Басты бет ҒЗИ А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Қазақ тілінің ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттелуі ең алдымен ғұлама ғалым, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының есімімен тығыз байланысты. А.Байтұрсынұлы халық ағарту комиссариатында құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) тұңғыш төрағасы ретінде (1921-1922 ж.ж.), Қазақстандағы ғылымды академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады.  1932 жылы КСРО ҒА-ның Қазақстан базасы жасақталып, 1936 жылы оның алғашқы құрамына 1934 жылы құрылған Ұлт мәдениеті институты берілді. Осы аталған институттың тіл, әдебиет, халық шығармашылығы және тарих секторлары жоғарыдағы аталмыш базаның негізінде 1938 жылы құрылған КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл, әдебиет және тарих институтының құрылуына (1941 ж.) негіз болды. 1945 жылы Тіл, әдебиет және тарих институтының негізінде екі жеке институт – Тарих, археология, этнография институты мен Қазақ КСР Ғылым академиясының (1946) Тіл және әдебиет институты құрылды. 1961 ж. Қ.И.Сәтпаев пен М.О.Әуезовтің, І.Кеңесбаевтың мәселе көтеруімен Тіл және әдебиет институты негізінде Әдебиет және өнертану институты мен Тіл білімі институты құрылды. Сөйтіп, Тіл білімі институты қара шаңырақ болып, оның ұйымдық құрылымынан бірнеше академиялық ғылыми-зерттеу мекемелері бөлініп шықты. 1990 жылы 26 ақпанда Тіл білімі институтына көрнекті мемлекет қайраткері, ағартушы және лингвист ғалым Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді. Қазақ тіл білімінің, түркітанудың қалыптасу тарихы республикадағы лингвистикалық ойдың жетілуі мен дамуына елеулі үлес қосқан А.Байтұрсынұлы, профессор Қ.Жұбанов, ҚР ҒА академиктері Н.Сауранбаев, С.Кеңесбаев, ҚРҒА корреспондент-мүшелері С.Аманжолов, А.Ысқақов, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, Ы.Маманов, Қ.Өмірәлиев, С.Омарбеков, Ә.Болғанбаев, т.б. ғалымдардың атымен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – Қазақстандағы ғана емес бүкіл әлемдегі қазақ тілін ғылыми тұрғыда іргелі және қолданбалы бағдарламалар аясында зерттеумен айналысатын қазақ тілінің, түркітанудың теориялық әрі қолданбалы мәселелерімен шұғылданатын бірден-бір ғылыми мекеме, ғылыми-лингвистикалық орталық. Институттың мақсаты: мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасын жасау (қазақ тілінің ұлттық тіл ретіндегі нормативтік сөздіктерін, академиялық сипаттағы Қазақ грамматикасын, көптілді аударма сөздіктерді дайындау, сондай-ақ терминологиялық зерттеулер жүргізу, ұлттық сөздік қорды жинақтап, байытып отыру; жұртшылықтың сөз мәдениетін, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, тереңдететін зерттеулер мен құралдар әзірлеу); әлемдік лингвистиканың дамуына сәйкес Қазақстандағы тіл ғылымын дамыту: іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу бағдарламалары аясында қазақ тілінің қазіргі даму үдерістері мен бағыттарын белгілеу, қазақ тілі мен түркі тілдерін салыстырмалы, салғастырмалы аспектілерде қарастыратын зерттеулер жүргізу; Қазақстан бойынша кәсіби біліктілігі жоғары лингвист мамандар дайындау. Институт ғалымдары жыл сайын дәстүрлі тілтанымдық бағыттардың мәселелеріне ғана емес, әлемдік лингвистикадағы бейдәстүрлі – антропоцентристік бағыттағы аспектілер бойынша қазақ тіл білімінің мәселелеріне арналған орта есеппен 10-ға тарта іргелі монография 100 астам ғылыми мақала жариялайды. Бүгінгі күні осы бағыттағы зерттеулер ғылыми негізде әлеуметтік лингвистика, коммуникативтік лингвистика, когнитивтік лингвистика, этнолингвистика, инженерлік лингвистика, психолингвистика, прагмалингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану аспектілерінде сала-саламен дамып отыр. Институт жанында 2011 ж. дейін аспирантура және институттың өз қызметкерлері мен ҚР БжҒМ басқа да ғылыми мекемелерінің, ТМД-ның бірқатар республикаларының ЖОО мен ғылыми орталықтары ізденушілерінің кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғататын Диссертациялық кеңес (1963) жұмыс істеді. Институт ғылыми-зерттеу, ғылыми-педагогтік, тіл ғылымын насихаттау жұмыстарынан басқа жалпы мемлекеттік мәні бар нормативті, заң күші бар құжаттарды – Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерін ҚР Тіл туралы заңдарының, «2000 ж. дейін ҚР Тілдерді дамыту бағдарламасының» ҚР Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 және 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларының, ҚР Тіл саясаты тұжырымдамаларының жобаларын (1989, 1996), Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы «Тілтаным» секциясының жоспарын т.б. әзірлеу, талқылау, сараптамадан өткізу жұмыстарына, Қазақстан Республикасы мемлекеттік терминологиялық және ономастикалық комиссиялардың жұмысына белсенді қатысып келеді. Институтта Венгрия, Голландия, Дания, ҚХР, АҚШ, МХР т.б. елдерден келген мамандар ғылыми біліктілігін арттырудан өтеді, ғылыми кеңес алады. Институт – республикадағы ғылыми-лингвистикалық ойдың дамуына ерекше үлес қосып отырған ғылыми мекеме. 1961 жылдан бастап Институт жанында «Лингвистикалық жұма» атты теориялық семинар тұрақты жұмыс істейді. Оның жұмысына жетекші ғалымдармен қатар жас тілшілер де қатысып, зерттеп жүрген проблемалары бойынша өз ойларын ортаға салады. Бұл семинарда шетелдік түркітанушылар да баяндама жасайды. Институттың зияткерлік әлеуеті жоғары. Мұнда республикамыздағы қазақ тіл білімінің түрлі салалары бойынша аса жоғары білікті мамандар шоғырланған. Ұжымда ҚР мен шетелдің ғылыми Қоғамдарына кеңінен танымал ҚР ҒА академиктері Ә.Т.Қайдар, Р.Сыздық, Ө.Айтбайұлы, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, профессорлар Т.Жанұзақ пен Б.Әбілқасымов, профессорлар Е.Жанпейісов, О.Нақысбеков, Ш.Хұсайын, Ә.Жүнісбек, Н.Уәлиұлы, М.Малбақов, З.Базарбаева, Ж.Манкеева, А.Жұбанов, С.Бизақов, Р.Шойбеков, Қ.Рысберген т.б., жас ғалымдардан ғылым докторлары Қ.Күдеринова, Қ.Айдарбек, О.Жұбаева, Б.Сүйерқұл, А.Жаңабекова, филология ғылымдарының кандидаттары, Н.Оңғарбаева, Н.Әшімбаева, А.Хабиева, Ж.Исаева, Г.Мамырбекова, А.Үдербаев, А.Әмірбекова, Б.Жөнкешов, Г.Көбденова, Г.Исаева, А.Сейітбекова, Ғ.Ермекбай, Ш.Нұрмышева, Н.Әміржанова, А.Қаршығаева, А.Солтанбекова, сондай-ақ М.Әуезов атындағы жас ғалымдарға арналған мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары А.Фазылжанова мен А.Аманбаева және т.б. жұмыс істейді. 2001 жылдан бастап тіл білімінің өзекті мәселелеріне арналған және ҚР БҒМ БҒСБК тізіміне бекітіліген «Тілтаным» (жылына 4 басылым) және «ҰҒА Хабаршысы» (жылына 6 басылым) (Филология сериясы) тәрізді екі республикалық ғылыми басылым шығып тұрады. Институт іргелі және қолданбалы зерттеу бағдарламаларымен қатар мемлекеттік деңгейдегі Елбасының қолдауымен, бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасының Тілтаным секциясы бойынша жоспарланған іс-шараларды сәтті орындап шықты. Осы бағдарлама аясында Институт мемлекеттің ғылыми-лингвистикалық базасын құрайтын іргелі тілтанымдық еңбектер – қазақ тілінің үлкен нормативтік сөздіктерін дайындап баспаға ұсынды. Сонымен қатар 2007 жылы Институт басқа да қоғамдық ғылымдар, сондай-ақ Математика және информатика институттарымен бірлесе отырып, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ұйымдастыруымен «Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркменстанның және басқа да елдердің тәжірибелеріне ғылыми талдау жасай отырып, латын әліпбиіне көшу жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу» атты тәуекел және бастама зерттеу бағдарламасы аясында зерттеу жүргізіп, алғашқы ғылыми нәтижелерге қол жеткізді. Қазіргі кезде Институт құрылымында грамматика, лексикология, фонетика, терминология, ономастика, тіл мәдениеті, тіл тарихы және диалектология, этнолингвистика бөлімдері және тілдер кафедрасы бар. Тіл білімі бойынша жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін практикалық қолданбалы мақсаттарда пайдалану тетіктерін жүзеге асыру бойынша қолданбалы тіл білімі, еліміздегі тілдік жағдаятқа талдау жасап отырудың қажеттілігіне байланысты әлеуметтік лингвистика бөлімдерін ашу жоспарланып отыр. Институт ғалымдары республика ғылыми қауымдастығы мен шетелдік түркітанушылар мойындаған: екітомдық «Қазіргі қазақ тілі» (1954), үлкен «Орысша-қазақша сөздік» (1954), Мемлекеттік сыйлыққа ие болған онтомдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» (1974-1986), академик С.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігін» (1977), академик Ә.Қайдардың «Қазақ тілінің бір буынды түбірлерінің құрамы», академик Р.Сыздықтың «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1994), үлкен «Қазақша-орысша сөздігі» (2001), біртомдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» (2001), «Қазақ тілінің Академиялық грамматикасын» (2002), үлкен «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігін» (2004), үлкен «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігін» (2005), үлкен «Қазақ тілінің синонимдер сөздігін» (2005), үлкен «Қазақ тілінің аймақтық сөздігін» (2005), үлкен онбестомдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» (2006-2011) және т.б. көптеген іргелі еңбектер мен зерттеулерді жарыққа шығарды. Бұл еңбектер қазақ тілін меңгертудің ғылыми лингвистикалық негіздерін ғана емес, мемлекеттіліктің ең басты нышаны ретіндегі мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтатын стратегиялық маңызды басылымдар саналады. Институт – қазақ тілінің дыбыстық және лексикалық қорын жинақтау, жүйелеу, нормалау негізінде қазақ тілі және тіл ғылымы бойынша құнды зияткерлік (интеллектуалдық) мүліктің сақтаушысы жинақтап, байытушысы болып табылатын бірден бір ғылыми мекеме. Мұнда көлемі 5 миллионнан астам картотекадан тұратын Ұлттық тілдің сөздік қоры бар. Осы күнге дейінгі шыққан сөздіктердің сөзтізбесіне негіз болған, үнемі толығып отырған бұл сөздік қор еліміздің мемлекеттілігінің бірден бір нышаны ретіндегі мемлекеттік тілдің лексика-фразеологиялық байлығын, сөзтізбелік құрамын анықтайтын құнды мұра болып табылады. Сонымен бірге Институт жанынан қорғалған кандидаттық және докторлық жұмыстардың қорын, үнемі толығып отыратын 6 мыңнан аса лингвистикалық әдебиет жинақталған арнайы кітапхананың қорын айтуға болады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – өзіндік зерттеу жүргізу дәстүрімен ерекшеленетін бірқатар ғылыми мектептері, бағыттары бар, зияткерлік әлеуеті мықты, кадрлық және материалдық-техникалық базасы қалыптасқан қазақ тіл білімі мен түркітанудың өзекті ғылыми мәселелерін заманауи деңгейде сәтті шешуді қамтамасыз ете алатын Қазақстандағы тарихы терең ғылыми-зерттеу мекемесі.