіпті оқырманымыз. Бүгінде қоғам назарын өзіне аудартқан атақты мерген, халық батыры Кейкі Көкембайұлы туралы  атасының көп ізденгенін оқырманымыз айтып өтті.

Бөгетбай Әлмағанбетұлының 2000 жылдары «Торғайдағы Азаттық көтерілісі» атты тарихи очеркі кітап болып басылып шыққан. Кітап торғайлық ұлт-азаттық көтерілісі қаһармандары төңірегіндегі тарихи шыңдықты саясат ықпалынан аршып алып, оқырманға қиянатсыз қалпында ұсынуды мақсат еткен еңбек. 

Осы зерттеудің өн бойында айтып келе жатқанымыздай, Кейкі батыр көтеріліс тоқтағаннан кейін бейбіт еңбек, қалыпты тіршілік өмірге көшкен, ешкімге тиіспеген. Ағайындарына бас болып, солардың мүддесін қорғап, мамыражай тыныш өмір сүруді көздеген. Ешкімге зәбір - жапа жасамаған. Тіпті елге өктемдік, қиянат жасағысы келген Есіл бойының казактарын да зәбірлемей босатып жібергенін жоғарыда айттық.

Бірақ, ескі өкімет кетіп, жаңа өкімет орнап, немесе алма кезек жеңіп, сапырылысып жатқан сол заманда тыныштық табу қиын еді. Жаңа орнаған кеңес өкіметінің жергілікті жердегі саясатын жүргізушілер арасында ұр да жық белсенділік, заң солай деп өзі түсінбей заңсыздық істеу орын алды. Жаңа тәртіптің өзіндік заңы да қалыптасып болмаған. Нұсқау, қаулыларды кім қалай түсінгенін бір Құдай білсін. Осындай жолсыздықтар Кейкіге де келіп соқтықты.

Бірде азық - түлік салғыртын жинауға (прозразверстка) шыққан Торғайдың милициясы өзге көлік таппағандай Кейкінің атын мінуге сұрап, қоярда қоймай жабысады. Шамасы Кейкідей атақты батырдың атын алып мінді деген даңғаза атақ керек болды ма, әлде сонымен беделін биіктеткісі келді ме? Тіпті болмағасын Кейкі айтады.

– Қарағым, мен осы өкімет үшін қан төккен адаммын, мені әурелеме, жалғыз атымды бере алмаймын.

Анау айтқанға көнбей шатысады. Кейкі ақыры оны сабап жібереді. Осыдан бастап Кейкі қауіптеніп, сырғақтап жүреді. Ашутасты, Тасты, Қарынсалды, Қараторғай бойындағы Байтәжі, Едіге және басқа аталардың азық - түлік салғыртына наразы байлары, ішінде Қабылдың Омары бар, Кеңес өкіметіне қарсы күреске шығуды ойлайды. Кейкіге сөз салып, «қол баста, сардар бол» дейді. Патша өкіметіне қарсы күрестің үлкен жолынан өтіп, көп нәрсеге көзі жетіп, санасы оянған Кейкі батыр бұл ұсыныстан үзілді - кесілді бас тартады. Сөйлесуге келген байларды екі рет қуып жібереді.

Ақыры Кеңес өкіметіне қарсылық білдіргендердің сыры ашылып, тексеру жүргенде бар кінәні Кейкіге артып, ұстап бермекші болады. Мұны естіп - білген Кейкі олардың жиналып отырған үстіне келіп, бәрін далаға шақырады. Істеген иттіктерін беттеріне басып: Атып кетейін бе? – деп қорқытады. Байлар жерге кіріп кете жаздап, жан - жаққа қашады. Осыдан кейін Кейкі Тастыдағы ағайындарына келіп, ауылда жүрсем сендерге кесірім тиеді деп, Қарақұм бойындағы Жетікөл қонысын мекендеген құландарға кететін ойын айтады.

Осы екі арада тағы да бір оқиға ұшынады. «Күлік» қыстауына келіп отырған Кейкіге Құлан Қали осы жаққа үш милиция келе жатқанын, сені іздегендер болуы керек деп хабарлайды. Азғана Құланда Қали атты адам көп. Мынау Дүйсек дегеннің әкесі дейді. Онсызда сескеніп отырған Кейкі ауылдан шығып, қыр асады. Қараторғай өзенінің жиегінен түріле шығатын қырқаның Күлік көңі түбінде әжептәуір биік тасты жері бар. Сол қырқадан асып түскен адам ар жағындағы жықпыл - жықпыл сай - сала ойпаңнан көрінбей кете алады.  Ауылдан бір аттының шығып бара жатқанын көрген милициялар қуып береді. Мылтық атады. Кейкі де жауап оқ шығарады. Осы оқиға Кейкінің елден кетуін тездете түсуге  себеп болады. Кейкі амалсыз Қарақұм асады.

Бұл арада Кейкі батырдың Колчак әскеріне қарсы, Орынбордан оңтүстікке ағылған Дутов казактарының зорлық - зомбылығына қарсы күресін баяндай алмаймыз.

Кейбір оқиғалар еміс - еміс болса да естігеннен есте сақталғанмен, уақытында керек болар деп қағазға түсірмегеннен кейін, қашан, қайда болғаны, адам есімдері сақталмаған.

Осы бір қиын - қыстау кезде дұшпандардың Кейкіге жаппаған жаласы, тақпаған кінәсы қалмады десе боларлық еді. Сонысымен олар Кейкіні елге жексұрын етіп көрсеткісі келді. Тіпті туған ағасы Бектепбергенді Амангелдімен араз болды, бір - біріне ататын оғын сайлап жүрді деп өсек таратқан дұшпандары, оның шын күнәкәрі туралы ауыз ашпады. Оқиға болған елде өсіп, өмір сүрген адам нендей бұрмалау сұмдықты естиді екен.

Ағайынды екі адамға осылай деп өсек таратқанда Кейкіге не жорық. Әртүрлі желеулермен Бектепберген қазасын соған таңып баққан. Бұл жөнінде ел арасында мынадай әңгіме бар. 

Бектепберген Жезқазған, Қарсақпай жағынан жолаушылап келіп, бір үйде қонып отырады. Түн ішінде біреулер үй сыртынан дауыстайды.

– Бектепберген! Кейкі келіп тұр. Бері шығып кет.

Әлгі екі адам Бектепбергенді табан жолда атып тастап, түн жамылып тартып отырады. Мұны «Әбдіғапар хан» кітабында Мақсұтбек Сүлейменов Арал жағында болған депті. Анығында біздің ел (Торғайды айтамын Б.Ә.) Жезқазған, Қарсақпаймен көп араласқан. Бектепберген де өз қоныстарына жақын осы жаққа көп қатынаған.

Көкекше өз атын атап, шақырып алып, Бектепбергенді атып кететін Кейкі қорқақ, жасқаншақ екі жүзді адам емес. Өлтіргісі келсе күндіз тапа - тал түсте, көзінше атып кетер еді ғой.

– Мен Кейкімін, Бектепберген бері шығып кет, – деп шақырған екен дегенге сенбеймін. Егер Кейкімен араздығы, дұшпандығы болса, немесе оның ренжіп жүргенін білсе (білмеуі мүмкін емес),  Бектепберген шақырғанға шықпаған болар еді ғой. Кейкі де бұлай бейбіт шақыра алмаған болар еді. Кейкінің қуғын - сүргінде жүргенін пайдаланып, әдейі таратылған өсек. Ел алдына шығып, оны жоққа шығаруға мұршасы жоғын біліп істеген зұлымдық. Бектепбергеннің ізін аңдып, қапысын тапқан әккі дұшпанның ісі, Амангелді жауларының ойлап тапқан айласы. Әбдіғапарды атқандардың ішінде Бектепберген де болды деген сөз бар. Бұл шындықтан қашық емес. Өз қолынан атқаннан кейін ханның кегін қуғандардың мұндай әрекетке баруы мүмкін ғой. Сол бір қанқұйлы заманда не сұмдықты да күтуге болатын еді. Басқа - басқа Кейкіні Бектепберген қазасына араластырудың осындай айла - шарғысы бар. Демек, Кейкіні Бектепберген өліміне кінәлі деу негізсіз.

Дала қыранындай еркін ұшып, ешкімге кіріптар, тәуелді болғысы келмеген Кейкі батыр Қарақұм шағылдарында да байыз таппады. Оның төңірегінде өзі сияқты үкіметке жазықты, жазықсыз алакөз болғандар топтасты. Барлығы 60 - 70 қарулы адам болды. Оның ішінде дүкен тонаған, ұрлық қылған қылмыскерлер де бар еді. Соның бірі – Қыпшақтың Кедел атасынан шыққан, азғантай әрі кедейлеу ру Сазаннан Нысанбайұлы Шошай деген болды. Кейкі оны өзінің азғана сарбазының ханы етіп сайлады. Бұл кәдімгі бас жеп, бата қайыратын «хан» еді. Кейкінің соңғы түнгі ажалына себеп болған да осы Шошай.

Ақыры Кейкі Қарақұмдағы жігіттерін таратып, өзі жақын інілері, серіктерімен елге оралады. Бірақ мұнда да тыныштық жоқ екен. Болыстық милициялар бықсыған шаланы қайта үрлеп, мұның соңына түсті. Кейкі Тасты, Қарынсалды, Ащутасты, Сарыторғай, Қараторғай өңірлерін паналап, қуғын - сүргін өмір өткізуге мәжбүр болды. Кейкіні ашық шайқаста ала - алмайтынын білген дұшпандары оның  ізін аңдып, қапысын табуды көздеді. Бір рет оның сәті де түсе жаздады.

Сарыторғай жақпарларының біріндегі өзен аңғарындағы иесіз тұрған қыстауға келіп, тыныш жатқан Кейкіні болыстық милицияның бастығы Әтембеков Ыбырайдың отыз шақты жігіті тапа - тал түсте қоршап алады. Кейкі демалып, суға түсіп жатқан. Суға түсіп жатқан Кейкінің інісі Шұбар (Ермағамбет) тағы бір жігітті атып өлтіреді. Қоршауға түскенін білген Кейкі дайын тұрған атына мініп, қоршауды бұзып өтуді көздеді. Айнала тас, жарлауытты тұйық судың жиегіндегі қыстаудан тоғай арасымен жалғыз аяқ жол шығады. Қыстауға кіретін де, шығатын да жол осы. Ол милиция жігіттерінің қолында қалады. Кейкі қолына мылтығын кезей ұстап, атын пәрменінше ағызып, топты жарып өтті. Батырдың сұсынан қорыққан жігіттер бірде - бір қимыл жасай алмайды. Шетте тұрған Әтембектің Ыбырайын көріп қалған Кейкі оған айғай салады:

– Әй, Әтембектің қуы! Сен аман қал. Бұл жолы боғыңды суытпай кетейін.

Кейін Ыбырай ағынан жарылып, қатты қорыққанын өзі мойындапты.

Мен Кейкінің қалай қуғынға түскені туралы әңгімені Ахмет Егубайұлы (1902 - 1992) ақсақалдан және Жаңбыршы Жаңғабылов ақсақалдан жазып алған едім. Мұны өзгелерден де естігенмін. Ал, жаңағы жартастағы әңгімені Сарыторғайлық, ескі сөзді көп білетін Жанафин Аймұханнан (1904 жылы туған) естіп, 16 сәуір 1973 ж. қағазға түсірген екенмін. Кейкі паналаған қыстау атауы есімде қалмапты. Міне, осы оқиғадан кейін қайта Қарақұмға асуға мәжбүр болады. Баяғы 60 - 70 жігітті қайта құрап алады. Ханы жаңағы Шошай.

Революционер, саяси күресте шыныққан Әліби Жангелдинді кешегі азаттық көтерілісінің жауынгер батыры, қанды көйлек досы Кейкінің тағдыры ойландырмай қоймаған сияқты. Әліби Кейкінің қуғынға ұшырап жүргенін біліп, оған арнаулы хат жазып, адам жіберген дейді. Онда Кеңес өкіметіне бағынып, оған қызмет ету ұсынылған. Бірақ, бұл әңгіме әлі күнге ресми құжатпен анықталмаған.

Әлібидің осы хатын алып, сол кездегі Торғайдың төтенше комиссары, жергілікті адам, қазақша жақсы білетін Александр Токарев барады. Кейкімен келіссөз жүргізіп, оны Кеңес өкіметіне қызмет етуге шақырады. Кейкінің жігіттері қаруларын тапсырады. Оларды Торғайға басқа жолмен аттандырады да, Токарев Кейкіні, әйелі Ақыжан мен інілері Түскен мен Қалиды өзімен бірге Торғайға алып жүреді. Кейкілердің де қаруын алдыртады. Ал, өздері қарулы, сол күні олар көктемгі лайсаң батпақта Торғайға жете алмай, онан 25 шақырымдай жердегі Кесік қопадағы Баянтаңат Нұршабайдың Әбдіхалығының үйіне қонады. Ерте көктем. Жұрт әлі қыстаудан шықпаған. Әбдіхалықтың әкесі Нұршабай ақсақал Кейкімен әңгімелесіп, мән жайға қанығады.

– Манафас оғлан болды ма? – деп сұрайды Кейкі Нұршабайдан.

– Қайдағы Манафас, – дейді Нұршабай. – Ондайды естіген жоқпыз.

Кейкінің көңіліне күдік кіре бастайды.

– Апырмай, Қыпшақтан шыққан бір батыр едің, Амангелді сияқты сені де опат қылмаса не қылсын. Кеңес өкіметіне сен не қызмет істей аласың?

Анық алдауға түскен екенмін деген Кейкінің күдігі арта түседі. Токарев мұны тұтқындағандай қару - жарағын неге алады? Сарбаздарын неге бөлек айдады? Бұған сенбесе қасына неге екі күзетші қалдырады? Шынында бұл Токаревтің де қателігі еді.

Сол түнде ұйықтап жатқан жерінде Кейкі Токаревті өлтіріп, екі адамын тұтқынға алып қалады.

Бұл әңгімені мен бірнеше адамнан естіген болатынмын. Жоғарыда келтірген Ахмет Егеубайұлы деген ақсақал бұрын естімеген мынадай бір жәйтті сөз етті.

– Таңертең далаға шықсам, еңгезердей бір адамды иығына салып әкеліп, шанаға тастай салды. Бұл Токаревтың сүйегін шығарып жатқан Кейкі екен. Бәрімізді жинап алды. Ішімізде Сарытымақ Төлебай деген милиция бар. Соны қатты қолға алды.

– Менің сарбаздарым қайда? Торғайға қай жолмен жүреді. Өтірік айтсаң атып кетемін. – Ана байғұс қорқып, білгенін айтты. Осы жолмен жүреді деген. Бірақ, оларды Торғайға басқа жолмен әкеткен болып шықты. Бізді сәске түсте босатты.

Торғай бойында Дәулетбай, Медет деп аталатын екі ата Құлан Қыпшақ бар. Тасты жағынан ояздан жер сұрап алғанда олар 40 үй екен. Сол көлемге жерді де шақтап берген ғой. Құнанбай айтқандай, жер өспейді, ел өседі. Келе - келе Торғай құландары өсіп - өніп, Тасты бойындағы азғана жерге сыймайтын болған. Содан Жыланшық маңындағы Ұзынкөл, Байжұма деген қоныстарға орналасқан. Құлан Қожабек бірбеткей өр, қақсойылдың адамы болған. Шашамбайдың Рахметінің түнгі жорықтарына көп қатынасқан, оған қарындасын беріп ілік болған. Рахмет сәждаға жық, намаз оқыт деп бірнеше рет адам жіберсе де көнбеген. Соңғы келген екі молда бір жеті жатып, кетпей қойғасын Қожабек былай депті:

– Бір сұрағыма жауап берсеңдер айтқандарыңды орындайын. Осы, о дүниеге барып, жұмақты көргендерің бар ма? ... Бұл оның алпыстан асқан кезі екен.

– Өзіңді құдайсыма, мені құлансыма, – деп Рахметтің бетін екінші қайтаратын осы Қожабектің баласы Тілеулі деген кісі. Құландар аз, әрі кедей болғанымен осындай өр мінезді, батыл, батыр адамдар болған.

Кейкі Медеттен тарайды. Көкембайдан бес ер бала туады. Олар Оспан, Қосжан, Омар, Кейкі (Нұрмағамбет): Шұбар (Ермағамбет). Омар ақылды, елге сыйлы кісі болған. Кейкінің кей істеріне риза болмай тоқтау айтқан.

– Боғыңды суытып кетермін, – депті Кейкі.

– Ел ішінде бір тентек жүре берсін, – депті Омар. Еркіндікті шексіз сүйген Кейкі батыр өз ақылымен ғана іс қылған.

Кейкі мұсылманша хат таныған адам. Бес уақыт намазын үзбеген. Біз бір кезде сауатты, сауатсыздықты орысша оқумен ғана есептеген сияқтымыз. Бүкіл қазақ халқын надан, сауатсыз деп көрсеттік. Ауыл сайын мешіт салып, өздерінің білімімен аз болса да балаларға қара танытқан молдалардың оқуын есепке алмадық. Бес уақыт намаз оқу, салауат айту, шариғат заңдарын насихаттау, үгіттеу сауатсыз адамның қолынан келе бермейді. Сонымен Кейкі батыр да ауыл молдасынан оқыған, мұсылманша қаріп таныған адам деуге болады.

Ол Жыланшық алпауыты Шашамбайдың Рахметінің  жылқышы жігіті болған. Кейкі мерген ғана емес, қазақы сойыл, шоқпар қақтығысына да мықты адам. Қарсыласын ат үстінен тобықтан қағып ұшырып түсіретін болған. Қалың орманның ішінде шу асауларды құрықпен көз ілестірмей ұстап, матап, соңына ерген тай - құлындарды сойылмен бір қаққанда қалпақтай ұшырып, жолға кедергі болады деп ертпеген. Әкелгенінің бәрін үлестіріп, өз бойына дарытпаған мәрттігі мол болған адам.

Көнекөз қарттар өздері тірі кезінде «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген», – деп отыратын. Оның ұмсынғаны қате кетпеген.

Кейкінің «сары орыстың – бәрі орыс» деп, сенімсіздікпен қарап, күресетін кезі атты казактар заманы. Орынбордан оңтүстікке шұбырған атаман Дутовтың казактары қырдағы елге көп зәбір жасаған. Ат - көлігін тартып әкеткен, адамдарды атып кеткен. Әйелдерді зорлаған. Алғашқыда қапы қалған халық кейін атты казак орыс солдаттарын бір - бірлеп те, топтап та қырғынға ұшыратып, кек алған. Мысалы, біз жоғарыда келтірген Егеубайдың Ахметі деген кісі өзін алда кеткен отрядына жол басшылыққа алған бір офицерді өз қаруымен атып өлтірген.

– Өйтпегенде серіктеріне қосылғасын мені атып тастау ниеті болды, – дейді Ахаң. Ел ішінде мұндай мысалдар жеткілікті. Кейкінің кейінгі кездегі қаталдығы осындай себептерден барып туындаған.

Бөгетбай Әлмағанбет

«Торғайдағы Азаттық көтерілісі» атты тарихи очеркінен

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Сіздің ойыңызша, Ұлытау төріндегі Алаша хан кесенесінде Шыңғыс хан жерленген бе?