Ұлы Дала

Сыр бойындағы көне қалалар

16 Қаңтар 2017
1331
Ерте кезден бабаларымыз үшін ауылшаруашылық кәсібін түлеткен қалашықтарға Бәбіш-Молла, Баланды, Шірік-рабат жатады

Сыр өңірі ертеден жерөңдеушілер мәдениеті тұрғысынан дамыған өлке. Бұл жерде көне дәуірден қалыптасқан ескі қала орындары мен жерөңдеушілік орталықтарын көруге болады. Солардың бірі «Шірік-рабат» мәдениетіне жататын қалашықтар. Ерте кезден бабаларымыз үшін ауылшаруашылық кәсібін түлеткен қалашықтарға Бәбіш-Молла, Баланды, Шірік-рабат жатады.

Шірік-рабат мәдениетінің ескерткіштері қатарына Бәбіш-мола, Баланды ескерткіштер кешені, Шірік-рабат қала қорымы, Іңкәрқала, Сеңгірқала ескерткіштері жатады. Шірік-рабат мәдениетінің ескерткіштері 1946, 1848, 1851, 1957, 1958, 1960 жылдары ХАЭЭ тарапынан зерттелген. 2004 жылдан бастап Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Қорқыт Ата атындағы ҚМУ мамандарынан жасақталған Шірік-рабат археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

Сырдың бойы ертеден сулы да нулы жер болды. Олай дейтініміз Арал көлі және оған құятын қос өзен Әмудария мен Сырдария бойы суармалы егіншіліктің, ауылшаруашылық кәсібінің ордасы. Бұл жерді ертеден мекен еткен бабаларымыз отырықшылық мәдениетке байланысты өздерінің ғұрыптық салттарын, қала орталықтарын сыр өлкесінде салып, өзіндік өркениет тоғысымен дамып отырды. Мәселен Арал маңындағы Сырдарияның орта ағысындағы аңғардан табылған сақ ескерткіштерін зерттеу нәтижелері, олардың б.з.б. Ү ғасыр соңы мен б.з.б. V-ІV ғасырлар шебінен б.з.б. ІІ ғасырға дейінгі уақытты қамтитындығын дәлелдеп отыр. Олардың барлығы көне Шірік-Рабат қаласының орнынан табылды. Соған байланысты Шірік-Рабат қаласының атауынан келіп шыққан шірік-рабат мәдениетінің ғылымда пайда болуына мүмкіндік берді.  

Шірік-рабат мәдениеті ескерткіштерінің топографиясы тайпалардың ирригациялық жүйелер аймағындағы жазираларды қоныстанғандығын байқатады. Ол дегеніміз суармалы егіншілікпен айналысқан бабаларымыз канал арқылы ірі суландыру жүйелерін қолға алған. Сол су каналдарының ірі орталықтарына қалашықтар салған. Мәселен, ең үлкені – Бәбіш-Молда 10 мың гектар, ал Баланды 150-200 гектар шамасында. 

Шірік-рабат мәдениетіне жататын көне қалаларда топырақтан тұрғызылған обалар, бекіністер, қалашық орындары салынған. Олардың барлығы археологиялық қазба жұмыстары кезінде дәлелденген. Алғашқыда Шірік-Рабат бекіністі қала-қамал болған сияқты, оның аумағына бастапқыда обаға, кейіннен кесенелерге тайпа көсемдері жерленді.

Шірік-Рабат қаласы мен оның төңірегіндегі ескерткіштерді Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында  Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) зерттеу жүргізді. Мұнда бірнеше ескерткіштер аршылып, тұрмыстық-шаруашылық заттар, қару-жарақтар, қыш ыдыстар алынған. Енді сыр бойындағы көне қалалардың біразына тоқталып өтсек:

Шірік-Рабат қаласы - Сырдарияның ескі арналарының бірі Жаңадарияның бойында, Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300 шақырым жерде Қармақшы ауданы территориясында орналасқан. Ежелгі Шірік-рабат қалашығының жоспары сопақша келген, ол бүкіл төбешіктің үстін қамтиды (850х600 м). Ежелгі қамал (б.з.б. ІҮ-ІІ ғасырлар) ауданы 4 га-дан астам, ол екі қабатты дуалмен қоршалған. Осы уақытқа орталық бөліктегі тікбұрышты бекініс те жатады. Ескерткіштің оңтүстік жағын ортағасырлық кезеңдегі қоршау қиып өтеді. Оған ежелгі дөңгелек кесене қосылған. Сол кездері кейінгі уақытқа жататын тікбұрышты цитадель де салынған. Қала ормен қоршалған (ені 40 м шамасында, дуал түбінен есептегендегі тереңдігі 4 м). Ежелгі қамал қабырғасында (қалыңдығы 4,5 м) оқ ататын галерея (ені 1,8 м) орналасқан. Қабырға тікбұрышты кейіптегі одан 6 м шығып тұратын мұнаралармен күшейтілген. Мұнарада да, қабырға сияқты кірер-шығар жерінде бір биіктікте оқ атуға арналған орын болды. Қаладағы тұрғын жайлар ескерткіштің оңтүстік бөлігіндегі, ішкі қорғаныс қабырғасының жанынан түсірілген шағын қазбадан анықталған. Мәдени қабаттың жалпы қалыңдығы 2 м-ден асады, жоғарғы қабаты ХІІ-ХІІІ ғасырларға, төменгі қабаты б.з.б. VІ-ІІ ғасырларға жатады.

Баланды қалашығы – үш ескерткіштен тұратын бекініс. Баланды-1 шағын қамалы, оған жалғасып жатқан қоныс пен Баланды-2-3 атты екі қабір құрылыстары. Баланды-1 бекінісі Сырдариядан тартылған канал бойында орналасқан. Кейбір зерттеушілердің пікірі бойынша ол егін шаруашылығымен айналысқан елдің орталығы болған. Ескерткіштің көлемі 80х130 м, төртбұрышты, бұрыштары төрт тарапқа бағытталған биік қорғанмен қоршалған.  Ескерткішті 1959 жылы Хорезм археологиялық-этногарфиялық экспедициясы ашып, 1960-1961 жж. барлау қазбаларын жүргізді. Қазба жұмысының нәтижесінде ескерткіштің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан бірнеше бөлмелер ашылып, біршама бағалы заттар табылды. Олардың арасынан ою-өрнегі бар сүйек пластиналарды, антикалық үлгіде жасалған жапырақ тәріздес әсем қола бұйымдарды, Сирияда жасалған өрнекті шыны ыдыстарды, түйенің тас мүсінін атап өткен жөн. Бөлме қабырғаларындағы сылақта полихромдық оюлар ізі сақталған. Бұл аймақ қайтадан 2006 ж. Шірік-Рабат археологиялық экспедициясының барлау тобымен зерттелді. 40 жылдық үзілістен кейін 2007 ж. тамыз айында бұл ескерткіште стационарлық археологиялық зерттеу жұмыстары қайта жалғасты.

Бәбіш-Молда қалашығы - «Үлкен үй» жоспары кірер есіктен басталып, екі көлемді мұнаралармен жиектелінетін өсті анфиладты ғимаратымен ерекшелінеді. Үйдің шығыс бөлігінен аршылған жоспары мұнда ерекше жағдайларға және қабылдауларға арналған салтанат залы болғандығын аңғартады. Бұл кешеннің жоспарлану принципі ахеменидтік архитектураға тән. Мұндай құрылыстарды салу Ахеменидтер державасының күйреуі алдындағы солтүстік шеттегі сатраптықтарда жүзеге асқан болатын. Тек Сырдарияның төменгі ағысындағы аумақ Ахеменидтер державасы құрамына енгеннен кейін ғана, мұндағы б.з.б. ІV ғасырда шикі кірпіштен соғылған монументтік құрылыстарды, керамика кешендерде осы бағытта байланыстыруға болады, олар Орта Азия оңтүстік аудандарынан (Соғды, Парфия, бәлкім Бактрия), Ахеменидтер державасының шығыстағы егіншілікпен айналысатын шеткі облыстарынан табылған заттарға ұқсас болып келеді.

Әзірлеген: Алтынбек БЕКНҰР

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз