Ұлы Дала

Сауранның кәріздерін 200 үнділік құлдар салған

10 Қаңтар 2017
1136
Елордамыздың орталық көшелерінің бірі неліктен Сауран деп аталады?. Мақала осы даңқты қалаға арналады

Қаланың алғашқы рет тарихи деректерде кездесуі Х ғ. тұсына тура келеді. Сол кезде өмір сүрген әйгілі араб жағрапшысы Макдиси қала туралы мынадай мағлұмат береді: «Сауран – бірінен соң бірі бой көтерген жеті дуалмен қоршалған үлкен қала, онда рабад бар. Бас мешіт қаланың ішінде орналасқан. Ол оғыздармен және қыпшақтармен шекаралас аймақта орналасқан қамал».

Сауран туралы мәліметтер «Худуд-ал-алам» (X ғ.) жасырын географиялық шығармасында, ибн ал-Асирдің (XIII ғ.), Якуттың (XIII ғ.) «Елдер сөздігінде» Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі ірі мәдениет және сауда-қолөнер орталығы деп атап өткен.

Сауран XIII ғ. ортасында армян патшасы І Гетумның бағдаршасында Менгу моңғол ханының ордасына апарар жолда орналасқан деп сипатталған. XIII ғ. басында ол қайтадан «Испиджабпен қатар харадж төлемейтін» шекаралық қала, ал XIII ғ. ортасында үлкен қала ретінде аталады.

XIV ғ. бірінші жартысында, Жошы әулетінің билеушісі тұсында Сауран тіпті Ақ Орданың астанасы да болған. 1320 ж. дүниеден озған Ақ Орда билеушісі Сасы-Бұқа осы қалада жерленген. Оның баласы Ерзен Сауранда және басқа қалаларда медресе, ханаки, мешіттер салдырған. Қаланы XV ғ. 80-ші жылдарында қазақтың тұңғыш хандарының бірі Жәнібектің баласы Иренші-сұлтан биледі.

XV-XVI ғғ. жазбаша деректерде қала туралы көптеген мағлұматтар бар. Ол туралы XV ғ. басындағы және бірінші жартысындағы еңбектерде айтылады - Му'ина ад-дина Натанзи («Ескендір Анонимі»), «Тауарих- и гузида-йи нусрат-наме», Молла Шади «Фатх-наме», Камал ад-дин ал Хереви Бинаидің «Шайбани-наме».

XVI ғ. «Михман-наме-йи Бухара» еңбегінде Рузбихан Исфахани Сауранды тамаша тартымды қала деп суреттейді. «Ол ашық жазық алаңда салынған. Ол ерекше думанды, жарық, ауасы жұмсақ қала».

Сауранда 1514-1515 жж. өмір сүрген ақын әрі жазушы Зайн ад-дин Васифи өз естеліктерінде қара туралы құнды мағлұматтар келтіреді. Ол қаланың аса бір керемет құрылысы – екі шайқалмалы мұнарасы бар медресе туралы хабарлайды: «Оның айуанның үстінде көркімен ізгі нұр таратып тұрған, екі зәулім мұнара орнатылған. Сол мұнаралардың «гүлдестесінде» шынжырлар бекітілген, ал әрбір мұнараның күмбездерінің астына бөрене қойылған. Егер де кімде-кім бөренені күшпен қозғалтатын болса, шынжырлар теңселеді де, көрші мұнарада тұрған адамға мұнара шайқалақтап, құлайтындай көрінеді. Бұл-әлем ғажайыптарының бірі».

Васифи сонымен қатар Қазақстан үшін әдеттен тыс көрінетін жерасты суларын сыртқа шығаратын жерасты галереясы – кәріздерді де суреттеп: «мұндай құрылысты әлемді құрылықпен және теңізбен аралап шыққан адамдардың өзі де көрмегенін» ескертеді. Кәріздерді үнділік 200 құл салған көрінеді.

Хафиз Таныш «Шараф-наме-йи шахи» еңбегінде былай деп жазған: «Сауран қамалы – өте берік бекітілген қорған, оның мықты және күшті қамал болғандығы соншалықты, тағдыр тәлкегінің қолы оның қорғанының түбіне жетіп көрген емес».

Орыс деректерінде Сауран туралы алғашқы жазбалар XVII ғ. жатады. Қаланың құлдырауы XVII ғ. 80 жж. басталады, бұл басқа да сырдариялық қалаларға тән.

XVIII ғ. ортасында П.И. Рычков Сауран туралы «Түркістан маңындағы шағын мекен екенін» хабарлады.

Қалашыққа 1867 ж. (П.И. Лерх), 1947 ж. Оңтүстік қазақстандық археологиялық эспедициясы (А.Н. Бернштам), 1967 ж. Жетісу археологиялық экспедициясы (К.А. Ақышев), 1986 г. Қазақ КСР ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағының археологиялық экспедициясы зерттеулер жасаған.

Қазіргі кезде қала уақыт тоздыруының әсерінен 3-6 м биіктікте сақталынған қамал дуалдармен қоршалып жатыр. Қала аумағының пішіні сопақ алаңқай түрінде келеді. Ол солтүстік-шығыстан оңтүстік-батыс бағытымен 800 м, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 500 м ұзыннан созылып жатыр. Қала аумағы айналасындағы тегістіктен 2-2,5 м биіктікке орналасқан. Қаланың қамал дуалдары биіктігі 2-3 м келетін стилобаттың үстінен бой көтерген. Қаланың бастапқы дуалы, сірә, сүйір күмбез тәрізді кертпе жақтаулы болған. Кей тұстарда ол дуалдың кейінгі қаланған қабатынан байқалады. Күмбез түріндегі жақтауларында оқ ататын тесіктер жасалынған. Қаланың ішіне екі қақпа арқылы кіруге болады. Қаланың басты қақпасы қамал дуалдарының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан және екі шетінде екі қабатты мұнаралар салынып, қақпа тұсындағы қамал дуалдары күшейтілген. Қақпаның кіреберісі қамал дуалдарының шығыңқы тұстарының есебінен дәліз түрінде жасалынған, ұзындығы жиырма метр келеді. Қаланың екінші қақпасы (жақсы сақталмаған) қамал дуалдарының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Шығыс жақтағы мұнарада ойық түрінде жасалған ені 1,2 м, биіктігі 1,7 м болатын қалаға кіретін жасырын есік орны байқалады. Тереңдігі 1-3 м, ені 15-20 м шамасындағы ор қамал дуалдарын айналдыра қоршап жатыр. Оны қазғанда шығарылған топырақтың биіктігі 1-1,5 м, ені 5 м шамасында үйінді қаланған. Солтүстік-шығыс қақпадан бастау алатын үлкен көше оңтүстік-батысқа қарай жүріп, қаланы екіге бөледі. Бұл көше қамал дуалдарының оңтүстік-батыс бөлігіне 150 м жетпей барып, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан көлденең көшеге келіп тіреледі. Оның бір бөлігі оңтүстік-шығыс қақпаға шығады.

Қала топографиясында осы екі басты көшелерден басқа көптеген шағын және тұйық көшелердің іздері байқалады. Олардың барлығы қосыла келгенде қаланың тармақтанған күрделі көше желісін құрайды.

Орталық көше солтүстік шығыс қақпадан екі жүз метрдей жерде аумағы 100х100 м болатын қаланың орталық алаңына келіп тіреледі. Алаң маңайында күйдірілген кірпіштен қаланған ғимараттардың қирандылары қалған. Қаланың айнала төңірегінен 1400-1500 м. шамасындағы радиус шеңберінде, түрлі тығыздықпен орналасқан жекелген үй-жайлардың орындары көрінеді. Дуалмен айналдыра қоршалған әрбір жеке қоныс үйдің өзінен және жерден тұрады. Учаскелерде бақша дақылдары, жеміс ағаштары, жүзімдік және астық өсірілген. Су қоймасының төңірегінде топтасқан осындай төртбұрышты учаскелерге орналасқан бау-бақшалар сол жағалаулық Хорезмдегі Шахрлық пен Дәукескен төңіректерінде де кездеседі. Бақшалардың көп болуы Жаңадариядағы XVIII-XIX ғғ. түрікмен қоныстарына тән құбылыс. Қоныс-жайлардың өлшемдері әртүрлі, олардың ең ірісі 150х110 м., 180х90 м және 1,5 га 1,8 га дейінгі аумақты алып жатыр. Орташа келген жеке қоныс-жайлардың аумағы 1 га –ға дейін болса, ал кішілері 0,5 га жете қоймайды (орташа қоныс-жайлар көптеп кездеседі).

Сауран ауыл шаруашылық аумағының ұшақтан түсірілген суреттерін сараптау негізінде жасалған алдын-ала есептеулерге қарағанда қала маңында орналасқан жеке қоныс-жайлардың саны 320-ға жуық. Сауран қаласында XIX ғасырда мұнаралары бар монументтік құрылыс қалдықтары сақталған.

П.И. Пашиноның еңбегінде сақталған суретке қарағанда медресе қаланың күйдірілген кірпіштері жиналған жерінде орналасқан болуы мүмкін. Ұшақтан түсірілген суреттерді ашып қарау көмегімен Васифи айтып өткен кәріздер анықталды. Қазіргі кезде қалашықта кешенді археологиялық жұмыстары, сақтау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

Аударған: Гүлнұр Серікқызы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз