Бір суреттің тарихы. Ахмет Қапаков

27 Ақпан 2017
1341

17.04.15

Ерлікті жасағаннан, бағаламау әлдеқайда қауіпті.

М. Шаханов 

 

 

f001d49255dd1644b9a890108afbf0b9.jpg

Аула алдына ойнауға шыққан сайын, көрші үйдің есігінің алдындағы орындыққа көзіміз түседі де, көңіліміз құлазып сала береді. 

Осы орындықта барлық көше балаларына бірдей ата бола білген, ақылгөй де парасатты жан,Ұлы Отан соғысының ардагері — Қапаков Ахмет отыратын. 

 

39514e28826f769d0ebe7ed2b45aafbf.jpg

Ол кісінің өмірден өткеніне де екі жыл болыпты. Орындық та бір түрлі жетімсіреп қалғандай... Қолымыз қалт етсе, атаның қасына барып әңгіме тыңдайтынбыз. Атамыздың әрбір әңгімесі біз үшін бейне бір ертегі сияқты көрінетін. Өйкені, әңгіме мазмұндары біз білмейтін, тіпті, өңіміз түгілі түсімізге де кірмеген,қатігез соғыс тақырыбына соқпай кетпеуші еді. 

Ахмет атамыз 1925 жылы 10 қазанда Қызылорда облысына қарасты Қазалы елді мекенінде дүниеге келген. 

1941 жылы соғыс басталғанда атамыз небәрі 16 жаста ғана екен. Отбасы тәрбиесінің ықпалы ма, Отанға деген зор сүйіспеншіліктің әсерінен майданға өз еркімен сұранады. Жас жеткіншекті бірден ұрыс даласына жібермей, 2 жылдай соғыс өнерін үйретеді. 18 жасында ең алғаш рет майдан даласына түсіп, жау қоршауында бір апта бойы азық — түліксіз жаумен бірге аштықпен де бетпе — бет күресуге тура келгенін талай айтқан еді.Атамыз үнемі «асты, әсіресе, нанды құрметтеңдер, осы бір ғана үзім нанға талай зар болған күндеріміз көп болған» дейтін... 

1945 жылы соғыс аяқталып, Кеңес әскерлері елге қайтқан тұста да, Ахмет атамыз туған жерге бірден орала қоймаған. Кеңес үкіметінің тапсырмасы бойынша Ахмет Қапаков Қиыр шығыстағы әскери дайындық училищесіне оқуға жіберіледі. 

Осы әскери училищеде ұшқыш — механик мамандығын алып шығады. Одан әрі Отан алдындағы борышын құрлықта да, теңізде де атқаруға тура келген. 

1945 жылдың тамыз айында атамыз Монғолия мен Қытай шекарасында орналасқан Маньчжурияға қарай аттанады. Бұл жерде де, ерлік істерімен көзге түседі. Маньчжуриядан кейін Харбин, Хэган қалаларында жаумен соғысады. Миллиондаған Кеңес әскерлерімен бірге самурайларға қарсы соққы берген. Монғолия соғысынан кейін Жапон теңізінен өтіп, Сахалин, Филлипин аралдарын алуға қатысқан. 1950 жылға дейін Жапон жерінде болып, өзінің азаматтық борышын адал атқарады. Отан алдында атқарған адал еңбегі мен ерлігі үшін Ахмет атамыз бірнеше орден- медальдармен марапатталған. 

Ахмет атамыз үкімет пен партияның тапсырмаларын әр кезде бұлжытпай орындап отырған. Өзінің жеке бас өмірінен Отан алдындағы парызын жоғары санаған Ахмет атамыз соғыс аяқталғаннан кейін де, қираған қалалар мен елді- мекендерді қалпына келтіруге барынша күш — жігері мен қайратын жұмсаған азамат. 

1952 жылдардан кейін Ахмет Қапаков «Тың игеру» ісіне де білек сыбана кіріскен. Соғыс зардаптарынан арыла қоймаған туған жер топырағында аянбай еңбек етеді, Сөйтіп, бұрынғы Целиноград қазіргі Астана қаласында «Тың игеру» жұмысына өз еркімен белсене қатысады. Сол қалада өзінің өмірлік жары, орыс қызы Сусаннамен танысады. Сусанна әжеміз Целиноград қаласына Нижный новгород облысы Горький қаласынан оқуға келген екен. Көңілдері жарасып, арман қуған атамыз бен әжеміз бас қосып отау құрады. Ол кезде атамыз 27 жаста әжеміз 18 жаста болған екен. 

Ахмет атамыз бен әжеміз үйлену тойын өздері сияқты жастардың ортасында ешқандай артықшылығы жоқ қарапайым ғана той дастарханында өткізгендерін мақтанышпен, нәзік бір сезіммен айтып отыратын. Ахмет атамыз бен Суссанна әжеміз бірге 40 жыл тату- тәтті өмір сүріп, үлкен отбасын құрды. Оның куәсі ретінде төрт ұл, екі қыз дүниеге келді. 

Туған жері Қазалыда ауылшаруашылық техникумында оқып, білім алғаннан соң, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру үшін, осы техникумда 40 жылдан астам ұстаздық қызмет атқарады. Өз мамандығының қыр-сырын жақсы меңгерген Ахмет атамыз бірнеше ондаған түлектерге оң сапар көрсетіп, ақ жол тілеген. Өзінің отбасынан шыққан ұл-қыздары Отанға пайдасы тиер мамандық иелері болуда. Атап айтар босақ: Капакова Валентина Ахметовна 1955 жылы 30 қаңтар айында дүниеге келген. Орман шаруашылығында бас маман қызметін атқарып, содан қазіргі таңда құрметті еңбек демалысында. Капаков Тимур Ахметович 1957 жылы 29 маусымда дүниеге келген. 

 

2c8594af302c3f9cb30d3743c80bc2c3.jpg

Қазіргі таңда Ақтау қаласында құрылыс компаниясында бас инженер қызметін атқарады. Капакова Галина Ахметовна 1962 жылы 5 сәуірде дүниеге келген. Галина апай әкесінің ұстаздық дәстүрін жалғастырып, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы № 173 мектепте мұғалім болып қызмет атқарып жүр. Капаков Болат 1964 жылы 22 қазан айында дүниеге келген. Ресей астанасы Мәскеу қаласында жұмыс істеп, сонда тұрып жатыр. Өзінің жеке кәсіпкерлік ісі бар. 

Қапаков Марат 1971 жылы 17 шілдеде дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы ТОО «Энергия» компаниясында механик қызметін атқарады. Ахмет атамыздың өмірі мен отбасылық өнегесі бірнеше ұрпаққа үлгі боларлық із. Басқа ұлт өкілімен бас қосып, түтін түтетіп, отбасын құрып, ұрпақ тәрбиелеп интернацонал тату- тәтті отбасы бола білді. Ал Сусанна әжеміз болса, қазақтың салт-дәстүрімен әдебін сақтап, көп балалы ана саялы әже болды. 

Майдангер атамыз бейбіт күннің қадір — қасиетін ұғыну үшін бізге майданда болған кездерінен көп әңгіме айтушы еді. 18 — 20 жастағы жап-жас жігіттер мен қыздар ақылға сыймайтын ерліктер көрсетіп жеңісті жақындату үшін қыршыннан қиылған қарулас-жауынгер достарының ерліктерін жыр етіп айтып отыратын. Бірде күнделікті әдеті бойынша аула алдындағы орындықта отырған Ахмет атамыздың ашу ызасын келтірген бір оқиғаға себепші болдым. Бізбен көрші тұратын Арман деген досымызбен екеуміз есік алдында ұялы телефондағы ойынға таласып қалдық, таласқанымыз сонша, жерге аунап, алыса кеттік. Бізді көріп отырған атамыз ажыратпағанда біраз жерге баратын түріміз бар еді. 

Ертеңіне әдеттегідей мектептен қайтқан кезімізде Ахмет ата бізге: — Балаларым, сендер шын доссыңдар ма деп сұрады. 

 

0048ba2ab47bf87b8b280d40c1b58c8a.jpg

Біз Арман екеуміз сасқалақтап: — Ия,- деп жауап бердік. Атамыз бізге күмәнмен қарап отырды да мына бір әңгімесін бастап жіберді. 

Соғыс кезінде Сергей деген орыс жігітімен дос болдым. Бірде ұрыс даласында жаумен арпалыс кезінде жау жақ бізді белсенді түрде бомбалай бастады. Бір кезде бір бомба біздің қасымызда жарылды. Есімді тек ғана госпитальда жинаппын. Жеңіл ғана жарақат алып, тірі қалғаным үшін досым Сергейге өмір бойы ризамын. Өйткені, ол мені өз денесімен қалқалап, өз өмірін мен үшін қиыпты. 

Осы әңгімеден кейін нағыз достықтың не екенін түсіндім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында «2015 жыл-ұлттық тарихымызды ұлықтау және биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы.Қазақстан халқы ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығы,Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Осынау тарихи белестер жаңа Қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие», деп атап көрсеткен болатын. 

 

6b3d6a42928f2ebce5db42823361c848.jpg

Осындай Ұлы белестерді сыйлаған Ахмет аталарымыз сияқты кіcілердің ерлік даңқы біз сияқты ұрпаққа әрқашанда ұран. Көпұлтты Қазақстан халқының Ұлы Отан соғысы жеңісіндегі ерлігінің маңызы мен рөлі өте зор. Ол біздің патриоттық сезімімізді оятады, ол үшін мақтанамыз. Сондай-ақ,Бауыржан Момышұлы атамыз «Ел үшін аянба, ерлігіңе сын. Жұрт үшін аянба, жігіттігіңе сын» — дегендей фашизммен күресте өлшеусіз үлес қосқан майдангер-ардагерлеріміздің ерен ерлігі біз үшін рухани байлық және де тереңнен түсіне білген адамға қазіргі бейбіт күнге жетер жолда олардың еңбегі мен ерлігі өлшеусіз екені даусыз. Жылдан жылға осындай ерлік көрсеткен ардагерлеріміздің қатары азайып бара жатқаны өте өкінішті. Ахмет атамыздың да Ұлы Жеңістің 70 жылдығына жете алмай қалғаны көңілімізді құлазытады. Ол кісі өзінің ерлігінің арқасында бізге өмірлік үлгі бола білді.

 

8830311925e242855f58e3bff7054fd3.jpg

 

 

6980edbdfde8f66b448bc66db3de5c27.jpg

3693b3f71a2f5f73bdf75a674ca435fd.jpg

94b8f483614c8d90e15eff0ebad433e4.jpg

 

654f6d88755afa450f4821b662afddb8.jpg

 

 

4e1e4ec7dc2af56f229d5715fd11fe0b.jpg

 

fd5dbc9c9385ae501383a31749fce517.jpg

 

 

 

 

 

5892a2f67be354d8f6dc11e96e772ac1.jpg

 

d33f0a6dcd785c89b20d4fb6eae613cb.jpg

 

 

 

Дархан Айтпаш, 

 

Қызылорда облысының Қызылорда қаласындағы

№ 173 орта мектебінің 

6-сынып оқушысы

«Бір суреттің тарихы» фотожобасына қатысыңыз, біз сіздің оқиғаңызды жарыққа шығарамыз.

 

 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз