Жарияланымдар

Алаштың ақиық азаматтары еді «Түркістан-20» бәйгесіне.

17 Тамыз 2013
133
0
Алаштың ақиық азаматтары еді «Түркістан-20» бәйгесіне.
Алаштың ақиық азаматтары еді «Түркістан-20» бәйгесіне.

Садық орта бойлы, қарасұр адам.Әскери гимнастерка, беліне офицерский (ол кезде солай атайтын) белдік тағып, галепи шалбар киеді. Басында көсеміміз Сталиндікіндей тік қалпақ. Мұғалім емес, әзірейіл. Түгі сыртына шығып, «әй, малғұн» десе, сыныптың әр оқушысы не істейтінін біледі. Қос кірпішті қолыңа ұстап, бұрышқа жетіп қақиясың да қаласың. Қарсы сөз айтуға құқымыздан айырылғанбыз. Ата-анамыз «Сүйегі менікі, еті сенікі» деп, бізді Садыққа «байлап» беріпті. Отыз шақты баланың қақ жартысының әкелерін соғыс жұтып қойған. Садықтан біз емес, ауылдың бәрі қорқады, НКВД-нің ауылдағы «көзі». Әуелі басқарма да оны көргенде тізесі қалтырап кетеді. Біздің сыныпта мұғалімнен қорықпайтын бір оқушы бар. Ол – Елемес. Әкесі майданнан оралмаған көп жетімнің бірі. Елемес Әлиман апаның өрмектен тоқып берген қапшығын ары-бері арқалап күн өткізген «жаман» оқушы. Бөлменің бұрышын көбіне еншілейтін де сол.

Бір күні сыныпта күтпеген оқиға болды. Артқы партада отыратын Елемес ойда-жоқта қол көтерді. Балалар қозғалақтап қоя берді. Таң-тамаша. Мұндайда мұғалімнің «алып кел, барып келі» – сынып старостасы қарап қала ма?

– Ағай, Елемес қол көтеріп отыр, – деп тақ етті. Садық мұғалім сынып журналын ары-бері аударыстырып отырған. Басын көтеріп алды.

– Не дейді? Елемес пе? Тыңдайық....

– Ағай, – деді Елемес орнынан тұрып, – Осы бізде қазақтың батырлары мен көсемдері жоқ па? Суретін неге іліп қоймайсыз?

Садық мұғалім орнынан атып тұрып, екі аттап Елемеске жетті.

– Әй, күшіктің баласы! Жап аузыңды, – деп ақырып қалды. Сөйтті де Елеместі партадан суырып алып, желкелеген күйі, есікті ашып, сыртқа қарай итеріп жіберді. Жүзі қызарып, тарс етіп, жарылып кететіндей. Біздің бөлменің қабырғасында революция көсемі Лениннің, «ұлы қолбасшы» Сталиннің, погонды Ворошиловтың, мұрты едірейген Буденныйдың портреттері ілулі тұратын...

Уақыт алға жылжиды, бір орнында тоқтамайды. Қазір ойласам, сол оқиғаға алпыс төрт жыл өтіпті. Елеместің сол күнгі «сойқаны» әлі күнге дейін көз алдымда. Алаш баласының қарсылықты үні құлағымнан кетпейді.

* * *

«Алаш» ұранының түпкілікті де, ең басты мәнін Әлихан Бөкейханов «Отан кісісі» немесе «өз елінің патриоты» деп түсінді және солай кең насихаттады.

«...Бүкіл қазақ Алаша ханнан немесе Алты Алаштан тараған, шыққан тегі, түп-тамыры бір болып саналады. Оны ешбір қазақ руы жоққа шығармайды». ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының серкесі Әлиханның «Алаш» уағыздамасын (идеологиясын) ұлттың қайта өрлеу және дамудың ұраны етіп ұсынуы, шынында да, үлкен тапқырлық әрі көрегендік болды: Шыңғыс хан бүкіл мемлекетін төрт баласына бөліп бергенде, Дешті Қыпшақты, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға бөліп берген еді. Сол алты рудың һәр руға өзге бөлек таңба, ағаш, қос береді. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны «Алаш» болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан «Алты Алаш» болады. «Алаш» деген сөздің лұғат мағынасы: «Отан кісісі» деген сөз болады.

«...Сол күнде Жошы ханға «Алаш» деген лақап ат қойылды. Алашы – Алаштың басшысы мағынасында болады. (Әлихан Бөкейхан, шығармасының толық жинағы, 29-30 беттер, «Сарыарқа» баспасы, Астана, 2009)

Алаштың рухани көсемі Әлихан Бөкейханның бұл ұстыны қазақ ұлтына тәуелсіздіктің шапағат шырағындай көрінуінің себебі мен салдары осылай басталған еді.

Осы бір кезеңнің басталуы қазақ жерінде көзі ашық қазақ азаматтарын ақ патшаға қарсы топтастырып, әр жерде «Оян, қазақ!» ұранын ту етіп ұстап, азаттыққа деген талпынысын, әрекеттерін, бірігуін тездетті. Тарихи деректерден белгілі болғандай, 1905 жылы Орал қаласында қазақ облыстарының съезі өтті. Онда қазақ конституциялық-демократиялық партиясын құру туралы шешім алынып, партияның бағдарламасы қабылданды. Съезге қатысқан Әлихан Бөкейханов, Жанша Сейдалин, Бақытжан Қаратаев, Барлыбек Сырттанов, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, тағы басқа қазақ азаматтары еді. Бұл алғашқы бірігудің басы болса, кейінде Торғай, Бөкей ордасы, Жетісудағы Ақсу-Қапал, тағы басқа аймақтарында өркениет бесіктері ашылып, білім ордалары салынып, олар жаққан шапағат шамдары жарқырай жанып, жұрт санасының өсуіне, өмірдің терең түкпірлеріне көз тігіп, саяси-әлеуметтік дәрежесінің қалыптасуына көмегін тигізді. Сондай аймақтың орталығы 1847 жылы салынған Қапал бекінісі болатын. Ал патшаның қараңғы халықты қапаста ұстаудың сан түрлі айласы, қитұрқы саясаты жүргізілген мекенде, Семейден саяси сенімсіз ретінде жер аударылған Көлбай Тоғысов, Жақып Ақбаев сынды Алаш азаматтары да күн кешкен-ді. Бұлардың қатарында Каир университетінің заң факультетін бітірген сегіз тілді жетік меңгерген, кейінде «Мамания» мектебінің оқу ісінің меңгерушісі болған Ғабдолғазиз Мұсағалиев те бар еді. Қапал маңының мектебінің түлегі, Санкт-Петербург императорлық университетінің тұңғыш шығыстану факультетін бітірген, Алаш көсемдерінің бірі Барлыбек Сырттанов бұл кезде Верныйдың әскери-губернаторы Ионовтың ерекше істер жөніндегі шенеунігі қызметін атқара жүріп, бұл топтың басшысы ретінде, бұл өлкедегі қазақ азаматтарының белсенді қызметіне араласады. Кейінде Барлыбек Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасын орындап, 28 баптан тұратын «Қазақ елінің уставын», яғни тұңғыш Конституциясын жазды. Бұл конституция қазіргі уақытқа дейін қазақ заңгерлерін таң қалдырады, өйткені Алаштың аса білімді азаматы, сол кезде-ақ қазақ елінің арман-мақсатын, іске асыратын шараларын, құқын жазып кеткен еді.

Мұның алдында ғана елінің тәуелсіз болуын армандаған Шоқан Уәлиханов Қашқар сапары кезінде Ақсу-Қапалды басып өтіп, «Әттең, мынау өлкеде бір медресе болса» деген арманы 1899 жылы орындалды. Тұрысбек бастаған Маман байдың балалары Қарағашта үш сыныптық мектеп ашты. Ал Жақып Ақбаев осы Қапалда жер аударылып жүріп: «Тұрысбек 18 жыл болыс болған. Құдайға шүкір, ұлдары – Құдайберген мен Тәңірберген әпенділер, інілері Сейітбаттал қажы мен Есенқұл әпенділер өздерінің даңқты әкесі мен ағасының игі жолына түскен. Олар 20-30 мың жұмсап, «Мамания» мектебін салдырыпты, алты адал мұғалім шақырыпты, олар жылына 2500 сомнан айлық алады, жақсы пәтерде тұрады, оларды да байлар берген». (Айқап 1913 ж. №52-151 б.) деп жазды.

Шындығында, тек мұғалімдер ғана емес, бұл мектепте бай, кедей демей, балалар тегін оқыды. Олардың жатақханада жатуы, киім-кешегі, тамағы, оқу құралдары Маман балаларының мойнында болды. Ғабдолғазиз Мұсағалиевты айтпағанда, Файызрахман Жиханғаров діни оқуды Стамбулда бітірсе, атақты әнші Майра Уәлиқызы өнерден дәріс берді, оның жұбайы Мұстақым Малдыбаев – осы мектептің алғашқы директорларының бірі еді. Мұхамедқали мен Фатима Есенгелдиндер балаларға тігін, еңбек істерін үйретті. Адамдардың киімін тігуді ұйымдастырған тігін цехы мектепте істеп тұрды.

Жетісу алабында ашылған үш сыныптық медресені 1905 жылы төрт сыныптық етіп, жаңа «төте» оқу әдісін қолданып, діни сабақтармен бірге жаңа пәндер енгізіп, кеңейткен Маман байдың ортаншы баласы Сейітбаттал Маманов еді. Оны Барлыбек Сырттанов Верныйға шақырып, мектепке осы қаладағы ерлер гимназиясының үлгісін беріп қайтарады. Қараңғы жұрттың көзін ашуға бағытталған алғашқы шаралардың бірі еді бұл.

Маман балалары «Мамания» мектебін 1909 жылы сегіз сынып дәрежесіне көтерген шақта, өздерінен бітірген шәкірттерін қаржы төлеп, шетелдерге оқытуды әдетке айналдырып, Бейсенбай Кедесов, Мейірман Ермектасов сияқты мектеп түлектері, оқу орындарын бітіріп өз ордасына оралды. Маман балалары мектеп қана ашып қоймай, сол кездердегі қазақ басылымдарына көмектесіп отырды. Осы газеттің 1916 жылғы 31 наурызындағы 169 нөміріндегі «Газетімізге көмек» деген мақалада: «...Ойламаған жерден «Қазақ» төтенше шығындарға ұшыраған, халі ауырлағанын байқаған азаматтар азды-көпті көмек берісті... Бізге қымбаты халықтың ықыласы еді, мұны міне көріп отырмыз. Көмек берушілер: Есенқұл қажы Маманов 100 сом, Ғайнижамал Есенқажы жамағаты 100 сом, Тәңірберген қажы Маманов 429 сом, Айтмұхамбет Тұрысбеков 100 сом, Хожа Ахмет Маманов 50 сом, Баймұхамбет Тұрысбеков 50 сом, Құдайберген Тұрысбеков 20 сом...», – деп жазды. (Бұл кезде 3 сомға бір қой, бір ешкі сатып алуға болатынын еске алсақ, мол ақша екенін аңғаруға болады)

Балалардың ішіндегі қара шаңыраққа ие, ең ауқаттысы Маманның кенже баласы Есенқұл еді. Ел көсегесін көтертуді ойлап, қазақ халқының санасындағы дертті біліп, барын да, малын да Алаш жолына салып, олармен ақылдаса, әсіресе Барлыбек Сырттанов, Жақып Ақбаев, Отыншы Әлжанов, Көлбай Тоғысовтармен қояма-қолтық араласып, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Сералин сияқты Алаш азаматтарын қолдап, қоштады. Ағалары Тұрысбек, Сейітбаттал дүниеден ерте өтіп, олардың алған мақсатын, арманын іске асыруда жанқиярлық еңбек етті.

Патша өкіметі бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, әбден қалжырап, қоластындағы бодан халыққа қосымша «соғыс салығын» салды. Қапал уезінің басшысы төтенше жиын өткізіп, оған болыс, старшын, билерді, ауылнаймен қатар ірі байларды шақырды. Бұл тапсырманы біраз болыстар, старшындар мүлтіксіз орындауға ант етеді. Жиынның орта шенінде Есенқұл ортаға шығып: «Соғыс үшін қаржы беруге үзілді-кесілді қарсымын. Өйткені бұл шешім өз қолымызбен адам өлтірумен тең. Олар өз қандас туыстарымыз – түріктер. Ақ патшаның жарлығына құлдық ұрып, ант берген ойларыңнан тез қайтыңдар», – деп ашынып сөйлейді. Есенқұлдың сөзінен кейін көптеген адамдар жиынды аяқтатпай, тарап кетеді. Ызаға булыққан уезд басшысы бұл оқиғаны Верныйға хабарлайды. Олар: «Бүлікшіл Маманов ақ патшаның жарлығына қарсы шыққаны үшін 48 сағаттың ішінде атылсын» деген жедел хат жібереді. Жандармерия Есенқұлдың үстінен іс қозғап, түрмеге қамайды. Елдің игі-жақсылары «Бұл жалған ақпарат, уезд бастығы өшпенділікпен жазып отыр» деген арыз жазып, Верныйға жеткізеді. Бұл қауіпті істің сәтті аяқталуына, Барлыбек Сырттанов араласып, Есенқұлды құтқарады. Ол кезде Барлыбек генерал-губернатордың ерекше істер жөніндегі шенеунігі еді.

«Тарихтан белгілі болғандай Алашорда үкіметі Семейде 1918 жылы жиын өткізіп, қазақ даласында құрылған Алаш үкіметін жақтайтын көзі ашық зиялы қауым мен байларды шақырғанда, оның қатарында менің әкем Есенқұл Маманов та бар еді. Алаш үкіметі тез арада 20 мың әскер құруды ұйымдастыруды қолға алыпты. Әкем Алаш азаматтарына 500 атты сайманымен беруге уәде беріп, оны орындады да. Бірақ Алаш үкіметін де, әкемнің арманын да Кеңес үкіметі орындатпай, күйретті», – дейтін Есенқұлдың баласы Адай Есенқұлов. («Қазақтың Нобелі» кітабы, «Баянжүрек» баспасы, 47-48 бет)

Шындығында азат ел, тәуелсіз жұрт болудың басты шарты – оның әскері болуы, Алаш үкіметінің азат атануы үшін, әскер мәселесі шешілуі міндетті. Алғашқыда Алашорда әскері «халық милициясы», «Алаш әскері» деген әртүрлі аттармен аталды. Шындығы бұлар әскер еді. Оны Әлихан Бөкейханов: «Милиция – бұл біздің әскеріміз» деп нақтылай мәлімдеген. Тарихшы Сейітқали Дүйсеновтың айтуынша, 1918 жылдың қаңтар және мамыр айларында бірінші Алаш атты әскер полкі құрылыпты. Оны ұйымдастыру мен жабдықтауда Әлихан Бөкейханов, капитан Хамит Тоқтамышев, Семей уездік ведомствосының төрағасы А.Қозыбағарұлы, М.Тынышбаев, Р.Мәрсековтер еңбек еткен. Алаш атты әскер полкінің қатарына 18 болыстан адам шақырылған. Олардың сапында Әлихан бастап, Мұхтар Әуезов, Халел Ғаббасов, Абайдың баласы Тұрағұл Ибрагимовтер бар еді. Солардың бірі емес, бірнешеуі Есенқұл берген аттарды мініп жүруі де мүмкін.

1913 жылы сонау шалғайдағы Орынборда шығатын «Қазақ» газеті бетінде Есенқұл Маманов қазақ романына бәйге жариялағаны туралы хабар басылды. Бұл ашық хатта «Ардақты азаматтар! Жаңа бас көтеріп келе жатқан әдебиетімізге бір қызмет бола ма деп басталатын ниет еді, бұған әрқайсыңыз ниет етіп, ұлт әдебиеті құрметіне сыншылықты қабыл етулеріңізді өтінемін» деп жазылған еді. «Қазақ» газетіне бұл хатқа екі жауап жазылды. Оның бірін қазақ халқының көсемі деп танылған, Алаш азаматы Әлихан Бөкейханов жазса, екіншісін «Қазақ» газетінің басқару комитеті еді. «Роман сыны маған қол емес. Бірақ бұл күнде қажы атаған соң, мұнан қашу маған жол емес. Мәдени жұртта көркем кітап жазып отыратын Ахмет, Міржақып, газетаның уақ ісіне есіл ғұмырын байлап отыр. Білгенді қылам дегенге жұрт керегі қойылып жатыр ма. Шәкерім, Ахмет, Міржақып... жеріме түсті демесе, мен сыншы қарызын өткеруге құл болдым. Әлихан. («Қазақ» газеті, №20, 18 апрель, 1915 жыл), (Қазақ энциклопедиясынан, 182-бет)

«Есенқұл Мамановтың бұл бәйгесі Альфред Нобель жұмысымен салыстырып қатар қоярлық дәрежеде болмай, піл қасында бүргедей болғанымен, құдығына қарай қауғасы деп, жаңа ғана әдебиет жолында аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан жұрт үшін бұл ерлік, тіпті Нобель жұмысынан да артық деп айтқымыз келеді. Құдай тағала әрқашан да Есенқұл секілді ер көңілді байлардан қазақ жұртын кенде қылмасын деп тілейміз.

(«Айқап» журналы, №7-8, 1915 жыл, 102-105 бет)

Ойға тоқысаң, Алаш ұранының негізгі мәні «Өркениет жолына түс, өзіңнің мемлекетің үшін күрес, қараңғы жұртыңа білім бер. Ұлттық намысыңды, азаттығыңды ойла» дегенге тіреледі десек, осы бір ісімен Есенқұл Мамановтың романға бәйге жариялап, ұлт әдебиетіне қамқор болуының мақсаты, Алаш қозғалысының қайраткерлеріне қосылуы десек артық болмас.

Кеңес үкіметі қазақтың азаттық алуына бірден-бір қарсы болған, қас дұшпаны екені айдан анық. Оның дәлелі – Алаш қайраткерлеріне жаудай тиді. Мысалы, Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановты Мәскеуде бір бөлмелі үйде қамап ұстап, қазақ еліне жақындатпады, ақыры өлтіріп тынды. Енді-енді белсене бастаған азаматтарды репрессияға ұшыратып, атып тастады. Еліміздің азаттығын аңсап, Алаш үкіметін жақтайтын көзі ашық қауым мен байларды «бай» деп жер аударды, түрмеге жапты, азаптап өлтірді. Есенқұлды «қоғамға қауіпті элемент» деп 6 ай тексеріп, байлығынан басқа қылмыс таппаған соң, толық тәркілендіріп, Талдықорған УВД-ның ОГПУ-дің 15 март, 1929 жылы 58-10 бабымен 3 жылға Орынбор облысына жер аударды. Алаш азаматы 1932 жылы 13 қаңтарда өкпесінен суық тиіп қайтыс болды. Денесі Орынборда жерленді.

Бұл бәйгенің нәтижесі туралы ешбір басылымдарда кезінде ешбір хабар болмаған. Мүмкін бұған сол кездегі аласапыран уақыт, бірінші дүниежүзілік соғыс зардабы, ақ патша саясаты әсер етті ме, кім білсін, тек 1990 жылы «Алматы Ақшамы» газетінің 29 қаңтардағы №24 санында Зейтін Ақышевтың «Шындыққа шындап бет бұрайық», – деген мақаласы жарияланды. Онда былай делінген еді. «Есенқұл бай «Қазақша романдарға бәйге тігемін» деп «Айқапқа» жариялап, сол журналдың 1914 жылғы нөмерінде «Жарнама бойынша 5-6 романның қолжазбасы түсті, соларды Семейде қаратсам деймін, өйткені бұлардың дұрыс бағасын беретін азаматтар Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Манап Тұрғанбаевтар Семейде отыр», – деп тағы хабарлаған. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы» мен Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелігінің» бәйге алғаны белгілі. «Егер Есенқұл ақсақал көп жыл тірі жүрсе, швед ғалымы Нобельдің үлгісімен жыл сайын осындай бәйге берілер еді деседі, сол жайлы білетін ақсулық қарттардың кейбірі» деп жазды.

Өмір бір орнында тұрмайды, алға жылжиды. Ойлап қарасақ, біздің ұлттың тарихымызда Алаш қозғалысы, оның қайраткерлері, жалпы ұлттың өсіп-өркендеуі туралы жасық ойлар мен тұжырымдар жетерлік. Бір ғана мысал. Қазақты бай мен кедей деп бөліп, бір-біріне айдап салу, соның көрінісі емес пе. Нақтылай айтсақ, ақ патшаның да, Кеңес үкіметінің де жымысқы саясаты. Өзімнің елім, жұртым деп, ішкен асын жерге қойған, сол үшін «таяқ» жеп, сотталып, жер аударылған талай байлар, тіпті соңғы кеңес басшылығының жарлығымен ақталды ғой. Қаншама құжаттары КГБ-ның мұрағатында шаң басып жатыр. Шынын айтсақ, «Алашпын», «халқым» деп басын құрбандыққа шалған қайраткерлердің дені, кезінде «елім» деген бай балалары, әлеуетті отбасынан шыққандар екені анық. Қараңғы кедейлер оқу оқып, білім алып, оң мен солын аңғаруға шамасы жеткен жоқ. Жоғарыда айтқан «жасық ойлар» әлі де саясаттың қойны-қонышынан шығар емес. Олай десек, тұңғыш меценат, халық үшін басын өлімге тіккен Есенқұл Маманов туралы да айтылар тарих, оның ісін жас ұрпаққа үлгі тұту парыз. Осындайда бүгін ұрпақтың Алаш көсемдері туралы түсінігі таяз екені айтпасқа болмас. Аты-жөнін шатастырып, басқа ұлттың алдында бетіміздің қызаратыны да жалған емес. Рас, талай ғасыр бойы Махамбет, Исатай, Кенесары, Бөрібай, Лепсі, тағы басқа қаншама бас көтерулердің болғаны ақиқат. Менің ойымша, осының ішінде азаттық үшін күрескендер Алаш азаматтары десем қателеспеспін. Меніңше, оларды насихаттау кемшін, оқулықтарда олардың еңбегі үстірт, тіпті қателерге бой алдырғаны да жалған емес. Әр жерде бір қалқиған олардың ескерткіштері бар десек те, «бөрі сырын алдырмас, сыртқа жүніне қампайтардың» кері. Мысалы, балалардан Мұхтар Әуезовтің ескерткішін көрсетіп «мына адам кім?» деп сұрағанымызда, «ол ата ғой» дегенді талай естідік, яғни орыстілді қазақ балаларына атақты қаламгер жөнінде ешкім түсіндірмеген, түсіндірсе де ұлттың мінезіне үйлестірмеген, Мұхаңның жазушы екенін білсе де, Алаш қайраткері болғанын білмейді.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Десек те, «ауызды қу шөппен сүрте беру» жарамас. Тәуелсіздік алғаннан бері көше, мектеп, театр, ауыл, мекен аттары Алаш қайраткерлерінің есімімен аталып жатқаны көңіл қуантады. Өкініштісі, солармен бірге «қызыл қырандардың» ескерткіштері де қалқиып тұр. Солардың орнына мың өліп, мың тірілген қазақтың көсемдері тұрса дейсің.

Иә, «көш жүре түзелер». Естігеніміздей, қазақ тарихын қайтадан жазу туралы бетбұрыс басылыпты. Тәубе! Өлгеніміз тіріліп, өткеніміз жанар тірлік қой, бұл. Тек іс оңынан болғай...

P.S. Тәуелсіздік алған жылы ұстаздық қызметімде мынандай бір оқиғаға куә болдым. Мен жетекшілік ететін сыныпқа кірсем, топ оқушы ескі саяси картаны алдарына алыпты. Көрнекі құралдар тұратын шкафтан тауыпты. Қағаздағы «Қазақ Советтік Социалистік республикасы» деп жазылған тұсты өшіріп тастап, орнына «Тәуелсіз Қазақстан Республикасы» деп жазыпты. Ойыма «сотқар» кейіпкерім Елемес түсті. Текті қазақ ұлтының ұрпағы бабалар ісін ары қарай жалғастыратынына сендім. Тәубе!

Шәкен Күмісбайұлы, жазушы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері
Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?