Жарияланымдар

Ұлттық тарихты дүниежүзі тарихынан бөлек зерделеу мүмкін емес - Қ.Жұмағұлов

03 Қазан 2013
37
0
Ұлттық тарихты дүниежүзі тарихынан бөлек зерделеу мүмкін емес - Қ.Жұмағұлов
Қазақ тарихын дүниежүзілік тарихпен үйлесімде зерттеуіміз керек. Бұл қазақ елінің бұрыны және қазіргі рөлін көрсету үшін қажет.

Ұлттық тарихты дүние жүзі тарихынан бөлек зерделеу мүмкін емес. BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан құрылған Дүниежүзі тарихын зерделеу жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Қалқаман Жұмағұлов осындай пікір білдірді.

«Ұлттық тарихты жаңғырту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың аясында Дүниежүзі тарихын зерделеу жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Орталықта 24 адам жұмыс істейді. 8 ғылым докторы, ғылым кандидаттары бар, сонымен бірге магистранттар мен докторанттар да еңбектенеді», - деді орталық директоры.

Қ.Жұмағұловтың айтуынша, орталық мамандары алдында үлкен міндеттер қойылып отыр.

«Қазақ тарихын дүниежүзілік тарихпен үйлесімде зерттеуіміз керек. Бұл қазақ елінің бұрыны және қазіргі рөлін көрсету үшін қажет. Қазақстан әлемде жерінің аумағы жағынан тоғызыншы орын алады. Еуразия аумағында бұл үлкен мемлекет. Біздің жерімізге алты Германия, бес жарым Франция сыйып кетер еді. Сондықтан да осының бәрін көрсете білуіміз керек», - деп ойын өрбітті тарихшы.

«Түркілер тарихы, орта ғасырлардағы Шығыс пен Батыстың қарым-қатынасы, жаңа дәуірдегі байланыстар, Шығыс пен Батыстың интеграциясы және қазіргі заман зерделенеді. Көршілес мемлекеттер - Ресей, Қытай, Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасымыз қалай дамыды? Еуразия кеңістігіндегі қазіргі Қазақстанның жағдайы, орны қандай? Осындай ауқымды мәселелермен айналысатын боламыз», - деді Қ.Жұмағұлов.

Мұнымен қатар, ғылыми- зерттеу орталығы қазіргі жаһандану жағдайындағы Батыс пен Шығыс елдері арасындағы өзара қарым-қатынастың негізгі стратегиялық бағыттары мен даму болашағын анықтау, Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастыққа ықпалдасуы жағдайындағы Еуразия өркениеті синтезінің тарихи-мәдени мәселелерін зерделеу, қазақстандық қоғамның дамуының, жаңғыруының өзіндік дербес жолын және оның одан әрі өсу келешегін анықтау мақсатында еуропалық жаңғыру мен интеграцияның тарихи тәжірибесін зерделеумен айналысады.

Сондай-ақ орталық мамандары қазіргі заманғы тарих ғылымының басым бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер өткізіп, түркі халықтарының дүниежүзі тарихындағы рөлі, орны мен маңызы туралы батыстық теориялық тұжырымдамаларға жаңа заманауи ұстанымдар әзірлеу үшін талдау жасайды.

Дерек көз: bnews.kz

Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?