Жарияланымдар

Түркі әлемінің алтын бесігі

08 Қазан 2013
117
0
Түркі әлемінің алтын бесігі
Алтай – ежелгі түркі халықтарының кіндік жұрты болып саналады. Ол тек түркі әлемінің ғана емес, Шығыс Азия мен Сібірдің арасын мекен еткен халықтардың отаны.

Алтай – ежелгі түркі халықтарының кіндік жұрты болып саналады. Ол тек түркі әлемінің ғана емес, Шығыс Азия мен Сібірдің арасын мекен еткен халықтардың отаны. Археологиялық зерттеулер мұны нақты дәлелдеп берді. Берел қорғанындағы қазба жұмыстар адам өркениетінің ең ежелгі қоныстары осында орналасқанын тағы бір айшықтай түсті. Белгілі археолог Зейнолла Самашев бастаған ғалымдар Берел қорғанын одан әрі зерттеу үстінде. Алтай төрт мемлекеттің шекарасымен шектесіп жатыр. Атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қытай мемлекеттері Алтайдың қазба байлық игілігін бірге көруде. Әйтсе де, Алтайдың ауқымды бөлігі қазақ жеріне тиесілі. Берел қорғаны орналасқан Төр Алтайдың түркі әлемі халықтары үшін алатын орны ерекше. 

Ғылымда ұзақ жылдар бойы адамзаттың шыққан тегі хомо сапиенс ретінде қарастырылды. Алғашқы адамдар Африкада пайда болып, жер жүзіне тарады деген теория баршамызға белгілі. Алайда, археологиямен бірге генетика ғылымының дамуы бұл теорияны айтарлықтай өзгеріске ұшыратты. Австралиядан 60 мың жыл бұрын, Африканың оңтүстігі мен орталығында, солтүстігінде 50 мың жыл бұрын, ал Еуропа жерінде 40 мың жыл бұрын өмір сүрген адам табылды. 
2008 жылы ресейлік белгілі ғалым, академик Анатолий Деревянко Алтайдағы «Денисов үңгірінен» табылған адамның тісін, саусақтарын ДНК арқылы мұқият зерттеу барысында оның 50 мың жылға жуық уақыт бұрын өмір сүргенін анықтады. Аталған тау үңгірі Берелден 57 шақырым ғана жерде орналасқан. Бұл ғылымда «Алтайлық хомо сапиенс» ұғымын қалыптастырды. Оның материалдық және рухани құндылығын арттыра түсті. Енді ресейлік мамандар 9 үңгір және 11 көне адам тұрағына зерттеу жүргізіп жатыр. Қазір заманауи теория бойынша адамның шығу тегі бойынша хомо сапиенстің африкалық, неандертальдық, ориенталицтік қатарында, адамзат өркениетінің төртінші ошағы ретінде алтайлық хомо сапиенс енді деп айтуға болады. Біз осы адам пайда болған және жан-жаққа тараған алтын бесікте өмір сүрудеміз.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша елімізде соңғы 2-3 жылда көптеген игілікті істер атқарылды. Соның бір нақты дәлелі, Өр Алтайдың төріндегі биылғы жылы екінші мәрте өткізілген "Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі" фестивалі болса керек. Қатонқарағай ауданының аумағында тарихы мың жылдармен астасқан сақ қорғандары бар. Осынау баға жетпес құнды мұраны түркі әлеміне ғана емес, дүние жүзінің жұртшылығына паш ететін уақыт жеткен сияқты.
Тұсауы Өскеменде кесілген «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» форумы 27 тамыз күні Катонқарағай ауданының Берел қорғаны жанындағы «Патшалар жазығында» өткен дәстүрлі музыка фестивалімен жалғасты. Арғы ата-бабалары ықылым заманда осы өңірде өсіп - өнген өнерлі халықтың ұрпақтары ата салтын жалғастырып, асқар таулар мен қарағайлы жоталар көмкерген Алтайдың аясын ән мен күймен тербетті.
Форумға Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммет, ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов және Түркия, Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея, Моңғолия сынды 12 шет мемлекеттің ресми өкілдері мен белгілі ғалымдары қатысты.
Қадірлі меймандар мінген тікұшақ әйгілі Берел қорғаны орналасқан Алтайдың асқақ шыңдары арасындағы, Бұқтырма өзені сағасына келіп қонды. Тау баурайында ақшаңқан киіз үйлер сап түзеген. Биік тау беткейінде жазылған «Алтай – менің алтын бесігім» деген айшықты жазу ата-баба жерін көруге ынтыққан қонақтарға «Жеттіңіздер ме?» деп тұрғандай. Мәртебелі қонақтарды басынан бұлт кетпейтін Алтайдың ақбас шыңдары асқақтықпен, жиналған қауым сезім сергітер ән-жырымен, ақ шашуларымен қарсы алды. Қадірлі қонақтарды қос бірдей ақын домбыра үнімен астасып әуелеген асқақ жырмен құттықтады. Түркі бабаларымыздың салт-дәстүрімен киініп, ұзын найзаларына сүйенген жігіттер, шолпысы сылдырлаған қыздар тобы қонақтарды саппен салтанаттады.
«Түркі халқы үшін
Түнде ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым,
Қара терімді сықтым, 
Қызыл қанымды төктім,
Шығай халықты бай қылдым,
Өлімші халықты тірілттім…», бейне Күлтегін бабамыз өзі тебіреніп тұрғандай. Облыстың барлық аудандары еңселі ақ орда тігіп, дастарқан жайған. Әр аудан шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той дегендей қазақтың ұрпақ тәрбиесіне қатысты салт дәстүрлерін көрсеткен шағын қойылым әзірлеген. Әр шаңырақта ән қалықтап тұр.
Нағыз думан әлі алда екен. Киіз үйлерді тамашалап шыққан қонақтар енді дала концертіне лайықталған еңселі сахнаға беттеді. Даланы қобыз сарыны күңірентіп тұр. Саз фестивалінің шымылдығы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның құттықтау сөзімен ашылды.
- Түрік сөзі «берік» деген мағынаны білдіреді. Болаттай берік болғанда басымыз бірігеді, өсіп-өркендейтін боламыз. Біз үшін ең қасиетті құндылық Елбасымыз айтқан Тәуелсіздік болуы керек. Ал Тәуелсіздік ата тарихын ардақтап, ана тілін қадірлеген кезде ғана баянды болады. Ата тарихын, ата қонысымызды ардақтап қана қоймай, оны мақтан ете білуіміз керек. Бабалар бізге қазынасы кенге толы бай өлке ғана қалдырған жоқ, бүгінгі ұрпақ, сіздер мен біздер кеудесін керіп мақтана алатын бай тарих та қалдырды. Қасиетті Алтай – тек түркі жұртының ғана емес, адамзаттың алтын бесігі, - деді өз сөзінде құрметті мейман.
Өнер фестивалі шарықтау биігіне біртіндеп емес, бірден көтерілді. Қазақтың қара қобызы, сыбызғысы, қарақалпақтың қомузы, әзербайжанның сазы, өзбектің тамбуры, тываның добшылуры, башқұрттың қурайы дегендей саз аспаптары бірін бірі толықтырып жатты. Әсіресе, тывалық көмейшінің добшылуур үнімен астасқан көмей әуені бірде жіңішке, бірде жуан мақаммен шырқау биіктерге көтерілді. 
Түрік текті халықтардың сан түрлі саз аспабының сүйемелдеуімен тарбағатайлық Гүлнұр Жәлелбекова мен Балжан Сайілханова қосыла шырқаған «Ағажай Алтайдай» әні барша көрерменнің жүрек қылын шертті. «Топырағын қимадым қарт Алтайдың, қарай-қарай мекенге көзім талды, ағажай Алтайдай жер қайда-ай». Түркі бабамыздың алыстан ат терлетіп келген ұрпақтары қарт Алтайдың қадірін шын түсінгендей. Өз елдеріне арттарына қарай-қарай қол бұлғап кететіндіктеріне шүбә келтіре алмайсыз. Бүгінде әлемде түркі халықтарының саны 200 миллионнан асып жығылады. Жиналғандар туыстық пен тұтастыққа шақыратын саяси жиындармен қоса, терең тарих пен ортақ мәдениетті білісетін осындай мәдени шаралар қашанда керек екені сөзсіз, деп тарқасты.

 Дархан БЕРДІБЕК

Дерек көз: baq.kz
Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?