Жарияланымдар

«Азиат» десе төбе шаштары тік тұратын

08 Мамыр 2017
9002
1
«Азиат» десе төбе шаштары тік тұратын
Оларды неміс жауынгерлері де қинады, совет халқы да бұларды «сатқын жауынгерлер» ретінде қызыл террорға теңеді. Олар ажал аузынан құтылып келсе де, алдында алапат қасірет күтіп тұрды. Айдалды. Арбалды

Дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс миллиондаған жауынгердің өмірін опат қылды. Осынау бір қасіретті жылдардың алғашқы жылында совет әскерлерінің біразы тұтқын ретінде ұсталып, Германия жеріндегі абақтыларға қамалды. «Ажал ордаларына» айдалған қаншама сарбаздың өмірі қасіретке айналды. Оларды неміс жауынгерлері де қинады, совет халқы да бұларды «сатқын жауынгерлер» ретінде қызыл террорға теңеді. Олар ажал аузынан құтылып келсе де, алдында алапат қасірет күтіп тұрды. Айдалды. Арбалды. Қара күшке жегілді.

Соғыстан бұрын тұтқындар жөнінде Гаага мен Женева конвенциясына қол қойылды. Сондықтан қол қойып құптаған мемлекеттер соғыс жылдарында тұтқынға түскен өзге елдің сарбаздарына адамгершілікпен қарады. Сталиндік саясат бұл қаулыға мойынсұнбады. Сол себепті оның сарбаздары адам төзгісіз қасіретті көрді. Түрлі медициналық сынақтардың ошағына айналды. Тіпті крематорийларда өртеніп, сүйегі күлге айналды. 

Советтік үкіметтің «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деген ұстанымы  миллиондаған тұтқындардың тағдырын құпияға айналдырды. Соның салдарынан әлі күнге дейін қаншама қазақстандықтар, совет елдерінің өкілдері аталарын «сатқын» ретінде еріксіз «мойындауға» құлықты болды. Осынау қасіретті тарихтың сырына үңіліп, ақиқатын іздеген  «Қазақстан» ұлтты телеарнасының тілшісі Азат Рыстанбектің «Журналистік зерттеу: Азатты абақтылар» атты телебағдарламасы бірнеше жыл бұрын қоғам назарын өзіне аудартқан болатын. Содан бері бұл тақырыптар газет-журнал, телебағдарламалардың басты назарына ілінді. Қазақ тарихшылары мен тұтқындар ұрпақтарын бұл тақырып енді ғана айналып өтіп, ақиқатына жол сала бастады. Ақтаңдақтар мен ақиқат шыңдығы ашылды.

Тұтқындардың лагерінің ошағы болған Германия жерінен, ондағы концлагерлердің архиві мен деректерін қатар шолып жүріп, жасаған зерттеудің жемісі өз пайдасын берді. Қуанышты жаңалықтың жаршысы болған Азат Рыстанбек ағамызбен оқырман назарын аудартқан зерттеуі туралы аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Екінші дүниежүзілік соғыстағы әскери тұтқындардың тағдыры – әлемдік тарихтың ең бір қасіретті беттерінің бірі. Бұл қасіретті зардапты Екінші жаһандық соғыстағы совет сарбаздары, оның ішінде біздің де аталарымыз көрді. Көп тарихшы мамандардың  өзі бара алмай жүрген тақырыпқа қалай келдіңіз? Журналистік зерттеу жүргізуге не түрткі болды?

– Менің атам Рыстанбек соғысқа қатысқан. Германияға дейін жетті, жеңістің куәсі болды, елге аман оралды. Ал оның інісі Ортай хабарсыз кетті. Мен ең болмаса оның қайда жерленгенін анықтамақ болып біраз іздендім. Жат жұртта қалған жауынгерлерді іздестіру, анықтауға қатысты зерттеу жұмысы осылайша  өз атамнан бастау алды десем болады. Мені бұл тақырып журналист ретінде қатты қызықтырды және Жеңістің 70 жылдығында  «Қазақстан» РТРК басшылығына Германия, Чехия аумағындағы қорымдарды, оның ішінде қазақтар жатқан зираттарды түсіріп қайту туралы ұсыныс жасадым. Жоба мақұлданды, жоспар іске асты. Бұл туралы хабар эфирге берілді, туысын тапқандар да болды. Сол кездегі Қазақстанның Германиядағы төтенше және өкілеттіелшісі, қазіргі Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Нұрлан Онжановтан сұхбат алу кезінде тұтқындарды іздестіру, оларды анықтау жобасы қолға алынып жатқанын білдім. Дипломаттар «Арманда кеткен боздақтар» атты кітап әзірлеп жатқандарын, онда алғаш 6 мыңнан астам әскери тұтқын туралы дерек енетінін айтты. Оны жинақтаған сол кездегі консул Рысқали Дәуренбек болатын. 

Бұл кітапқа бірінші бетінен соңғы бетіне дейін фашистік Германияға қарсы күрестің ауыртпалығын артқан, адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген ең қанды соғысқа арналған. Бұл – Ұлы Отан соғысының қан майдандарынан оралмаған, осыған дейін «хабарсыз кеткендер» тізімінде болған жерлестеріміз туралы кітап. Кітаптың тұсаукесер рәсімі Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Елордамыз Астана қаласында өтті. Оқырманға үлестірілді. Ол туралы уақытында баспасөз беттерінде материалдар жарияланды. Бұл кітаптың маңыздылығы ұлттық тарихымызды түгендеуге де үлесін қосуында. Өткен соғыстың сабақтарын түсініп, есімі аталмай кеткен ардагерлерімізге құрметін көрсету болды. Ендігі жерде мен «Арманда кеткен боздақтар» кітабындағы мәліметтер негізінде тұтқындардың қайда ұсталғанын, қайда жерленгенін анықтауға тырысып, өзім қызмет етіп жатқан корпорацияның экс-басшысы Нұржан Жалауқызына тағы ұсыныс жасадым.  Қолдады, сапарға қаржы бөлді, нәтижесінде алғаш «Бухвенвальд», «Цайтхайн», «Заксенхаузен» деген лагерлерде болдық. Соғыс кезіндегі аты дүркіреген лагерьлердің архивіне түсіп, алаңқайларынан видеоға түсірілім жасадық. Соның арқасында арнайы жобамызға материал дайындадық.

Қанқұйлы тарихтың ізі қалған ажал лагерлерінің архивін ақтарып отырып, бір кездері құпия болған қазақстандықтардың құжаттарын таптық. Сол жердегі неміс мамандарының көмегімен қазақстандық сарбаздардың зираттарын анықтадық. Сол бағдарламаны эфирден көрсеткеннен кейін бірнеше адамның туыстары да табылды. Бұл жұмысты әлі де жалғастырып келемін.  Бір айта кетері, совет кезінде және күні кешеге дейін бұл тақырып жабық болды. Себебі Сталин бұйрығына сай тұтқынға түскендер жаппай сатқын деп айыпталды, олар жайлы мәлімет берілмеді. «Хабарсыз кетті» делінгендердің бәрі дерлік тұтқында болған және сонда қайтыс тапқан.

– Зерттеу жұмысын жүргізу барысында Германияның қандай концлагерлерінде болдыңыздар? Архивтік дереккөздер мен концлагерь құжаттарында қазақстандықтарға қатысты дүниелер сақталып отырған ба. «Ажал лагерьлері» деген атқа ие Германия концлагерьлерінде тұтқындалған совет әскерлерінің ішінен қазақстандықтарды қалай ажыратып алдыңыздар? Тіпті олардың барлығы бір шұңқырға жерленгендері де бар. Олардың нөмерлік құжаттары архивтерде сақталған ба? Сол құжаттарды зерттейтін мамандар туралы айтып өтсеңіз?

– Жалпы Еуропа аумағында 1700 астам концлагерь және олардың филиалдары болған. Мен қазірге дейін сақтаулы тұрған, бүгінде мемориалдық кешенге айналған 3 лагерьде ғана болдым.Олар –Германиядағы ең қорқынышты болған қасіретті лагерьлер. Олардың бір ерекшелігі әрбір концлагерьлер өз мемориалдық кешендерін қаз-қалпында сақтап, кешеннің ғылыми-зерттеу орталықтарына дейін сақталған.Әрбір кешеннің өз мұрағаттары мен музейлері сақталған. Өзім «Бухвенвальд», «Цайтхайн», «Заксенхаузен» деген лагерьлерде болдым. Барлығында қазақстандықтардың құжаттары бар, нацистер кезінде олардың әрқайсына жеке парақша толтырған, суретке түсірген,  тіпті қол іздеріне дейін алған, сол арқылы көбінің жатқан жерлерін анықтауға болады. Мәселен «Цайтхан» деген бір лагерь аумағында 130 астам жерлесіміз жатыр, «Бухенвальд» лагерінен 30 тізім шықты т.б.

Ал «Заксенхаузенде» ондаған тұтқынның дерегі бар. Бұл – өте үлкен жұмыс. Немістер  архивтік құжаттарды анықтау  жұмыстарына қолдау жасауға дайын, біздің тарихшыларды бірлесіп жұмыс істеуге шақыруда. Оның үстіне тұтқындарға қатысты деректің бәрі Мәскеудегі Подольск архивінде жатыр. Олардыалукерек, ақтарукерек, ол да үлкен шаруа, кешенді іс. Сол кезде ғана әскери тұтқындарға қатысты жалпы дерек белгілі болуы мүмкін. Президент мұрағаты дерегі бойынша 200 мыңдай жерлесіміз тұтқында болуы мүмкін деген дерек бар. Тіпті бұл статистика одан да көп болуы мүмкін. Қазірде солардың 30 мыңдайы белгілі болып қалды.Олар «Тұтқын.кз» сайтына жарияланып жатыр. 

–  Бұл бір Ұлы Отан соғысының ақтаңдақ тарихынан сыр шертетін тақырып қой. Елімізде тұтқындар тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізіп жүрген мамандар бар ма? Олармен ақылдасып, бірлесіп жұмыс атқардыңыз ба?

– Тақырыпты терең зертеген және тұтқындар мәселесін алғаш көтерген Қазақ ұлттық универсиитетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Гүлжауһар Көкебаева болатын. 90-шы жылдары алғаш Германия мұрағаттарында жұмыс істеді, монография жазды, осы тақырып бойынша докторлық қорғады. Президент мұрағатымен бірге басқа да тарихшылар бар. Мен олармен тығыз жұмыс істедім, олардың көмегі өте көп болды.Себебі құнды деректердің бәрі солардың қолдарында. Барлығы жаппай айыпталған майдангерлерді ақтау керектін айтып келеді. Айтуларынша, олар тұтқынға әдейі түскен жоқ, бірі жаралы болды, енді бірі қорғануға қауқары болмады, қару жетпеді, көбісі қашып шығып жаумен қайта соғысты. Бірақ советтік үкіметтің  оларға деген көзқарасы дұрыс болмады. Елге келгенде халық жауы саналды, қолдау жасалмады, кейбірі сотталды, Сібірге айдалды. Сталин қазасынан кейін көбінің айыбы жеңілдеді, кейбірі ақталды, босатылды. Бірақ «сатқын» деген жаладан құтылған жоқ. Сондықтан бұл тақырыпқа құқықтық баға беретін уақыт жетті деп ойлаймын.

– Германия үкіметі тұтқындарды өлтіріп, азапқа салып қасірет салғаны үшін «өтемақы» төлеп жатыр. Жалпы осы тақырыпқа зерттеу жүргізіп көргендіктен бұл өтемақыны алған қазақстандықтар бар ма? 

– Германия Бундестагы (Парламенті) көзі тірі тұтқындарға өтемақы беру туралы заңды жеңістің 70 жылдығына орай қабылдады. Бертінде бұл жаңалықты үкімет жариялады. Осы сәттен бастап ТМД елдерінде, оның ішінде Қазақстанда әскери тұтқындарды іздестіру, құжаттарын жинау жұмыстары басталды. Бұл жұмысты Президент мұрағаты қолға алды. Себебі  кезінде құзырлы органдарда болған құпия деректер, құжаттар сонда тапсырылған және қазір «Тұтқын.кз» сайтына жарияланып жатыр.  Яғни, жаппай айыпталғандарға деген көзқарасты өзгерту, олардың мәртебесін айқындау жұмыстары қолға алынды.

Президент мұрағатының көмегімен, жергілікті архивтердің қолдауымен көзі тірі тұтқындарда табыла бастады. Олардың көбі оңтүстіктен болып шықты. Оңтүстік Қазақстан облысында - 15 майдангер.  Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласынан бір қариядан анықталды. Барлығы құжаттарын өткізді, жуырда өтемақыларын алды. Германия үкіметі оларға 2,5 мың евродан төлеуді құжат ретінде бекітті. Оларды анықтау жұмысы да қиынға соқты. Себебі құжаттар жүйленбеген, естімегендер бар. Жуырда ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өз базалары бойынша тағы 90 адамды анықтап берді. Олар бойынша іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл шара 2017 жылдың тамызында аяқталады. Одан кейін берілмейді.

– Өзге елдердің билігі тұтқындарын ақтап, алып мемлекеттік тұрғыда көмектерін беріп жатыр. Мемлекетіміз бұрынғы тұтқындардың жағдайын жақсартуға барынша қол ұшын созуға құлықты ма? Болмаса Германия жерінде жерленген тұтқындарымыздың есімдерін тауып, ұрпақтарына, көзі тірілеріне мемелекеттік жәрдемақы беру мәселесі көтерілер еді ме? Бұл мәселе төңірегінде израилдіктер тамаша бастама көтеріп, тұтқындар мәртебесіне заң жобасында бекітті. Бізде қалай?

– Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Еуропа елдері, АҚШ, тіпті Германия өз тұтқындарына барынша қолдау жасады. Азаптан аман қалғандарына марапатын берді, медалін тақты, қамқорлығына алды. Ресейдің өзі 1995 жылы негізсіз айыпталғандарды ақтау туралы жарлық шығарды,  тұтқындар мәртебесін майдангерлермен теңестірді. Сондықтан бізде де қолға алу керек. Президент мұрағаты бұл ұсынысты жасаған, менің білуімше, дағдарыс жағдайына байланысты кейінге шегерілген болатын, бәлкім жуық арада шешіліп қалар. Қазір көзі тірі 100-ге тарта ғана тұтқын бар. Олардың көбінің жағдайы нашар. Бұл жүректері жаралы қариялар үшін, өмірден өтіп кеткендердің артындағы ұрпағы үшін керек деп ойлаймын.

–  Сіздегі архивтік құжаттарды қарау барысында «азиат» деген қызыл таңбаларды көріп қалдық. Немістер болмаса еуропалықтар бұл халықтардан қатты сескенді ме? әлде бір саяси идеология болды ма?

–   Гитлердің бас идеологы Йозев Геббельс қазақтарды, азиаттарды ішкі насихат үшін пайдаланды. Нақтырақ айтсақ немістер біз соғысты бастағанымыз жоқ, керісінше елімізге түркілер, Шыңғыс ханның ұрпағы шабуыл жасап жатыр, біз олардан қорғауынымз керек деген ақпарат таратты. Басылымдарға қазақтардың,сонымен бірге өзге азиаттардың суреттерін жариялап, елді қорқытты, бірлікке шақырды. Ал, еуропалықтардың азиат, түркі десе төбе шаштары тік тұратын. Алғашқы жылы солай болды. Тіпті концлагерьдегі жеке құжаттарда «азиат» деп ерекше таңбалаған. Яғни, олардан сескенген және ерекше бақылау қажет дегендей ишаралық танытқан.

–   Жылда әлем халқы 11 сәуірді Халықаралық фашистік концлагерьлер тұтқындарын босату күні деп еске алады. Бұл күннің сырын неміс халықтарынан сұрап көрдіңіз бе?

–   11 сәуір – нацистік концлагерь тұтқындарын азат етудің халықаралық күні. Жыл сайын осы күні Германия, Еуропа аумағындағы конлагерьлерде еске алу шаралары өтеді. Себебі дәл осы күні 1945 жылы Бухенвальд тұтқындары көтеріліске шықты, лагерді бақылауға алды. Осыдан кейін одақтастар өзге лагерьлерді босата бастады. Жыл сайын өтетін еске алу шараларына әлемнің әр түкпірінен келеді. Көбі сол кездегі тұтқын киімімен келуді дәстүрге айналдырған. Олардың саны жыл санап азайып бара жатыр. Бір айта кетері, лагерь аумағына кірген адамның денесі түршікпей қоймайды. Газ камералары, сынақ бөлімдері, крематорийлер сол кездері сұмдықты көз алдыңа елестеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұқбатты әзірлеу барысында "Қазақстан" Ұлттық телеарнасының журналисі Азат Рыстанбектің фото және архивтік құжаттары мен видеоматериалдары пайдаланылды. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Нұралы Айхан08.05.2017, 15:12

Ұлы Отан соғысының ақтандақтары ашылып жатыр. Концлагерь азабын көрген ардагерлеріміздің мәселесін шешіп, қолдан келгенше көмек пен марапатты беру керек. Олардың саны да күн сайын азайып бара жатыр.

Ең көп оқылған
Сауалнама

Қазақ-жоңғар шайқасы туралы тарихи драмалық көркемфильмдердің қайсысы көңілінізден шықты?