Жарияланымдар

Алматыда III Фараби оқулары, Пәнаралық ғылыми студенттік семинар өтеді

23 Қазан 2013
79
0
Алматыда III Фараби оқулары, Пәнаралық ғылыми студенттік семинар өтеді
Бүгін шығыстың ұлы ойшылы, философ Әбу Насыр әл-Фараби есімі Қазақ ұлттық университетіне берілгеніне 22 жыл толып отыр.

Бүгін шығыстың ұлы ойшылы, философ Әбу Насыр әл-Фараби есімі Қазақ ұлттық университетіне берілгеніне 22 жыл толып отыр.

Осы орайда шығыстың ұлы ойшылы, философ, энциклопедист Әбу Насыр әл-Фараби есімі Қазақ ұлттық университетіне берілген күніне (Министрлер Кабинетінің № 626-шы Қаулысы, 1991 жыл 23 қазан) байланысты дәстүрлі өткізілетін Фараби оқулары-Пәнаралық ғылыми-студенттік семинар осы жылы 25 қазанға белгіленіп отыр. Университет Музейі, философия және саясаттану факультетіндегі «Әл-Фараби мұраларын зерттеу орталығы», география және табиғатты пайдалану факультеті халықаралық энергоэкология кафедрасының қатысуымен және Алматы қаласы жастарды рухани-адамгершілік және патриоттыққа тәрбиелеу Комиссиясы, қалалық Ардагерлер кеңесінің тікелей қолдауымен дәстүрге айналған III Фараби оқулары, Пәнаралық ғылыми студенттік семинар 25 қазан күні сағат 15:00-де университет Музейінде өткізіледі.

Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.) – түркі елінен тараған, Отырар топырағында дүниеге келген ғұлама.Терең білім мен ғұламалық ой оны «Екінші Ұстаз» атандырды. Ол философия, логика, саясат, этика, музыка және астрономия т.б. ғылым саласынан терең білімді 160-тан астам ғылыми трактаттар мен қолжазбалар қалдырды.

Қазақ ұлттық университетінде әл-Фараби мұраларын сақтау және жастар тарапынан зерттеу жұмыстары атқарылуда. Ректорат Музейінде ғұламаның рухани мұраларына арналған «Әл-Фараби» кешені, Ғылыми кітапхана аясында үлкен диарамдық жаңа музей салынды.

Семинардың мақсаты – университет студенттері және жас ғалымдарымен бірлесе отырып әл-Фарабидің көпқырлы және бай мұраларын пәнаралық тұрғыда зерттеу. Аға буын мен университет жастарының арасындағы ұрпақтар сабақтастығын дәріптейді.

Міндеттері – әлемнің тұрақты даму идеясын ғылыми тұрғыда әл-Фараби мұраларындағы гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары саласында қарастыру;

- жастардың академиялық жұмыс істей білу, презентация дайындау мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қабілеттерін қалыптастыру.

Студенттер, магистранттар, жас ғалымдар әл-Фараби мұраларын зерттеудегі өзіндік тәжірибелері жайлы баяндамалар жасап, презентациялар көрсетеді, ғылыми саяхаттары мен зерттеу жұмыстарының жоспарларымен бөліседі. Модераторлар – фарабитанушы-ғалымдар, университетіміздің тәжірибелі педагогтары. Музей қызметкерлері тарапынан мынадай тақырыптар бойынша әдістемелік кешен ұйымдастырылған: «Әл-Фараби және адамзат өркениеті», «Қазақ даласының ұлы тумасы. Отырар феномені», «Ойшыл дүниетанымы қазіргі жастар көзімен» және тағы басқалар.

Семинар музейде интерактивті, видеороликтер мен мультимедиялық презентациялар түрінде өткізіледі. Ойшылдың мұраларына арналып көрме ұйымдастырылады, «Мәдени Мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Әл-Фараби мұрасы: Қазақстандық философиялық зерттеулер» 10 томдық шығармалар жинағы мен әл-Фарабидің Отанынан, Түркия музейлері мен университеттерінен, басқа да шет елдерден әкелінген экспонаттар, тарихи құжаттар қойылады.

Әл-Фараби шығармашылығы – әлем мідениетінің жарқын беттері. Оның ғылыми білімнің дамуына қосқан үлесі шексіз. Ойшылдың шығармашылығының сан қырлылығы, оның ғылымның әр саласындағы қарастырған мәселелері өсіп келе жатқан ұрпақтың әл-Фараби мұрасына деген қызығушылығын тоқтатпайды.

Дерек көз: kaznu.kz
Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?