Жарияланымдар

Керей мен Жәнібек хандар туралы «Қазақ елі» анимациялық фильмі ұсынылады

08 Қыркүйек 2015
1693
2
Керей мен Жәнібек хандар туралы «Қазақ елі» анимациялық фильмі ұсынылады
Керей мен Жәнібектің бала кезінен бастап Қазақ хандығын құрғанға дейінгі аралық қамтитын көпметражды фильмнің алғашқы бөлігі көпшілік назарына ұсынылмақ

Шымкент қаласындағы «Сақ» студиясы бұған дейін «Қошқар мен Теке», «Мұңлық-Зарлық» секілді 50-ден астам мультфильм түсіріп, көпшіліктің оң бағасын алған еді. Тіпті «Қошқар мен текенің» сөздері балалар арасында жиі айтылатын тіркестерге айналған. 

Фильм сюжетінде Жәнібек пен Керейдің ұстазы болған Қарт батырдың оларға садақ ату, қылыштасу, жауынгерлік өнердің сан алуан әдіс-тәсілдерін үйретуі баяндалады. Ел басқаруда білімнің де маңызы зор екенін ұстазынан ұғынған Керей мен Жәнібектің Отырар қаласына аттануы, Отырар кітапханасын аралап, ғұлама ұстаздардан ақыл-кеңестер алып, елге оралғанда ерліктерімен көзге түсе бастауы да қамтылған. 

Аталған мультфильмнің сценариімен танысқан көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков «Азаттық» радиосына берген сұхбатында: «Керей мен Жәнібек дәуірі жайлы, олардың Алтын Орда тарағаннан кейін құрған хандығы туралы. Мультфильмде екеуінің балалық шағынан бастап билікке жеткен кезеңіне дейінгі аралық қамтылған. Оқиға ақсақалдың немересіне аңыз айтуымен басталады. Астанадағы Керей мен Жәнібектің ескерткіші көрсетіледі. Немересінің «Ата, бұл кім деген?» сауалынан оқиға өрбиді. Жалпы, Керей мен Жәнібектің балалық кезеңі өте қызықты. Олардың билікке жайдан жай келе салмағаны, бала күннен ерлікке, мергендікке тәрбиеленгені, Отырарға келуі, білім қууы, тіпті хандық деңгейге көтерілгенге дейінгі аралықтағы жоңғарлармен соғысы жақсы қамтылған», – дейді. 

9a5bf4f1800ae920d4826decbb40651e.jpg

Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында Керей мен Жәнібектің бала кездерінде бастарынан өткен қызықты оқиғалары көрсетіледі. Олардың тай үйретеміз деп жүріп қарақшыларға қалай тап болғаны, Қарт батырдың көмегімен қарақшыларды жеңіп шығуы суреттеледі. Фильм барысында қазақ жерінің әсем табиғаты, сол замандағы Жібек Жолы бойында орналасқан Сауран, Отырар, Сығанақ сияқты қалалар, зәулім хан сарайлары көрсетіледі. 

Сонымен бірге кішкентай көрермендеріміз елордамыз Астананың бүгінгі көз сүйсіндірер көркін де тамашалай алады. Туындының тарих жөніндегі кеңесшісі – тарих ғалымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев. 

Фильм ішіндегі «Қарақшылар» әнін Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиев сынды кәсіби әншілермен қатар әзілімен танылған азаматтар Нұржан Төлендиев пен Берік Тұрсынбеков орындайды деп күтілуде. 

Балаларға арналған таза танымдық анимациялық фильмнің көрсетілімі Тәуелсіздік күні қарсаңына жоспарланған.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Назерке_2107409.09.2015, 11:50

Тәрбиелік мәні зор, іні - сіңлілерімнің сүйіп тамашалайтын туынды болатынына сенемін.

Қанатжан09.09.2015, 14:53

Барлығымыз Қазақ хандығы жайлы көркем фильмді түсіргелі жатыр деген ақпаратты естіп, мультфильм жайлы ойламаппыз да! Енді біздің бүлдіршіндерге де қызықты болуы тиіс. Батырлар, қылыштасу, садақ ату - балардың қызушылығына күмәнім жоқ!

Ең көп оқылған
Сауалнама

Тәуелсіз Қазақстанның тарихына қызығушылық танытасыз ба?