Жарияланымдар

Кенесары ханның сүйегі қайда?

18 Қыркүйек 2013
49
0
Кенесары ханның сүйегі қайда?
Бүкіл қазақ жұрты сатқындықпен өлтірілген Кенесарының бас сүйегінің елге қайтарылуын үлкен үмітпен күтіп жүр.

1. Мәжіліс депутаттарының Кенесары ханның басын қайтару туралы мәселе көтеріп жатқанын естіп, қуанып қалдық. Бүкіл қазақ жұрты сатқындықпен өлтірілген Кенесарының бас сүйегінің елге қайтарылуын үлкен үмітпен күтіп жүр.

Премьер-министр Серік Ахметовтің бас сүйектің орналасқан жерін анықтауға қатысты ғылыми зерделеу жұмыстарын жаңғыртуды тапсырып, қолдау көрсетіп жатқаны да үмітімізді еселей түсті. Осыған орай хан тұлғасына қатысты көкейде жүрген сұрақтарымды жолдауды жөн көрдім. Жалпы, Кенесары хан денесінің де қай жерде екенін ешкім білмейді. Тарихшылардың осы мәселеге қатысты болжамы қандай? Сонымен қатар Кенесары басының Ресей мұражайында сақтаулы тұрғаны рас па? Кей деректерде Ресейдің құпия мұражайында отар билігіне «бағынбаған» бір емес, бірталай жанның бас сүйегі жатқандығы айтылған. Осы қаншалықты шындыққа жақын?

2. Кейбіреулер ол кісінің хандығынан гөрі, «қанқұмарлығын» көбірек тілге тиек етіп, қарақшы ретінде көрсетуге тырысады. Оның тұлғасын мұндай зиянды сөздерден арашалап алатын деректер бар ма?

3. Сондай-ақ Шыңғыс пен  Құнанбай сынды дала шонжарларының Кенесары қолына Ресей әскерімен бірігіп, жорық жасағандығы айтылады. Мұның соңы немен аяқталды? Кенесары жауынгерлеріне олардың зияны тиген бе?

Оқырманның бұл сауалына Кенесары ханның сүйегін іздеу экспедициясына қатысқан жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы Думан Рамазан жауап береді.

1.  Жалпы, Кенесары хан қырғыз манаптарының қолынан қаза тапқаны белгілі. Біз ханның дене сүйегінің қай жерде жатқанын анықтау үшін үш-төрт мәрте Қырғызстанға барып қайттық. Өкінішке қарай, Кенесары ханның қай жерде ұсталып, қалай өлтірілгені және мәйітінің қай жерге көмілгені туралы жобалап айтушылар көп те, нақтысын ешкім білмейді. Меніңше, ханның дене сүйегін табу өте қиын. Әнебір жылы біреулер бір көріпкелдің айтуымен барып, «Кенесары хандікі осы» деп бір сүйекті қазып алып келіп, арулап жерледі. Ол шынымен, ханның сүйегі ме, жоқ әлде басқанікі ме, әлі ешкім білмейді. Ешқандай ғылыми зерттеулер жүргізілмеді. Бұл бір ұят іс болды. Айтудың өзіне ауыз әрең барады. Жалған атақ жинаушылардың әрекеті ғой!

Ал ханның бас сүйегінің Санкт-Петерборға апарылып, өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін Эрмитажда тұрғаны айдай ақиқат. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланнан бастап, оны көрген адамдар жетерлік. Ал одан кейін қайда кетті? Ол жағы тағы белгісіз! Біз Ресейдің бүкіл мұражайын сүзудей-ақ сүзіп шықтық. Бірақ өкінішке қарай, айтарлықтай нәтижеге қолымыз жетпеді. Меніңше, Ресей ханның басының бізге қаншалықты бағалы, қадірлі, қасиетті екенін біліп, оны тығып қойғанға ұқсайды. Із Ресейдің мемлекеттік құпия қоймасына тартатын сияқты.

Ханның бас сүйегін табуға болады, оның із-түзсіз жоғалып кетуі тіптен мүмкін емес. Тек оны қайтарып алудың бір-ақ жолы бар. Оған тек екі ел үкіметтерінің келісімі арқылы ғана қолымыз жетеді. Онсыз бәрі бекер! Ал Ресей мұражайларында бірталай жанның емес, жүз мыңнан астам бас сүйек сақтаулы тұр! Оның ішінде Қазақстаннан апарылғандар да жетіп-артылады. Мәселен, Санкт-Петербордағы Антрапология және этнология мұражайында атақты Кейкі мергеннің де бас сүйегі тұр. Оны Санкт-Петерборға барған сапарымызда көріп, құжаттарын алып келіп, баспасөзде жарияладық. Бірақ сол батырдың бас сүйегін есебін тауып алып келіп, туған жердің топырағына тапсырайық деген адам табыла қойған жоқ!

2.  Бұл – кеңес өкіметінен қалған сарқыншақ салт қой! Отарлау саясатына байланысты қазақ хандарының бәрін қанішер, батырларымыздың бәрін қарақшы етіп көрсетті емес пе?! Әрине, хан болғаннан кейін өзінің айтқанына көнбегендерді жазаламай тұрмайды ғой! Егер олай болса, патшалардың бәрі қанішер болып шықпай ма?! Ал Кенесарының заманы мүлде өзгеше болды ғой! Тәуелсіздік үшін Ресей империясына қарсы табандап он жыл ұлт азаттық көтерілісін жүргізді. Осынау ұлы жолда өзіне қосылмаған, көмек қолын созбаған сатқын шонжарларды қатаң жазалап отырғаны да рас. Бұл жағынан Кенесары ханды кінәлай алмайсыз! Сізге мынаны айтайын, Кенесары көтерілісінің алдында Ресей өкіметі қазақ даласына шіркеу қызметкерлерін қаптатып, жас балаларды жаппай шоқындыра бастады. Ал хан бастаған көтерілістен кейін қазақтармен бұлай «ойнауға» болмайтынын біліп, поптарын кейін қайтарып алып, шоқындыру саясатын тоқтатып тастады. Біле білсек, мұның өзі үлкен жетістік, ірі жеңіс емес пе?!

Кез келген елге, ұлтқа, халыққа тәуелсіздіктен, еркіндіктен, бостандықтан асқан бақ та, бақыт та жоқ! Ендеше, ел тәуелсіздігі, ұлт еркіндігі, халық бостандығы үшін күрескен тұлғалардың еңбегін әспеттеп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге етуіміз керек!  Ата тарихымызға есімдерін алтын әріптермен жазып, төбемізге көтеріп, қалай құрметтесек те сыйымды, жарасымды емес пе?!  Кейбіреулер айтып жүргендей, тәуелсіздік бізге өзі келген жоқ, сондай ұлы тұлғалардың еткен еңбектерінің, төккен қандарының арқасында жеңіп алдық! Осыны мықтап ескеруіміз керек!

3.  Құнанбай да, Шыңғыс та аға сұлтан болған адамдар. Яғни ақ патшаға адал қызмет етіп, соның жарлығын орындаушылар. Ендеше, олар қаласын-қаламасын, тіпті іштерінен іш тартып тұрса да, Ресей шен-шекпенділерінің бұйрығын орындауға міндетті. Орындамаса, аға сұлтан болып жүре алмайды, керек болса Ғұбайдолла сұлтан секілді Сібірге жер аударып жібереді. Сондықтан Құнанбай да, Шыңғыс та басқа аға сұлтандар сияқты Кенесары көтерілісін басуға атсалысқан.  Әрине, екеуі де ақылды адамдар. Алғашында бейтарап саясат ұстанған. Бірақ патша шенеуніктерінің қатаң талаптарынан соң, амалсыздан, Кенесарыға қарсы көтерілген. Бұл үшін мақтау мен марапатқа да ие болған. Мәселен, 1843 жылы көтерілісшілерді өз аймағынан аластап, басып-жаншуға сіңірген еңбегі үшін аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханұлының мойнына Александр лентасына тағылған алтын медаль беріп, әскери шенін подполковникке өсірген. Екінші Александрдың таққа отыру рәсіміне қатысқаннан кейін оған полковник атағы беріледі.

Міне, біз қалайық-қаламайық, тарихи шындық – осы. Ал тарихты өзгертуге, бұрмалауға ешкімнің хақысы жоқ! Қалай болды, солай хатқа түсуі керек!

Түпнұсқа: Айқын 
Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?