Қаз Рус Eng

Әлихан Бөкейхан - 150

Ядролық қарусыз әлем – басты мақсатымыз
Қазақ хандығына 550 жыл
Ұлы Жеңіске 71 жыл
«Бір суреттің тарихы» фотожобасы
Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы
ҚР Конституциясына 20 жыл
Астана — тарих толқынында
Әлихан Бөкейхан - 150
Ұлы Дала
Селфи-байқау
Сүреттер сөйлейді
Театр әлеміндегі тарих
Болашақ Қазақстан
Тәуелсіздікке 25 жыл

Алашорда идеясы - Қазақ мемлекеттілігінің төлқұжаты

22 Қараша 2016
181
Алдымен 2042 жылы Батудың құрған мемлекеті Алтын Ордаға 800 жыл толады екен. Екіншісі – Түрік қағанатына 2052 жылы 1500 жыл толады

Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!»

Қазіргідей жаһанданған заманда қарулы күштері ең мықты елдер ғана басқаларға өз айтқанын істетіп, оларға өз үстемдігін жүргізе алады. Екінші әлемдік тарих сахнасында ұлт тарихы тереңде жатқан мемлекеттер ғана ең мықты ұлтқа айнала алады. Әлемде мемлекет құрылысы нығайып, қарулы күштері мықты озық елдердің қатарына  Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания корольдігі сияқты елдерді жатқызамыз. Осыдан бір ғасыр бұрын ұлт тарихында ойып тұрып орын алған, алты Алаштың арманын ұлттық идеяларымен Алаш ұранды Қазақтың басын біріктіргісі келген бірден-бір үкімет – Алашорда  үкіметі. Ол қуатты мемлекеттің ұлы тарихы мен ұлттық әскері болу керектігін сол ғасырда ойластырды. 

Сахарадай жазық дала да ұлаң-байтақ  жерімізді сақтап қалып, ұлт ретінде династиялы өмір сүруімізге – Қазақ хандығы жәрдемші болды десек. Дербес мемлекет құрып, ұлтымыздың рухын көтеріп, саяси элитаға шығып, Қазақстан мемлекетінің қалыптасуына Алаш қозғалысы сүбелі үлес қосқан болар еді. Мемлекет басшысы: «Ұлттық идеяны қа­лып­тастыру біз­дің өз тарихымызды жаңадан оқу негізінде ғана мүмкін болады. Сондықтан ұлттық идея­ның формуласы ұлттық тарихта жатыр», – деген еді. Ендеше Ұлт тарихы, Қазақ хандығының тарихы, Алаш үкіметінің тарихы  бүгінгі жаңа тұрпатты Қазақстан мемлекеттінің қалыптасуына маңызды рөл атқарды. Жоғарыда айтқанымыздай мықты мемлекет болу үшін әскері қуатты, қилы заманды бастан кешкен тарихы қатпарлы, ұлттық тілі мен  саяси элита да ұлттық партиясы мен ұлттық идеясы ұштасқан, ұлтын бір шаңырақтың астында ұлттық бірігуге ұйыстырған болуы қажет. 

Ұлттық тарих. Еліміз «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойын атап өту жөніндегі ұсынысты бірер жылда ғана кәдеге жаратты. Азуынды айға білетіп қуатты мемлекет болу үшін тарихта сенің мемлекеттілігін болу керектігін саясат мойындатты. Алаш үкіметі бұл рухани қайнарды сол уақытта ойға сараптады. Тіпті олар құрған мемлекеттің атын «Алашорда» атады. Оның бұлай аталуы жөнінде тарихшы ғалым М.Қойгелді өз зерттеуінде: «Ұлы Қытай қорғанынан бастап, орыс ормандарына дейінгі ұлаң-байтақ далада негізінен қазақ халқының этногенезін құрайтын тайпалардан тұратын аса қуатты мемлекет Алтын Орда дәуірін аңсаудан туындағанын аңғару қиын емес. Қазақ хандығы сол қуатты мемлекеттің үзігі еді»,-дейді.

«Мыңдаған жылдық тарихы бар Қытай империясына шабынып, азуын айға білеген жолбарыс – Жоңғар мемлекетіне лайықты тойтарыс беріп, ата қоныстан түре қуған Қазақ хандығы сол тұстағы Орталық Азиядағы бірден-бір қуатты мемлекет болды»,-дейді М.Қойгелді ағамыз. Сол қуатты мемлекет Ресей отарына айналып, пұшайман халге түскенде, Алаш үкіметі Қазақ хандығының ордасын серпілтіп, керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетуді мақсат етті. Алаш зиялылары ұстанған ұлттық идея мен елдік мұрат ұстанымы сонау сақ, үйсін, түркі кезеңдерінен бастау алған, қазақ хандары мен батырларының, билерінің, ақын-жазушыларының елдік ұстанымынан анық көрініс тапқан жер тұтастығы, ұлттық мемлекеттілік, қауіпсіздік идеясымен сабақтастықта өрбіді.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысының негізгі мақсаттарының бірі де – қазақ халқының мүддесіне сай қызмет ететін, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру жоспары да Қазақ хандығымен байланыста өрбіген. Алайда тарих үрдісі көрсеткендей ол жүзеге аспай қалды. Ал кеңестік негізде құрылған Қазақ АКСР-ы, одан кейінгі Қазақ КСР-да қағаз жүзінде егеменді деп аталғанымен, іс жүзінде орталықтың толық бақылауында болып, ұлттық мүддеден гөрі орталықтың мүддесіне сай саясат жүргізілді. 

«Отар елдің тарихын, отарлаушы елдің өкілі жазады» деген қағидаға сай кеңестік авторлар қазақ тарихын жазуды өз қолдарына алып, қазақ халқының ұрпақтарына өз мемлекеттілігінің болмағанын дәлелдеумен өтті.  Қазақ қоғамындағы хандықты мемлекет емес, ру-тайпалық ұйым ретінде түсіндірді. Сөйтіп, қазақтардың санасына мемлекетсіздік идеясы бірте-бірте сіңіріліп, мемлекеттілікті Ресейдің әкелгендігі сияқты идеялар бірте-бірте қалыптаса бастайды. Ол тіпті Тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы жылында да кеңестік сана-сезімнің идеясында болды.

Былтыр ғана әлем тарихына ойып тұрып, мерейтой белгілеп, қазақ мемлекеттілігін тарихын 550 жылға артқа шегеріп, ұлы тарихқа бет-бұрыс жасадық. Кешегі кеңестік кезеңнің мемлекетсіздік идеясын тұншықтырып, Алаш идеясы көтерген ұлттық тарихтың бар екенін көрсеттік. Осы орайда айтарымыз «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойы аясында шектеліп қалмай, қазақтың тарихындағы Алашорда, Алтын Орда, Түрік қағанаттарының тойларын өткізсек. Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік империяның саясатына ұлы тарихы бар мемлекет екенімізді мойындатсақ. Оған бірден-бір екі үлкен себеп бар. Алдымен 2042 жылы Батудың құрған мемлекеті Алтын Ордаға 800 жыл толады екен. Екіншісі – Түрік қағанатына 2052 жылы 1500 жыл толады. Осы мерейтойларды ұлттық тарихымыздың қайнары деп, Алаш идеясы сол ұлы тарихтың жалғасы бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құраушысы деп насихаттасақ артық мәселе емес-ті. Жоғарыда сөз еткендей мықты, қуатты мемлекет екенімізді сан ғасырлық тарихымызбен дәлелдеп, ұлы Алаш идеясын дәріптеген империя екенімізді айтпай-ақ дәлелдейміз.

Ұлттық тіл. Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да  себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген болатын. Сондықтан да алаш арыстары «мемлекеттік тіл» мәселесін алғашқы маңызды мәселе ретінде қарады. Олардың пайымдауынша, қазақ ұлтының мәдениетін, ұлттық рухын, саяси көшбасшылығын ұлттық тіл ғана биік дәрежеге көтереді. М.Шоқай «Ұлттық рухтың негізі - ұлттық тіл» деген рухани үндестігі Елбасымыздың «Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады» деген орынды пікірімен санасып желіленді. Ал Мағжан Жұмабаев: «Түрік тілімен сөйлейміз деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы» («Педагогика» еңбегінде), - дейді. Осынау ойлар тізбегін оқи отыра қалай рухтанбайсың, қалайша мақтаныш кернемейді кеудені?... Ұлттық тілінен айырып мәңгүртке айналдырмақ болып орыс елі талай қыруар жұмыс атқарды. Қазақ халқын шоқындырып, өз дініне өткізіп, жастарын орыс тіліндегі мектептерде оқытуды көздеді. Бірақ үркердей шоғыр жұлдыз болып жарқыраған Алаш арыстары бұл тосқауылдың алдын алды. Бірі мемлекеттік тілдің әліпбиін құрастырса, бірі «Қазақ» газетін ашты. А.Байтұрсынұлының «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» кітаптары қазақ тілінің болашағы үшін құнды мұраға айналды. Ана тіліміз туралы Әлихан Бөкейхан, Телжан Шона, Қошке Кемеңгер, Ахмет Байтұрсын, Мағжан Жұмабай, М.Дулат, Ж.Айтмауытұлы сынды тіл жанашырлары мақалалар мен құнды зерттеулер жазды.

Алайда, «Алаш» партиясы қалап кеткен ұлттық идеяның бірі «тіл мәселесі» бүгін қай деңгейде екенін бағамдау қиын. Мемлекеттік тіл саясаты аясында жұмыстар атқарылып, түрлі шаралар істеліп жатыр. Бірақ нәтиже аздау. Үміт үзбей, қарқынды жұмыс атқара түсуіміз қажет.  Бірақ маңызды жұмысты, жанашырлықты биліктегі басшыларымыздан көретін болсақ, тілдің мәселесі баяғыда шешілер ме? Деген үмітті ұялатамыз. Ал, мемлекеттік қызметкерлердің 95 пайызы мемлекеттік тілде ең болмаса, демалыс сұрап, арыз жазуға сауаттары жетпейтінін  кезінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі  мәлімдеген болатын. Тілдің дамуына басшылар мен қараша халықтың да  ықпалы бары рас. Бірақ тарихты алып қарасақ, билік көбінесе халықпен санасуға мәжбүр болып отырады. Сондықтан да мемлекеттік тіл деңгейін жоғарыдан бастар болсақ, алаштың идеясы сөзсіз биік шыңға жетеді.

Ұлттық идея. Алаш қозғалысының негізгі идея­сы демократиялы қоғам құрып,  сөзсіз еркіндік пен да­му­дың алғышарты ретінде қазақтың ұлттық мемлекетін құру болатын. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті сол идеяның жемісі. Алаш идеясы әсірешіл ұраншыл қазақтың ойы емес, жалпыадамзаттық құндылық этикасын сақтай отырып,  отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын азаттыққа шақыру болатын. Тарихшы Мәмбет Қойгелді «Тарих - күрес алаңы» кітабында Алаш идеясы: «Қазақ ұлтшылдығының өзекті жібі, діңгекті ойы «менің ұлтым өзгеден ерекше, артық» сияқты  мазмұндағы ұран болған жоқ. Ол елім деген қазақтың оқыған азаматының надандық пен отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын азаттыққа шығару, өзгемен тең ету жолындағы қызметке әзірлігін білдіретін шешімі және осы мақсат үшін күреске шақырған үндеуі болатын»,-дейді. Және сондай-ақ «Қазақ ұлтшылдығының концептуалдық деңгейде және жалпыадамзаттық құндылықтар арнасында қалыптасып, оны ұлт зиялыларының сенім және күрес қаруы дәрежесіне жеткізу ісінде Әлихан Бөкейхан жетекші рөл атқарды»,-дегенді М.Қойгелді зерттеулерінде жиі айтып отырады.

«Әлихан Бөкейхан жай қатардағы ұлт азаттық қозғалысысының белсенді тұлғасы емес. Ол жаңа мазмұн, сипаттағы қазақ азаттық қозғалысының негізін қалаушы көш бастаушысы, лидері. Оның азаттық қозғалысын жаңа интеллектуалдық деңгейге көтеру ісіндегі еңбегін кезінде бүкіл ел-жұрты, патшалық және кеңестік биліктер мойындаған»,-деп жазды алаштанушы ғалым М.Қойгелді.

Алаш үкіметі үшін жетекші рөл атқарған Әлихан Бөкейханның қызметін тіптен қарсыластары да мойындады. Сондай оппенттердің бірі Бақытжан Қаратаев Бөкейханға жолдаған хатында: «Меніңше жалғыз сен ғана халықтың ықыласына лайықсың. Жалғыз сен ғана халқым үшін қызмет жасадым деп айтуға хақылысың»,-деп жазды.  

Алаш идеясы ұлттық бірігу концепциясына алып келді. Ол тұста қазақтың оқыған, саяси орталықтарда білім алған, мемлекет құрылысын қалыптастыру жөн-жосығын білетін ұлт зиялыларының басын біріктірді. Соның арқасында Алаш идеясын аясында мыңдаған қазақтың басы бірікті. Мұхтар Құл-Мұқамед «Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы» атты еңбегінде: «Қазақстанның Ресейге бодан болғаннан бергі тарихындғы жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегін «саяси күрестер мен рухани жаңғыру кезеңі» деп айтуға әбден болады. Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі Еуропадағы саяси күрестің бет алыс бағдарларынан әбден хабардар, экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ зиялыларының үркердей озық ойлы тобы шықты. Олардың басым көпшілігі ғылымға емес - утопияға, демократияға емес - авторитаризмге негізделген большевизм идеясын қабылдамай, баррикаданың арғы бетіне шығып, өз елінде, өз жерінде отырып азап шеккен қазақ халқының мұң-мұқтажын қорғауды мақсат еткен «Алаш» партиясын ұйымдастырды. Ел алдындағы ұлы мақсаттарды жүзеге асыратын атқарушы билік органы - «Алашорда» үкіметін құрып, ұлттық-аумақтық негіздегі «Алаш автономиясы» мемлекеттігін жариялауға талпыныс жасады».  

Бұл идея сол уақыттағы кеңестік-тоталитарлық жүйеге ұнамады. XX ғасырдың басында қалыптасқан Ұлттық идеяны кеңестік билік өз қолымен тұншықтырып, саяси көшбасшылар мен ұлт зиялыларына қуғын-сүргін ұшыратты. «Қазақ халқының ұлттық, саяси санасын қалыптастырудағы ең биік белес болған XX ғасыр басындағы осы бір қазақ зиялылары алдыңғы қатарлы тобының саяси қызметі де, құқықтық көзқарастары да, тіпті ғылыми, әдеби мұралары да ұзақ жылдар бойы жабық тақырып саналып, зерделі зерттеулерге обьект бола алмады»,-дейді алаш қайраткерлері тақырыбында сүбелі үлес қосқан ғалым Мұхтар Құл-Мұқаммед.

Әлихан Бөкейхан Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру идеясы қазақтың ұлт­­­­тық ерекшеліктерін сақтай отырып, халықтың сана-сезімін оята жүріп, бодандық құрсауын бұзып шығуға  болатынын көрсетті. Жемісін Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті көрді. Бүгінгі билік сол идеяны мойындамаса да, Әлиханды ұлт көсемі ретінде тани алмаса да, Алаш көсемінің құрған мемлекетінде өмір сүріп отыр. Ұлы «Орыс идеясы» іспетті ұлттың саналық рухани болмысын анықтайтын «Алаш идеясы» қазақ топырағында қалыптасты. Өркенін жайды.

Ұлттық идея негізінен XX ғасырдың басында әлемдегі, Ресейдегі геосаяси жағдайдың өзгеруімен жүзеге асқанымен, оның әлеуметтік, саяси, рухани тамыры ғасырлар тереңінен бастау алғанын ұмытпаған абзал.

Ұлттық бірлік. «Елге ел қосылса құт» деген халық даналығы бар. Кезінде тағдырдың талайымен ата­мекенен жырақ, сыртта қалған қан­дас­тарымыздың мәселесі кімді де болса тол­ғандырары анық. Бұл мәселе Алаш зиялыларын да толғандырған мәселердің бірі. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның: «Түбі телім болған қазақтар басын қоспай қазақ - қазақ болмайды»,- депті.  Ұлт көсемінің осы сөзінен-ақ Алаштың арманын бөліп-жармай, Алаш ұранды Қазақтың басын біріктіргісі келгенін ұғамыз.

Алаш қайраткері Халел Досмұхамбеұлы: «Біздің мақсатымыз барлық Қазақтың басын қосу болатын. Сондықтан Қытайдағы Қазақтарды да қосып алуды қарастырдық. Әрине, ондағы Қазақтар өздері мекендеп отырған территориясымен Алаш-Орда құрамына кіру керек деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде еш нәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің жағдайы  өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан бірігуге қарсы бола қоймас деп ойладық»,-деп атап көрсетті. Бұл Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның да түпкі мақсаты еді. Осы идеяның жемісі Қазақ газетінің санында да көрініс тапты. Онда Алашордашылар саяси эмиграция туралы: «Қазақтың Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс. Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз»,-деген. Бұл алаш идеясы мен оның көсемі Әлихан Бөкейханның ұлттық бірігудің басты пәлсафасы. Қазақ ұлтының толықтай бірігу саясатындағы ұстанған идеологиясының бір тарамы. 

Сондай-ақ Алаш зиялыларының Қытайдағы қазақтар жөніндегі тұжырымды пікірлері Шыңжан қоғамдық ғылымдар институты журналының 2004 жылғы №3 санында Қалиолла Нұртазаұлының «Әнші Әсет» атты мақаласында талданып көрсетіледі.  Онда Алаш Орда үкіметінің жетекшісі Әлихан Бөкейханның Қытай қазақтарына үндеу хат жазып, оны Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков қатарлы күрескерлерге Шыңжан қазақтарына жеткізуді тапсырғандығы айтылады. Бірақ, мақалада бұл хаттың мазмұны хақында нақты ештеңе айтылмаған. Дегенмен, жоғарыдағы азаматтардың Шәуешек қаласында Құлжа мен Тарбағатай өңірінің игі‑жақсыларымен жиын өткізуі және Ахмет Байтұрсыновтың Алтай қазақтарына хат жазып, оны жеткізуді Әсетке тапсыруына қарап үндеу хаттың мазмұнынан байқаймыз. 

Ұлттық бірігу жайындағы кезекті дерек 2007 жылы Ана тілі газетінің №33 санында жарық көрген Уахап Қыдырханұлының «Міржақыптың Өр Алтайдағы іздері» атты мақаласында  автор жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Жапабай болыстың немересі Әкірамбек ақсақалдың жоғарыдағы Алаш азаматтарының Шәуешекке келуі жайында: «Олардың мұнда келуінде екі мақсат болыпты. Бірі ақ пен қызыл арасындағы аласапыранда үркіп, үдере көшіп кеткен елдің жағдайын білу, көнсе қайта көшіру. Екіншісі - Алаш Орданың ауқымын осы жақтағы елгеде ұлғайту болыпты» - дейді. Осы жоғарыдағы Шыңжан қазақтарының тарихи деректерінен Алаш идеясының сол жиырмасыншы жылдары ұлттық бірігу идеясының сарыны жатқаны айтпаса да түсінікті.

Ақ пен қызылдың тартысынан басқа отызыншы жылдардағы көтеріліс кезінде де қазақтардың Жоңғар Алатауынан асып ауа көшкені белгілі. Бұл кезде Алаш Орда үкіметі құлағанмен, қозғалысқа дем берген би-болыстардың бір сыпырасы Алаш идеясын өлтірмей Шыңжанға ала кетті. Бұл деректе Уахап Қыдырханұлының мақаласында көрсетіледі. Түптеп келгенде айтпағамыз Алаш қозғалысының қандастарды бауырына басып, қазақтың басын біріктіру идеясы  көздеген мұратына жете алмағанмен, Қазақстан Тәуелсіздігін алған тұста жүзеге асты. Алаш идеясы әлемге тарыдай шашырап кеткен ұлтымыздың қайта ұйысып, кемелденуіне арқау болған тұңғыш ұлттық идеология екенін айқындады.

Ұлттық Партия. «Қазақ қоғамындағы  табиғи өзгерістер толқынында және ұлт зиялыларының мақсатты қызметінің нәтижесінде осы жылы өмірге келген құрылымдар Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі еді. Алаш партиясы сол бір қиын-қыстау кезеңде қазақ ұлтының ортақ мақсат-мақсаттарын білдіретін қоғамдық саяси ұйым ретінде өмірге келсе, Алашорда үкіметі қазақ жерінің тұтастығы мен қазақ ұлтының еркін дамуын қамтамасыз ете алатын мемлекеттік құрылым, яғни мемлекеттілігін жаңғырту ісін белгілі бір арнаға салу міндетін атқаруға тиіс еді»,-дейді тарихшы Мәмбет Қойгелді. Мемлекет құрылымы үшін саяси партия ұлттық идеяны жүзеге асырулары қажет. Бірақ Қазақстандағы саяси партиялар өркениетті елдердегідей жалпыхалықтық сипат алып экономикалық, ұлттық және әлеуметтік саясатта шешуші рөлге ие бола  алды деп айта алмаймыз. Ұлттық идеяны жалау етіп, Алаш партиясының көтерген мәселелерін бүгінгі билік партиялары насихаттады деп айта алмаймыз. Тіпті олар өздерінің саяси партия бастауын Алаш партиясынан қалыптасып жүйеленгенін де білмейді. Білгісі келмейді.  Дегенмен көпке топырақ шашуға да болмас. Саяси билік партияларының ішінде Алаш партиясының идеясын ұстанып, ізін жалғастырып келе жатқан - «Ақ жол» партиясы ұлттық идеяның шамшырағы десек те болады. «Біздің партиямыз ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамын біртіндеп өркениеттің озық жетістіктерімен ақылға қонымды ұштастыру негізінде сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеуді мақсат еткен «Алаш» қозғалысы ізбасарларының бірі». Бұл туралы 2011 жылдың 2 шілдесінде «Ақ жол» партиясының жаңа көшбасшысы болып сайланған Азат Перуашев «Ақ жол» ҚДП ҮІІІ съезінде айтты. «Ақ жол» партиясы кешегі «Алаш» партиясының рухани ізбасары ретінде Қазақ елі тәуелсіздігін ту етіп көтерген партия. Қазақтың бостандығы үшін күрескен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты ұлы тұлғалар бастаған ізгі жолды жалғастырып отырған партия»,-деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты А.Перуашев.

Аманкелді Айталы ағамыз айтқан: «Әрине, Алаштың барлық идеясымен келісеміз. Бірақ, жоғарыдағы бес мұратқа жете алмай отырмыз. Ғасырлар бойы қордаланған мәселелерді 18 жылда шеше аламыз ба? Мүмкін, шын мәнінде уақыт аз болып жатқан шығар. Бірақ, осы уақытта біраз мәселені шешуге болмайтын ба еді деп те айтуға болады... Сондықтан, көтерілген мәселелер өте орынды, ойланатын жағдайлар көп. Бір жағынан «уақыт аз» деп ақтауға болады, бір жағынан сол 18 жылда басқа мемлекеттермен салыстырғанда көп жағдайда бітіретін істерді салғырттыққа салдық. Енді мәселе, шын мәнісінде философиялық тұрғыдан айтқанда, «не страшно то, в каком обществе мы живем, а страшно то, из какого общества мы вышли». Коммунистік, атеистік психология, ұлтқа деген салқындық жалғасып келе жатыр әлі. Иә, бұрынғы саясаттың ықпалы жүріп тұр деуге болады», – деген пікірлері өзінің күшін әлі жойған жоқ деп есептеймін. Ендеше Алаш партиясы көтерген ұлттық идея «Ақ жол» партиясының күн тәртібіндегі шешуші мәселе. Бұрыңғы саясаттың ықпалы төніп тұрса да, Алашшыл билік көсемдерінің, алаштанушы ғалымдардың Әлихан Бөкейханды, Алашорданы толық насихаттап, ұлт руханиятына таныстырарына сенеміз. «Ақ жол» партиясы Алаш идеясын жалғастырушы, рухани ізбасары ретінде Юнеско көлеміндегі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын ұлттық деңгейде атап өтеріне бек кәміл сенеміз. Туған жерінде сауын айтып, алты алашқа думандатып той өткізіп, Елорданың қақ төрінен көше беретіндігіне үмітпен қарауымыз қажет.

Ұлттық әскер. Алаш зиялылары ұлттық әскер құрып, қуатты мемлекетке айналу идеясын автономия құрудан бұрын ойластырған. Өйткені мемлекеттің негізгі тірегі, қорғаны – әскер. Өткен ғасырдың басындағы Алашорда қайраткерлерінің ұлттық тәуелсіздікке ұмтылыста халық сарбаздарын құру ісі бүгінгі қазақ әскерінің қалыптасуының алғышарты. «Қазақ газетінің 1917 жылғы қарашаның 14 санында жарияланған үндеуде «Өзімізді өзіміз қорғау үшін, бізге жалпықазақ милициясын құру керек... Егер өзімізді-өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілдік зорайып, қиыншылық айналғанда, қазақ халқы құрбан болады»,- делінген. Бұл туралы Алаш әскерін зерттеген ғалым К.Нүрпейісовтің «Алаш және Алашорда» кітабында көрсетілген.

Тарихшылар сілтеме жасайтын мұрағат деректеріне сүйенер болсақ, Алашорда әскерінің құрылуы мен оның қызметі 1918 жылдың басынан бастап 1919 жылдың аяғына дейінгі аралықты толық қамтыған. Ал тарихшы Сейітқали Дүйсеновтің айтуынша: «Алаш әскерінің атқаратын басты міндеті: ақтар мен қызылдардың арасындағы соғысқа бару емес, елінің тыныштығын сақтау, сырттан келген жауға қарсы тұрып, еліне қорған болу делінген. Әуелде осындай қағидатқа сүйенген Алаш қайраткерлері ұлттық әскердің түрін – атты һәм тұрақты әскер принципімен құрады. Міржақып Дулатов тоқетерін де тарқатады: «Жауап біреу-ақ әскеріміз болса ғана жұрт боламыз!» Жалпы, Алаш тарихына үңілсек, ұлттық әскерді ең алдымен халық милициясы ретінде құруға талпыныс болғаны байқалады. Мәселен, 1917 жылғы І-жалпы қазақ съезінде «…анархия болу қаупі бар, сол себепті осы күнгі әскер орнына халық милициясы құрылсын» делінген болса, ІІ-жалпы қазақ съезінде елге қорған болатын «халық әскерін жасау керектігі қайта жаңғырып, милиция құрудың мақсаты анықталды, қазақ милициясын құру жоспары жасалып, бекітілген».  Алаш әскері жайында тарихшы Күлпаш Ілиясова Алаш немесе Алашорда әскері бастапқыда «халық милициясы», «халық әскері», «Алаш әскері», «қазақ полкі» сияқты әртүрлі атаулармен аталғанын алға тартады.

Алашорда әскерін жасақтауда ұлт қайраткерлерінің еңбегі зор екендігін айтып өткеніміз жөн. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ РһD докторанты, тарихшы Еркін Рахметуллин: Алашорда әскерін жасақтауда Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Әбікей Сәтбаев, Ахметжан Қозыбағаров, Биахмет Сәрсеновтар белсенді атсалысты»,-дейді. Тіпті Алашорда үкіметінің әскери жүйесі біршама жолға қойылып, әскери кеңес құрған. Бұл жайында Е.Рахметуллиннің «Алаш қайраткерлерінің ұлттық әскер құрудағы қызметі» атты мақаласында: «Алашорда үкіметінің заңнамалық құжаттарындағы Алашорда әскери кеңесін құру туралы 11-24 маусымдағы үкімет төрағасы Ә.Бөкейхан, мүшелері М.Тынышпаев пен Х.Ғаббасов қол қойған қаулыда: «Алашорда жанынан үш адамнан тұратын әскери кеңес құрылсын, оларға әскери министрліктің қызметі кіреді. Алашорданың уездік және облыстық бөлімшелерінің жанынан әскери кеңестер ашылсын. Әскери кеңес большевиктерге қарсы күресте әскер қатарына жігіттерді шақыруға міндеттеледі».

Алаш үкіметі мықты, қуатты елге айналу үшін ұлттық әскері қалыптасу керек идеясы осыдан бір ғасыр бұрын қалыптасты дей аламыз. Мемлекеттік құрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық әскер құру ісі басты фактор екендігін айтып кетті. Бүгінгі жас Қазақстанның негізгі қуатты мемлекетке айналдырып, қорғаныс жүйесі мен мемлекеттілік мәртебесін сақтап қалуда ұлттық әскер реформасын Алаш әскері негізінде құруды ойластырған жөн.   

Түйін. Сөз соңында айтарымыз Алаш арыстарының алдында бүгінгі ұрпақ қарыздар. Туған халқының алдында қалтықсыз қызмет еткен Алаш зиялылары Қазақ елінің тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек қылды. Қоғамның әділетсіз саясаты мен идеологиясының құрбаны болған ұлт зиялыларының мақсат-мүддесі, арман-тілегі, ұлттық идеясы  Қазақ елінің рухы асқақтатып, жаңа қоғамымыздың бүгінгі мен келешек өскелең ұрпағының рухани өсіп-өнуіне, дамуына игі ықпал еткендігі. Ол идея мәңгі ұлт тарихында қызмет ете береді. «Оларсыз қазақ тарихы тұл, алтын дегені күл еді. «Алаш» партиясынсыз саяси күрес тарихын, Алашорда үкіметінсіз экономикалық ілімдер мен реформалар тарихын,  Алаш автономиясынсыз  Қазақстан мемлекеттілігінің негізін, Алаш ардагерлері өмірінсіз ұлт тарихының ұлы арқаулары - тұлғалары тарихын жасау мүмкін емес-ті»,-дейді зерттеуші ғалым М.Құл-Мұқаммед.  

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз