Жарияланымдар

Бұланты шайқасының белгілі де белгісіз батырлары

19 Тамыз 2016
1335
0
Бұланты шайқасының белгілі де белгісіз батырлары
Ортасында сенім білдіретін лайықты батыры, биі, байы бар ауыл ғана өз алдына дербес ру атанып, ру басын сайлай алған. Аманғұл бабаның басында мұның бәрі болған

Бұл ұлы отан соғысына еңбектеген баладан, еңкейген қартқа, сондай-ақ, қыз-келіншектер түгел атсалысты. Тарихтан белгілісі, Абылайдың қызы Айтолқын, үйсін Қаратай батырдың қызы, Олжабай батырдың анасы Есенбике, Қабанбай батырдың жары, Малайсары батырдың қарындасы, батыр анамыз Гауһар, Қабанбай батырдың қаһарман қызы Назым, атақты Бұланбай батырдың жары, барлаушы топтың жетекшісі, ержүрек қыз Айбике, алшын батыр қыз Ақбикеш, найман Жандәлі, Есет батырдың қызы Ботагөз, сол сияқты Қызданбике, Нұрбике, т.б. ерліктің үлгісін көрсетіп, есімдерінің қазақ сахарасына кең жайылуы таң қалатын оқыс оқиға емес, қалыпты жағдай. Бұл қанда бар қасиет. Мысалы, сақ дәуірінде тұрмысқа шықпаған қыздардан арнайы әскери топ жасақталған. Өйткені, оларға керегі Отанының, от басының тыныштығы, ол үшін басты мақсат – дұшпанды жаусатып, туған жерді тезірек азат ету болды. Мұндай істен Ұлытау, Кішітаудың арғы-бергі өңірін жайлаған, Бұланты өңірінің қыз-келіншектері де шет қалмағаны анық. 

Көнекөз қариялардан жеткен аңыздарда, Қаракерей Қабанбай батырдың жан жары, батыр Гауһар анамыз «Қалмаққырылған» сыртындағы тауға қарауылға шықты» деген сөз бар. Ендеше, Гауһар анамызға серік болғандар қатарында жергілікті жердің, Бағаналылардың, Арғын, Қыпшақтың, т.б., бізге есімі беймәлім батыр қыздары болғаны анық. Бірақ, олар жайлы не білеміз, есімі кім, кімнің баласы, кімнің жары еді?.. 

Бұл тарихи өлкеде – Бұланты, Білеуті, Қарасері маңында өткен соғысқа Бағаналылықтар өзге де жерлестерімізбен бірге қоян-қолтық қатысқаны мәлім. 

Бағаналы Құттымбеттей батырлар ел үшін кеудесін оққа тосқан-ды. Шолушы-жасақ құрамындағы жиырмадан жаңа асқан Қаржас руынан Сеуіл батыр қапыда оққа ұшуы, Құттымбет батырдың жүрегін қалмақтардың тірідей жарып алуы осының дәлелі. Отан соғысының жалпы халықтық сипат алғанына дейін де жергілікті батырлар шолу-барлау жұмысында танытқан ерлігіне кім күмән келтіреді? Оның сыртында Бағаналы Қожастың ұрпағы – Мәйгелі, Қуат, Аманғұл сияқты, т.б. бай, батыр, ру басыларының жауынгерлерді мініс және сойыс аттарымен, азықпен қамтамасыз етудегі еңбегі ерекше ауызға алынғаны айғақ. Ой жүгіртіңіз, қаншама мыс қорыту пештері дайындалып, кен балқытылып, ұстаханаларда ұсталардың қажырлы еңбегімен қару-жарақ сайланды. Майдан шебінде және оны қамтамасыз етуде батырлығымен, ерен еңбегімен ел есінде қалған Шақшақ Жәнібек, Қыпшақ Тілеулі, Бағаналы Барлыбай, Төлек, Тулақ, Шұбартулы Жаулыбай, Жауғаш, Биғаш, Айбас, Оразымбет, Сағындық, Арғын Қаржас Аманжол, Сеуіл батырлар, Құттымбет, Аманғұл, Жылкелді, Көбес, Мәйгелді, тағы да басқаларының тарихта алар өмір жолдары әлі толық ашылған жоқ.

bd48d888bebfc247e00079ed514b0671.jpg

Ал, енді осы елағаларының төңірегіне топтасқан басқа да қатардағы батырлар, барлаушы топ құрамындағы батыр-ұландардың есімдері де анықталған жоқ, ендеше, алда атқарылар іс ұшан-теңіз. Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Бағаналы ұландарының тарих сахынасынан алар орнының анықталмай отырғанынан, олардың ерлік істері елеусіз қалып келеді. Өйткені, деректер тым шашыраңқы әрі көптеген рудың ұрпағы совет дәуірі кезінде сыртқа кетіп қалды. 

Осы ұлан-байтақ алқаптағы қиян-кескі соғысқа Бағаналы ұрпақтары, Қожастың төрт баласынан тараған ұл-қыздары, Қумола өзенін жайлаған Аманғұл әулеті, Білеулі, Дүйсенбайды мекендеген Бес Мәйгелді тұқымы қан майданнан сырт қалды десек, шындыққа қиянат болар еді. 

Аңғара білгенге, қалмақ пен жоңғар елі қазақпен ертеден-ақ, сыйласа жүріп, жауласқан, қидаласа жүріп, қимас досың жасамайтын тамаша татулық үлгісін көрсетіп отырған. Оған батырлар жырындағы, қиссалардағы, аңыз-әңгімелердегі, шешендік сөздердегі батырларымызға, шешендерімізге, хандарымызға көрсетілген сый-құрметтен аңғарамыз. Соның бәрі – қазақ елінің құпиясы мен осал тұстарына жүргізілген ұзақ жылдарғы барлаудың көрінісі, зерделеудің түйіні. 

Сөйткен қазақ пен қалмақ бір-бірімен аңдыса жүріп, сыралғы болғаны соншалық, бір-бірінен қаймығу, именуді қойған «сыңайлы». Онысы соғыс жүріп жатқан қазақ жеріне қалмақ хандарының үй-іші, отбасымен, дүние-мүлкімен «көшіп келіп соғысуынан» да байқалады.  

Екі елдің «қырын-қабақтығынан еті өліп кеткенінің» бір мысалы, Құттымбет батырдың жоңғар қонтайшысы Цэван Рабданның ордасына тікелей шабуыл жасауы. Ханның үріп ауызға салғандай жас сұлу қызын және бірнеше адамдарын тұтқындауының ақыры қанды оқиғаға айналғаны ел тарихынан белгілі. Құттымбет батырдың қолына түскен ару қыз – Цэван Рабданның Хоча атты аяулы қызы болатын. Оның кейін «Хоча» есімі өзгертіліп, ауылдастары еркелеткен «Хорқыз» атанды. Құттымбет батырдың жары болған Хоча Цэван Рабданқызынан тараған ұрпақтар әлі де ортамызда жүр. Осылайша тағдыр жазуымен Хорқызы атанған анамыз Құтан әулиенің ауылында сыйлы келін болып, соңынан ұрпақ өрді. 

Қалмақтардың өшпенділікпен қазақтың қасиетті топырағына енген тұсында еліміздің бірқатар «жайсаңдары» жайбарақаттық танытқан еді. Өйткені, әдеттегідей «билер барып басу айтар, сосын, қалмақ еліне қайтар» деп селсоқ қылық танытқан сыңайлы болатын. Бұрын сан мәрте солай болғаны да рас еді. Содан да болар «тұлғалы бас көтерерлеріміз» төңіректі түгел жау басып алса да өзара айтыс-тартыс, ауыл арасының күйбеңінен бас көтере ала алмай жайбарақат жатты. Жау қалмақ Ұлытауға бет бұрғанда ғана, кеш те болса, ес жиды, жедел бас қос қосты. Осындайда, елдегі ру басыларының шешімімен елім деп туған қайсар жүректі батырлар, кеудесін жалын кернеген жас буын ертерек ес жимаса, елдік қимыл танытпаса, халіміз мұнан да әлдеқайда құлдырап кетер ме еді, кім білсін?! 

Мұны сол тұстағы қалмақтың таңдаулы жасақтарынан құрылған барлаушы топтардың жыра-жыраны шолып, тау-тасты тіміскілеп кен балқытылып жатқан пештерді, ұстаханалар мен қару-жарақ қоймаларын тынымсыз іздеген іс-қимыл әрекетінен танимыз. Бұл іске жергілікті ауылдардан жасақталған жолбасшы шолғыншылар қарсы тұрып, аса белсенділік танытты. Оның бір айғағы – Құттымбет батыр қапыда жау шолғыншыларының қолға түсіп қалғанда жанында кәмелетке толмаған жас інісі Тәттімбеттің болуы, оған қолындағы Бұқарада жасалған ақ мылтығын мен арғымағын беріп қашырып, өзінің ерлікпен қаза табуы нақты дәлел болмақ. Мұндағы жасөрімдердің жасақ арасында жүруі жау кезігіп қалса мал қараған қамсыз жылқышы болып көріну айласы еді. Жас балалар жау қарасы көрінген сәтте елге хабар жеткізіп, ауылдардың бой тасалауына да оң ықпал еткен. Сондай бір мысал, Елтынды батырдың баласы қарт Қожас ауылына кездейсоқ кезіккен жаудың елді шапқаны жайлы оқиғада баяндалады. Сол кезде де Қожастың төрт батыр балалары – Ибеске, Жұртшы, Қоқан, Жырық қалмақпен қырылысып күн кешкені мәлім. 

Ал, Ибескеұлы Аманғұл бабамыз, оның төңірегіндегі болған ұландар осындай ауыр міндетті, елдік жүкті көтере жүріп шыңдалған алып тұлғалар қатарында болғанын біз орынды мақтан етеміз. Олар жайлы деректер тауып, бүгінгі ұрпақтың кәдесіне жаратсақ, ұрпақ жалғастығы деген сол. 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ер есімі – ел есінде. Еркіндік алған елдің бүгінгі ұрпақтары өздерінің батыр бабаларына тағзым етіп, әзиз аттарын ардақтайтыны, әбден орынды іс» деген ұлағатты ойының айтары осы. 

Өлкетанушы Кенжалы Балкеновтің көңілін толқытқан жайларды жыр жолына түйіндейтін дағдысы ертеден бар. Солардың бірі «Батырлары елімнің» деп аталады. Сонда: Бес қаруын асынған, Қол басшысы – Төлек ер! Соңынан ерген Аманғұл, Жылкелді, мен Көбес ер! – деп бабаларымыз Аманғұл, Жылкелді, мен Көбестің ерлік жолында, Жырық батырдың немересі, Өтептің баласы Төлек батырмен қанды жорықта бірге болғанынан мәлімет береді. Ол мәліметті толықтыра түсетін деректі Қазақстанның педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі, профессор Өміртай Жәлелов «Жүрегінің түгі бар Құттымбет батыр» атты ғылыми-зерттеу мақаласында («Қазақстан тарихы» веб-порталы, 21 шілде 2016): «Қиын-қыстау кезде, ел басына қатер төніп, жеті басты айдаһардай қалмақ-жоңғар жерімізді табалағанда қолдарына қару алып, ел қорғаған Төлек, Шұбар тулы Жаулыбай, Сағындық, Қалматай, Құттымбет, Тілес Оразай, Бадана, Жәлмен, Аманғұл, Жылкелді, Көбес, Мәйгелді, қырғыз Сырымбет, төртқара Апыр, болатшы Қараменде, қыпшақ Тілеулі, Түйте, Қанатбай, т.б, батырлардың есім мәңгі ұмытылмайды... Жалпы Бұланты, Білеуті, Қалмаққырылған, Қарасері жеріндегі қан майданға қатысқан әскер құрамының көпшілігі осы өңірде өсіп-өнгендер еді. Сондықтан, жасақ басшылары соғыс жағдайына аса қажетті «жер жағдайын» жақсы білетін рубасшылары мен елге тұлға болған танымал батырлардан құралған еді. Солардың қатарында көздерінің тірісінде-ақ, жүрегі жолбарыстан тайсалмаған қылығы үшін жау жүрек десетін Аманғұл батыр Ибескеұлы, «Жүрегінің түгі бар» атанған Құттымбет батырлардың болғанын көне тарих сыр етеді», – деп жазады. Міне, бұл жергілікті жағдайды білетін, ұстанымы берік ғалымның түйінді сөзі. Өміртай да, Кенжалы да жердің де, елдің де жай-жапсарын жетік білетін сыйлы азаматтар. Ендеше, олардың еңбектерінде аталған батырлардың қай-қайсысы да мақтануға тұрарлық тұлғалар. Біз шамамыз жеткенінше соларға «ұқсап бағуымыз» қажет. 

5bfeeb76a942652bad03d7166a6cfa29.jpg

1689 жылы дүние есігін ашқан Аманғұл Ибескеұлының өмір сүрген кезеңі Жоңғарлардың қазақ жеріне басқыншылық саясатты өршітіп тұрған шағы. Ру басы мәртебесіне ие болған Аманғұл бабамызға ел-жұртына қамқор болу салмағы ерте түскен-ді. Ол туған елі мен жері алдындағы жүктелген үлкен жауапкершілікті көтеріп, ел бірлігін ұйыта білген билік егесі болған. Бұланты, Білеуті, Қалмаққырылған маңында өткен, сондай-ақ тарихқа «Аңырақай» шайқасы деп енген соғысқа қоян-қолтық қатысқан еді. 

Ортасында сенім білдіретін лайықты батыры, биі, байы бар ауыл ғана өз алдына дербес ру атанып, ру басын сайлай алған. Аманғұл бабаның басында мұның бәрі болған. Оның жас деңгейі мен тұстастары жайлы ресми деректер топтамасы бойынша мына мәліметтер әзірленді: 1727 жылғы Бұланты бойындағы шайқас басталғанда Аманғұл бабаның жасы 38-де болатын. Зер салыңыз: Тілеулі батыр – 37 жаста, Жаулыбай батыр – 30 жаста, Сағындық батыр – 23 жаста болса, жоңғарлармен ұрыста Сандыбай батырдың 16 жасында, Тілеулі батырдың 20 жасында аты қазақ даласына кең жайылды емес пе?! Уақыт, заман зауалы оларды ерте есейтті. 

Аманғұл ру басы ретінде басшылық жасап, балалары Бөгенбай, Садырбайларға билік айтқызып Қумола, Жезді, Дүйсенбай, Білеуті өзендерін қапталдай қоныстанған қалың елді ымырамен ұстап, қиян-кескі соғыста жауға қарсы тұруға Бағаналының батырлары Барлыбай, Төлек, Тулақ маңына жұмылдыруда белсенді қызмет атқарды. Сөйтіп, тұтастай руға басшылық жасап, жерін қорғап, елге танылған Ибескеұлы Аманғұл қиындықты жеңе білетін батыл, тұйықтан жол табатын ақыл егесі екенін әрдайым дәлелдеп отырған. Аманғұл Ибескеұлы өзі мекен еткен Қумола өзені бойын жайлаған туысқандарының, ел-жұртының жанын сақтап, осы тарихи орынды жат жаудан қорғап, ұрпағына мирас еткен қайраткер. Бабалары Бағаналы, Кетбұғадан бергі иеліктерінде болған қасиетті мекеннің қарашаңырағын ұстап қалған мұрагер. 

Аманғұл бабамыздың, оның бауырластарының, тұстастарының, іргелес жатқан жалпақ елдің тындырған елеулі ерен рөлінің бағасын нақтылай түсетін дәйекті тарихшы Ирина Ерофееваның: «...Жер жайы әбден таныс, топырақтың ерекшелігі, Бетпақдаладағы өзендердің толып-тартылатын уақыттары белгілі еді, олар жоңғарлардың шегініп барар жерін алдын ала айқындады да, қажетті жаққа бағыттай білді», – деген жазбасынан кезіктіреміз. 

Ел есінде сақталған «Аманғұл бабаның кейбір нақыл сөздері» де мұқият жинақтала бастады. Аманғұл бабамыз ауыл аймақтың ғана ұйытқысы болғанда батырлығы, батылдығы өз алдына, шаруаға аса икемді, сөзге ұста жан екен. Сөз қадірін білетін құймақұлақ ағаларымыздың естеліктерінен екшеп алған Аманғұл Ибескеұлының кейбір нақыл сөздерін келтіре отырып, бабамыздың кім болғанын сол сөздерінен де топшылауға болады деп санадық. «Жаудың қарасынан именбе, Елдің киесінен имен!»; «Дауды мерзімінде шеш, уақытыңды өткізбе. Қылышыңды қынабынан суыруға жеткізбе!»; «Ағайынның татулығы – жасанған жаудың меселін қайтарады»; «Бірлік болмай ел оңбас, Ағайыннан безгеннің ісі оң болмас»; «Жауға қылыш сілтегенде, Қылпыған жүзін оң ұста. Ағайынын қылыштың сыртымен болса да, Ұрғанның ғұмыры қысқа»; Дұшпаныңның осал тұсы – Аз жеңіске мастану.Ер жігіттің асыл мұраты – Туған жердің топырағын жастану!» Сондай-ақ, ақындар жырына өзек болған бабамыз Аманғұл жайлы жинаған деректер жақында Астана қаласында жарық көрген «Тас-белгі» түйген сырлардың жаңғырығы» кітабында жарияланды. 

Қол бастап, Төлек ердің соңына ерген,

Қабанбай, Бөгенбайды көзі көрген. 

Хан Абылай кеңесіне құлақ түріп, 

Найза шаншып, садағын жауға керген. 

Айналдым әруағыңнан арда бабам, 

Өнегелі жол салдың жастарға өрім. 

Көкірекке кептеліп қан қатса да, 

Имандылық сақтаған кемеңгерім! 

Аманғұл бабамыз өз ғұмырында батырлықтан гөрі, адамгершілік пен парасаттылық, имандылықты көбірек насихаттаған екен. Сол үрдіс бүгінгі ұрпағына жұғысты болып, ұрпақтары елге абыройлы қызмет атқарып келеді. 

Жақында Аманғұл бабамыздың рухына арналған ескерткіш тасты Бұланты өзені бойындағы Үйтас шатқалындағы Монумент маңындағы батырлар қатарына апарып орналастырып оралдық. Бізді Байқоңыр кентіндегі Қыпшақ руының азаматтары құрметпен қарсы алып, ауыл әкімі Серік Әбжанов, Бұланты шайқасына қатысқан Қанатбай батырдың ұрпақтары Медет Бейсенов, Марат Ақылбаевтар бас болып, мал сойып, құран оқып, қонақасы беріп, Үйтасқа ауыл азаматтарымен бірге жол бастап апарды. 

Мұның өзі сонау қилы заманнан бергі өзара сыйластықтың жалғасы деп ұқтық. Өйткені, биыл Астанада жарық көрген Тоғанбай қажы Құлманұлының «Тас-белгі» түйген сырлардың жаңғырығы» кітабында қыпшақ Тілеулі батыр, Түйте батыр туралы баяндалады. Біле-білгенге, бабалар жоралғысын біз осылайша жалғау парызымыз болмақ. Аманғұл бабаға қойылған тас белгінің қазақтың қас батырларының бірі, Бағаналы хан Барлыбайдың оң қолының жанынан орын бұйыруы да зор абырой болғанын мақтан етеміз. 

Ұлттық санамыз өрлеу жолына түскенде біздің кім екенімізді, ата-бабамыздың қандай болғанындығын, ұлан байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, кешегі тектілердің ұрпағы екенімізді ұғынып, келешекке жеткізу парызымыз. Ғасырдан ғасырға жібек желі болып жалғасып келе жатқан бабалар аманатын орындап, жалғастыру Сіз бен біздің еншімізде!

Сәбит қажы Байдалы, «Құрмет» орденінің иегері, журналист, алаштанушы 

Әбдірахман Зарыпұлы, ҚР ІІМ ардагері 

Тоғанбай қажы Құлманұлы, Әлем халықтары Жазушылары одағының мүшесі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

Елбасы идеясымен белгіленген Ұлттық домбыра күнінің атап өтілуін сіз қалай бағалайсыз?