Жарияланымдар

Көшпенділік маусымы

19 Наурыз 2017
169
0
Көшпенділік маусымы
Көктем келіп тіршілік атаулы жандана бастағанда, қазақ халқы ұлыстың ұлы күні Наурызды мейрамдап, шаруа жайын қамданып көктеуге беттеген

Қазақтардың (көшпенділердің) түсініктері бойынша Ғарыш құрылымдандырылған, онда иерархиялық деңгейлер көрсетілген. Олардың жоғарғысы Аспан - Тәңірдің мекені, Ортағысы – адам әлемі, оның болмысының кеңістігі және Төменгі – тартар, өлілер патшалығы, қараңғылық патшалығы. Осы деңгейлердің әрқайсысы жануардың нақты түрін анықтаған. Ат - жоғарғы әлемнің символы. Қой – материалдық, жердегі әлемнің символы. Сиыр - о дүниенің, өлілер әлемінің, ретсіздік әлемінің, бастапқының символы. Түйе - барлығын біріктіретін бірлік - Ғарыш символы, төртінші шама.

Ең жоғарғы тотем, бостандық символын көрсеткен, қасиетті жануар Қасқыр болған. Жануарларды құдай деп тану поэзияда да, жартастағы суреттерде де, қолданбалы, ою-өрнек өнері туындыларында қалдырылған, далада құралған «аң стилі» өнерінің негізіне жатты.

Ұлы дала төсінде ауа райына байланысты көшіп-қонып жүрген бабаларымыз көшпелі өмір салтын қалыптастырған. Солтүстік Қазақстан өңірінен табылған Ботай тұрағы көшпелілердің ежелгі қонысы болып есептеледі. Ботай тарихы бізден 5600 жыл бұрын болған деп отыр зерттеушілер. Ежелгі Ботай тұрғындары адамзат тарихындағы алғашқы жабайы жылқыны қолға үйреткен, сүтін ішіп, етін жегенін қазір дүние жүзі мойындап отыр.

Көшпелілердің әлемдік құндылықтар қатарына темір үзеңгісі, киіз үй, ат әбзелдері, дөңгелекті арба, тағы басқаларды қосқанын атауымызға болады. Темір үзеңгі демекші, сол үзеңгіні атқа отыру үшін басқыш ретінде қолданғаны белгілі. 

Көшпелі қоғамды зерттеуде қоршаған орта (табиғат) және адамның белсенді іс-әрекет мәселесі жиі қозғалып отырды. Олардың пікірі бойынша, далалы, шөлейтті, шөлді, таулы аймақтарды жайлаған халықтарда табиғат жағдайына қарай мал шаруашылығы, көшпелілік қалыптасқан. Осындай халықтардың бірі қазақ халқы далалы, шөлейтті аймақты игерудің бірден-бір жолы мал шаруашылығы деп білген және осындай табиғи жағдайға икемделе өмір сүрудің тамаша үлгісін көрсеткен.

XX ғасырдың 30-жылдарынан бастап тоталитарлық жүйе идеологтері көшпелілікке қарсы шыға бастады. «Адам — табиғатты өзгертуші құдіретті күш» деген қағиданы басшылыққа алған. Коммунистік идеологияның өкілдері көшпелі мал шаруашылығымен айналысып келген халықтарды жаппай отырықшылыққа айналдыру қажеттігін дәлелдеп бақты.

Ал осы қате көзқарастан қазақ халқы 30-жылдары қатты күйзеліске ұшырап, жаппай қырылып, көпшілігі елден ауып кетуге мәжбүр болғандығы белгілі.

Көшпенділік қазақ халқы тарихымен, тіршілігімен біте қайнасқан. Көшпелі өмір, төрт түлік мал, жер-ана барлығы жинала келе қазақ халқының материалдық игілігін, дүниетанымын қалыптастырып, төл мәдениетін жасады. Қазақ халқы көшпелі өмір тіршілігіне сай қара күшке мығым, қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш, ат үстіндегі алыс сапарларды қайыспай көтеретін дала перзенттері екені бүгінде баршаға мәлім. Дала көшпелілерінің ақынжанды болуы, ой-қиялының жүйрік болып келетіні көшпелі тіршіліктің арқасы еді, бұл әрине қазаққа ғана тән қасиет.

Фотосуреттер ХХ ғасырдың ортасында қазақтардың Қасқасудан Суықтөбеге көшуі кезінде түсірілген

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) © e-history.kz

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Сауалнама

«Көрісу», «Амал» мерекелерінің жергілікті жерлерде ғана сақталуының себептері қандай?