«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Н. А. Назарбаев
Басты бет » Жарияланымдар » Әз-Жәнібек туралы әзиз тарих

Әз-Жәнібек туралы әзиз тарих

21 Сәуір 2015
Әз-Жәнібек туралы әзиз тарих
Бүгінгі тарихшылар Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханнан Алтын орда ханы Әз-Жәнібекті бөліп қарастырып, екеуінің екі түрлі тұлғалар екенін алға тартуда.

Осы орайда, қазақ хандығының құрылуында өзіндік орны бар, алайда тарих тасасында көп қалып қойған Әз-Жәнібек жайындағы қызықты деректерді назарларыңызға ұсынамыз. 

Әз-Жәнібек ханның билікке келуі туралы Әбілғазы баһадүр «Шежіре-и түркі» еңбегінде Алтын орданың ханы Өзбек хан өлгеннен соң, оның ұлы Жәнібекті хан көтерді деп жазады. Бұл деректе Жәнібек хан ғажайып мұсылман патша және ғұлама, ибалы, ақылды билеуші ретінде мадақталады. «Сарайшық шаһарында таққа отырып, шариғатты қатаң сақтар еді», — дейді өз жазбаларында Әбілғазы баһадүр… 

Ол туралы адам сүйсінерлік деректі Му’ин ад-дин Натанзи «Ескендір анонимі» атты еңбегінде де жалғастырып жазған екен: «Оның әділдігі атақты парсы патшасы Ануширван әділдігінен бір-де кем соқпайды. Ол Өзбек Ұлысын тұтас исламға бағындырды, пұтқа табынушылардың храмдарын түгел қиратып, көптеген мешіт, медресе салдырды. Ислам дінін ұстанған адамдардың жағдайларының жақсы болуына басты назар аударды. Жан-жақтағы ислам елдерінен неше түрлі оқымысты, ғалымдар осы сарайға қарай, ағылды. Елдегі әмірлердің ұлдары білімдерін жан-жақты жетілдіріп ғылымға мойын бұрды, олар заманының озық ойлы азаматтарына айналды, күні бүгінге дейін олардың айтқан пікірлері, қорытқан ойлары жиын-тойда ескеріліп тұрады. Исламның басқа елдерде ұстанатын әдет-ғұрып, салт-жораларын бұл мемлекетке енгізген сол». 

Ал, ханның өмірден өтуі туралы ғұлама Му’ин ад-дин Натанзидің дерегінде мынадай дерек қалдырған: «Жәнібек хан науқасқа шалдықты. Мемлекетіндегі басты тұлғалардың бірі Тоғлу бай Әзербайжанға жедел кісі аттандырып, Жәнібектің мұрагері Бердібекті шақыртады. Әкесі көз жұма қалса, таққа ие болатын сол. Дешті Қыпшақ тағын тақымына бір қысуды көксеп жүрген Бердібек Әзербайжанды тастап, Дербент арқылы жеделдете Ордаға жөнеледі. Он шақты серігімен түн жамылып келіп, Тоғлу байдың үйіне түседі. Күтпеген жерден Жәнібек хан беті бері қарап басын көтереді, айыққандай болады. Сөйтіп, ертеңіне кеңеске қатысқысы келетінін айтады. Сенімді кісілерінің бірі Жәнібекке Бердібектің келгенін жеткізеді. Мына хабар мазасын қашырған ол мұны Тоғай хатунға айтады. Хатун ұлын қорғаштап, мұның жалған екеніне сендірмек болады. Жәнібек одан Тоғлу байды жеке қабылдауына шақыртады, осының бәрін бастап жүрген сол Тоғлу бай екенін білмейтін хан мына жайды құпия түрде оған да айтады. Тоғлу бай бірден секем алып, мән-жайды біліп келейін деген сылтаумен тысқа шығады да, ізінше өзіне жақтас бірнеше адаммен қайта кіреді, сол жерде бірден Жәнібекті жайратып салады...». 

Сонымен қатар, Әбілғазы баһадүрд «Шежіре-и түркі» еңбегінде он жеті жыл патшалық құрған Әз-Жәнібек хан Хижраның жеті жүз елу сегізінші жылы қайтыс болып, Сарайшықта жерлендігін айтып кеткен екен. 

Гүлжанат ӘБДІМОМЫНОВА

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз