Жарияланымдар

Ұлттық тарихты зерделеу жолындағы 10 қадам

26 Қыркүйек 2013
182
0
Ұлттық тарихты зерделеу жолындағы 10 қадам
Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес республикада ұлттық тарих саласындағы зерттеулерді кеңейту мен тереңдету жөніндегі шаралардың ауқымды кешені іске асырылуда.

Бүгінгі таңда Ведомствоаралық жұмыс тобы ғылыми-тарихи қоғамдастықпен бірлесіп үлкен жұмыстар атқарды.

1. Еліміздің тарихында тұңғыш рет «Қазақстан тарихы» веб-порталы әзірленіп, іске қосылды.

«Қазақстан тарихы» (e-history.kz) анықтамалық ақпараттық-білім беру порталы соңғы әзірлемелер негізінде құрылды.

Бұл портал жаңа технологиялар мен эксклюзивті ақпараттардың бірегей үйлесімі болып табылады. Әрбір тарихи кезең үшін порталда жеке беттер мен тұтастай айдарлар қатары ашылған.

Қазақстан тарихының қалай басталғаны қызықтыратын әрбір адам сирек кездесетін жарияланымдарды оқи алады, оған қоса өз материалдарын орналастыра алады.

Бір ресурстың өзінен сіздер әртүрлі форматтағы – қарапайым мәтін, PDF, инфографика, интерактивті ойындар, фото, бейне және аудио форматындағы ақпараттардың барлық түрлерін ала аласыз, оған қоса интерактивті талқылауға қатыса аласыз.

Әрбір пайдаланушы өз қалауы бойынша ұсынылған бөлімдердің кез келгенін таңдай алады: «e-history.kz»электрондық журналы – тарих, археология және этнография бойынша монографиялар, диссертациялар, рефераттар, ғылыми мақалалар жинақтары жарияланымдары; «ҰБТ сұрақтары»; «Интерактивті карта» - еліміздің киелі орындары мен көрікті жерлері бойынша электрондық гид.

Тарихты терең оқып-үйренушілер үшін мынандай арнайы жобалар қызықты болмақ: «Ауызша тарих - Устная история» - көп жасап, көпті көрген адамдар жадында сақталған ерекше және елеулі оқиғалар, кездесулер, тарихтар, көкейге түйгендер, алған әсерлер, тағдырлар мен эпизодтар жылнамасы; «Өлкетану – Краеведение» - тарихи өлкетану материалдары; «Қазақ ою-өрнектерінің сырлары - Тайны казахских орнаментов» - ою-өрнектер құру туралы материалдар, аңыз-әңгімелер; «Шежіре – Единое генеалогическое древо казахов» қазақ руларының шығуы мен ерте дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихы.

Порталдың көптілділігі оның ең басты артықшылығы болып табылады, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат алуға болады.

2. Қазақстандық тарихшылар мен мұрағатшылар¬дың жетекші шетелдік мұрағат орталықтарына ғылыми іс-сапарлары ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңда 20 қазақстандық ғалымның ғылыми іс-сапарлары аяқталды, олар Иран, Үндістан, Қытай, Египет, Түркия, Моңғолия, Ұлыбритания, Германия, Өзбекстан, Ресей сияқты 10 елде жұмыс істеді.

Экспедицияларға қатысушылар тарихи Түркі қағанатының қалыптасуы мен дамуы тарихы жөніндегі түркі тасжазулары мен қолжазба дерек көздерін айқындау, суретке түсіру және көшіру бойынша, Шыңғысхан дәуірі кезеңіне дейінгі түркі тайпаларының тарихи сабақтастығы мен бірыңғай этнографиялық байланыстары жөнінде қомақты жұмыс атқарды.

Моңғолияға, Қытайға және Германияға ғылыми іс-сапар нәтижесінде көне дәуір, түркі руналық тасжазба, көнеүнді, қытай дерек көздерінің негізіндегі ежелгі көшпенділер тарихы бойынша тарихи куәліктердің көшірмелері әкелінді, олар түркі (ішінара алғанда, қазақ) халықтарының ата-бабалары тарихының прото-, көне және орта түркілік кезеңдері туралы түсініктер береді.

Мысалға, тас мүсіндердегі атрибуттар әскери иерархия, әскери іс туралы, этностардың қоныстануы (этногеография) туралы, түркілердің дүниетанымы және т.б. туралы баяндайды.

Қазіргі уақытта алынған материалдар өңделуде. Ауқымды сириялық, түркілік (тасқа қашалған) және қытай дерек көздерінен тек қана Қазақстанның емес, сонымен бірге Орталық Азия елдерінің де көшпелі халықтарының этникалық құрамы мен географиялық қоныстануын зерттеуге болады. Айқындалған жаңа материалдар көне түркілердегі жоғары биліктің мұрагерлік жүйесін анықтауға мүмкіндік береді.

Қазақстан тарих ғылымына бұрын беймәлім болып келген Ұлы жібек жолындағы сақталған түркілік құлпытас және несториандық ескерткіштерді зерделеудің маңызы зор. Қазақстан, Қырғызстан және Қытай аумағындағы несториандық ескерткіштердің мәтіндерін салыстырып-тексеріп талдау қазақ халқы этногенезінің, діндер тарихының, түркі тілі мен жазуының қалыптасуы тарихының кейбір проблемаларын ашуға мүмкіндік береді..

Египетке, Иранға, Түркияға, Өзбекстанға ғылыми іс-сапар нәтижесінде түркі Хорезмшахтары, моңғолдар, ұйғырлар, мұсылман билеушілері тарихы, Шыңғысхан, Әмір Темір тарихы бойынша құнды мұрағат материалдары айқындалып, әкелінді. Атап айтсақ, олардың қатарында: «Тарих-и ал-Салжук», «Тарих-и Жалаладдин Хорезмшах», «Маджа ал-ансаб», «Тарих-и Улжайту», «Китабкамил фи-т-та’рих» - Мавераннахр түркі тайпалары, түркі хандары туралы мәліметтерді, сондай-ақ Түркістан қалаларының сипатын қамтитын Қазақстан мен Орталық Азияның моңғолға дейінгі және моңғолдық кезеңдеріндегі тарихы бойынша бірегей дерек көздері бар.

Қытайға, Үндістанға, Ресейге, Ұлыбританияға ғылыми іс-сапар нәтижесінде Бодлеан және Британ кітапханаларында, Қытайдың Тұңғыш тарихи мұрағатында, Үндістанның Рампур қаласындағы Әмір Раз кітапханасында, Хайдарабад қаласындағы Саларджанг мұражайында, Қалмақ Республикасының Ұлттық мұрағатында сақталған құнды шығыс қолжазбалары айқындалып, көшірмелері әкелінді.

XIV ғасыр соңында – XV ғасырдың басында Дешті-Қыпшақта, Қазақ хандығы құрылуының ең шиеленіскен кезеңінде орын алған саяси оқиғалар тарихы бойынша жинақталған «Тарихи-и Кипчак-хани» фактілік материалы Қазақстан мен Орталық Азияның XVI ғасырдағы – XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы тарихын зерделеу үшін үлкен маңызға ие.

«Нусрат-наме» және «Муиззал-ансаб» бірегей тізімдерін ерекше атап өткен жөн, онда қазіргі кезге дейін беймәлім болып келген және XIV–XVII ғасырлардағы шынайы тарихи оқиғаларды зерттеу үшін өте маңызды тамаша 15 миниатюра, сондай-ақ XVI–XVII ғасырлардағы қазақ хандары мен сұлтандарының тарихы жөніндегі Махмуд–бен Валидің «Бахр-ал-асрар» шығармасы келтірілген. Бұл Әбілқайыр хан, Мұхаммед Шайбани хат, Керей мен Жәнібек хан, Әбдалла хан және т.б. билеген тұстағы қазақ мемлекеттілігінің даму кезеңі.

Қытайдың Тұңғыш тарихи мұрағатына ғылыми іс-сапар нәтижесінде қазақ тарихына қатысы бар 283 томнан (72812 құжаттан) тұратын Цин империясы мұрағаттық құжаттарының көшірмелері Қазақстанға жеткізілді. Бұл құжаттар 1730 жылдың соңынан 1911 жылдың басына дейінгі 181 жылдан тұратын кезеңді қамтиды және қазақ-қытай саяси, сыртқы саяси және экономикалық өзара қарым-қатынастарды ашып көрсетеді. Қазақ билеушілерінің көрші мемлекеттер билеушілеріне жазған хаттарының ішінде Абылай ханның, сұлтан Болат ханның, Уәли сұлтанның және басқа да қазақ хандары мен сұлтандарының жазысхан хаттары туралы айрықша мәліметтер бар, онда елшілер алмасу туралы, Қазақ хандығындағы және Цин империясындағы лауазымды адамдарды тағайындау туралы хабарланады.

Ғалымдар алып келген сенсациялық материалдарды 2013 жылғы қазанда Абылай ханның 300 жылдығын мерекелеуге арналған Халықаралық конференцияда таныстыру жоспарланған.

Тарихшы ғалымдар экспедициялар нәтижелері бойынша шетелдік қорлар мен мұрағаттарда жүргізілген жұмыс туралы егжей-тегжейлі есеп әзірледі. Жұмыс нәтижесі бойынша мұрағат материалдарының 3000 астам көшірмесі алынды (цифрлық суреттер, сәулет ескерткіштерінің суреттері, түркілік құлпытас ескерткіштері, микрофильмдер, каталогтар, карталар және т.б.).

3. Тарихи бағыттағы жаңа ғылыми-зерттеу құрылымдары құрылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Орталық Азия дәстүрлі өркениеттерін зерделеу жөніндегі республикалық орталығы құрылды. Директоры болып тарих ғылымдарының докторы Т.Омарбеков тағайындалды.

Орталықтың негізгі мақсаты Қазақстан мен Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерінің ғылыми проблемаларын жаңа әдістемелік ұстанымдардың негізінде әлемдік тарихнамадағы таным әдістерін сындарлы қайта бағалау тұрғысынан пысықтау болып табылады.

Орталықтың құрамына 5 сектор кіреді: Орталық Азияның дәстүрлі мәдениеттерінің тарихнамасы; көшпенділердің далалық империяларының тарихы; қазақ халқының этногенезі; Орталық Азия көшпенділерінің шектес көшпенді емес халықтармен өзара қарым-қатынасының тарихы; Дешті-Қыпшақ көшпенділер қоғамының әлеуметтік және этномәдени құрылымы.

Орталық жоғары білікті мамандармен жасақталған, олардың қатарында 13 ғылым докторы, 16 ғылым кандидаты, 1 PhD философия докторы, 6 докторант, АҚШ-тан, Жапониядан, Түркиядан және Қытайдан келген шетелдік ғалымдар бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында сондай-ақ «Геоархеология» артефактілерді археологиялық даталау жөніндегі халықаралық ғылыми зертхана құрылды. Зертхана директоры болып тарих ғылымдарының докторы Ж.Таймағамбетов тағайындалды.

Зертхананың негізгі міндеті – Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы археологиялық ескерткіштер мен артефактілерді зерделеу және даталау кезінде әлемдік тарих призмасы арқылы заманауи әдістемелік парадигмалар мен инструментарийлер негізінде жаратылыстану-ғылыми пәндердің әдістерінің әралуандығын пайдалану.

Кадрлық құрамы 88 адамнан (7 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты, 4 докторант, АҚШ-тан, Жапониядан, Германиядан, Ресейден келген жетекші ғалымдар) жасақталған.

Жалпы генетика және цитология институтының базасында Популяциялық генетика зертханасы құрылды, ол Қазақстанның қазіргі халқының популяциялық-генетикалық құрылымдарын палеогенетикалық зерттеулер мен зерделеуге бағытталған.

Зертхана археологиялық жұмыстар барысында табылған адам қалдықтарының палеогенетикасы, қазіргі қазақтардың ДНК-ларын жинау және талдау, жануарлардың шынайы қазақи тұқымдарының шығуын зерделеу сияқты бағыттармен шұғылданатын болады.

Зертхана штаты 20 адамды құрайды (генетиктер, биоинформатиктер, тарихшылар). Бастапқы кезеңде мамандар тобы (4-5 адам) Макс Планк институтында (Германия) Сванте Паабо (Германия) зертханасында бір жыл мерзіммен білім алатын болады.

Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған соң мамандарды құрал-жабдықтарды жасаушы кәсіпорындарға тағылымдамадан өтуге және оқуға жіберу жоспарлануда.

Сол сияқты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Дүние жүзі тарихын зерделеу жөніндегі ғылыми орталық құрылды. Директоры болып тарих ғылымдарының докторы К.Жұмағұлов тағайындалды.

Орталықтың негізгі міндеті әлем тарихы дамуын заманауи парадигмалар мен инструментарийлер негізінде зерттеу.

Орталықтың маңызды міндеттері:

- қазіргі жаһандану жағдайындағы Батыс пен Шығыс елдері арасындағы өзара қарым-қатынастардың негізгі стратегиялық бағыттары мен даму перспективасын анықтау;

- Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастыққа кірігуі жағдайындағы Еуразия өркениеті синтезінің тарихи-мәдени проблемаларын зерделеу, соның нәтижесінде Еуразия халықтарының әлеуметтік тарихының саяси өзара іс-қимыл тарихымен сабақтастығын айқындау күтіледі;

- Қазақстандық қоғамның дамуының, жаңғыруының өзіндік дербес жолын және оның одан әрі өсу келешегін анықтау мақсатында еуропалық жаңғыру мен интеграцияның тарихи тәжірибесін зерделеу;

- қазіргі заманғы тарих ғылымының басымдық бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер ұйымдастыру және өткізу;

- түркі халықтарының дүние жүзі тарихындағы рөлі, орны мен маңызы туралы батыстық теориялық тұжырымдамаларды жаңа заманауи ұстанымдар әзірлеу үшін сыни талдау;

- түркі әлемін зерделеуде Батыс Еуропа тәжірибесін жалпылау үшін Орталық Азия, Қазақстан халықтарының батыстық тарихнамасын жан-жақты зерделеу, жүйелендіру және сыни ой елегінен өткізу;

- елдіміздегі және шетелдегі ұқсас ұйымдармен баспа қызметін жүргізу және бірлескен баспалық жобаларды жүзеге асыру.

4. Мемлекеттік жоғары оқу орындарында 19 дербес Қазақстан тарихы кафедрасы қалпына келтірілді және құрылды.

Жаңа кафедралардың кадрлық әлеуеті профессорлық-оқытушылық құрамның 128 бірлігін құрайды, оның ішінде 9 ғылым докторы, 73 ғылым кандидаты бар. Кафедралардың дәрежелілігі 64% құрайды.

Бұл кафедралардың қызметі тарих пен оқиғаларды жүйелі ұғынуға; тарих теориясы мен әдістемесі проблемалары бойынша жалпы және арнайы курстар дайындауға; қазақстандық жастарда тарихи сананы, қазақстандық патриотизмді, салт-дәстүрлерге, мемлекеттік рәміздерге, өз өлкесінің тарихына құрметпен қарауды қалыптастыруға және тарихи білімді насихаттауға, оларды жанды, тартымды тілмен жазылған іргелі оқулықтар дайындау жолымен танымал етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта жоғары оқу орындары Қазақстан тарихы бойынша талдау және жаңа оқулықтарды әзірлеу, сондай-ақ білім беру процесінде озық технологияларды пайдалану жөніндегі жұмыс топтары құрылған.

Оқу бағдарламаларына Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша модуль қосу бөлігінде еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы жетістіктерін көрсететін өзгерістер енгізілетін болады. Бұл қазақстандық патриотизмді және студенттердің орнықты тарихи-талдау біліктілігін қалыптастыруға ықпал ететін болады.

Студенттердің зерттеу-іздестіру қызметі және оқу әдебиетінің кітапханалық қорын толықтыру үшін кафедраларды мамандандырылған зертханалық құрал-жабдықтармен материалдық-техникалық жабдықтау мәселелері пысықталуда.

Жалпы бүгінгі таңда Қазақстан тарихы кафедралары 59 жоғары оқу орнында, соның ішінде 9 ұлттық, 31 мемлекеттік, 1 халықаралық, 9 акционерлік, сондай-ақ 9 жеке жоғары оқу орындарында бар.

5. «Mangi el» жаңа халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналының сүйінші нөмірі шықты.

«Mangi el» журналы мына міндеттерді іске асыру үшін ашылған:

- қазақтар мен Еуразияның басқа да түркітілдес халықтарының тарихы мен мәдениетін тереңдетіп зерделеу;

- оқырманның ғылыми дүниетанымын қалыптастыру;

- Қазақстанның ұлттық тарихы жетістіктерін танымал ету және насихаттау.

Ғылыми-көпшілік басылымның бас редакторы «Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов болып табылады.

Тарихи журналдың редакциялық алқа құрамына (18 адам) танымал мемлекет, қоғам қайраткерлері, тарихшы ғалымдар кіреді.

Журнал 3000 дана таралыммен шығады және «Тарих толқынында», «Көшпенділердің ұлы мұрасы», «Ұлт жетістігі», «Отандастар. Шекара», «Жусан», «Қорамсақ», «Болу үшін», «π белгісімен», «Сөз арасында», «Күн тәртібінде» атты 10 айдардан тұрады.

Журналдың таралу аумағы – Қазақстан, таяу және алыс шетелдердегі түркітілдес мемлекеттер.

Мамандандырылған айдарларда талдамадан бастап қысқаша ақпараттық жолдарға дейінгі әртүрлі мазмұндағы материалдар орналастырылады.

«MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналының келесі нөмірі 2013 жылғы қарашада шығады.

6. Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде тарих факультеті құрылды.

Тарих факультетінің құрамында 3 кафедра жұмыс істейді: Қазақстан тарихы, Археология және этнология, Еуразиялық зерттеулер.

Бүгінгі таңда Қазақстан тарихы кафедрасында 25 оқытушы жұмыс істейді, оның ішінде 6 тарих ғылымдарының докторы, 12 ғылым кандидаты, 7 тарих магистрі. Археология және этнология кафедрасында 16 оқытушы жұмыс істейді, оның ішінде 5 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты, 1 аға оқытушы, 3 тарих магистрі. Еуразиялық зерттеулер кафедрасында 9 оқытушы жұмыс істейді, оның ішінде 3 ғылым докторы, 4 ғылым кандидаты, 2 аға оқытушы.

Тарих факультетінде «Тарих» мамандығы бойынша бакалавриатта 70 студент, оның ішінде 60 мемлекеттік грант иегері, магистратурада – 44 адам, докторантурада – 9 адам оқиды. Археология және этнология мамандығы бойынша бакалавриатта 43 студент, Археология және этнология мамандығы бойынша магистратурада 37 магистрант мемлекеттік тапсырыс аясында білім алуда.

Келесі жылы тарих факультетіне «Білім беру», «Мұрағаттану», «Мұражайтану» бағыттары бойынша «Тарих» сияқты жаңа мамандықтарға студенттер қабылауды ұйымдастыру жоспарлануда.

Жаңа факультеттің ресми тұсаукесерін жыл сайынғы Халықаралық Гумилев оқуларына (2013 жылғы 10 қазанға) орайластыру жоспарлануда.

7. ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде тарихи бейін мамандарын мақсатты дайындау ұйымдастырылды.

Қазастандық ғалымдарды жетекші шетелдік жоғары оқу орындарына жіберу озық ғылыми ұстанымдар мен зерттеу әдістемелері базасында Қазақстанның тарих ғылымының әлеуетін дамыту мақсатында жүргізіледі.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша 2013 жылға арналған басымдық мамандықтар тізбесіне ғылыми тағылымдамадан өту үшін тарих ғылымы саласындағы 8 мамандық («Археология», «Жалпы тарих», «Тарих, дүние жүзі тарихы», «Мұражай ісі және ескерткіштерді қорғау», «Этнография, этнология және антропология», «Жалпы педагогика, педагогика және білім беру тарихы, этнопедагогика», «Өнер теорясы және тарихы» және «Жалпы психология, тұлға психологиясы, психология тарихы, этнопсихология») және шетелдерде «магистратура» мен «докторантура» бағдарламалары бойынша академиялық білім алу үшін 1 мамандық («Тарих, дүние жүзі тарихы») енгізілді.

Қазіргі уақытта шетелде «Тарих» мамандығы бойынша академиялық оқуда 18 адам (2 докторантура, 16 тағылымдама) білім алуда.

Ішінара алғанда, 5 тарихшылардан және археологтардан тұратын топ тағылымдамадан өту үшін Ұлыбританияға Кембридж, Букингем және Брунель университеттеріне жіберілді.

8. Өңірлерде әкімдер жанынан ұлттық тарихты зерделеу мәселелерін үйлестіру жөніндегі қоғамдық кеңестер құрылды.

Құрылған қоғамдық кеңестер қызметі ұлттық тарихты, сондай-ақ тарихи өлкетануды зерделеуге бағытталған.

Кеңестер құрамдары тарихшы ғалымдар, мұрағатшылар, білім беру ұйымдары, ҮЕҰ, жастар ұйымдары өкілдері және т.б. қатарынан жасақталған.

Қоғамдық кеңестер өздерінің жұмыс жоспарларын бекітті, сондай-ақ ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі өңірлік Оқиғалар қатарын қалыптастырды.

Онда үш маңызды бағыт көзделген: ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар, ұлттық тарихты зерделеу, соның ішінде тарихи өлкентануды дамыту жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстары, сондай-ақ ақпараттық жұмыс.

Қоғамдық кеңестер ұлттық тарих саласындағы «Мәдени мұра» ұлттық жобасын одан әрі іске асыру бойынша ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру, тарихи-өлкетану мұражайларының ұлттық тарихты зерделеу және зерттеу нәтижелерін масс медиа арқылы одан әрі жариялау жөніндегі қызметі, білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие жұмыстары мәселелерін және т.б. үйлестіреді.

9. Ұлттық тарихты зерделеу қазақстандық БАҚ-та жиі талқыланатын тақырыпқа айналды.

2013 жылғы 1 маусымнан 2013 жылғы 13 қыркүйекке дейінгі аралықта баспа БАҚ-тарында тарих тақырыбы бойынша барлығы 656 материал жарияланды, телеарналар эфирінде 489 сюжет шықты және ақпарат агенттіктерінің таспаларында 802 жаңалық хабарламалар орналастырылды.

50 баспасөз басылымы мен Интернет-ресурстарында қазақ тарихына арналған тақырыптық айдарлар қолданылуда. Олардың ішінде: «Халық тарих толқынында» - «Егемен Қазақстан» газетінде, «Народ в потоке истории» - «Казахстанская правда» газетінде, «Тарих-таным» - «Дала мен қала» газетінде, «Тарих» - «Жас қазақ» газетінде, «Біздің тарих» - «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Тарих толқынында» - «Алаш айнасы» газетінде және т.б.

Тарих мәселелері ұлттық тарих мәселелері жөніндегі арнайы бағдарламалар, циклдік хабарлар шеберінде жүйелі талқыланады.

Интернет-рестурда, әлеуметтік желілерде ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі іске асырылып жатқан шаралардың кеңінен талқылануы Қазақстан азаматтарының мемлекетіміздің өткенін зерделеуге, оның жалпы дүние жүзілік тарихи процестердегі орнын түсінуге, өзінің сәйкестілігі мен тарихи түптамырын ұғынуға, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға деген қызығушылығын арттырды.

10. Жас тарихшылар қауымдастығы құрылды.

«Республикалық жас ғалымдар қауымдастығы» Астана қаласында 2013 жылғы маусымда құрылды. Құрылтайшылары 10 жас тарихшы болып табылады. Қазіргі уақытта Қауымдастық мүшелерінің саны 31 адамды құрайды.

Жаңа Қауымдастық өз қатарына қазақстандық тарих ғылымының тарихи процестерге өз көзқарасы бар және ұлттық тарихты объективті ұғынуда жаңа бағыттарды дамытуға қабілетті жаңа буы болып табылатын білімді жас кәсіби мамандарды біріктіруге арналған.

Бүгінгі таңда ұйым мүшелері әртүрлі ғылыми және сараптамалық-талдау жұмыстарын жүргізуде. Ішінара алғанда, 2014-2016 жылдарға арналған «Халық тарих толқынында» бағдарламасы жобасының шеңберінде Қауымдастық 3 ғылыми жоба әзірледі. Іске асыруға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеіберінде тарих ғылымы саласындағы 2 әлеуметтік жоба дайындалды.

Қауымдастықтың қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі жаңа «Тарих тағылымы» мерзімді ғылыми журналын шығару жоспарлануда.

Қауымдастық мүшелері ҚР БҒМ «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығымен ынтымақтастығын дамытуда. Мәселен, «Шыңғыс хан» (1-5 сериялары) жалпы білім беру фильміне сараптама жасалды. Мәскеу облысының (РФ) Домодедово қаласында өткен жас сарапшылар семинарына қатысты.

Қазіргі таңда Қауымдастық жас тарихшылардың қызметін үйлестіру үшін Қауымдастықтың веб-сайтын, сондай-ақ оның республика облыстарындағы филиалдарын ашу мәселесін пысықтауда.

2013 жылғы қазанда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің базасында «Халық тарих толқынында» тақырыбында Қазақстан тарихшылары конгресі өтеді.

Конгрестің мақсаты:

- «Халық тарих толқынында» тарихи зерттеулер бағдарламасы шеңберінде мазмұны мен өзекті мәселелерін талқылау және оны «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» тұрғысынан одан іске асыру;

- Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында қойылған негізгі міндеттерді практикалық іске асыруды талқылау;

- Қазақстанның тарих ғылымының жаңа тұжырымдамасын талқылау;

- тарих ғылымын реформалау процесін ақпараттық сүйемелдеу;

- қазақстандық ғалымдардың шетел мұрағаттарындағы жұмысы туралы: қорытындылары мен сабақтары.

Қазақстан тарихшылары конгресі барысында өткізу жоспарланған панельдік сессиялардың тақырыптары:

- қазақтар мен Қазақстан аумағын мекен еткен басқа этностардың ежелгі, ортағасырлық және жаңа тарихы;

- Қазақстанның қазіргі заман тарихы, қалыптасуы мен егемендігі жылдарындағы тарихи маңызды оқиғалар;

- тарихи зерттеулердің жаңа әдіснамасы, тарих ғылымдағы пәнаралық жобалар;

- білім беру жүйесіндегі жаңа технологиялар мен оқыту әдістемесі;

- Қазақстандағы тарих ғылымының дамуы, басқару және инфрақұрылым мәселелері;

- ел тарихы – жастарға патриоттық тәрби берудің және адами капиталды дамытудың негізі.

Ақпарат көзі: http://ortcom.kz 

Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?