Қаз Рус Eng

Әлихан Бөкейхан - 150

Ядролық қарусыз әлем – басты мақсатымыз
Қазақ хандығына 550 жыл
Ұлы Жеңіске 71 жыл
«Бір суреттің тарихы» фотожобасы
Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы
ҚР Конституциясына 20 жыл
Астана — тарих толқынында
Әлихан Бөкейхан - 150
Ұлы Дала
Селфи-байқау
Сүреттер сөйлейді
Театр әлеміндегі тарих
Болашақ Қазақстан
Тәуелсіздікке 25 жыл

АЛАШТЫҢ РУХАНИ СЕРПІЛУІНДЕГІ Ә.Н. БӨКЕЙХАН БАСТАҒАН ҚАЙРАТКЕРЛЕР ҰСТАНЫМЫ

05 Қазан 2016
180
Алаш – этноним ғана емес, ұлттық саяси-рухани серпілу атауы. Оның қалыптасуы мен дамуында, Ә.Н. Бөкейхан қадірлеген Нарманбет ақын айтқандай, «елдің миы мен жүрегі» бар

1907-1917 жылдар аралығында патшалық Ресей қазақ жерiн отарлау саясатын одан әрi жүргiздi. Халықтың жанайқайы, Қарқаралыдан, Лепсiден, тағы басқа алаш жерiнен патшаға 1905 жылы жiберiлген петициялар шаң қауып жатты. Петербор газет-журналдарында 1906-1910 жылдары жарияланған Әлихан Бөкейхан, Мұхаметжан Тынышбайұлы мақалалары, қырым татарларының “Тәржiман”, татардың “Дiн уа магишат”, “Ихтисад”, “Шора”, “Уақыт”, “Жұлдыз”, т.б. басылымдарындағы материалдар әдiлетсiздiктi әшкерелегенiмен, басқару аппараты оларды қаперiне де алмады. Орынборда шығатын “Уақыт” газетi: “Бiздiң 8-12 жасар балаларымызды орыс школдарына апаруды мiндеттесе, мектебiмiз өзiнен-өзi құрдымға кетедi. …Бiз өз мүддемiздi қорғауымыз қажет, әйтпесе келешегiмiз аянышты болмақ. Бiзге ана тiлi, төл мектеп, өз дiнiмiз керек. Ұлтымыз осылай деп жар салуы қажет”,- деп жазды [1, 50-51]. 

Ендi бiрде осы басылым тiкелей қазақ тағдырына қатысты: “Мұсылман қазақтардың халi тым ауыр. Асыра айтқандық емес, қазiр саны 7 миллион осы милләт өмiр, не өлiм деп күресуде. Жыл сайын переселендiк саясат олардың 1.000.000 десятина жерiн тартып алып, өздерiн таулы-тасты, құнарсыз жерге қуып жатыр. Рас, патша жарлығымен қазақтарды жермен қамтамасыз ету қаралған-ды. Бiрақ берiлмек болып отырған 15 десятина жер қазаққа өте аздық етедi. Сондықтан олар бұдан бас тартты”,-дегендi хабарлап [1, 51], қазақтардың отырықшы болуына тiлектестiгiн бiлдiредi. “Отырықшылық - мәдениет пен ынтымақтың негiзi” дейдi “Уақыт”. 

Қазанда 1906 жылдың 15 қаңтарынан шыға бастаған “Жұлдыз” газетiн күллi түрiк үшiн татарша “Әбти” оқулығын жазған (бұл оқулық 31 мәрте, жалпы саны 1 миллион 200 мың таралыммен басылған деп жазады татар зерттеушiлерi) Ахмедһади (қазақтар Һади деп атаған) Максудов басқарған болатын. Осы газет бетiнде де Ресей мұсылмандарының (iшiнде қазақ та бар) дiлгiр мәселелерi көтерiлдi. Әсiресе ана тiлiнде оқу мәселесi айрықша айтылды. Газет “орыс тiлiнен басқа пәннiң бәрi ана тiлiнде жүрсiн, iлгерi бағыттағы мұсылман дiнi мектептен шығарылмасын, тәрбиенiң дiни негiзi болсын, т.б.” деген [1, 56] үндеулер жасады. Осы басылым жүзiнде жарияланған белгiлi қайраткер Садри Максудовтың ойы мынандай: “Бiздiң түрiк халқы мектептердiң жалпы заңға бағынуына қарсы. Үкiмет бағдарламасымен сәйкес болмаса, мектептер жабылсын дейдi заң. Халықты мектепсiз қалдыруға болмайды. Ал мұндағы мазмұн өзгерсе, ұлт өзiн ұлт есебiнде сезiнуден қалады. Татарда мектеп пайда болғалы 400 жылдан берi олар халықтың салтын, елдiгiн, тiлiн, дiнiн сақтап келедi. Ресейдiң қақ жүрегiнде тұрып, жан-жағын орыс стихиясы мен миссионер айла-шарғысы қоршаса да, татар ұлттық ерекшелiгiн жойған жоқ. Осының бәрi мектептiң арқасы” 

0edb2bf94fbabc565c0a95f5820f9724.jpg

Қазаққа қатысуға хұқық берiлмеген 1906 жылдан кейiн шақырылған Мемлекеттiк Думаларда мұсылман депутаттар (мысалы, 15.11.1912 жылы шақырылған IV Думада 6-ақ мұсылман болды) қал-қадерiнше алаш жұртының проблемаларын көтердi. Мысалы, III Думада Мұсылман фракциясы переселен саясаты мен жалпы бiлiм туралы заңды талқылауды күн тәртiбiне қойып, халық үнiн үкiметке және әлемге (бұл туралы С. Максудовтың Лондон сапарына қатысты айтамыз) жеткiздi. Қапқаздан келген өкiл Халилбек Хасмамедов патша өкiметiнiң Қапқаз, Түркiстан, Қазақ елi бағытындағы отаршыл саясатын, переселен мекемелерiндегi содырлықты аяусыз сынайды [2, 71-75]. “Үкiмет жасанды түрде ұлтаралық қырғи-қабақ жағдайды тудырып, шет аймақтарда жергiлiктi халықтың ұлт-азаттық тенденциясына қарсы күресте арқа сүйейтiн күш жасақтады”,-дейдi ол. III Дума депутаты С.Максудов мектепте ана тiлiнде сабақ жүргiзу мәселесiн көтердi. Сонымен қабат осы қайраткер Ресейдегi мұсылмандардың рухани iстерiн олардың Дiни басқармасымен келiсiп атқару керектiгiн ұсынды. Ресей үшiн аса күрделi шақта жұмыс жасаған IV Думаның мұсылман фракциясы жанындағы бюроға (яғни депутаттарға көмекшi ынталы топ) әр кездерi Әлихан Бөкейхан [3] мен Мұстафа Шоқай [4, 257] жәрдемдескенi мәлiм. 

Әлихан Бөкейханның Петерборға баруын қазақ байлары сұраған, сөйтiп онда тұруы үшiн орталарынан қаражат жинап берген. Әлиханның дiлгiр мәселелерге арналған мақалаларының бiр бөлiгi осы Петербор сапарында хатқа түскен. Қайраткер-қаламгер аталған уақытта империя астанасына бөкейлiктердiң атынан “белгiлi қазақ ақыны Ғұмар Қарашұлының” аманат арқалап барып, “бас министрге қағаз бергенiн” жазады [5]. 

Мемлекеттiк III және IV Думаларда қазақ жағдайын тек мұсылман депутаттары ғана айтқан жоқ. Басқа тiлеуқор азаматтар болды. Ә.Бөкейхан жазбаларынан Алаш жұртына тiлектес Дзюбинский, Волков, Виноградов, Скалозубов, Шишкин сынды депутаттардың болғанын оқимыз (Отандық тарихшыларымыз бұлар туралы зерттеу жүргiзсе артықтық етпес едi). Әрине, осы және басқа да империя орталығындағы жаңалықтар “Айқап”, “Қазақ” арқылы көзi ашық жандарға жетiп жатты. Алаш жұртының, өзге де мұсылман халықтарының қиын ахуалынан шет ел де хабардар болып отырды. Айталық, 1909 жылы Мемлекеттiк Думаның бiр топ депутаты Ұлыбританияға барады. Бұлардың арасында кадет серкесi П.Н.Милюков пен татар қайраткерi Садретдин Максуди болады. Елге келген соң, С.Максуди 1914 жылы “Англиеге саяхат” (Қазан, “Үмiт” электро-типографиясы) кiтап жариялайды [6, 149]. Осы еңбегiнде ол өзiнiң ағылшын королi VII Эдуардтың қабылдауында болғанын, ағылшын ақсүйектерiмен ұшырасқанын, басқа да әр түрлi жайды сипаттап жазады. С.Максудиге екеуара әңгiмедегi лорд Крумердiң: “Мұсылмандар батыс мәдениетiн кешiктiрмей қабылдауы керек. Сiздердiң дiндерiңiз бен бұл мәдениет қабыспайды деген түсiнiк мүлде қате. …Жоғалып кетпеймiз десеңiздер, ағарту мен мәдениетке мойын бұрыңыздар”,- деген сөзi және ақсүйектер қонақасы бергенде бiр кiнәздiң: “Сiз С.Максуди емессiз бе? Бiздiң Лондон халқы Ресей Думасы депутаттарының көрнектiлерiн сырттай жақсы таниды”,- деуi ерекше әсер етедi. Бұл жай сыпайылық үшiн айта салған сөз емес екенiн татар зиялысы аңғарған секiлдi. М.Шоқай “мұсылман депутаттарының ең таңдаулысы” деп бағалаған [3, 278] осы С.Максуди – Дума мiнберiнде қазақ секiлдi ұлттардың қамын жеп сөйлеген қайраткердiң бiрi. Ресей мұсылмандарының (оның iшiнде қазақтың бары сөзсiз) ахуалы туралы ақпардың шет елге жетуiн айғақтайтын бұл бiр ғана дерек. Басқа дәлелдер де жоқ емес. Мысалы, 1915 жылы 14 желтоқсанда француздың “Le Temps” мынандай мазмұнда хабарлама басады: 

“Моңғолдар арасында Цюрих, 13 желтоқсан. Будапештен жеткен жеделхат Ресейдi мекендеген 20 миллион түрiк-татар мұсылмандарының - оның iшiнде 7 миллион түрiк және 6 миллион қазақ бар - өкiлi Венгрияға келгенiн хабарлайды. Делегация граф Тиссаға Едiл мен Каспий теңiзi аралығында бейтарап Қазан хандығын қалпына келтiрiп, түрiк халқының өркениетiн қорғау қажеттiгi туралы меморандум тапсырды. Делегация бұдан соң Берлинге аттанады” [2, 112]. Осы мазмұндас хабар Петроград телеграф агенттiгiне Копенгагеннен 1915 жылы 8 желтоқсанда жолданыпты. Онда: “Делегация Венада аялдап, министр-президент Штюргк пен сыртқы iстер министрiнiң орынбасары граф Форгачтың қабылдауында болған. Олар мынандай талап хатын тапсырған: 

1. Бұхара мен Хиуаны орыс бодандығынан құтқару, оларға Түркiстанды қосу; 

2. Қазаққа саяси-әкiмшiлiк тәуелсiздiк әперу; 

3. Қазан хандығы мен Қырым хандығын қалпына келтiру. Соңғысын түрiк сұлтанының қамқорлығына беру; 

4. Едiл өзенi мен Каспий теңiзiн бейтарап деп тану” [2, 103].

591284ff12ca072c439ee1f29b7733bd.jpg

Бұл ақпарат көзi делегация құрамында түрiктi” “Тюрк-Юрду” газетiнiң редакторы Жүсiп Ақшора, “Фюза” газетiнiң редакторы, профессор Әли Гусейн-заде, дiнтанушы-профессор Мұхаммед Әссад Әселиб-заде, Мұқым ад-дин Бейтшаю сынды қайраткерлердiң болғанын жазыпты. 

Жоғарыда келтiрiлген деректер – патша өкiметiнiң арнайы орындары хаттап алған (қолға түсiрген) дәйектердiң бiр бөлiгi ғана. Алайда ол аз болса да, айрықша байланыстардың қалыптасқанын меңзейдi. Бiз үшiн маңыздысы – Будапешт пен Венадағы құжаттарда қазақ ұлты жайының сөз болуы. Тiптi бұл деректерден Ә.Бөкейхан кеңесiмен Түркияға жасаған Ш.Қосшығұлұлы сапарының сiлемi мен жаңғырығын шырамытқандаймыз. Мiне, саясат мәселесiндегi осы iс-әрекеттiң бәрi бодандық тудырған қиындықтан елдi құтқару мақсатында жүргiзiлдi. Бұл руханият саласымен тiкелей байланысты едi. Егер елдiктi жоятын шаралар табандылық танытып, бодандаушы ел мақсаты толық жүзеге асса, отарланушының тағдыры тәлкекке түсерi хақ. Мұндайда ұлт әдебиетi мен мәдениетiн түгендеу, жаңғырту, дамыту арманға айналары сөзсiз. Олай болса, әлем мiнберлерiне ұмтылған түрiк (мұсылман) зиялыларының талабын өзiн-өзi сақтау инстинктiмен түсiндiре аламыз. 

ХХ ғасыр 10-жылдарындағы Ресей мұсылмандарының мәдени-рухани өмiрiне әсер берген оқиға – 1914 жылы желтоқсанда өткен мұсылман съезi дер едiк. Осы съезден соң қазақ жәдитшiлдiгi алаштық қозғалысқа бет түзедi деуге негiз бар. Бұл жиынның ресми бағыты – майданға шыққан (I дүниежүзiлiк соғыс) әскери әлеуеттi қолдау болғанымен, мазмұны мұсылман бiрлiгiн одан әрi арттырып, халықты жаңа жағдайға байланысты iс-әрекетке жұмылдыру едi. Әсiресе осы жолы түрiк мұсылмандарының бiр тiлге көшуi нақтылай айтылды. Бұл мәртебеге үмiткер ретiнде көпшiлiк дауыспен татар-түрiк тiлi ұсынылды. Съезд алдындағы бiр мақаласында А.Байтұрсынұлы: “Оқуға керек құрал жоқ, оқыта бiлетiн мұғалiмдер аз. Сонда да қазақша хат бiлушiлердiң процентi мұжықтардан жоғары”,-деп /7/ жазып, мұсылман оқуының жаңғыруына үмiт артып едi. Ендi татар зиялыларының амалсыздықтан ұстанған позициясы қазақ оқығандарының басым бөлiгiн тiксiндiрдi. Бұл И.Гаспринскийдiң “тiлде бiрлiк” концепциясын жалаң түсiну секiлдi болып көрiндi. Сондықтан Ә.Бөкейхан: “Түрiк затты халықта бiздiң қазақтай бiр жерде тiзе қосып қалың отырған iргелi ел жоқ. Бiздiң тiлдi бiздiң қазақ жерiн араламаған мұсылман бауырларымыз қайдан бiлсiн… Анық түрiк затты халық тiлi бiздiң қазақта. ...Абай, Шәкәрiм, Мiржақып, Мағжандай ақыны бар, бiр жерде тiзе қосып отырған 5 миллион қазақтың тiлi қалай жоқ болады? …Бiздiң қазақ осы тiлiн тастап, татарға мiнгескенi адасқандық болар, бiз қазақ татар тiлiне шорқақпыз, татар тiлi деген тағы бiреу емес”,-деп жазды бұл съезден соң [8]. Съезге делегат ретiнде барған Ә.Бөкейхан осы үлкен жиыннан кейiн жалпы саны он “Мұсылман сиезi” атты мақалалар сериясын жариялайды. Осы еңбегiнiң әр жерiнде “сиез жабық, ұрланған себептi газета жүзiне басуға қалам мүжiлiп тұр”, “закон жобасын мұнда жазуға уақытша қалам мүжiлiп тұр” деп жазуына қарағанда (бұл “цензор бар” деген сөз ғой), аталған мұсылман съезi көкейкестi көп мәселенi қараған болуы керек. Бұл жиында талқыланған тiл мәселесiнде Ә.Бөкейхан мен Ж.Сейдалин пiкiрi бiр жерден шықса, Б.Қаратаев, Әлиханның жазуынша, “қазақта тiл жоқ” дегендi айтқанға ұқсайды. Алайда, “Айқап” журналы жариялаған Б.Қаратаевтың баяндамасынан [9] қайраткердiң тiл туралы ойын ұшырастыра алмадық (қысқартылып басылуы мүмкiн). Мұның есесiне Бақытжан Ресейде мұсылманға қойылып отырған хұқық шектеушiлiкке ашық қарсылығын былайша жеткiзедi: “Татарлар да қазақ iшiне бұрыннан да көбiрек кiрдi, тiптi алыс кететiндерi де бар. Өз жерлерiнде дiн ғылымын оқуға болмайтын болған соң, қазақ жiгiттерi қазiрде Бұқара, Хиуа, Орынбор, Бейрут, Мәдине, Ыстамбұл, Қазан, Мысыр сықылды зор шәһәрлерге таралып кетiп оқи бастады. Оқып, оқу бiтiрiп қайтқан соң, жасырын мектеп-медресесiнiң санын көбейте бастады. …Мен қазiр елу екi жасқа келдiм, сол ғұмырымның iшiнде Русияның жиырма миллион мұсылманға сезiктену басталды. Қазiрде мұндай хәлден құтылу керек”. 1914 жылғы мұсылман съезiнде С.Максуди әзiрлеп әкелген ұсыныстың көбi жиын қарарына кiредi. Мұнда оқу-бiлiм, iс-қағаздарының мұсылманша жүргiзiлу қажеттiгi, Ресейлiк мұсылман рухани iстерi басшысы министрлер кеңесiне кiру керектiгi, т.б. маңызды мәселелер айтылған. 

Бұл съезден кейiн қазақ жәдитшiлдерiнiң Алаш идеясын негiздеп, жүйелей бастауына, бiздiңше, Әлихан Бөкейхан бастаған зиялылардың өз концепциясын дәлелдеуге ұмтылуы себеп болды. Олар тең хұқықты, құрдастықты бiрiншi кезекке қойды. Сөйтiп ақылға сай бiрлесу, дiн жолын ұстау, оқу-ағарту саласын жүйелеу жағында болды. Съезд жұмысына талдау жасаған Әлихан мақалаларындағы мына ойларға назар аударалық: 1. “Бiзге хүкiмет қырын қараса, бұған жаланы аударғаннан қазаққа не пайда. Жылап кiсi сүйкiмдi болмақ емес” (Қазақ, 9.VII. 1914); 2. “Қазақты ақ жолға саламын десек, iстiң астарын қарастыр, iстiң сырты жауға бел көрсеткен” (Қазақ, 16. VII. 1914); 3. “Ат сыры иесiне белгiлi” (Қазақ, 8. ХI. 1914); 4. “Бiздiң қазақ бұл шариғат қамытына жүрмес, шариғат жолы орыс закұнының аяғын құшып бос қалар, қазақ өз ресiмiмен ғұмыр айдаған жолмен кетер” (Қазақ, 10. ХII. 1914); 5. “Мына мұсылман сиезi мұсылман атынан iстеймiз деп байлау қылған iске қазақ болып бiрiгу керек” (Қазақ, 31. ХII. 1914). Мұнда Ә.Бөкейхан мұсылман бiрлiгiн отаршылдықпен күрес тактикасы ретiнде және Ресей шындығындағы әлеуеттi күш ретiнде қолдайды, алайда ояну қозғалысы кезiнде әр ұлт өз мүмкiндiгiн, ерекшелiгiн, жағдайын ескеруi қажеттiгiн баса айтады (Әлихан, Ахметтердiң тiл, отырықшылық, т.б. мәселелердегi позициясы осыдан туындады).

84a7f8ffe1421555cdd82a16c604e17a.jpg

Алаш зиялыларының осы жиындағы негiзгi ұстанымын татардың “Уақыт” газетi Ә.Бөкейхан мен Б.Қаратаев сөзi арқылы көрсеткен екен (мұны “Айқап” көшiрiп басқан). Мұнда Әлихан: “Ендi ... /қазақ халы/ онан да нашарланды, бiр жағынан оларға мектептерiнде ғылым-бiлiм, өнер алуларына жол ашық емес. Мұндай жағдай қазақтардың орыстардан алыстауларына, Русияға деген наразылықтың өсуiне ғана себепкер болады ғой”,-деп алаш жұртының заңды ашу-ызасын түсiндiрсе, Бақытжан: “Хүкiмет қырғыз-қазақ балаларын мұсылмандықтан айыруға, алыстатуға амал-айла жасап жүргендiгi үшiн олар зорланады”,- деп Ә.Бөкейхан пiкiрiн толықтыра түседi [10]. Осы “Уақыт” басылымы хабарынан бiз мұсылман жұмысына iшкi iстер министрi бұқаралық ақпарат құралдарын қатыстырмауға бұйрық жариялағанын оқимыз. Бұл ресми өкiметтiң аталған оқиғаға қандай мән бергенiн көрсетедi.

Әрине, татар зиялылары мен мерзiмдi басылымдары түрiк халықтарының ресми бiр тiлге көшуiн мәселе етiп күн тәртiбiне бұл съезден әлдеқайда бұрын қойған-ды. Олардың осы талабын “гегемондыққа тырмысу” дегеннен гөрi iзденiс деу ақылға сыйымды. Кезеңдiк өлшеммен қарағанда әжептәуiр мәдени (типография, газет-журнал, т.б.) игiлiктерге қол жеткiзген татар ақсүйектерi табиғи түрде өздерiн ресейлiк түрiк мұсылмандарының тағдырына жауапкермiз деп есептедi. Бұл ретте олар үшiн алты миллионға жеткен қазақ ұлты қатептi қара нар iспеттi әлеует едi. Адамзат тарихын бажайлай отырып, көшпелiлiктiң құрдымға кеткенiн, отырықшылықтың алға шыққанын бағамдаған бұлар алаш жұртына сауап iс жасағысы келдi. Бiрақ бұл кездегi қазақ көшпелiлiгi - ұлт пен жердi (жер аз емес едi) қорғайтын, яки сақтауға қауқарлы өмiр сүру формасына айналғанын татар зиялылары түсiне алмады. Сондай түсiнбестiктен олар қазақ тiлiнiң жағдайына механикалық түрде қарады (Бұл орайда тiл мен экономикалық, руханият пен қоғамдық-саяси оянулардың арақатынасын салмақтаған бұлардың ойынан ХIХ ғасырда Ресейде жетекшi күшке айналған марксизм тұжырымымен жақындық аңғарылады). “Шора” журналының бетiнде жарияланған осындай мақалаларға қарсы сол татар басылымының бетiнде “Қазақ” газетасының бас мухаррары” А.Байтұрсынұлы: “Бiздiң қазақтың iсi жаңа басталып келедi. Не болары белгiсiз. Қазақ я құрып жоқ болар, я өз тiлiмен де өзгелердей тiршiлiк етер. 20-ыншы ғасырға шейiн түрiктiң тiлiн аздырмай асыл қалпында алып келген, тiл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиiстi. Атаның аздырмай берген мүлкiн, қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды iс болмас”,-деп айтты /11/. Ахметтiң қазақ тiлi мен қоғам өмiрi арақатынасын және тiл иммунитетiн саралаған пiкiр де айрықша. Ол “Шорада” басылған мақаласында былай деп жазады: “Сырттан бiрен-саран жат сөздер келсе, өз тiлiнiң қалпына түсiрiп алған – қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, жазу шалығы тимесе, кәсiбi, ғұрпы өзгерiлмесе, жалғыз тiл өзгерiлдi деп айтуға тiптi жол жоқ. Қазақтың тiлi өзгерген тiл деп айтуға жол жоқ болса, емлесiн де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тiлiнiң табиғатына хилаф келетiн емле жоқ. Едiлден бастап Ертiске шейiн, Оралдан бастап Ауғанға шейiн қазақта тiл де бiр, емле де бiр. Қойшы, түйешi, биешi емлесi деген қазақта жоқ нәрсе. Тоқсандағы шалының, тоғыздағы баласының - бәрiнiң емлесi бiреу-ақ”. 

Ұлт тағдыры, мұсылманшылық, тiл, жер, саяси бағдар мәселесi бойынша қазақтың өз iшiнде және түрiк халықтары арасында пiкiрталас пен айтыстардың жүруiн дұрыс деп есептеген Ә.Бөкейхан 1913 жылы жазған бiр мақаласында: “Талас – дүние, ғұмыр сипаты. Талас-тартыс жоқ болса, ғұмыр айып”,-деген болатын [12]. Мұндай пайымды, әлбетте, әлем тарихымен, философиясымен таныс, гуманист азамат қана айта алса керек. Ал ендi осы еңбегiнде Әлихан қазақ тiлi заманға iлесе ала ма, жоқ па деген сұраққа былайша жуап қайтарады: “Мiне, Қазан татары, Уфа һәм Орынбор башқұрты отырықшы, бұлардың қазақтан несi артық тарқы (прогресс – Д.Қ.) жолында. Арабстанда көшпелi араб тiлi неше жұртқа өнеге”. 

Мәселеге бұлайша қарау Ә.Бөкейхандардың “кез-келген жолмен дәлелдеу” жағында емес, ақылмен түсiндiру бағытында болғандығын айғақтайды. Алаш зиялыларының тұжырымдамасы мен жалпы түрiк қайраткерлерiнiң көзқарасынан хабардар башқұрт азаматы Зәки Уәлиди Тоған осы “ортақ тiл” проблемасы жөнiнде мынандай пiкiр айтады: “Бiздiң түсiнiгiмiздегi имандылық пен өнерге сәйкес келетiн ата-бабамыздан мұра болып қалған өлең-жырларды қазiр таза түрiк тiлiне түсiруiмiз қажет. Болашағы бар түрiк тiлi - қазақ тiлi. Араб-парсы сөздерi мен сөз тiркестерiн бауырына жинаған шағатай тiлi ендi осман әдебиетiнiң “диван” кезеңiнiң тiлi ретiнде тарих қойнауына кетедi” [13, 334]. Бұл, әрине, жеке қайраткердiң пайымы. Зәки Уәлидиге Алаш зиялылары “сен осылай айт” деген жоқ. Сондықтан мұны бейтарап (нейтралды) пiкiр дей аламыз. Солай болғанның өзiнде бұл қазақтан өзге түрiк ұлты өкiлiнiң “ортақ тiл” ретiнде татар тiлiн қабылдамағанын көрсетедi. Осыдан түрiк бiрлiгiне сына қағылады деп ойлау қисынсыз едi. Өйткенi түрiк бiрлiгi, әзiрбайжанның ұлтшыл қайраткерi Мехмет Эмин Расул-заде айтқандай, “саяси қозғалыс емес, ғылыми-философиялық, этикалық мектеп, яки мәдени бiрлiк жолындағы күрес амалы” едi /14/. Егер ол ғылыми-фалсафалық мектеп болса, оған қатысушылар заманның шындығына қарай түрлi пiкiр айтуға хақылы. Сол себептi алаш зиялыларының көзқарасынан түрiк бiрлiгiне қиғаштық байқалмайды. Татар тiлiнiң “таза” болмағанын Қазан зиялыларының өздерi де мойындаған тәрiздi. Ресей империясы баспа iсi жөнiндегi басқармасының мәлiметiне қарағанда, Едiл-Кама оқығандары тiл тазалауға 10-жылдардан бастап жұмылған. “1910 жылы Уфа мен Қазанда екi бiрдей кiтап жарық көрдi. Бiрiншiсi – Сәлiмгерей Жантөриннiң “Лұғат” атты кiтабы. Мұнда татардың әдеби тiлiне кiрген шетелдiк шығыс сөздерiнiң толық тiзiмi көрсетiлген. Екiншiсi – Ахмет Һади Максудовтың “Тюрки нахви” атты еңбегi. Мұнда Қазанның “Юлдуз” газетiнiң редакторы түрiк тiлiн тазалау мен жетiлдiрудiң жүйесiн көрсетедi. Аталған екi жұмыс әдеби тiлдi тазалау идеясын көтередi” [1, 25-27]. 

Осы тұста мына фактыны айналып өтуге болмайды: Сәлiмгерей Сейiтханұлы Жантөрин - қазақ. Уфаның iрi дәулеттi төресi. Мемлекеттiк Думаға бiрнеше мәрте депутат болған. 1907 жылы өкiмет қазақтарды жер иелiгi жоқ деп, сайлану хұқынан айырғанда, С.С.Жантөрин М.Шоқайға Уфадан депутаттыққа түсуге кеңес берген (Мұстафа бас тартқан). Бұл қайраткер туралы З.У.Тоған былай деп жазады: “Қазақ сұлтандарының тұқымы Сәлiмгерей Жантөриннiң Уфада зәулiм үйi болды. Ол қыс айларында Петерборда тұратын. Ал бiз болсақ, оның Уфадағы үйiнде саясатқа қатысты әңгiме-дүкен құратынбыз. Мен осында түркiстандық саяси қозғалыс өкiлдерiмен кездестiм... …Ғалиасқар Сыртланов пен Сәлiмгерей Жантөрин шығыс-түрiк халықтарының территориялық автономиясы идеясын қорғады. ...С.Жантөриннiң бабалары ХVIII ғасырда орыстарға қарсы ұлт-азаттық күрес жүргiзген. Сонда башқұрттарға сүйенген. …1915 жылы Шпалер көшесiндегi С.Жантөрин үйiне Кутлукай мырза, А.Цаликов, М.Шоқай, П.Леманов келiп тұрды” [13, 105-109]. Сонымен ұлты қазақ С.С.Жантөриннiң татар тiлiн тазалауға ұмтылуы - әлеуеттi тiл өкiлiнiң (орысшаласақ “носитель языка”) ахуалы ауыр тiлге көмекке келуi болып шығады. 

1915 жылы “Қазақ” газетi жоғарыда аты аталған М.Э.Расул-заденiң наурыз мейрамы орайында жазған түрiк халықтарының жағдайы туралы мақаласын қазақ тiлiнде аударып басқан екен. Патша цензурасы тұсында жазылған осы еңбекте бiраз ой астарлап айтылады. Әзiрбайжан қайраткерi түрiк халықтары өмiрiнiң жаңаруын, сапалық өзгерiске аяқ басуын армандайды. Автор: “Наурыз. Атынан да белгiлi жаңа күн. Бiрақ бұл марттың тоғызы (ескiше күнтiзбе бойынша.- Д.Қ.) бiз үшiн шынымен жаңа күн болып жете ме екен? …Мейрам - ұлттың жеке-жеке болған мүшелерiн бiрiктiрiп бiр денедей қылып қосатын бiр дәнекер. Мейрам болған соң тiрi бiр ұлт бiр адам секiлдi дайын бiр сезiмге ие болу керек”,-деп жазады [15]. Бұл бiр ұлт, бiр адам, бiр сезiм – түрiкшiлдiк едi. Алайда осы ойда көп болып бiрiгу мәселесi айтылса да, негiздi, ақылды қаперге алмай көзсiз бiрiгу меңзелiп тұрған жоқ. Сондай-ақ аталған мақаласында Разул-заде: “Бiр ақын талған бiр жүректi тiрiлтудi мың қажеттен артық көрген екен”,-дейдi. Бұл талған жүрек - әзiрбайжан, қазақ, башқұрт, татар, т.б. ұлт жүрегi болуы мүмкiн ғой. Ал ақын – сол ұлттың ақыны, бәлкiм қайраткерi. Олай болса, алғаш өз ұлтының, мұнан кейiн түбi бiр туысқан ұлттардың, сонан соң көршi ұлт пен әлем ұлттарының жағдайымен санасу, соған қарап iс-әрекет жасау – өшудiң емес, өсудiң алғышарты.

f051aea3343793c0a1b8b9b4ba057f67.jpg

Жалпы түрiк жәдитшiлiгiнiң екiншi сатысында (жәдитшiлдiктiң алаш қозғалысына ұласу шағы) алаш жұртында “Айқап”, “Қазақ” тәрiздi газет-журналдар, “Қазақша әлiппе” (М.Нұрбайұлы), “Тiл құрал” (А.Байтұрсынұлы), “Есеп кiтабы” (М.Дулатұлы), “Иман-Ислам” (Н.Манайұлы), “Құран құралы” (Н.Күзембайұлы) сынды оқулықтар шыға бастағанда, бұл беталысты Қазан зиялылары дұрыс көрмедi, яки қолдамады. Осы хақында “Қазақ” газетi: “Бүйректен сирақ шығарған” сияқты, татардан бөлек өз алдарыңа әдебиет түзейiн деп жүрсiңдер деп, газета шыққаннан берi ноғай бауырлармыздың “бiлiмдiмiн” дегендерiнiң көбi-ақ айтып келедi”,-деген болатын [16]. Әл-Маржани iзбасарларының неге бұлай айтқанын шамалауға болады: бiрiншiден, Ресей iшiндегi мұсылман халықтарының алға озғаны, заманауи бiлiм-iлiмдi мол игергенi татар азаматтары едi; екiншiден, ашылған мектеп-медресе, газет-журнал мен басылған кiтаптардың көбi татардiкi-тiн; үшiншiден, осындай әлеуетi бар саны аз ұлтқа көп ағайын керек-тiн. Әлбетте, түрiк бiрлiгiн бiр ұлтты рухани сорлату есебiнен жүзеге асыруға жол жоқ. Бұл – бар адамға түсiнiктi жай. Осы орайда Алаш зиялыларының ұстанған позициясы мынау: “Арзан философия алысқа апара алмас. Бiздiң әуелден-ақ айтып келе жатқанымыз - қатар жүрiп аптықпай, екi жұрттың да тең жасап көркеюiне қолдан келгенiн iстеу. Татар балаларын татарша оқытқанына қазақ iшi тарылмай, қазақ балаларын қазақша оқытқанына татар iшi тарылмай, көңiлiмiз кең болып, жасауымыз тең болса, бетiмiз де жөн болар” [16]. “Қазақ” газетi осы көзқарасты жеткiзген редакциялық мақала ныспысын “Шекiспей бекiспейдi” деп атауында да тiлеуқорлық ниет бар. 

ХХ ғасырдың 10-жылдарында қазақ пен татар арасындағы бiрлi-жарым келiспеушiлiк насырға шаппасын деп ақын Ғұмар Қараш “Екi бауырға” атты өлең жазды. Мұнда Ғұмар Қараш татарды - қала, қазақты – дала бейнесiнде сипаттайды [17, 145]. Сөз жоқ, осындай пайымның бәрi қиын кезеңде ағайын арасында текетiрес емес, пiкiрталас болғанын дәлелдейдi. Онсыз шындық тумас едi. Алаш ағартушылығы өкiлдерiнiң, Ғ.Қараш көрсеткендей, “түндiктi батыстан ашуының ” себебi бар болатын. Мұны “Қазақ” газетi “Орда гербi (таңбасы)” атты редакциялық мақаласында былай түсiндiредi: “Қазақ” газетiнiң басына үй суретiн орнатуға мынандай мағыналар бар едi: Киiз үй – киiз туырлықты халық. Үйдiң түндiгi ашық, есiгi жабық болуындағы мағына: түндiк – жарық беретiн жол, есiк – түрлi заттар кiретiн жол дегендiк. Жарық жолы ашық, еркiн болсын, түрлi заттар кiретiн жол есiгi еркiн болмасын делiнген едi. Түндiктен түсетiн жарыққа өнер-ғылым енгiзiлген едi. Түндiк күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Ауропа жағынан күштi болған себептi қазақ iшiне Ауропа ғылым өнерi таралсын деген мағына едi. Үйдiң есiгi қазақ деген сөзден жасалған. Ондағы мағына “Қазақ” газетi қазақ жұртына әрi мәдениет есiгi болсын, әрi сырт жұрт жағынан күзетшiсi болсын делiнген едi” [18]. 

Осы тұжырымдамалық материалдан да Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлердің Алаш мұраты анық көрінеді. Біріншіден, жол айқындалды: ол – ұлтты жаңғырту мен жаңаша серпілту. Екіншіден, тетік те байыпталды: ол – білім мен технология және Еуропаның батыл тәжірибесі. Үшіншіден, жауапкершілік пе нақтыланды: ол – қайраткерлер мен оқығандардың қоғам алдындағы миссиясы мен парызы. Ендігі жерде Алаш қозғалысының болашағы ақылға, білімге, батылдыққа, жауапкершілікке байланысты еді. Біз бүгін осы қозғалыстың тарихи және рухани тағылымын байыптай отырып, мемлекетшілдік үшін күрестің елеулі нәтиже бергенін мақтанышпен айтамыз. 

Дихан Қамзабекұлы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі 

ӘДЕБИЕТТЕР 

1. Мусульманская печать России в 1910 году. Составлено по распоряжению г. Начальника Главного Управления по делам печати под редакций В.Гольмстрем//Общество исследования Средней Азии. - Англия, Оксфорд: репринтная серия N12, 1987. - 103 с. 

2. Аршаруни А., Ғабидуллин Х. Очерки панисламизма и пантюркизма в России//Общество исследования Средней Азии. - Лондон: репринтная серия N18. - 189 с. 

3. Қыр баласы /Бөкейхан Ә/. Есеп//Қазақ, 1916, 15 октябрь. 

4. Шоқай М. Таңдамалы. II том. - Алматы: Қайнар, 1999.- 520 б. 

5. Әлихан. Петроград хаты//Қазақ, 1916, 23 июль. 6. Максуди С. Пятый день в Лондоне//Гасырлар авазы - Эхо веков, 1995. май. - С. 148-153. 7. Байтұрсынов А. Бастауыш мектеп//Қазақ, 1914, 9 май. 

8. Ғалихан /Бөкейхан Ә./. Мұсылман сиезi//Қазақ, 1914, 30 ноябрь. 

9. Кеңес жиылысында Қаратаевтың сөйлеген доклады//Айқап, 1914, N13.- Б. 211-214. 

10. Кеңес жиылысы//Айқап, 1914, N12. - Б. 204. 

11. Байтұрсынов А. Қазақша сөз жазушыларға//Шора, 1913, N4. - Б. 110-113. 

12. Қыр баласы /Бөкейхан Ә./. Жауап хат//Қазақ, 1913, 1-7 сентябрь. 

13. Тоган Заки Валиди. Воспоминания. Борьба мусульман Туркестан и других Восточных тюрок за национальное существование и культуру. - Москва: типография N12, 1997. - 650 с. 

14. Расул-Заде М-Э. О пантуранизме//Тюрский мир, 1991. - С. 

15. 15. Расұл Заде М.Ә. Наурыз мейрамының жуықтауы тақырыпта. Тәржiмелеген: Ж.Жәнiбеков//Қазақ, 1915, 9 март. 

16. Шекiспей бекiспейдi //Қазақ, 1916, 31 январь. 

17. Қараш Ғ. Замана. - Алматы: Ғылым, 1994. - 240 б. 18. Орда гербi (таңбасы)//Қазақ, 1918, 15 январь.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз