Жарияланымдар

Конституциялық өзгерістер – мемлекет дамуының жарқын үлгісі

26 Тамыз 2016
1402
0
Конституциялық өзгерістер – мемлекет дамуының жарқын үлгісі
Қазақстан Республикасының Конституция күні мерекесінің қарсаңында ҚР Ұлттық музейінің Қазақстан тарихы бөлімі «Айбыны асқақ Ата Заң» атты дөңгелек үстел өтті

Қазақстан Республикасының Ата заң баптарындағы руханият, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі, қазақстандық патриотизмді одан әрі нығайту мәселелері бойынша ой-пікірлермен бөлісуді мақсат еткен жиынға тарихшылар, заңгерлер және заң колледждерінің оқытушылары қатысты. 

6145c8e631322e53be94bacd099e9b90.jpg

Еліміздегі адам құқығы мен азамат бостандығының басты құжаты туралы сөз болған дөңгелек үстел барысында түрлі бағыттағы әңгімелер өрбіді. Жиынға қатысушы, Заң шығару институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жамалладин Ибрагимов еліміздің Ата заңының маңыздылығына, өміршеңдігіне тоқтала келіп, соңғы 1995 жылғы қабылданған Конституциямыздың дүниеге келуіне қарапайым халықтың сіңірген еңбегін атап өтті. 

5528dfb5fe2c38357d20428dc9449f2b.jpg

«Жаңадан заң қабылданса, қарапайым халық көбінде тек заңгерлер мен әділет саласының қызметкерлеріне керек деген түсінікте. Бұл дұрыс емес. Заң – әрбір адамның өмір сүру құқығы. Сондықтан Ата заңды толық білген абзал. Бұл ең әуелі азаматтың өз құқын қорғай білуі үшін керек» – деді Жамалладин Ибрагимов. 

Алғашқы Конституцияның олқылықтары көп болды. Ол ел азаматтарының әсіресе жекешелендіру туралы сұраныстарын қанағаттандыра алмады. Сол себепті 1995 жылы халықтық петиция арқылы екінші рет Ата заңды қайта бекітуге тура болды. Халықтан 3000-нан астам ұсыныс келіп, оның 1500-ден астамы ескерілді. Халықтың ұсынысымен қабылданған баптарға тоқталған дөңгелек үстел қатысушылары сол кездегі ақпараттық технологиясыз халықтың ұсыныстарын қалай жинағандары туралы деректерді алға тартты. 

1031348170926c01fd0790aa97aed911.jpg

«Мысалы қазіргі Ата Заңымыздағы 6 баптың 2 тармағы тікелей халықтың ұсынысымен хабылданды. Онда табиғи ресурстар мен аң-құстар мемлекеттің құзырында болуы керек. Олар жекешелендіруге жатпайды деген ұсыныс жасаған», – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Жамалладин Ибрагимов. 

eef59299dc997ba577373bc60f67bf7c.jpg

Бұған дейін де Конституциямызға үш рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. 1998, 2007 және 2011 жылдары Ата Заңымыздың кейбір тұстарына толықтырулар жасалған болатын. Бұл заман талабы. Себебі Конституция – мемлекеттің дамуымен қатар жүретін құқықтық құжат. Бұл жайында Жамаллидин Ибрагимов АҚШ-тың 225 жылдық тарихы бар Ата заңын негізге ала отырып түсіндірді. «Қарапайым адамдардың көбі «Ата Заңымызға неге өзгеріс енгізе береді?» деген сұрақты жиі қояды. Ол заңды. Конституциясы 225 жылдан бері жалғасып келе жатқан АҚШ-тың өзі заңдарына толықтырулар мен өзгертулер енгізіп отырады. Конституцияға жасалған өзгерістер елдің дамуын, алға жылжып келе жатқандығын көрсетеді», – деді тарихшы. 

be2175bee47c327ef59b2695b1ae2a04.jpg

Ал Ата Заңымыздың өміршеңдігі өзімізге байланысты. Себебі мемлекет азаматтарының құқықтық мәдениеті мен Ата Заңға деген құрметі қандай болса оның қуаттылығы да арта түсері сөзсіз. Сондықтан өз еліміздің азаматы ретінде, өз еліміздің патриоты ретінде Ата Заңымызды толықтай білуге, оны сыйлауға ұмтылайық.

Заңғар Кәрімхан

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Тәуелсіз Қазақстанның тарихына қызығушылық танытасыз ба?