Жарияланымдар

Павлодар мемлекеттік университетінде Олжабай батырдың 300 жылдығына орай конференция өтті

27 Қазан 2013
77
0
Павлодар мемлекеттік университетінде Олжабай батырдың 300 жылдығына орай конференция өтті
Павлодар мемлекеттік университетінде ХVІІІ ғасырдың ержүрек батыры, қазақ халқының азаттық жолындағы күрескер Олжабай Толыбайұлының 300 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция өтті.

2013 жылдың 25 қазанында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ХVІІІ ғасырдың ержүрек батыры, қазақ халқының азаттық жолындағы күрескер Олжабай Толыбайұлының 300 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған «Олжабай батыр – ел қаһарманы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Аталмыш іс-шараны ашқан С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов өз сөзінде: «Тәуелсіз Қазақстан жарқын болашаққа ұмтылып, әлем қозғалысына қосылуда. Осы жолда ата-баба тарихы ғана бізге қазыналы өсиетімен жол сілтейді. Қазақ даласының ұлылығын, халық мәдениетін, шежіресі мен салтын біз өткен тарихтан ғана аламыз. Ал, тарихтың ең басты міндеті – ұлттық абырой мен патриоттықты тәрбиелеу болып табылады», – деп айтқан болатын.

Конференцияның пленарлық отырысында ПМУ Журналистика кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., ЖАҚ профессоры Қырықбай Алдабергенов, ф.ғ.д., ПМУ профессоры Айтмұхамет Тұрышев, Олжабай батырдың ұрпағы Мырзакәрім Хақанов, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ Археология, этнология және отандық тарих кафедрасының доценті, т.ғ.к. Арна Мұқанова өз баяндамаларын ұсынды.

Конференция аясында келесі бағыттағы секциялардың жұмысы өтуде: қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын зерттеудің теориясы мен тәжірибесінің мәселелері; «Халық тарих толқынында» Ұлттық бағдарлама аясындағы тарихи зерттеулердегі жаңа әдіс-тәсілдер; қазақ әдебиетінің мәдени құндылықтары.

«Патриоттық сезімдер халықтың өткенімен байланысты тарих арқылы қалыптасады. Сондықтан, тарихты зерттеу мен насихаттау бүгінгі күні ерекше мәнге ие. Бүгінгі конференцияға арқау болған Олжабай батырдың да тұлғасы кейінгі ұрпаққа үлгі болатыны сөзсіз»,- деді Нұрлан Тельманұлы конференцияның қорытынды сөзінде.

Дерек көз: psu.kz
Сауалнама

Ұлттық үлгідегі қандай киімді тұтынасыз?