Жарияланымдар

Өлкетану ісіне үлес

09 Қыркүйек 2013
12
0
Өлкетану ісіне үлес
Елбасы қазақ тарихын жан-жақты және шынайы зерттеу үшін үлкен міндеттер жүктеп отыр. Осыған орай Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин қазақстандық тарихшылармен арнайы жиын өткізгені мәлім.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының оқытушылары Шығыс Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеуге аса көңіл бөліп отыр. Соңғы екі жылда Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының Астанадағы филиалымен тығыз байланыс орната отырып, «Тарих» мамандығы студенттері «Берел» және «Желдіөзек» қорымдарында белгілі археолог, профессор З.Самашевтің экспедицияларына қатысты. 2012 жылы 11-25 маусым аралығында аға оқытушылар Е. Винокурова мен Қ.Жириндинованың жетекшілігімен «Тарих» мамандығының студенттері «Берел» қорымындағы сақ дәуіріне жататын №40, №40а қорғандарын қазып, зерттеулер жүргізді.

Студенттер биыл 10-24 маусым аралығында Ұлан ауданындағы «Желдіөзек» қорымындағы ежелгі көшпелілердің қорғанын зерттеген экспедицияның құрамында археологиялық қазба жұмыстарына белсенді қатысты. Бұл жұмыс жас археологтарға қорғанның құрылысын анықтауды, археологиялық қазба жұмыстарының әдістерін меңгеруді үйретті.

Ғалым З. Самашевтің жетекшілігімен жүргізілетін зерттеулерге қатысу болашақ тарихшыларды дайындауда маңызды рөл атқарады. Себебі, тәжірибелік жұмыстар студенттердің өр Алтайдың тарихын зерттеуге деген қызығушылықтарын арттырып, өлкетану мәселесіне ерекше назар аударуына әсер етеді.

Студенттердің ғылыми шығармашылығын арттыру мақсатында кафедрада «Жас қазақ», «Номад», «Алтайдың жас академиясы» үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар, біздің студенттер республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.

Кафедра оқытушылары заман ағымына сай студенттерге сапалы білім беріп, олардың жас ғалым ретінде қалыптасуына атсалысуда. Бұл атқарылатын игі істер бүгінгі таңда Отан тарихына ерекше назар аударып, ұлттық тарих шеңберінде көптеген ғылыми зерттеулер жасауға өз септігін тигізеді.

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор


Сауалнама

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?