Ұлы Дала

Теректі Әулие петроглифтері

07 Қазан 2016
569
Орталық Қазақстандағы тасқа бейнелеу өнерінің көне ескерткіші. Теректі әулие – Жезқазған қаласынан 85 шақырым жерде, Теректі станциясынан солтүстік-шығыста 20 шақырым жерде орналасқан

       Теректі әулие – тарихи өткеннің өзіндік ерекшелігі бар ескерткіш. Мұнда ежелгі адамдар өмірінің көптеген аспектілерін (материалдық, рухани, әлеуметтік) қайта елестетуге мүмкіндік беретін, маңызды деректер көзі болып табылатын тасқа қашалған бейнелер орналасқан. Бұл бейнелер аласа ғана қызыл қоңыр бес-алты төбешіктерде қоныс тепкен.

eca7489dea426a26cf4eb326f352e12f.jpg     Тас бетіндегі қашалып салынған жануарлар бейнесі

          XX ғасырдың 40-шы жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі академик Ә.X.Марғұлан осы ескерткішке алғаш назар аударып, қыскаша сипаттама береді. Теректі әулиені кешенді зерттеуді 1996 жылдан Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы жүргізді, жетекшісі 3.С.Самашев болды. Теректі әулие археологиялық кешені тасқа бейнеленген суреттерден, неолиттік тұрақтардан, қола дәуірінің қоныстары мен некропольдарынан тұрады. Суреттер тас немесе металл құрылғылармен қашалған. Суреттер ежелгі адамдардың көшпелі өмірінің көрінісі негізі болып табылады. Аң аулауға, жабайы аңдарға мен Күнге табынушылықты суреттейтін бейнелер де бар. 

9df48cacf831bd2e3ef6e01fe6e1fd88.jpg

Теректі әулиеде тасқа жануарлар суреті бейнеленген. Бұның барлығы сақ дәуіріне жататын «аң стилі» бейнелеу өнеріне саяды. 

 Теректі-Әулиеге қатысты көптеген аңыздар бар, сондықтан да қажылыққа барып тәуап етушілер, және мистикамен әуестенушілер бұл жерде жиі болатын қонақтар. Жалпы саны бұл жерде 300-ге жуық тас бетіне қашалған суреттер бар. Оның 200-ге жуық жануарлардың бейнесі. Жалпылама айтар болсақ, Теректі әулие петроглифтері: қола дәуірі біздің заманымыздан бұрынғы 2–1 мың жылдықтың басы; скиф-сібір дәуіріне біздің заманымыздан бұрынғы XII — біздің заманымыздың I ғасырлары және орта ғасырға жатады. "Аң стилі" дегеніміз аңдар мен аңыздағы ғажайыптарды бейнелеуді айтады. Негізінен сәндік тақырыпқа қолданылатын қол өнер жанры. б.з.б VIII ғасырда пайда болып негізінен Еуразияның далалы аймақтарына тараған.

eb66b306e8f111653ca10f25674da40e.jpg

«Теректі әулие» гранит қырқалар кешенінің адамзат тарихының ашылмай жатқан беттерін атқаруға септігі тиюі әбден ықтимал. Төбешіктердің үстінде де, қапталдарында да белгілі бір заңдылықпен бедерленген қосақталған түйеден бастап, жалаңаяқ адамның ізіне дейінгі таңбалар көптеп кездеседі... Солардың ішінде жылқы көп бейнеленген.Себебі жылқы көшпенділер өмірінде үлкен маңызға ие болып, ішсе сусын, мінсе көлік, жесе азық болған. Еуропалық отырықшылардың атқа мінген көшпенділерді кентаврға теңеп, зәре-құты қалмай қорыққаны тарих беттерінен бәрімізге аян... 

abef2ddadaba966ed44de378dd339137.jpg

Ал бүгінгі ғылым үшін, «Теректі әулие» - әзірге тылсым сырын ішіне бүгіп жатқан әлемде теңдесі де, ұқсас сыңары жоқ жәдігер. «Теректі әулиедегі» суреттер (пиктограмма,петроглифтер) тас бетінде қашалып салынған. Тастардың мұқият өңделгені соншалық, олардың беттері күні бүгінге дейін айнадай жалтырайды.

4724311b93a4bf0501ff7a4188cc7624.jpg

Тас бетіндегі жылқы мен әр түрлі іздерді жергілікті халық әулиенің табаны тиген жер деп атап кеткен. ХІ ғасырдың ғұлама ғалымы, 973-1049 жылдары өмір сүрген әл-Бируни Теректі жеріндегі тастағы іздер Әзірет Әли мен оның тұлпары - Дүлдүлдің іздері деп жазып кеткен. Әзірет Әлі Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы, мұсылман дініндегі халифалардың төртіншісі. 

a462cc1fc2ff46e02a37352a911b629b.jpg

Тарихи тұлға болған Әзірет Әлі 661 жылы қаза болғаннан кейін, оның бейнесі аңыз-әпсанаға айналған. Шығыс бейнелеу өнерінде Әзірет Әлі қасиетін көрсететін белгілері - басының сыртын коршаған жалынмен, қолындағы Мұхаммед пайғамбардан мұраға қалған ұшы айыр қылыш -Зұлпықармен (бұл қылыш бүгінде Стамбулдың Топ Капы музейінде сақтауда тұр) жауынгерлік аты -Дүлділмен бейнеленеді. Қазақ батырлары жорықтар мен соғыстардағы жекпе- жекке шыққанда басқа пірлерімен бірге Әзірет Әлінің де есімін атап, сыйынып қолдау сұрайтын болған. 

332067ecfc81f58e8b128b7d631bf7f3.jpg

Оның Теректі жеріне тұяғы тиген деген Дүлдүл тұлпары-жылқы тұқымының ең асылы болып саналып, қасиетті деп танылған. Тастағы мүсіндердің ермек үшін салынбағаны, олардың осы өңірде құтты қонысы еткен ежелгі адамдардың тыныс-тіршілігі мен наным – танымынан түсінік беретіндігі ақиқат. 

570ab737e30b7a6eec74140c78ff2d8e.jpg

Сонымен қоса Теректі әулие материалдары ірі археологиялық қорды құрайды. Тас бейнелерін зерттеу тек қана халқымыздың өткен өмірін қолмен ұстап көзбен көруге мүмкіндік беріп қана қоятындығымен маңызды емес. Сондай-ақ, бұл біздің мәдениетіміздің, бабаларымыздың рухани байлығы, құн жетпес қазынасы, келешек ұрпақтарға қалдыруға болатын бай мұрасы екені анық.

Суреттерді автор Максим Рожиннің рұқсатынсыз және портал редакциясының келісімінсіз пайдалануға болмайды. 

 Дайындаған Олжас БЕРКІНБАЕВ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз