Жарияланымдар

Білім және ғылым вице-министрі М.Орынханов: екі ғылыми орталық және үш ғылыми зертхана құрылуда

26 Қыркүйек 2013
54
0
Білім және ғылым вице-министрі М.Орынханов: екі ғылыми орталық және үш ғылыми зертхана құрылуда
Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында археологиялық консервация, реставрация,музеефикация саласындағы мамандар дайындау жөніндегі оқу-әдістемелік орталықтар құру жоспарланып отыр.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінің жанынан көшпенділер өркениетін зерттейтін ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Орталық Азия дәстүрлі өркениеттерін зерделеу жөніндегі республикалық орталығын құрудың негізгі мақсаты Қазақстан мен Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерінің ғылыми проблемаларын жаңа әдістемелік ұстанымдардың негізінде әлемдік тарихнамадағы таным әдістерін сындарлы қайта бағалау тұрғысынан пысықтау болып табылады. Оның директоры - танымал тарихшы-ғалым Талас Омарбекұлы Омарбеков. Орталықтың құрамына 5 сектор кіреді: Орталық Азияның дәстүрлі мәдениеттерінің тарихнамасы; көшпенділердің далалық империяларының тарихы; қазақ халқының этногенезі; Орталық Азия көшпенділерінің шектес көшпенді емес халықтармен өзара қарым-қатынасының тарихы; Дешті-Қыпшақ көшпенділер қоғамының әлеуметтік және этномәдени құрылымы. Орталық жоғары білікті мамандармен жасақталған, олардың қатарында 13 ғылым докторы, 16 ғылым кандидаты, 1 PhD философия докторы, 6 докторант, АҚШ-тан, Жапониядан, Түркиядан және Қытайдан келген ғалымдар бар. Орталықтың «Көшпенділер өркениетін зерттеу» тақырыбына арналған ғылыми бағдарламасы «Халық тарих толқынында» атты тарихи зерттеулер бағларламасының аясында жүзеге асырылады. 2014 -2016 жылдар аралығындағы кезеңге сұралып отырған қаржы көлемі 160 млн. теңгені құрайды, оның ішінде, 2014 жылы - 50 млн. теңге, 2015 жылы – 60 млн. теңге, 2016 жылы – 50 млн. теңге. Бағдарламаға 17 ғылыми жоба кіреді», - деп хабарлады вице-министр.

Қалған ғылыми орталықтар мен зертханалардың конкурс негізінде құрылғанын айта кету керек, деді М.Орынханов өз сөзінде. «Атап айтқанда, популяциялық генетика зертханасы бойынша екі жоба ұсынылды. Сарапшылар тобы Жалпы генетика және цитология институтының Ә.Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлескен жобасын таңдады. Зертхана меңгерушісі – танымал биолог-ғалым Ләйла Жансүгірова.Зертхананың кадрлық құрамын таратар болсақ, онда20 маман жұмыс істейді, олар– генетиктер, биоинформатиктер, тарихшылар, оның ішінде 2 ғылым докторы, 6 ғылым кандидаты, 2 PhD философия докторы, 2 PhD-докторанты және 8 лаборант бар. Зертхананың «Қазақстан халқының этногенетикалық тарихын зерттеу» тақырыбына арналған ғылыми бағдарламасы «Халық тарих толқынында» атты тарихи зерттеулер бағларламасының аясында жүзеге асырылады. 2014 -2016 жылдар аралығындағы кезеңге сұралып отырған қаржы көлемі 882 млн. теңгені құрайды, оның ішінде, 2014 жылы - 382 млн. теңге (оның ішінде, 182 млн. теңге –жабдықтарға), 2015 жылы – 250 млн. теңге, 2016 жылы – 250 млн. теңге», - деді вице-министр.

«Оған қоса, келесі жылы Макс Планк институты (Германия) зертханасының бағдарламасы аясында «Сванте Паабо» зертханасында палеогенетика мамандығы бойынша төрт адамды оқыту жоспарланып отыр, бұл мақсат үшін 2014 жылға 54 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр. Артефактілерді археологиялық даталау жөніндегі зертхана құруға екі жоғары оқу орны өз жобаларын ұсынып отыр. Оның ішінде, үздік жобаны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұсынып, оқу орнының базасында «Геоархеология» артефактілерді археологиялық даталау жөніндегі халықаралық зертхана құрылды. Зертхана меңгерушісі – тарих ғылымдарының докторы Ж.К.Таймағамбетов. Орталықтың негізгі міндеті – Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы археологиялық ескерткіштер мен артефактілерді зерделеу және даталау кезінде әлемдік тарих призмасы арқылы заманауи парадигмалар мен тетіктер негізінде жаратылыстану-ғылыми пәндердің әдістерінің әралуандығын пайдалану. Кадрлық құрамы 88 адамнан жасақталған (7 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты, 4 докторант, АҚШ-тан, Жапониядан, Германиядан, Ресейден келген жетекші ғалымдар). Орталықтың «Археологиядағы жаратылыстану-ғылыми әдістер» тақырыбына арналған ғылыми бағдарламасы «Халық тарих толқынында» атты тарихи зерттеулер бағдарламасының аясында жүзеге асырылады. 2014 -2016 жылдар аралығындағы кезеңге сұралып отырған қаржы көлемі 200 млн. теңгені құрайды, оның ішінде, 2014 жылы - 50 млн. теңге, 2015 жылы – 75 млн. теңге, 2016 жылы – 75 млн. теңге», - деп хабарлады М.Орынханов.

Әрі қарай М.Орынханов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында құрылған Дүниежүзілік тарихты зерттеу жөніндегі ғылыми орталығы туралы баяндап берді. Орталық директоры – танымал тарихшы-ғалым Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов.

Вице-министр сондай-ақ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесіп Абай атындағы ҚазҰПУ, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ баламалы негізде антропологиялық зертхана құру жобаларын ұсынып отырғанын хабарлады. «Солардың ішінен сарапшылар комиссиясы екі жобаны: Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттің жобасы мен Абай атындағы ҚазҰПУ Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесіп әзірлеген жобаны таңдады. Нақты оқу орны ағымдағы жылдың қазан айына дейін таңдалады», деді М.Орынбаев сөз соңында.

Ақпарат көзі: http://ortcom.kz
Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?