Басты бет Қоғамдық бірлестіктер Қазақстан тарихшыларының Ұлттық конгресі

Қазақстан тарихшыларының Ұлттық конгресі

ЕҰУ-де 19.09.2011 жылы «Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігі: қалыптасуы мен даму көкжиегі» атты Қазақстан тарихшыларының I Конгресi өтті. Алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым минитсрлігі Ғылым комитеті ұйытқы болған. Конгресс жұмысына Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Парламент депутаттары және еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының тарихшы-ғалымдары мен мұрағатшылары қатысты. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Тарихшылар конгресінің негізгі мақсаты - отандық тарих ғылымын жаңаша зерделеу. Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары М.Әшімбаев: «Бүгінгі конгресс ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. 20 жыл деген – біздің мемлекетіміз үшін үлкен мереке. Атаулы дата қарсаңында Қазақстанның барлық өңірлерінде, атап айтқанда Астана мен Алматы қалаларында ауқымы үлкен, аясы кең іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі де бірегейі – бүгінгі тарихшылар Конгресі. Бұл жиын өткен 20 жылды ой елегінен өткізеді. Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуі тарих ғылымын бұғаудан босатты. Себебі, Кеңес кезеңінде біздің тарих идеологияның ықпалымен жазылды. Қазір біз өзіміздің шынайы тарихымызды жазу үстіндеміз. Еліміздің тарихы ХV ғасырдан басталмайтыны белгілі. Біздің тарихымыздың тамыры тым тереңде. Ол бірнеше мыңжылдықтарға жалғасып жатыр. Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тарихи еңбектер дүниеге келуде. Бабаларымыздан қалған тарихи жәдігерлер табылып, археологиялық жұмыстар жүргізілуде. Шекарамыздың бекітілуі, Конституциямыздың қабылдануы, Астананың салынуы, ЕҚЫҰ саммитінің өткізілуі сынды мемлекеттік деңгейдегі жұмыстардың барлығы – біз үшін тарихи оқиға. Біз ел тәуелсіздігінің 20 жылында басқа мемлекеттер 100 жыл бойы жасаған тарихты жасап үлгердік. Осының барлығын ой елегінен өткізіп, жүйелеп жазу – тарихшы-ғалымдардың абыройлы міндеті», – деді. Білім және ғылым министрі Ба­қыт­жан Жұмағұлов өзінің баяндама­сын­да 20 жыл көне тарих үшін қас-қа­ғым сәт екенін, алайда, Қазақстан аз уақытта ғасырға бергісіз даму жолынан өткенін, Ота­ны­мыз экономикалық, саяси және әлеу­мет­тік реформалардың нәти­жесінде еңселі мемлекетке айналғанын айтты. Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығы қарсаңында өткізілген Конгресс жаңа тұрпатты қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи миссиясын жоғары бағалап, қазақстандық қоғамды демократияландыру үрдісі бойынша жинақталған тәжірибенің және тәуелсіз мемлекеттің негізгі кезеңдері мен қалыптасу тарихын жаңа тұрғыдан талқылануына септігін тигізді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов: «Азаттығымызды алып, елдігімізді төрткүл дүниеге танытқалы да 20 жылдың жүзі болып қалды. Бұл айтулы кезең – отандастарымыздың қай-қайсысының болса да жүре­гі­нен елеулі орын алатын айтулы мереке. Осы жұмысты кең отырып кеңесіп, алқалы жиында ақылдасып орындау мақсатында ұйымдастырылған Қазақ­стан тарихшыларының тұңғыш конгресінен алар тағылым аз болмай­тыны анық. Әсіресе, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұ­мағұловтың тарихшылардың ба­сын қосатын бір ғылыми үйлестіру орталығын құру жөніндегі пікірі өте орынды деп білеміз. Бұл айтылған ұсынысты біздің университеттің аума­ғында жүзеге асыру тапсы­рылып жатса, оған әзір екенімізді жеткізгім келеді» деп өз лебізін білдірді. Конгресс жұмысын қорытындылай келе тарихшы ғалымдар тәуелсіздік жылдары Қазақстанда тарих ғылымының дамуы мен оның бағдарларының өзгерту үшін өте көп жұмыс атқарғанын атап көрсетілді. Атап айтқанда, жаңа институттар, ғылыми орталықтар ашылды, ғалым тарихшылардың жаңа ұрпағы қалыптасты, ғылыми ой догмалар мен тоталитарлық идеологияның таптаурындарынан арылды. Отан тарихын зерттеудің жаңа методологиялық жолдары жасалды. Қазақстан тарихшыларының I Конгресiн ұйымдастырушылар баяндамашылар мен өзекті проблемаларды талқылауда белсенділік танытып сөйлегендерге, Конгресс барысындағы тиімді жұмыс атқарғандары үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ еліміздің ең үздік тарихшы-ғалымдары Білім және ғылым министрлігінің «ҚР ғылымын дамытудағы үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталды. Конгресс қорытындысында қатысушылар тарих ғылымын дамытудың кешенді іс-шараларын мақұлдап, арнайы қарар қабылдады.

  • Мекен-жай
  • Астана қаласы, Мунайтпасов к. 5, 518 каб.
  • Телефондар
  • 8-7172-70-94-56