Жарияланымдар

Алаштың қаншама құжаттары бункерлерде жатыр

19 Наурыз 2017
2584
0
Алаштың қаншама құжаттары бункерлерде жатыр
Күнбатыс Алашорданың орталығы болған Жымпитыда Алаш қозғалысының 100 жылдығына және Алашорда үкіметін құрушылардың бірі Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдығына арналған облыстық конференция өтті

«Алашым – айбыным!» деген айдармен өткен осынау шараны Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Сырым ауданының әкімдігі ұйымдастырп отыр. 

Алаштың тойы Жымпитыда «Алаш» музейі мен аудандық Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейлерін аралаудан бастау алды. Түс ауа шараға қатысушы делегаттар, ауыл тұрғындары Алаштың 90 жылдығы қарсаңында ашылған «Алаш саябағына» барып, Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіш монументке гүл шоқтарын қойды. Бір минут үнсіздік жариялап, алаш арыстарына тағзым етті.  

Өз кезегінде аудандық музей басшысы Айнагүл Мағауияқызы «Алаш саябағының» ашылғанын, ескерткіш сырын қонақтарға айта кетті. Ескерткіш монуметте күнбатыс және күншығыс алаш арыстарының мраморға қашалып түсірілген кескіндері бейнеленген. Ортада алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіш монумент орналасқан. Онда қыран бейнеленген екен. Ескерткіш тақтада Жаһанша Досмұхамедовтың сөзі берілген. Алаш саябағынан көш түзеген делегатты аудандық мәдениет үйі алдында құрылған қазақ киіз үйіне кіргізіп, Наурыз көжеден дәм татқызды. Аулада концерттік бағдарлама жүргізіліп, аудандық өнерпаздардың концерті ұйымдастырылды.

Бұдан әрі мәдениет үйінің үлкен залында «Алашым – Айбыным!» атты облыстық кон­ференция басталып, облыстың түк­пір-түкпірінен келген тарих­шы­лар­дың баяндамаларына құлақ түрілді. Олардың арасында Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков, өлкетанушы, тарихшы Сырым ауданының құрметті азаматы Жайсаң Ақбай, күнбатыс Алашорда тарихын зерттеп жүрген алаштанушы, ғалым  Дәметкен Сүлейменова, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев және Жаһанша Досмұхамедовтың жиені  Маржантас Дәулетова бар.

Бір байқағанымыз музей қызметкерлері мен жас тарихшылардың басын қосқан конферен­ция қай жағынан болсын мазмұнды салихалы түрде өте білді. Ғылыми жиын биылғы алаштың 100 жылдығы қарсаңында өткен тұңғыш конференциялардың бірі болуымен де  маңыздырақ десек артық айтпағандық.

Күнбатыс Алашорда орталығы болған Жымпитыда алаштың мерейтойлы күндері жиі тойланып келеді. Жоғары да сөз еткен ұлт қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың 125 жылдығы да кең көлемде тойланып, Жаһаншаның туған жері Жымпитыда Алаш қайраткерлеріне арналған мұражай да ашылған. Ал, бүгінгі конференция осынау шаралар тізбегінің жалғасы іспетті.

Айта кетер болсақ, Жаһанша Досмұхамедов 1918 жылы 8 қыркүйекте бұрыңғы  Ойыл уәләятының орнына құрылған Батыс Алашорда мемлекетінің төрағасы. Батыс Алашорда құрамына қазіргі Торғайдан бастап Маңғыстауға дейінгі жерлердің барлығы енді. Халқының саны да бір миллионнан асып жығылған. Ал оның орталығы ретінде Жымпиты елдімекені таңдалып алынған еді. Бұл туралы бүгінгі салихалы, сарабдал жиында көп сөз болды. Ендеше шара барысында сөз алған қонақтардың алаштың 100 жылдығы және Жаһанша Досмұхмедов туралы жылы лебіздерін ұсынамыз.

Абат Шыныбеков, Сырым ауданының әкімі:

ХХ ғасырдың басында Алаш қозғаласының басында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов сынды қайраткерлердің еркіндік, теңдік жолына батыл қадам жасап, ұлт теңдігі үшін үзбей күрес жүргізгендерін жақсы білеміз. Ұлт зиялылары алаш идеясын ту етіп, ұлттық ұрандармен қазақ жастарын баурап, өздеріне тартып, серік етті. Халықтың әлеуметтік жағдайын, мәдениетін көтеруде саяси бас біріктірудің аса қажеттілігін түсіне отырып, ұлттық демократияның саяси партия құруда салихалы саясаттарын атқара білді. Күнбатыс Алашорда деген атпен тарихта қалған Жымпиты жерінде аз ғана уақыт болса да үкімет болып, ел басқарған алаш арыстарының шоғырлана еңбек етуі Сырым еліне тигені жасырын емес. Ауданымызда Сырым бабамыз бен Жаһанша Досмұхамедов есімдері ерекше аталып, құрметке бөленіп, қатар аталатын қос тұлға. Биылда Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толу қарсаңында азаматтарымыздың мерейтойларының тұспа-түс келуі бізді қуантады.

Жайсан Ақбай, батыс аймағына белгілі өлкетанушы, тарихшы:

Алаш қозғалысының тарихы деген өте күрделі мәселе. Алашорданың күнбатыс және күншығыс Алашорда деген екі қанаты болған. Бұл бір идея, бір ұйым. Бұлардың арманы елдің тәуелсіздігі. Қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіру. Сол уақытта Сырым ауданының орталығы Жымпитыда Ойыл уәләяты деген құрылды. Астанасы – Жымпиты болды. Уәләяттың жеті мүшесі болды. Соның орнына кейін күнбатыс Алашорда үкіметі құрылды. Осы үкіметтің басын қасында Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер үлкен қызметтер атқарды. 

Жұбан ағамыздың бір сөзі бар «Алаш деген сөзді біз қашан түрмеден шығарамыз» деген. Сол уақытта алаш деген сөзді қолдануға әдебиетте, тарихта, саясатта орын болмады. Алаш деген отау тігіп, ел болғанын көреміз бе деп армандады Алаш арыстары, ұлт зиялылары. Бірақ олардың армандары орындалмай, 1937-38 жылдары толықтай көздері құртылды. Бірақ бүгінгі тәуелсіз қазақ елі солардың армандарының жемісі.

Қазіргі уақытта күншығыс алашорда туралы тарихи мәліметтер де, архивтік құжаттарда, кітаптар да көп. Ғылыми диссертацияларда жазылды. Олар үлкен қызмет істеді. Ал күнбатыс Алашорда күрестің ең ақырынан дейін, 1920 жылға дейін алаш туын қолдан түсірмеді. Байтұрсыновтың Жаһаншаға берген телеграммасы бар. «Беріліңдер, қызылдарға! Бізде енді дәрмен жоқ, кеңес үкіметін мойындауға тура келеді» деген. Ендеше осы орайда Алашорданың Жымпитыда, Қаратөбеде өткен құрылтайларын сонда қаралған мәселелерді қабылданған құжаттарды, біз қайта жандандыруымыз керек. Ол құрылтайлар қай күні өтті сол күні өткені дұрыс. Құрылтайдың мазмұны: «қазіргі тәуелсіздікке дейін не қолымызға жетті? алаш зиялыларының идеясы қалай жүзеге асты?» деген сауалдар төңірегінде болу керек. 

Дәметкен Сүлейменова, алаштанушы ғалым:

Биыл еліміз үшін үлкен тарихи жыл болмақ. Оның үлкен себептері де бар. Биыл алаш қозғалысына 100 жыл. Сонымен қатар алаштың көшбасшысы, біздің жерлесіміз Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдығы. Ол күнбатыс алашорда үкіметінің құрушысы, алаш қайраткері екенін баршаларыңыз білесіздер. 2008 жылы Сырым ауданында алаш саябағы ашылып, Жымпитыда дүркіреген той өтті.

Алаштың осыдан 100 жыл бұрын армандаған сол үшін күрескен өздерінің өмірін ұлт үшін қиған арманы тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында орындалғанына біздер мен сіздер куәміз. Сондықтан да алаштың тарихын ұмытуға, алаш тарихын зерделемеуге, алаштың асыл азаматтарын ұлықтамауға, ол арыстарымызды халықтың есіне салмауға болмайды. Егерде біздер ондай рухани игі істерді істемесек, болашақ ұрпағымызға жасаған қиянатымыз болар еді. Осы орайда менің айтар ұсыным батыс өңірде «алаш мұрасымен» айналысатын ғылыми орталық жоқтың қасында. Мен осы мәселдені 10 жыл бұрында айтқанмын. Неге мен бұған сонша көңіл бөліп отырмын, себебі қауіпсіздік комитетіндегі архив ішкі істер саласының архивіне ауысты. Онда қаншама архивтік құжаттар бункерлер де жатыр. Бункерде жатқан қоқыс қағазы емес, ол мыңдаған адамдардың тағдыры. Ол архив әлі екшеленген жоқ. Зерделенген жоқ. біздей ғалымдардан тығып, мемлекетіміз бермей жатыр. Ол жердегі құжаттарды да жайлап-жайлап алып жатырмыз. Дейтұрғанмен бункерде жатқан құжаттардың ақырындап өшіп бара жатқаны қынжылтады. Ертең біз олардың бірде-бір әрпін тани алмайтын жағдай жетеміз бе деп қорқамын. Көптеген адамдардың қиылып кеткен тағдырын, ұрпақтарына қалай қайтарамыз. Міне осы мәселе менің жүрегімді ауыртуда. Осы орайда уақыттан кеш қалмай Батыс қазақстан облысында алаштану ғылыми орталығын ашпасақ, көптеген тарихи мағлұматтардан кеш қаламыз.

Жаңабек Жақсығалиев, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф:  

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, былтыр тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы енді міне биыл алаш қозғалысының 100 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Алаш туралы өте көп айтуға болады. Алаштың мұрасы байтақ, телегей-теңіз. Алаш арыстарының мұрасы байтақ дейтін себебім: Сұлтан Хан Аққұлұлы деген ағамыз бар. Әлихантанушы ағамыз Әлиханның 15 томдығын шығарды. Өткенде ғана Иманғали ағамыз үкімет жиынында «биылғы алаштың 100 жылдығында Ахмет Байтұрсыновтың 10 томдығын шығарамыз» деген болатын. Осыншама том-том кітап жазған ұлт зиялыларының еңбегін ұрпаққа дәріптемесек болмайды. Архивтік құжаттарын, ғылыми мақалаларын бірізділікке түсірмесек болмайды.  Қарап отырсаңыздар алаш арыстары шетінен полиглот, әмбебап, энциклопедияшылар.

Алаш арыстарының еңбегін қарап отырсақ осы күнгі қазақтың жағдайына алаңдаған сынайлы мәліметтерді көптеп табамыз. Немесе алаш арыстарының бағдарламасын қарайтын болсақ, олар айтады мемлекет құраушы ұлттың тіліне, дініне, діліне үстемдік берілу керек дейді. Жалпы алаш тақырыбын айтқан кезде ұлттық көшбасшы Әлиханнан айналып өте алмаймыз. Әлихан сегіз-тоғыз тіл білген адам. Және ХХ ғасыр басындағы ұлт интелегенциялар Әлиханды мойындаған. Бақытжан Қаратаевты бәріміз білеміз. Ол кісі Әлихан Бөкейханға телеграмма жіберген. Екеуі де төре тұқымы. Бақытжан Мәскеудің заң факультетін алтын медальмен бітірген. Екінші мемлекеттік думаның депутаты болған. Әлиханнан алты жастай үлкен, әйгілі Әбілқайыр ханның тұқымы. Ал, Әлихан Бөкейхан Әбілқайыр ханды өлтіретін Барақ ханның ұрпағы. Сонда Бақытжан ағамыз телеграммасында: «Мен сенен үлкен болсамда студент кезінде сенің қырағылығыңды, зейінділігінді білетін едім, сен алты алашты бастайтын дәрежеге көтерілдің! Сен алты алашты баста, біз сенің соңынан ереміз» дейді. Ұлттық мұрат, ұлттық мүдде жолында ата-бабасының арасындағы өкпе назды ысырып қойып хат жазуы қазіргі біздің элита тағылым алатын үлкен мысал деп есептеймін. Міне, алаш арыстары ұлт тәуелсіздігінің жолында осындай үлгілі істерге барды.    

Мирболат Ерсаев, БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры:   

Қысылтаяң уақыттарда Алаш арыстары елім үшін, жерім үшін, болашақ үшін деп өздерін құрбандыққа шалып, өмірлерін қиды. Себебі оларда рух болды. Қыл үстінде жүрсе де қолынан келгенін істеп баққан Əлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтар, Бақытжан Қаратаев,Дәулетше Күсіпқалиев сынды т.б Алаш арыстары туралы əдебиет, тарих пəндерінде тереңдетіліп оқытылса, бүгінгі жастар олардың өнегелі өмірінен тағылым алары сөзсіз.

Алаш қайраткерлерінің тәжірибесі Елбасы айқындап берген «Мәңгілік ел» патриоттық актісімен үндесіп жатыр, осы ретте Президентіміз Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» еңбегінің «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында 20 ғасырдың басында қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты болғанын атап айтқан еді.

Бүгінде жаһандану үрдісі жүріп жатқан заманда жоғарыда есімдері аталған Алаш ардақтылары жастардың көкейіне орнығып, саналарына жатталуы керек деп ойлаймын. Жастайынан Алашты оқып, Алаштықтардың тағдырын жеті атасындай біліп өскен баланың ой өрісі бөлек, танымы кең, мінезі ұстамды, ерік-жігері мықты, сауатты болары хақ. Неге? Себебі бір Жаһанша атамыздың ғұмыры, еңбектері өмірлік үлгі болуға тұрарлық. Сондықтан да, жастарымызда ұлттық рух болуы үшін Алашқа етене жақын болуы керек. Сонда ғана оң нəтижесі болады. Болашақ ұрпақ үшін, жастар үшін Əлихан Бөкейхановтың "Жастар! Жұртшылдар! Өз бетіңмен іске кіріс!" - дейтін сөзі ұранға айналуы қажет. «Аз халықты көп қылып, кедей халықты бай қылуға» ұмтылған Алаш Арыстарына тәу етіп, ұлттың бойындағы рухты оятатын жыл. Ендеше, егеменді еліміздің ертеңіне өткен ғасырдың басында отырып алаңдаған ұлт зиялыларының аты мен жасаған игі істерін тағы бір мәрте жаңғыртуға елдігімізді, ерлігімізді та нытайық, ағайын!   

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Астана-Орал-Жымпиты-Астана

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) © e-history.kz

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Жеті қазынаның қазіргі таңда қайсысы өзекті деп ойлайсыз?