Жарияланымдар

Дүнген этнобірлестігі Қазақстан халқы Ассамблеясының Жамбыл облысындағы ең белсенді ұйым болып отыр

18 Қыркүйек 2013
39
0
Дүнген этнобірлестігі Қазақстан халқы Ассамблеясының Жамбыл облысындағы ең белсенді ұйым болып отыр
Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты дүнгендердің Масанчы ауылы өткен жексенбі, 15 қыркүйек күні іргетасы қаланғанының 135 жылдық мерейтойын атап өтті.

Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты дүнгендердің Масанчы ауылы өткен жексенбі, 15 қыркүйек күні іргетасы қаланғанының 135 жылдық мерейтойын атап өтті. Салтанатты шараға Қазақстанның барлық облыстарымен қатар Қырғызстан мен Қытайдан да дүнген делегациялары келді.

Қытай Халық Республикасының Қазақстан Респубилкасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжоу Ли дәл осы күні ашылу салтанаты өткен ескерткішке орай жиынға қатысты. Аталған ескерткіште: «Ұлы қазақ халқына және қиын күндері дүнген халқына көмек қолын созған барлық адамдарға - шынайы алғыс», - деп жазылған.

М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, ҚР ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Рашид Бакировтың атап өтуінше, ХІХ ғасырда Цин қытай маньчжур династиясының теперешін көріп, босқынға айналған дүнгендердің алғашқы легі дәл осы Масанчы ауылына келіп қоныстанған екен. 1877 жылы 5 мың шеньси босқыны бастапқыда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекаралық аймақ болып есептелінетін Тоқмаққа аялдап, сәл кейінірек Қазақстан аумағындағы Сортөбе мен Масанчы ауылындарына қоныстанған.

«Бүгінгі таңда Орталық Азияда шамамен 130 мыңға жуық дүнген тұрып жатыр. Олардың басым бөлігі Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан аумақтарында жинақы қоныстанып отыр. Ал Қазақстан жерінде ата-бабалары қытайдың Шэньси мен Ганьсу өлкелерінен шыққан 50-60 мыңға жуық дүнген бар. Дүнгендер Орталық Азияға қақаған қысты күні Тян-Шань таулары асуларының қиын өткелдерін бастан кешіріп жеткен болатын. Сондықтан да олардың бойындағы шыдамдылық пен еңбексүйгіштік қасиеттер осынау қиын сыннан қалыптасып қалған десек те болады. Жаңа жерге қоныстанған дүнгендер бұл өңірлерге бұған дейін беймәлім болып келген көкөніс (қызанақ, қияр, сарымсақ, жуа) тұқымын әкеп, сепкен. Осылайша сәл уақыттан кейін-ақ егін шаруашылығы мен тауарлы бақша шаруашылығы олардың шаруашылық қызметінің негізгі түріне айналды. Статистикалық деректерге қарағанда, уақытында Қазақстанда өсірілген жалпы көкөніс көлемінің жартысынан астамын дүнгендер өндірген екен», - деді Р.Бакиров.

Дүнгендер Орталық Азияға қоныстанғаннан кейін ұрпақтан-ұрпаққа аманат етііп, өшпей келе жатқан ескі салт-дәстүрлерін сақтап қалуға тырысты. Қазіргі дүнгендер орыс және қазақ тілдерінде (тұрғылықты жерлеріне байланысты қырғыз, өзбек тілдерінде де) сұхбаттасқанымен өз үйлерінде бір-бірімен шэньси акценті басым қытайлық «дүнген» тілінде сөйлеседі.

«Дүнгендерде бала саны көп болған сайын отбасының бақыт-берекесі мол болады деген сенім басым. Сондықтан да әрбір дүнген жанұясында төрттен бастап одан да көп бала тәрбие алуда. Масанчы мен Сартөбе ауылдарында 600-ден астам батыр ана бар», - деді Р.Бакиров.

Сонымен қатар ол өз сөзінде Жамбыл облысының Қордай ауданынан, оның ішінде Сортөбе мен Масанчыдан шыққан дүнген диаспорасының жарқын өкілдерін де атап өтті. «Олар: композиторлар, әншілер, фыфудилер (жыршылар), түрлі музыкалық аспатарда ойнаушылар. Олардың қатарында М. Сушанло, Я. Искаков, Л. Биянху, С. Сулеевалар бар», - деді ол.

Қазіргі уақытта Масанчы ауылында 16 мыңнан астам адам тұрып жатса, оның 97 пайызы - дүнген диаспорасының өкілдері.

Масанчы ауылының мәдениет үйінде дүнген халқының көне әбзелдері мен ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарының бірегей экспозициясы ұйымдастырылған. Онда бұл халықтың көне музыкалық аспаптарын (цимбал, «эрху» қытай скрипкасы), Цин династиясы дәуіріндегі дәстүрлі киім-кешектерін көруге болады. Р.Бакировтың атап өтуінше, дүнгендердің тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдардың жиналуына Масанчы ауылының тұрғыны Мұса Лочь мұрындық болған.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында дүнген диаспорасының басым бөлігі, атап айтқанда 30 мыңнан астамы тұрып жатыр. Бірнеше ондаған жыл бойы қазақ жерінде тіршілік етіп келе жатқан қазақстандық дүнгендер осы жақты өздерінің екінші отаны санайды, қазақ және орыс дәстүрлерін қабылдаған, соынмен қатар өз дәстүрлерін де сақтап қалған.

Қазіргі дүнгендер - елдің қоғамдық өмірінің белсенді қатысушылары. Жамбыл облысындағы «Вынхуа» дүнген ұлттық мәдени орталығы мен дүнген жастарының бірлестігі өңірдегі Қазақстан халық Ассамблеясының этнобірлестіктері арасында барынша белсенді бірлестік болып отыр.

Түпнұсқа: 

http://inform.kz/kaz/article/2590367

Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?