Қаз Рус Eng

Әлихан Бөкейхан - 150

Ядролық қарусыз әлем – басты мақсатымыз
Қазақ хандығына 550 жыл
Ұлы Жеңіске 71 жыл
«Бір суреттің тарихы» фотожобасы
Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы
ҚР Конституциясына 20 жыл
Астана — тарих толқынында
Әлихан Бөкейхан - 150
Ұлы Дала
Селфи-байқау
Сүреттер сөйлейді
Театр әлеміндегі тарих
Болашақ Қазақстан
Тәуелсіздікке 25 жыл
Фольклор

Ә. БӨКЕЙХАННЫҢ ИДЕЯЛЫҚ ҰСТАНЫМЫ

08 Қараша 2016
368
«Тірі болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.» - Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейхан – ХХ ғасыр басындағы бүкіл қазақ елінің саяси қайраткері ретінде отарлық езгіге түскен ұлт бостандығы мен рухын қалпына келтіруде, күрес жолындағы көш бастаушысы бола білген ұлттық саясаткер. Саяси көзқарасы сонау студент кезден-ақ қалыптасқан Әлекең Омбыға оралғанда саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Бар күш-жігерін саяси күреске жұмсаған Әлихан қажырлы күресті ол Санкт-Петербургтегі оқуынан Омбыға оралысымен-ақ бастап кетті. Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады.

ХХ ғасырды саяси күреспен бастаған Алаш көсемі азаттықты қарулы күрес жолымен емес, отаршыл империяны саяси тұрғыдан реформалап, федеративтік демократиялы мемлекетке айналдыру арқылы ғана қазақтың әуелі өзін-өзі билеп, кейін толық тәуелсіздікке қол жеткізуіне болады деп санады[1] Ә. Бөкейханның саяси көзқарастары қазақ халқының ұлттық мүдделеріне қатысты, саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты, яғни өз сеніміне берік марксшіл – социал-демократтан (1905 ж. дейін) конституциялық-демократиялық партия арқылы (1905 ж. бастап 1917 ж. дейін) социал-революциялық (эсерлік) ұстанымдарға дейін жүріп өтуін айқын көреміз. 1905-1907 жж. революция қарсаңында Ә. Бөкейхан бұрынғы көзқарастарын қайта сараптап, жаңа бағытқа көшті. Сол жылдары қоғамдық сұранысқа сай партия құру әрекетін де (1905 — 07) қолға алған еді. Бірақ саяси күрес жолына енді ғана түсе бастаған ұлт көсемінің бұл әрекеті іске аспады.

Табанды марксист, Ресейдің байтақ далаларында социализм құру ойына шын берілгенімен, бұл саяси бағыттың қазақтар үшін қиял екеніне көзі жетті. Өз халқының өткен тарихын, мәдениетін, тұрмысын, саяси, әлеуметтік-экономикалық құрылысын зерделей келіп, ол «социализмді жеке бір алынған елде құру» жалпы мүмкін, бірақ тек қазақ даласында емес», – деген шешімге келеді. «Ұлттық автономия, патшаны тақтан түсіру, конституциялық демократия орнату, бұратана ұлттарға нәсіліне, дінінен қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтауға еркіндік беру мәселесін көтеріп жүрген саяси мақсаты бір «Халық бостандығы» немесе Конституциялық-демократиялық партияның (кадет партиясы) құрамына 1905 жылы кіріп, Ақмола облыстық және Омбы қалалық комитеттерінің ұйымдастырушылары мен жетекшілерінің бірі болды[2], өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады. Ресейдің кадет партиясы жетекшілерінің бірі бола отырып, өзінің саяси қызметінде, әлеуметтік әділеттік, еңбекші халықтың мүдделерін қорғау идеалдарына адалдығын сақтады, отарлық езгінің жойылуы, демократиялық бостандық салтанаты үшін күресті. Алайда Әлекең үшін ең маңызды мақсат – демократиялық бостандық емес, ең бастысы – қазақ халқын отарлау саясатынан азат ету болатын. Ә. Бөкейханның саяси көзқарастары ішінен біршама мәселелерін қысқаша қысқаша атап өтуге болады: қазақ халқының өзін-өзі билеуі, яғни саяси билік туралы (қазақ халқын басқару); аграрлық мәселе туралы; шіркеудің мемлекеттен бөлінуі және т.б.

Ұлт мүддесі үшін Ә. Бөкейханның Санкт-Петербург масондық ұйымының ықпалды мүшесі болғаны туралы дәйекті мәліметтер бар[3]. Ә.Бөкейханда алаштың азаттығына қол жеткізуден басқа мақсат болған жоқ. Бұл кез-келген саясаткер ұстанатын күрес тәсілі (Масондық лож, құпия ұйым – жасырын әрекет жасайды, мемлекеттік құрылысқа көңілі толмаған елдің келешегін ойлаған қоғам қайраткерлері саналы түрде топтасып, бас қосып, қоғамға пайдалы саясатты уағыздап әрекет жасайды.). Осы жерде Аятолла Хомейнидің: «Мен дінім үшін шайтанмен де жұмыс істеуге әзірмін» – деген сөзі еріксіз ойға оралады. Масондық ұйымның Ә. Бөкейханды қатарына тарту себебі – дала өлкесіне ықпалды мемлекет қайраткері ретінде беделді болуы. Ә. Бөкейхан кадет партиясында шамамен 12 жыл болғанымен, көптеген мәселелерде оның саяси көзқарастары бұл партияның ұстанымымен сәйкес келмей, тіпті қайшы болды[4].

Ә. Бөкейхан осы бір кең танымал саяси (кадет) партияның көрнекті басшыларының бірі ретінде Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Осы кезден бастап Ә. Бөкейхан Уақытша үкіметтің саяси өміріне белсене араласа бастайды. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген «Қазақ» газетіне берген мақаласында: «Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де, жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді», - дей келе: «Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз алаш ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық»,-дейді[5]. Осы жағдайда Әлекең енді «Алаш» партиясын ұйымдастыруға кірісті. «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса – тарих жолында тезек теріп қалады» деп жазғанындай, ендігі уақытта қазақтың «саясат ісін» ұғынуына бар күш-жігерін жұмсады. 1913 жылдан бастап шыға бастаған «Қазақ» газеті партияның саяси органы болды. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне «Қазақ саяси партиясын жасау мәселесін» ұсынып, бірнеше негіздерін келтірді.

1905 жылдан бастап аса ықтияттылықпен саяси күрес нәтижесінде жасалған, 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылуы арқылы нақты мемлекеттік идеяның негізін қалаған, ұлттық идеясының ұйытқысы болған Әлихан Бөкейхан. Әлихан Бөкейханның бес идеялық ұстанымы болды. Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен жер болуы тиіс. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейханның ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі тиіс. Жер – Отан. Жерді сатқан Отанды сатқанмен бірдей. Екінші ұстанымы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Үшінші ұстанымы –қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып киілуі керек. Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, ділі өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды. Бесінші – ең негізгі ұстанымы бойынша ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек-деген[6]. Бірақ объективті жағдай, күрделі де қатал өмір ағымы Алаш партиясының саяси күреске білек түріп араласып кеткен ірі саяси күшке айналуына мүмкіндік бермеді. Қазақ автономиясы мәселесін тұңғыш көтеріп, оны іске асырған Ә. Бөкейхан найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған қызыл үкіметке қызмет етуден бас тартады. Ә. Бөкейхан бастаған қазақ зиялы қауымы таптық мүдде емес, тұтас ұлт мүддесін қорғады.

1920 жылы Алаш орда үкіметі құлағаннан кейін, Алаш көсемі Ә. Бөкейхан өз жақтастарына арнаған үндеуінде: «Біз жеңілдік, бірақ ұлттың санасын оятып, мүддесін қорғауымызды бір сәтке де тоқтатпауымыз керек. Ол үшін, большевиктер партиясының қатарына өтіп Кеңес органдарына жұмысқа кіріп, күресімізді астыртын жүргізуіміз керек»-деген еді. Ә. Бөкейхан баулыған ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары қай жерде жүрсе де, қай салада еңбек етсе де туған халқының тағдыры туралы ойлануды бір сәт те ұмытқан жоқ. Аласапыран заманда Мұстафа Шоқай және басқа бауырлас ұлттардың күрескерлері эмиграцияға кетіп жатқан кезде де Алаш орда үкіметінің қайраткерлері: «Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс. Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз»,– деген астыртын қаулы қабылдаған болатын. Әлихан баулыған алаш қайраткерлері күресті соңына дейін жүргізді, ақырына дейін табандылық танытты, сол себепті ұлттық деңгейдегі жеке автономия алуға, одан кейін кеңестік республика одағы деңгейіне дейін көтерілуге мүмкіндік алдық.

Ұлттық идеяның ұйтқысы болған Әлихан Бөкейхан Мәмбет Қойгелдіше айтсақ, қазақ қоғамының Сун Ят сені мен Махатма Гандиі, әрі берідесін Мұстафа Кемалы болатын. Ә. Бөкейхан тұлғасы, оның саяси қызметі – Алаш қозғалысының мақсатты, үзіліссіз үдеріс екендігін айғақтайтын басты факторлардың бірі.

Алаш идеясы мен оның көсемі Әлихан Бөкейханның ұлттың толықтай тәуелсіздік жолында ұстаған идеологиясы ұрпақтан ұрпаққа жалғасары анық.

К.Б. Адиет – ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері

Әдебиеттер тізімі:

1. Ә. Бөкейхан «Таңдамалы» Алматы, Қазақ энциклопедиясы , 1995, 31-б.

2. Казахи о русских до 1917 года… 15 б.

3. Аккулулы. Алихан Букейхан и русское масонство. Казахстанская правда. 1993, 28 октября; Простор, 1994, №3, 130-142 бб.

4. Т. Жұртбай Біртұтас алаш идеясы Аламыт, Орхон, 2014, 13 бет

5. Әшкеев Н. «Ә.Бөкейхановтың ұлттық мемлекет құрудағы ұстанған негізгі принциптері» // Ақиқат , 2002 , №3, 50 -55 б.

6. М. Қойгелдиев «Ұлттық саяси элита» Алматы, Жалын, 2004, 170-178 бет

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз