Жарияланымдар

Б.Аяған: Абылай ханның 300 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді

02 Қазан 2013
121
0
Б.Аяған: Абылай ханның 300 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді
5 қазанда Көкшетауда «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

 ОКҚ алаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығымен қолға алынып отырған «Халық тарих ағымында» бағдарламасының аясындағы ұлттық тарихты зерттеу жұмыстарына және Ведомствоаралық жұмыс тобының ІІІ отырысының қорытындысына баспасөз мәслихаты өтті.

Конференция басында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітай Аяған сөз сөйледі.

«Ұлттық тарихты жаңғырту мәселесі бүгінгі брифингтің тақырыбы болып табылады. Ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының үш отырысы өткені мәлім. Үшінші отырыс 2013 жылғы 25 қаңтарда, Ақордада өтіп, онда ұлттық тарихты жаңғырту туралы шешім қабылданнан бергі 100 күннің қорытындысы шығарылды», - деді ғалым кіріспе сөзінде.

Одан кейін профессор осы аралықта атқарылған кейбір жұмыстардың нәтижесі туралы әңгімелеп берді.

«Қысқа мерзімнің ішінде «Мәңгі ел» ғылыми-көпшілік журналдың алғашқы нөмірі жарық көрді. Оған қоса, ұлттық тарихымыздың мыңжылдық көкжиегін кеңейту мақсатында шетелдік іссапарларға аттанған 20 зерттеуші-ғалым елге оралды, бірегей мұрағат материалдарын алып келді. Олардың ішінде Абылай ханның өмірі және қызметімен, оның тарихи дәуірімен таныстыратын заттар, басқа да материалдар бар», - деді ол.

5 қазанда Көкшетауда «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтетінін еске салған Б.Аяған, «2013 жылы қазақ ханы, ірі мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат Абылай ханның туғанына 300 жыл толады. Осынау ұлы тұлғаны еске алу құрметіне аталмыш конференция өткізілгелі отыр. Жиынға танымал ғалымдар, сарапшылар, ғылыми ұйымдардың қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, Қазақстанның және шетелдердің қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысады. Арнайы шақырылған шетелдік қонақтар осы тақырыпты зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар. Конференцияда қазақ тарихының колониялдық дәуірдегі проблемаларды зерттеумен байланысты мәселелер талқыланады. Конференция қорытындысы бойынша қатысушылардың баяндаларының жинағы жарияланады», деп түйіндеді өз сөзін ғалым.

Дерек көз: ortcom.kz
Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?