Жарияланымдар

Қазақ жері кең - бөлінді ме тең?!

31 Наурыз 2017
1588
0
Қазақ жері кең - бөлінді ме тең?!
Астрахань казак полкінің командирі П.С.Попов: «бұл жерлердің кеңдігі сонша, қазақтар қанша бас малымен өтіп келсе де тек қыс кезінде ғана емес, жаз мезгілінде де еркін көшіп жүруіне жеткілікті»

1801 жылы патша үкіметінің Кіші жүз қазақтарын ішкі тарапқа өткізу жөнінде бірқатар қаулылар қабылдауынан соң көші-қон үрдісіне дайындық басталып кетті. Патша үкіметі өз тарапынан аталмыш үрдісті реттеу, ұйымдастыру, бақылауды Астрахань казак полкінің командирі П.С.Поповқа тапсырған. ол қазақтарды Қосөзен аралығындағы бос жатқан жерлерге орналастыруға, Бөкей сұлтанға арнайы казак әскери тобын беруге, көшпелілер туралы мәлімет жинап, оны К.Ф.Кноррингке баянат арқылы жеткізіп отыруға міндеттенді.

П.С.Попов алдымен Астрахань даласындағы бос жерлерді өз аяғымен аралап, Саратов губерниясының шекараларына дейін жүріп өткен. Бір қызығы, осы өлкені барлаған ол «бұл жерлердің кеңдігі сонша, қазақтар қанша бас малымен өтіп келсе де тек қыс кезінде ғана емес, жаз мезгілінде де еркін көшіп жүруіне жеткілікті» деген анық қорытындыға келген.

Жайық өзенінің оң жақ бетіне өтуге ноғай руының старшыны Ислам Құрманқожаев алдымен рұқсат алғанымен, жетекшілік рөлді ірі көшбасшы Бөкей Нұралыұлы иеленген. Бірнеше айға созылған тыңғылықты дайындығынан соң сұлтан 1801 жылы 20 желтоқсанда негізінен өз туысқандарынан тұратын 183 шаңырақты ішкі тарапқа бастап өтеді. Зерттеуші И.А.Бирюковтың келтірген мәліметі бойынша осы көште 740 адам, 1366 ірі қара, 24 түйе, 3300 жылқы, 1250 қой есепке алынған.

Демек, әр шаңыраққа 82, әр жан басына 8 бас малдан келген. Ізінше Кіші жүз қазақтарының өзге де шаңырақтары Қосөзен аралығына ат басын бұрған. Бөкей сұлтанды ашық қолдаған алғашқы көшіп келушілер арасында бұрынғы Кіші жүз ханы Есім Нұралыұлының Сары, Ниетәлі, Айдыңғали атты ұлдары, сұлтан Шығай Нұралыұлы секілді беделді тұлғалар кездеседі. Олардың барлығы да өз жанұяларымен, дүние-мүліктерімен мәңгілік тұрақтау мақсатында көшіп келген.

Ал 1802 жылы шеркеш руының старшыны Бекмұхаммед Тұрмамбетов өзіне қарасты шаңырақтарды Жайық өзенінің оң жақ бетіне өткізген. Онымен бірге туған інілері Жақып пен Бекболат та өз жанұяларымен ішкі бетке тұрақтаған. 1801-1803 жылдары Самар даласында мәңгілікке қоныстанғандар арасында беріш руының старшыны Жүзбатыр, ноғай руының старшындары Мәмбетқазы мен Кенжәлі Құрманқожаевтар болған. Ішкі тарапқа Бөкей сұлтанмен бірге негізінен Байұлы ұрпақтары көшіп келген.

Мұнда 12 рудың, яғни беріш, шеркеш, масқар, адай, жаппас, ысық, есентемір, байбақты, алаша, тана, қызылқұрт, таз руларының өкілдері болды. оған қоса жаңадан қоныстанушылар арасында Жетіру бөлімінің тама, кердері, табын, Әлімұлы бөлімі кете руының көшпелілері өзіндік орындарын иеленген. Жалпы Қосөзен аралығына алғаш өткен Кіші жүз қазақтарының саны жөніндегі мәліметтер өте қайшылықты. Қазақтардың ішкі бетке өтуін үйлестіруші генерал-майор П.С.Попов 1803 жылдың көктемінде Сенатқа берген мәліметінде алғаш көшіп келген халық санын 5001 шаңырақ, 22775 адам деп көрсеткен.

Ал дәл осы құжаттан 1802 жылдың қараша айының басында тағы да 8331 адамнан тұратын 1265 түтіннің Самар даласына көшкенін білеміз. П.С.Поповтың жоғарғы билік органдарына берген мәліметіне сүйенген медицина докторы Н.Троицкий: «Бөкеймен бірге дала беттен 1801 жылы күзде 5000 шаңырақ өткен, кейін оларға 1260 шаңырақ қосылды.

Содан соң 1803 жылғы көштен соң барлық шаңырақ саны 7500-ге жетті», - деп жазды. Дәл осындай мәліметтер А.Евреиновтың, А.Терещенконың, И.С.Ивановтың еңбектерінде ұшырасады. Бірақ Астрахань кордонының инспекторы И.И.Завалишин есебінше 3000 шаңырақ көшіп жүрсе, А.И.Левшин, Н.Казанцевтар 1801 жылы 10000 шаңырақ өткені туралы деректі алға тартады.

Ал патша үкіметінің шенеунігі М.Иванин өз еңбегінде Бөкей сұлтанмен бірге 1500 шаңырақ көшіп келді деген тоқтамға келсе, Ішкі Орда тарихын зерттеумен шұғылданған этнограф А.Харузин 7000-ға жуық шаңырақтың өткенін басып айтады.

Дәулет Ізтілеу

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Қазақ шапанын шетел қонақтарына кигізген дұрыс па?